Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция материалдары (1).docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
253.24 Кб
Скачать

Заңды жауаптылықтың түсінігі мен түрлері

Заңды жауаптылықтың түсінігі. Құқық бұзушылық жасалған жағдайда мемлекет пен құқық бұзушылар арасындағы ерекше байланыс түрінде заң жауапкершілігі туындайды. Осының нәтижесінде құқық бұзушыға белгілі бір жазалау шаралары қолданады.

Заңды жауаптылық – бұл күрделі категория. Оның ерекшеліктерін ашып көрсету үшін әртүрлі анықтамаларға жүгіну қажет.

  • Заңды жауаптылық дегеніміз жеке, ұйымдық немесе мүліктік сипаттағы айырулар формасында білдіретін мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.

  • Заңды жауаптылық – бұл өзіндік ерекшелігі бар заң алдынағы міндет.

  • Заңды жауаптылық құқықтық нормалар санкцияларын жүзеге асыру.

  • Заңды жауаптылық дегеніміз – бұзылған құқықтарды қалыпна келтіру тәсілі.

  • Заңды жауаптылық – бұл құзіретті мемлекеттік органдар мен құқық бұзушының арасындағы байланыс. Бұл байланыстың нәтижесінде құқықты бұзушы үшін істеген іс-әрекет үшін қолайсыз салдарлары туындайды.

  • Заңды жауаптылық дегеніміз – болашақта құқықты бұзушылықтардан сақтандыру құралы.

Осы анықтамаларды талқылаңдар. Мұнда заң алдындағы жауапкершіліктің қандай белгілері бөліп көрсетілген?

Заңды жауаптылық – бұл құқық бұзушылық жасалған жағдайда тұлғаның мемлекеттік мәжбүрлеу шараларына ұшырау қажеттігі. Нәтижесінде тұлға үшін қолайсыз салдарлар басталады, оған жазалау шаралары қолданылады. Жазалаудың барлық түрлері заңдарда көрсетілген.

Заңды жауаптылық белгілері:

  • мемлекетпен құқықтық ұйғарымдар түрінде белгіленеді;

  • құқықтық норма санкцияларын іске асыру ретінде әрекет етеді;

  • мемлекеттік мәжбүрлеуге негізделген;

  • құқық бұзушылықтар жасалу нәтижесінде ғана туындайды;

  • құқық бұзушылықты жасаған тұлға үшін жағымсыз салдарлары болады;

  • міндеттер жүктемелумен байланысты;

  • іс жүргізу формасында жүзеге асырылады;

  • құзіретті мемлекеттік органдармен қолданылады.

Заңды жауаптылықтың түрлері. Қоғам өмірі саналуан, қоғамдағы тәртіпті қамтамасыз ететін көптеген заңдар, құқықтық нормалар, мемлекеттік органдар бар. Заң алдындағы жауапкершіліктің бірқатар түрлері бар. Жазалаудың барлық түрлері арнаулы кодекстерде, ережелерде, жарғыларда бекітілген.

Бұл қылмыстық кодекс, Азаматтық кодекс, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс, Еңбек кодексі, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құрамаларының Тәртіптік жарғысы, Жолда жүру Ережелері және басқалары. Заң алдындағы жауапкершілік түрі құқықтың қандай нормаларының бұзылғанына, қандай зиян келтірілгеніне, сондай-ақ құқыққа қарсы іс-әрекеттердің нәтижесіне қарай белгіленеді.

Мынадай іс-әрекеттерді салыстырыңдар: ұрлық – бөтеннің мүлкін жасырын иемдену, тонау – бөтеннің мүлкін ашық иемдену, қарақшылық – өмір немесе денсаулық үшін қауіпті күш қолданумен немесе сондай күш қолдану қаупін төндірумен бөтеннің мүлкін иелену мақсатымен жасалған шабуыл.

Бұл әрекеттердің айырмашылықтарын бөліп көрсетіңдер. Талан-тараж – қылмыстың ең ауыр түрі болып есептелетінінің себебі неде және неліктен талан-тараж үшін ең ауыр жаза қолданылады? деген сұраққа жауап беріңдер. Ұсақ ұрлық, қарақшылық пен тонау жасаған тұлға заң алдындағы жауапкершіліктің қандай түріне тартылады?

