Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция материалдары (1).docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
253.24 Кб
Скачать

Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам түсінігі

Қазақ мемлекеті мен құқығының пайда болу тарихы. Қазақ мемлекеті мен құқығының тарихына назар аударайық. Қазақ халқы мемлекеттілігінің негізін Қазақстанның орасан зор аумағында өмір сүрген көшпелі тайпалар салды. Бұл сақ қаңлы, үйсін тайпалары еді. Бұл тайпалардың қоғамдық-саяси құрылысы әскери демократия деп аталады.

Тарихтан. Әскери демократия ересек және денсаулығы мықты жауынгерлердің басқаруға қатысуын білдіреді. Олар халықтық жиналысқа қару-жорағымен кемуге тиіс болды. Онсыз жауынгерде дауыс беру құқы болған жоқ. Маңызды шешімдер жалпы жиналыстарда қабылданды. Әскери көсемдер демократиялық жолмен сайланды. Әскери демократияның басты айырмашылығы осында. Қазақ хандығы 1456 жылы жариялануы мемлекет шығыс Дешт-и-Қыпшақтың көшпелі түркілерін біріктірді.

Қазақ хандығы ХІХ ғасырдың 20-жылдарына дейін өмір сүрді. Соңғы хан Ресей империясына қарсы халық көтерілісін басқарған Кенесары болды.

Тарихқа назар аударайық. Хан атағына тек қана Шыңғыс хан тұқымы – Шыңғысханның төрт ұлы: Жошының Шағатайдың, Үгедей мен Төленің тікелей ұрпақтары ие болды. Қазақтардың ішінде Шыңғысхан тұқымдарын тамаға тұйық ру-төрелер құрады, қазақ хандары солардың қатарынан сайланды. Қазақ ханы олардың сіңірген еңбектеріне сәйкес бірнеше үміткердің ішінен сайланды. Әрбір қазақ жауынгері – азамат сайлауға қатысуға құқылы ғана емес, мұны істеуге міндетті де болды. Әрқайсысы хан тағына үміткер туралы білетіндерінің бәрін шектеусіз айтуға құқылы болды. Халық шешендердің сөздерін қуаттады немесе жоққа шығарды. Қазақтарда хан билігін шектейтін бірқатар әдет-ғұрыптар болды. Мысалы, хан сайланғаннан кейін оның дүние-мүлкі халыққа таратылып берілді. Бұл ханға енді оның жеке мүдделерінің жоқ екендігін, тек бүкіл халықтың мүдделері ғана бар екендігін еске салды. Одан кейін мал ханға он еселенген мөлшерде қайтарылды, бірақ бұл халықтың қазынаға тартқан сыйы болды. Бұл мал ханның жеке мүлкі емес, мемлекеттік мақсаттарды жүзеге асыру үшін пайдаланылатын мемлекеттік мүлік болды. Әрбір адамда әрқашанда дауыс беру құқығы сақталды қазақтар оны пайдаланды.

Қазақ хандығында жоғары заң шығарушы билікке мәслихат – сұлтандар мен қауымдар өкілдерінің съезі ие болды.

Қазақ хандығында жоғары заң шығарушы билік мәслихатта болған.

Мәслихат жылына бір рет жиналды және неғұрлым маңызды мемлекеттік мәселелерді – бітім жасауды, соғыс жариялауды, жайылымдарды қайта бөлісуді, көшіп-қону бағдарғыларын белгілеуді шешті.

Атқарушы билік толықтай ханның қолында болды.

XV–XVI ғасырларда қазақ хандары олар орындайтын міндеттерден шығатын кең өкілеттіліктерге ие болды. Хан жоғары бас қолбасшы ретінде соғыс жариялай, бітім жасай алды, хандықтың бүкіл аумағына өз қалауынша билік жүргізді, қол астындағы қалалардың билеушілері мен ұлыстардың басшыларын тағайындады. Ханға өзіне бағыныштылар өлім жазасына кесу және хандықтың бүкіл халқы үшін міндетті заңдар мен өкімдер шығару құқығы тиесілі болды. Ханның жанында кеңесші орган – билер кеңесі болды, оған неғұрлым беделді билер мен қауымдар қауымдастықтарының өкілдері кірді. Билер сот билігін жүзеге асырды. Билер қоғамда қалыптасқан әдеттегі құқық, әділеттілік пен моральдық нұсқаулар негізінде шешімдер қабылдады.

