Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Лекция материалдары (1).docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
253.24 Кб
Скачать

АЗАМАТТАНУ ПӘНІ БОЙЫНША ДӘРІС МАТЕРИАЛДАРЫ

1. Адам туралы түсінік: ежелгі мифтер, дін, ғылым және ойшылдар

«Миф» ежелгі грек тілінен аударғанда «әңгіме», «аян», «сөз» деген мағынаны білдіреді. Мифтердің мазмұны әлемнің, құдайлардың шығу тегі мен олардың тіршілігінен, сондай-ақ ежелгі батырлардың өмірінен сыр шертеді. Мифтерді жинақтап, зерттейтін ғылым мифология деп аталады. Әлемнің барлық халықтары ежелгі кезеңнен бастап мифтерді ойлап табатын болған. Мифтерде халықтардың көркемдік-эстетикалық сезімдері, діни және рухани таным-түсініктері, олар туралы ғылыми білімдері көрініс тапқан. Мифтер адамдардың қоршаған ортаны танып-білуге деген ұмтылысынан, табиғи білімпаздығынан туындаған. Мифтерде ойдан шығару, сенім, білім, наным шырмалып жатар. Мифтерде дүниені танудың ерекше түсінігімен қатар, табиғаттағы, қоғамдағы құбылыстарды көру ерекшелігі сипатталады. Мұндай қосарлы байланыс синкретизм деп аталады. Ол адамдар тұратын әлем туралы әртүрлі түсініктердің, сондай-ақ осы әлемді басқаратын өзге де тылсым күштердің қабысуын білдіреді.

Мифтерді басымдыққа ие тақырыптарға сәйкес топтастыруға болады.

  • Әлемнің басталуы туралы мифтер. Олар біздің ғаламшардағы өмірдің дамуы туралы себеп-салдарларды анықтайды. Әлем мен адамның қалыптасуы ғарыш хаосына айналған үрдіс негізінде сипатталып, алғашқы қауымдық бейберекет жағдайдан реттелген, сатылап дамыған кезең суреттеледі.

  • Әлемнің опат болуы туралы мифтер.

  • Адамның шығу тегі, адамның дүниеге келуі, адамның өмір сүру кезеңдері және адамның өлімі туралы мифтер. Адам душар болатын сынақтар туралы мифтер.

Ең сұлу, жақсылыққа жаны құмар, күшті адамдар тұратын Атлантида аралы туралы аңыз баршаға белгілі. Атланттар ғаламның барлық жақсылықтарын, білімді өздерінің жеке, эгоистік мақсатында қолданып, бұл Әлемде Адамды бәрінен жоғары қойып, әр адам өзі үшін заң деген қағиданы ұстанған тұста, Атлантидада құлдырау басталды. Атлантиданың бұл әлемнен жойылуы оны мекендеген адамдардың рухани заңдылықтарды ұстанбауында болатын. «Тимей» атты сұхбатында грек философы Платон осы аңызды еске түсіреді. «Тоғыз мың жыл бұрын Гераклова мұнарасының арғы жағындағы ағыстан ары үлкен Атлантида деп аталатын арал болатын. Бұл аралда күшті және ерекше патшалар әулеті өмір сүрді. Бұл әулет көптеген мемлекеттерді бағындырғысы келді. Алайда күшті жер сілкіністері аталмыш аралдың күлін көкке ұшырды. Кейінірек ол су астында қалып, жер бетінен түгелімен жойылды».

Атлантида туралы аңыздың маңызды этикалық мағынасы бар. Аталмыш аңыз мазмұнында рухани азғындаудың алдын алу туралы және адамның өзінің отандастарының тағдыры алдында, жалпы әлем алдында үлкен жауапкершілікке ие екендігі көрініс тапқан.

Ежелгі гректердің әлемнің пайда болуы мен адамның шығу тегі туралы танымал мифтері бар. Алғашында Хаос болды. Одан Жер (Гея) дүниеге келді. Жермен бірге Эрос және Эреб дүниеге келеді. Эреб пен Түннің некесінен Эфир дүниеге келіп, күн айқын жарыққа айналады. Гея Аспанды, сондай-ақ, таулар мен теңіз иірімдерін дүниеге алып келеді. Осыдан кейін құдайлардың шежіресі пайда болады: Гея мен Уранның некесінен, яғни Жер мен Аспанның некесінен Мұхит пен Тефида дүниеге келеді. Кейін түрлі ғарыш күштерін кейіптеушілер циклоп пен титан, ал одан соң алғашқы адам пайда болады.

Ежелгі Үнді мифтері. Алғашында су, кейін Әлемдік жұмыртқа, одан аспан, жер және оны мекендеушілер пайда болды.