Құқық салаларына қарай заңды жауаптылық мынадай түрлері бөліп көрсетіледі:

  • Әкімшілік. 16 жастан басталады. Негіздемесі – әкімшілік құқық бұзушылық жасау. Жазалау түрлері – арнаулы құқықтардан (жүргізушілік, аңшылық және басқа) айыру, айыппұл, әкімшілік тұтқындау және басқалар;

  • Азаматтық. 14 жастан басталады. Негіздемесі – шарттық міндеттемелерді бұзушылық. Жазалау түрі – шығындарды өтеу, айыппұлдар және басқалар;

  • Қылмыстық. 14 жастан басталады. Қылмыс жасаудың нәтижесінде ғана қолданылады. Жазалау түрлері – бостандықтарды шектеу, еркінен айыру, айыппұл, өлім жазасы;

  • Материалдық. 16 жастан басталады. Кәсіпорындарға, мекемелерге, ұйымдарға зиян немесе залал келтірілген кезде туындайды. Жазалау түрі – келтірілген зиянды толық көлемінде өтеу міндетті;

  • Тәртіптік. 16 жастан басталады. Әскери, еңбек, оқу тәртіптемесі немесе тәртіпті бұзушылық нәтижесінде туындайды. Жазалау түрлері – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату және басқалар.

Заңды жауаптылыққа тартуға және жазалау шаралар қолдану құқығына ие әртүрлі мемлекеттік органдар бар. Бұл – соттар, басқарудың мемлекеттік органдары (өрт сөндіру, ветеринарлық бақылау органдары, жол полициясы органдары, жергілікті әкімдіктер), басқа құрылымдар (еңбек ұжымдарының әкімшіліктері).

Заңды жауаптылық қандай мақсатпен қолданылады? Заң алдындағы жауапкершілік тек жазалау мақсатымен ғана қолданылады деуге бола ма? Олай деп ойламаймыз.

Заңды жауаптылықтың негізгі мақсаты субъектілердің құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қорғау болып табылады.

Бұл құқықтық аспап құқық субъектілерінің мүдделерін әлеуметтік байланыстардың әділетті ретке келтірілуіне көздейді. Мақсаты – осы құқықтық құралдың көмегімен қол жеткізілетін нәтижелер.

Заңды жауаптылықтың мақсаты қызметтерінен көрініс табады. Мынадай заңды жауаптылықтың қызметтерінен тоқталайық.

Айыппұлдық фукнция – мемлекеттің құқық бұзушылыққа қарсы жазалаушылық әрекеті. Кінәлі тұлғаны жазалаудан көрінеді. Бұл ретте тұлғаның құқықтары шектеледі немесе мүліктік игіліктерден айырылады. Осылайша, тұлға үшін қолайсыз салдарлар туындайды.

Құқықты қалпына келтіру функциясы – айыптыдан келтірілген зиян өндіріледі, ол шығындарды өтеуі, залалдың орнын толтыруы тиіс.

Тәрбиелік функция. Субъектілерде құқыққа лайық мінез-құлық уәждерін қалыптастыруға бағытталған. Басты мақсаты – құқық бұзушылықтардан сақтандыру. Бұл функциялар заң алдындағы жауапкершілік мақсаттарына қол жеткізуге жәрдемдеседі.

Осы фукнцияларды талқылаңдар. Қайсысы тиімді – жаслаған құқық бұзушылықтармен күресу ме, әлде құқық бұзушылықтан сақтандыру ма? Демократиялық қоғамда заң алдындағы жауапкершіліктің қандай мақсаты басты мақсат болуы тиіс екендігі туралы пікірталас өткізіңдер.

Заңды жауапкершілік – бұл құқық бұзушылық жасаған тұлғаға мәжбүрлеу шараларын қолдану. Бұл шараларды қолдану белгілі бір талаптарға – заңды жауаптылықтың принциптеріне сәйкес келуі тиіс.

Заңды жауапкершілік принциптері.