Билердің беделі халықтың мойындауынан білінді. Билер іс жүзінде мемлекеттің барлық құқықтық функцияларын орындады: қолданыстағы заңдардың білгірлері, сақтаушылары мен түрлендірушілері, реформашылар мен заң шығарушылар, хандар мен сұлтандардың кеңесшілері. Билер шешендер болды. Сот жария, сөйлеу формасында өткізілді, барлық жағдайларда да қорғаушы қатыстырылды. Билер соттарының шешімдері олар шығарылғаннан кейін бірден орындалды. Қазақ мақалында: «Атаңның баласы болма, адамның баласы бол» делінеді. Бұл ойды XVII ғасырда – XVIII ғасырдың бас кезінде өмір сүрген әйгілі Әйтеке би бейнелі түрде білдірді: «Менің өмірім халыққа тиесілі, ал маған менің өлімім ғана тиесілі».

Бұл пікірдің мағынасын ашып көрсетіңдер.

Қазақ құқығы мен билердің әділ сотына өз еңбектерінде Абай Құнанбаев шынайы және терең сипаттама берді: «...біздің ата-бабалар қазіргі адамдардан білімділігі, тиянақтылығы, сәнділігі мен әсем киімі жағынан артта қалып қойған еді. Бірақ та олар бізде қазіргі кезде жоқ... екі қадір-қасиетті иеленген еді – бұрынғы замандарда «елбасы», «топбасы» деп аталған адамдар болды. Олар дауларды шешті, қоғам өмірін басқарды... Олар үшін ар-ұждан, ұят маңыздырақ болды». Ұлы Абайдың өзі би, ақын, философ және шешен болды.

Қазақ хандығының құқығы «Жеті жарғы» заңдар жинағында бекітілді. «Жеті жарғы» Тәуке хан билік еткен жылдары, қазақ даласының басты билері – Төле бидің, Қазыбек бидің, Әйтеке бидің белсенді қатысуымен қабылданды. «Жеті жарғы» заңдар жинағының мақсаты – қазақ халқын біріктіру, рулар арасында қырқысуларды әлсірету, хан билігін күшейту болды.

«Жеті жарғы» әкімшілік қылмыс, азаматтық құқықтардың нормаларынан, отбасы – некелік қатынастардан; салықтар, дін және т.б. туралы тараулардан құралды. «Жеті жарғының» негізгі ұстанымдары: кішілердің үлкендерге (балалардың – ата-аналарға, әйелдердің – жұбайына, бағыныштының – билеушіге) қатаң бағынуы ұстанымы; ұжымдық жауапкершілік ұстанымы (адамның рудың алдындағы, рудың әрбір өз мүшесі үшін). Қылмыстық жазалау, қанды кек ұстанымына (қанға қан) негізделді, бірақ өлім жазасы (4 түрі) әрқашанда сатып алумен (күнмен) алмастырылуы мүмкін болды. Құқықтық жауапкершілікке 13 жастан бастап тартылды. Некеге тұруға 13 жастан бастап рұқсат етілді. Жеті атаға дейінгі қанда туысқандардың неке құруына рұқсат етілмеді. Қалыңмалдың мөлшері дәулетіне, шығу тегіне немесе ақсүйектігіне қарай белгіленді. Әйелі қайтыс болған жағдайда оның сіңлісіне үйленуге рұқсат етілді.

«Жеті жарғы» орта ғасырлық құқықтың жетістігі (Шыңғысханның «Ясасынан» бастап) болып табылады. Оның кейбір элементтері 1995 жылғы ҚР Конституциясынан көрініс тапты (атап айтқанда, төрешіні сайлау құқығы; жақын туыстарына қарсы куәлік ету міндеттерінің жоқтығы). Осылайша, «Жеті жарғы» заңдар жинағы өз дәуірін бейнелей отырып, қазақтардың ішіндегі бірлікке қол жеткізуде елеулі рөл атқарды.

Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам түсінігі. Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның қалыптасуы. Қазіргі заманда демократиялық мемлекеттер құқықтық мемлекеттер болуға ұмтылуда. Құқықтық мемлекет – бұл өзінің негізгі мақсаты етіп жеке тұлға мен қоғамның құқықтық қорғалғандығын қоятын мемлекет. Бұл жерде адам, оның өмірі, құқықтары мен еркіндігі жоғары құндылық болып табылады. Олар бойынша мемлекеттің құқықтық мемлекет болып табылатынын анықтауға болатын ұстанымдар бар. Бұл мынадай ұстанымдар:

  • адам құқықтары мен еркіндігінің басымдық ұстанымы;

  • билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу ұстанымы. Бұл бөлу мемлекет пен лауазымды тұлғалардың тарапынан асыра пайдаланушылықтардың болмағаны үшін қажет.

  • заңның жоғары тұру ұсынымы. Заң алдында бәрі тең.

  • мемлекет пен жеке тұлғаның өзара жауапкершілігі ұстанымы;

  • соттардың тәуелсіздігі ұстанымы.

Құқықтық мемлекетте субъектиілер қызметіндегі мынадай ұстанымдарды көрсетеміз:

а) заңда тікелей көрсетілген нәрсеге ғана рұқсат етіледі. Бұл ұстаным мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға арналады;

ә) заңмен тікелей тыйым салынбаған нәрсенің бәріне рұқсат етіледі. Бұл ұстаным азаматтар мен заңды тұлғаларға арналады.

Барлығы заңға, құқыққа бағынатын мінсіз мемлекет ретінде құқықтық мемлекет идеясы ежелгі заманның өзінде-ақ пайда болды. Мысалы, Платон «Заңдар» Диалогында: «Мен заңның күші жоқ және әлде біреудің билігі астында болатын мемлекеттің жуырда опат болатынын көріп тұрмын. Заң – билеушілердің үстінен қарайтын әмірші, ал олар – оның құлдары болатын жерден мен мемлекеттерге тек құдайлар сыйлауы мүмкін барлық игіліктер мен мемлекеттің құтқарылуын көремін» деп жазды.

Платонның бұл пікірін талқылаңдар. Платонның сөзі заманауи Қазақстан үшін өзекті ме? ҚР-нда құқықтық мемлекет проблемаларды бөліп үдерісінде қандай проблемаларды бөліп көрсетуге болады? Өз пікірлеріңді білдіріңдер.

Билікті бөлу ұстанымы. Билікті бөлу заңдылықты қамтамасыз ету мен билікті асыра пайдалануға жол бермеу үшін қажет.

Парламент түріндегі заң шығарушы билікті халық сайлайды. Парламент заңдар қабылдайды. Атқарушы билікті Үкімет, министрліктер, әкімдер жүзеге асырады. Сот билігін әділ сот жүзеге асырады. Биліктің әрбір тармағы бір-бірінің істеріне араласпастан, заңдар негізінде дербес әрекет етеді. Билікті бөлу жүйесінде ерекше рөл ҚР Президентіне тиесілі. Президент билік тармақтарының үстінде болады, ол төреші, саяси көшбасшы болып табылады, ол биліктің барлық тармақтарының келісе жұмыс атқаруын жүзеге асырады.

Мемлекет пен жеке тұлғаның өзара жауапкершілігі ұстанымының ерекше маңызы бар. Мемлекет өз міндеттемелерін орындайды, өзінің азаматтармен, қоғамдық ұйымдармен, басқа мемлекеттермен қатынастарында әділеттілік пен теңдікті қамтамасыз етеді.

Мемлекеттік органдар құқыққа бағына отырып, құқық нормаларын бұзбауы тиіс, мемлекет өз міндеттерінің бұзылғаны немесе орындалмағаны үшін жауапкершілікте болады.

Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамның қалыптасуы. Құқықтық мемлекеттің аса негізгі белгілерінің бірі азаматтық қоғамның болуы болып табылады.

Азаматтық қоғам – бұл олардың көмегімен индивидтер және олардың топтары мүдделері қанағаттандырылатын адамгершілік, діни, ұлттық, әлеуметтік-экономикалық, отбасылық қатынастар мен институттардың жиынтығы.