  • әділеттілікжазаның жасалған құқық бұзушылықпен мөлшерлестігінен, қылықтар үшін қылмыстық санкциялар қолдануға тыйым салуынан; заңның жауапкершілікті бекітетін немесе күшейтетін кері күшін жоққа шығарудан; айыпкерге бір бұзушылық үшін жазалаудың тек бір ғана түрін қолданудан көрінеді;

  • заңдылық – кінәлі тұлғаға заң алдындағы жауапкершілік заң бойынша қатаң және заңда көзделген іс-әрекеттер үшін белгіленеді;

  • негізделгендік – істің мән-жайын объективті, жан-жақты және дәлелді зерттеуді, тұлғаның нақты құқық бұзушылықты жасау фактісін және тиісті құқық нормасын белгілеуді білдіруі;

  • бұлтартпастық – құқық бұзушылық үшін заң алдындағы жауапкершіліктің болмай қоймайтындығы; құқық бұзушылықтарды ашудың пәрменділігі; сапалылығы мен толықтығы; мемлекет тарапынан кінәлі тұлғаларға қатысты міндетті және тиімді жазалаушылық әрекет;

  • мақсатқа лайықтылық – жазаның заң алдындағы жауапкершілік мақсаттарына сәйкестігі, санкцияларды дербестендіру; жасалған іс-әрекеттің әртүрлі мән-жайларын (жеңілдететін, сондай-ақ ауырлататын) есепке алу;

  • адамгершілік – жазалауларды қолдану кезінде жалпы адамдық ұстанымдар бұзылмауы тиіс; адамның ар-намысына тиетін іс-әрекеттерге тыйым салынады.

Өмірде мүмкін болатын құқық бұзушылықтардан сақтандыру мақсатында мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану қажет болатын жағдаяттар ұшырасады.

Мысалы, әуежайлардағы, пойыздардағы, ерекше күзетілетін жерлердегі арнаулы бақылау шаралары, көліктік және жолаушы жүгін тексерулер; тәрбиелілік ықпал етудің мәжбүрлік шаралары, медициналық сипаттағы мәжбүрлік шаралар т.б.

Бұл шаралар құқық бұзушылықтардан қорғау, сақтандыру және жолын кесу шаралары деп аталады. Бұл әрекеттердің бәрі заң негізінде жүргізілуі тиіс екендігін білу қажет.

Қорғау шараларының мақсаты – бұзушыны жауапкершілікке тартпастан бұзылған құқықты қалпына келтіру (мысалы, балаларды бағу үшін алименттерді мәжбүрлеп алу).

Жолын кесу шараларының мақсаты – қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істер бойынша қалыпты іс жүргізуді қамтамасыз ету (мысалы, ешқайда кетпеу туралы қолхат, ұстау).

Өзге де іс жүргізу шараларының мақсаты – құқық бұзушылықтан сақтандыру (мысалы, жеке тексеріп-қарау, куәландыру, мәжбүрлік тінтулер, карантин жағдайында жүріп-тұру бостандығын шектеу), индивидке тәрбиелілік немесе медициналық мақсатта ықпал ету (есі дұрыс емес бұзушыларға қолданылатын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары).

Өмірде қоғамға, жеке тұлғаға немесе мемлекетке зиян келтірілетін жағдаяттар кездеседі, бірақ бұл ретте тұлға жауапкершілікке тартылмайды. Бұл жағдаяттар заңдарда көрсетілген және заң алдындағы жауапкершілікті болдырмайтын мән-жайлар деп аталады. Олар басталған кезде тұлға заң алдындағы жауапкершілікке тартылады.

Оларға:

  • есі дұрыс еместік – тұлға өз іс-әрекеттеріне есеп бере алмайды;

  • қажетті қорғаныс – тұлға өзін, өз құқықтарын немесе басқа тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қоғамдық-қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғайды. Алайда бұл ретте қажетті қорғаныс шектерінен аспауы тиіс. Яғни, қорғаныстың қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесіне айқын сәйкес келмеуі болмауы тиіс;

  • қылмыс жасаған тұлғаны ұстау;

  • аса қажеттілік;

  • тұлғаны құқық бұзушылық жасауға күшпен және психикалық мәжбүрлеу;

  • бұйрықты немесе өкімді орындау – бұл жерде өзінің заңды міндеттерін орындаған тұлғаның зиян келтіруі түсініледі, мысалы, әскери бұйрықты орындау;

  • мәнінің төменділігі – яғни қоғамдық қауіпті емес құқық бұзушылық жасау.

Осылайша, Қазақстан Республикасының заңдары заң алдындағы жауапкершіліктің әр алуан түрлерін белгілейді. Заңды білмеушілік заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайды. Мұны барлығы есте сақтаулары тиіс.