Азаматтық қоғам құқықтық мемлекет үшін негіз болып табылады. Азаматтық қоғамсыз құқықтық мемлекет те болмайды. «Азаматтық қоғам» түсінігі өткен заманның Аристотель, Цицерон, Г.Граций, Т.Гоббс, Д.Локк, Гегель, К.Маркс және басқалары сияқты ұлы ойшылдары тұжырымдаған еді. Азаматтық қоғамдағы негізгі идея адамның қоғамдағы басшылық идеясы, адамның дербестігі идеясы, оның бәрінен бұрын құқықты құрметтей отырып, өнегелілік ұстанымдарға сүйене отырып, өз қызметін жүзеге асыру қабілеттілігі болып табылады.Оның үстіне мемлекет азаматтық қоғамның өміріне араласпауы тиіс, құқық бұзылған жағдайда ғана мемлекеттің араласуына жол беріледі.

Азаматтық қоғамның құрылымы мынадай бөлімдерден тұрады:

1) мемлекеттік емес, әлеуметтік-экономикалық қатынастар мен институттар (меншік, еңбек, кәсіпкерлік);

2) мемлекеттік тәуелсіз өндірушілер жиынтығы (жеке фирмалар және т.б.);

3) қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер;

4) саяси партиялар мен қозғалыстар;

5) билік беру және тәрбиелеу мемлекеттік емес саласы;

6) бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік емес жүйесі;

7) отбасы;

8) шіркеу және т.б.

Азаматтық қоғамда қоғамдық пікір еркін қалыптасады, идеялардың, көзқарастардың, пікірлердің әралуандығы болады. Адам өз құқығын ақпарат алуда жүзеге асырады. Бұл жерде мемлекеттік билікте демократиялық сипат болады, мемлекеттің адамдар өмірінің лайықты деңгейін қамтамасыз ететін күшті әлеуметтік саясаты жүзеге асырылады. Қазақстан Республикасында құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қалыптасуы енді ғана басталуда. Сондықтан да шешілуі мемлекетке, қоғамға және нақты әрбір адамға байланысты көптеген проблемалар туындайды.

АЗАМАТТЫҚ ТҮСІНІГІ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ. АЗАМАТТЫҚ БОРЫШ

Азаматтық түсінігі. ҚР азаматы. Қос азаматтық. Отан түсінігі кез келген адам үшін ең басты нәрсе. Өз Отанында өмір сүру және өз мемлекетінің қорғауында болатынын білу – адамның табиғи құқығы. Адам мен мемлекеттің арасындағы саяси-құқықтық байланыс азаматтық деп аталады. Азамат – белгілі бір мемлекетпен тұрақты құқықты байланыста болатын тұлға. Мұндай байланысты растайтын құжат төлқұжат немесе жеке куәлік болып табылады. Егер жеке тұлға 16 жасқа толмаса, онда азаматтық тууы туралы куәлікпен немесе ата-аналары біреуінің төлқұжатымен расталады. Азаматтықтың болуы адам үшін құқықтық салдарлар туындатады. Азаматта құқықтар мен бостандықтардың белгілі бір көлемі пайда болады, ал оларды мемлекетте пайдаланады. Сондай-ақ азаматтарда мемлекет алдында міндеттер туындайды. Қазақстан Республикасы қорғау сияқты аса маңызды міндетті атап көрсетеміз. Қазақстан Республикасы өз азаматтарының құқықтары амен бостандықтарын қорғауға және қамтамасыз етуге, мемлекет шектеуінен тыс жерлерде оларға қамқорлық пен қолдау көрсетуге міндетті.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында Қазақстан азаматын шет мемлекеттің талап ету бойынша беруге құқығы жоқ.

Адамның аса маңызды құқығы – азаматтық белгілі бір мемлекеттің қорғауында болады. Азаматтық – адамның белгілі бір мемлекетпен тұрақты құқықтық байланысы. Осы байланысқа сәйкес бұл тұлғаға осы мемлекеттің шектерінде де, сондай-ақ оның шекараларынан тыс жерлерде де егеменді мемлекеттік билік қолданылады.

Қосарлы азаматтық тұлғаның екі және одан да көп мемлекетпен құқықтық байланыста екендігін білдіреді. Қазақстанда республика азаматының басқа мемлекеттегі азаматтығы танылмайды. Бұған қарамастан, әртүрлі елдердің заңдарында азаматтықтың пайда болуына әртүрлі көзқарастарға байланысты қосарлы азаматтық қабылдануы мүмкін. Белгілі бір жағдайларда Қазақстан азаматы бір мезгілде басқа мемлекеттің азаматтығын да иеленуі мүмкін.

Бипатрид (лат. екі рет және грек. – Отан, атамекен) – бір мезгілде екі және одан да көп мемлекеттің азаматтығын алған жеке тұлға.

Бірде-бір мемлекетте екінші азаматтық бұқаралық көлемде орын алмайды. Бұл үшін елеулі себептер болуы тиіс. Қос азаматтық әртүрлі проблемалар туындатады. Әрбір мемлекет бұл тұлғадан оның азаматтық міндеттерін орындауды талап етуі мүмкін. Неғұрлым жиі кездесетін проблема әрбір мемлекеттің армиясында қызмет ету болып табылады.

Дүние жүзінде қос азаматтықты танитын мемлекеттер бар.

Қос азаматтықты ата-аналарынан әртүрлі мемлекеттер азаматтарынан туу құқығы, негіз құқығы, туылу фактісі бойынша алуға болады. Бұл ұстаным – елдердің шағын тобында – Аргентинада, Бразилияда, Канадада, Мексика, Тәкстан, АҚШ-та, Уругвайда және басқаларында қолданылады. Бұған қоса азаматтықты табиғилану барысында, өтініш негізінде алуға болады.

ҚР азаматтығының ұстанымдары. Бұл ұстанымдар «Азаматтық туралы» заңда бекітілген.

1. Әркімнің азаматтыққа құқығы.

2. Азаматтықтан айыруға және оны өзгерту құқығына тыйым салу.

3. ҚР азаматы шет мемлекетке беруге жол бермеушілік.

4. ҚР азаматын оның шектерінен тыс жерлерге жер аударуға жол бермеушілік. Бұл ұстаным терең адамгершілікті және қандай жағдайларда болмасын адам Отанынан айырылмауы тиіс екендігін білдіреді.

5. Азаматтықтың теңдігі. Ол азаматтық алудың негіздемелеріне қарамастан барлық азаматтар құқықтарының бостандықтары мен міндеттерінің теңдігін білдіреді.

6. Қос азаматтыққа жол бермеу.

7. Шекарадан тыс жерлерде тұратын тұлғалардың ҚР азаматтығын сақтау.

8. ҚР азаматтарын шекарадан тыс жерлерде қорғау ҚР мемлекеттік органдары, дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері, олардың лауазымды тұлғалары ҚР азаматтарына олар болған мемлекеттердің заңнамасымен белгіленген барлық құқықтарды, ҚР Халықаралық шарттарын, Халықаралық салт-дәстүрлерді толық көлемінде пайдалануына мүмкіндікті қамтамасыз етуге жәрдемдесуге, олардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін қорғауға, қажет болған кезде ҚР азаматтарының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру үшін шаралар қабылдауға міндетті.

9. Некеге тұру мен бұзу кезінде азаматтықтың сақталуы.

10. Азаматсыздықты қысқарту ҚР азаматтығы жоқ тұлғалардың ҚР азаматтығын алуын көтермелейді және олардың өзге азаматтықты алуына бөгет жасамайды.

ҚР азаматтығын алу тәртібі. Азаматтық мынадай жағдайларда беріледі: тану нәтижесінде; тууы бойынша; тіркеу тәртібінде, азаматтыққа қабылдау нәтижесінде; азаматтықты қалпына келтіру нәтижесінде; азаматтықты таңдау (оптация) жолымен; заң көздеген өзге де негіздемелер бойынша. Осы тәсілдерді қарастырамыз.

1. ҚР азаматтығын тану. 1991 жылғы азаматтық туралы Заң осы Заң күшіне енген күні ҚР аумағында тұрақты тұратын, бұрынғы КСРО-ның барлық азаматтары, егер олар осы күннен кейін бір жылдың ішінде ҚР азаматтығында тұруды қаламайтыны туралы мәлімдемесе, ҚР азаматтары болып танылатынын белгілейді.

2. Тууы бойынша азаматтық алу. Дүниежүзілік іс-тәжірибеде тууы бойынша азаматтық алудың екі негізгі тәсілі белгілі: «негіз ұстанымы»; бұл кезде азаматтық туған жер бойынша белгіленеді және «қан ұстанымы», бұл кезде азаматтық ата-аналардың азаматтығымен белгіленеді.

ҚР Азаматтық туралы заңнамасы негізгісі «қан ұстанымы» болып табылса да, бұл ұстанымды үйлестіреді. Азаматтық туралы Заң ол туған сәтте ата-аналары ҚР азаматтығында тұрса, бала туған жеріне қарамастан ҚР-ның азаматы болып табылатынын белгілейді. Егер ата-аналарының біреуі оның туу сәтінде ҚР азаматтығында тұрса, екіншісі – азаматтығы жоқ тұлға болып табылса – бала туған жеріне қарамастан ҚР-ның азаматы болып табылады.

Ата-аналарының әртүрлі азаматтығы кезінде, біреуі туу сәтінде ҚР азаматтығында, екіншісінде басқа азаматтық болғанда баланың азаматтығы туған жеріне қарамастан ата-аналарының жазбаша келісімімен анықталады. Мұндай келісім болмаған кезде бала егер ҚР аумағында туса, ҚР азаматтығын алады, егер басқаша болған болса, ол азаматтығы жоқ тұлғаға айналар еді.

Егер ҚР аумағында орналасқан баланың екі ата-анасы да белгісіз болса, бала ҚР-ның азаматы болып табылады. Ата-анасы, қамқоршысы немесе қорғаншысы табылған жағдайда баланың азаматтығы өзгертілуі мүмкін.

Азаматтығы жоқ тұлғадан ҚР аумағында туған бала ҚР-ның азаматы болып табылады.

3. Тіркеу тәртібімен азаматтық алу. Азаматтық алудың бұл тәсілінде оңайлатылған сипат бар және негізінен КСРО-ның жойылуымен байланысты.

4. ҚР азаматтығына қабылдау (табиғилану). 18 жасқа толған және ҚР азаматтығында тұрмаған, іс-әрекетке қабілетті кез келген тұлға оның өтініші бойынша ҚР азаматтығына қабылдануы мүмкін.

Шетелдік азаматтар және азаматтығы жоқ тұлғалар ҚР азаматына айналуы үшін ҚР аумағында бес жыл тұрақты тұруы немесе Қазақстан Республикасы азаматымен үш жылдан кем ем ес уақыт некеде тұруы тиіс.

1. Азаматтық алудың бұл шарттары Қазақстан Республикасының алдында ерекше сіңірген еңбегі немесе кәсіптері бар және Қазақстан Республикасының Президенті белгілейтін тізбе бойынша талаптарға жауап беретін тұлғалар және олардың отбасы мүшелері үшін талап етілмейді. Сондай-ақ бұл шарттар Қазақстан аумағын тастап кеткен тұлғаларға және егер олар Қазақстан Республикасына тарихи отаны ретінде тұрақты тұру үшін қайтып келген олардың ұрпақтарына қатысты емес. Бұл оралмандарға – Қазақстанға басқа елдерден қайтып оралған қазақтарға қатысты. Сондай-ақ бұл Қазақстан мүдделерін қорғайтын көрнекті спортшыларға да қатысты. Мұндай тұлғалар үшін азаматтық алу мерзімдері алты айға дейін қысқартылған.

Егер тұлға:

  • адамзатқа қарсы қылмыс жасаса;

  • ҚР тәуелсіздігіне қарсы саналы түрде қарсы шықса;

  • ұлтаралық және діни өшпенділікті тұтандырса;

  • лаңкестік қызметі үшін сотталса;

  • сотпен ерекше қауіпті қылмыскер болып танылса;

  • басқа мемлекеттердің азаматтығында тұрса

ҚР азаматтығына қабылданудан бас тартылуы мүмкін.

Шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғаларды ҚР азаматтығына қабылдау мәселелері бойынша шешімді ҚР Президенті қабылдайды.

Азаматтыққа қабылдау туралы әрбір өтініш бойынша ұсынысты Президенттің қарауына ҚР Президентінің жанындағы Азаматтық мәселелері жөніндегі Комиссия жасайды. ҚР Ішкі істер министрлігі ҚР аумағында тұрақты тұратын тұлғалардан азаматтыққа қабылдау мәселелері бойынша өтініштер қабылдайды; фактілер мен құжаттарды тексеруді жүзеге асырады; өтініштерді Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияға жібереді. ҚР Ішкі істер министрлігі, дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері ҚР аумағынан тыс жерлерде тұрақты азаматтыққа кіру туралы өтініштер қабылдайды; фактілер мен құжаттарды өтініштердің негізделгендігін тексереді, өтініштерді Азаматтық мәселелері жөніндегі комиссияға жібереді.

5. ҚР азаматтығын қалпына келтіру. Азаматтықты қалпына келтіру асырап алуға, қамқоршылық пен қорғаншылықты белгілеуге байланысты, ата-аналарының азаматтығы өзгеруімен байланысты ҚР азаматтығы тоқтатылған тұлғаларды 18 жасқа жеткеннен кейін бес жылдың ішінде тіркеу тәртібімен жүзеге асырылады.

6. ҚР аумағы өзгерген кезде азаматтықты таңдау. Заңмен белгіленген тәртіппен аумақтық өзгерістер жүргізілген кезде мемлекеттік тиістілігін өзгерткен аумақта тұратын тұлғалар ҚР Халықаралық шартымен белгіленген тәртіп пен мерзімдерде азаматтықты таңдауға – оптацияға құқығы бар.

ҚР азаматтығына қабылдау үшін басқа да негіздемелер бар. Олар халықаралық шарттармен белгіленген.

4. Азаматтықтың тоқтатылуы. Қазақстан Республикасының азаматтығы:

1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығудың;

2) Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылудың салдарынан тоқтатылады.

Азаматтықтан шығуға тұлғаның өтініш негізінде рұқсат етіледі. Алайда азаматтықтан шығуға егер тұлғада республика алдында орындалмаған міндеттемелер болса, айыпталушы ретінде қылмыстық жауапкершілікке тартылса немесе сот үкімімен жазасын өтеп жатса немесе азаматтықтан шығу Қазақстан Республикасы мемлекеттік қауіпсіздігінің мүдделеріне қарама-қайшы келсе бас тартылуы мүмкін. Тұлға азаматтықтан басқа мемлекеттің әскери қызметіне, полициясына, заң органдарына немесе мемлекеттік билік пен басқарудың өзге де органдарына жұмысқа кіруінің салдарынан азаматтықтан айырылуы мүмкін.

Егер Қазақстан Республикасының азаматтығы жалған құжаттардың негізінде алынса, сондай-ақ республика шектерінен тыс жерлерде тұрақты тұратын тұлға консулдық есепке бес жылдың ішінде дәлелді себептерсіз тұрмаса, онда мұндай тұлға азаматтықтан айырылуы мүмкін.

Азаматтық борыш. Азаматтықты қорғау. Борыш – бұл өнегелік заңына деген құрметпен шығатын қылықтың қажеттігі (И.Кант). Борыш индивидке өнегелі болуға мүмкіндік береді. Борышты орындауға ұмтылу – бұл адамның бақытқа қарай ұмтылуы. Азаматтық борыш – бұл өкіметтің заңдары мен заңды өкімдерін орындауға іштей қабылданған ерікті міндеттеме. Басқаша айтқанда азаматтық борыш – бұл жеке тұлғаның өзін қоғамдық ерікке бағындыру үшін қабылдаған қажеттігі. Азаматтық борыштың қайнар көзі қоғамдық мүдде болып табылады. Азаматтық борыш дегеніміз – терең жеке мүдделілік, еріктілік, олардың қажеттігін сезіну негізінде конституциялық міндеттерді орындау. Қоғам адамнан өз міндеттерін жай ғана дәл және мүлтіксіз орындауды ғана емес, сондай-ақ оларға деген жеке көзқарасын да күтеді.

Азаматтық борыш көріністерінің ерекшеліктері оның еріктілігінде, белсенді азаматтық позициясында.

Антикалық философияға азаматтық борыш түсінігін Сократ енгізді. Сократ өз сенімдері үшін айыпталды. Оған қарсы Афины соты қатаң үкім шығарды. Сократ өлім жазасына кесілді. Сократ сот үкімімен келіспесе де, заңды сыйлайтын азамат болғандықтан, үкіммен келісуге мәжбүр болды. Сократ күшті у ішіп өлді. Осы арқылы Сократ азаматтық борышты орындаудың үлгісін көрсетті.