Ежелгі Қытай мифтері. Ұзақ жылдар бойы ештеңені айыра алмайтындай етіп, әлемді хаос биледі. Содан соң осы хаостан: Жарық пен Қараңғылық деп аталатын екі күш бөлініп шықты. Олардан аспан мен жер пайда болды. Дәл осы кезде Паньгу деп аталатын ең алғашқы адам баласы дүниеге келді. Ол өте үлкен болды және ұзақ өмір сүрді. Ол өлген кезеңде оның денесінен адамзат баласы және табиғат пайда болды.

Ежелгі көшпелілер адамның жердегі өмірін Тәңір-Аспан еркімен жобалаған. Тәңір түркілер түсінігінде жаратушылық қасиеттерге ие көк аспан болып табылады. Сондықтан Тәңірге жалбарынып, оның жазасынан қорықты. Қазақ халқында «Тәңір жарылқасын!» «Көк тәңір соққан» деген сөз тіркестері баршаға таныс.

Дін адам баласын Тәңірдің жаратылысы деп қарастырады. Дін адам мен құдай арасындағы ерекше өзара қарым-қатынастан туындайтын адам өмірінің мәнін түсіндіреді.

Христиан діні адам және әлем құдайдың арқасында жаралған деп біледі. Адамның басты белгісі – жүрегі, адамшылықтың басты белгісі – Құдайға деген махаббат.

Исламға сәйкес Алла адамды заңдарды орындау үшін жаратқан. Алла адамның Алланың жаратылысы екендігін еш уақытта ұмытпауын қажет етеді. Ең үлкен күнә Алла заңын орындамау болып табылады.

Буддизм қайғы, уайым – адамның тіршілік кешуінің басты заңдылығы деп түсіндірді. Адам буддизмде жалпы әлемдік заңдылық – дхарманы орындаушы болып табылады. Бұл заң адам баласы үшін жасалмаған, алайда адамның жақсы және жаман іс-әрекеттерінің негізінде жатқан этикалық тетік арқылы жүзеге асады. Христиан дініндегідей адам өмірі бұл баға жетпес сый емес, қайта туылу алқасының бір кезеңі ғана болып табылады.

Адам туралы белгілі ғұламалардың көзқарастарына тоқталып өтейік:

Қытай ғұламалары ежелден адамға назар аударып, оның артықшылықтары мен кемшіліктерін бөліп белгілеген. Лао-цзы адамдар ДАО-ны, яғни жалпы табиғат заңына қол жеткізу қажеттігін бекітті. Дао адамды қарбаластықтан сақтап, қарапайымдылыққа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жақсы ойларды ойлап, басқа адамдарға аяушылық сезімдерді оятып, әлемдегі зорлық-зомбылықтан сақтайды. Конфуций «Аштан өлсең де, арыңды сатпа», - деп кесіп айтқан екен. Оның ойынша адам моральды заңдылықтарды бұзса, ғаламшарда апатты оқиғалар орын алады екен. Егер мораль ұмытылса, адамды адам ететін құндылықтар жоғалуы әбден мүмкін. Конфуций іліміндегі орталық ұғым «жэнь» деп аталды. Ол гумандылық деген мағынаны береді. Гумандылық қоғамдағы адамдардың қарым-қатынасының негізін құрайды, гумандылық рухани өзін өзі жетілдірудің басты мақсаты болып табылады. Конфуций адам үшін келесі талаптарды ойлап тапты: өзіңе жасамайтын әрекетті басқаға жасама, жақсылыққа жақсылықпен жауап бер, ал жамандыққа әділеттілікпен жауап бер. Ең алдымен өзіңді таны, қоғамдық жағдайы және жасы үлкен адамға құрмет көрсетіп, жақсы көр, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет жаса.

Антикалық дәуірде адам ғарыштың бір бөлшегі, яғни микрокосм ретінде танылды. Барлық тіршілік иесі үйлесімді Ғарыш ретінде қарастырылды. Адам осы Ғарышқа жүктеліп, оның заңдылықтарымен өмір сүреді. Кез-келген жағдайда адам өз тағдырына мойын ұсынуы қажет. Гректер жүзе алатын және оқи алатын индивидтерді адам деп санады. Ежелгі грек философы Протагор «Адам барлық заттардың өлшемі» деген тезисті дүниеге алып келді. Сократ «Мен ештеңе білмейтіндігімді ғана білемін», деп айтқан кезде, қалыптасқан жағдаймен келісу мақсатында айтпағандығы белгілі. Ол керісінше көп нәрсені тануға, ұғынуға шақырды. Диоген атты белгілі ежелгі грек философы аскеттілік (әлемнің бар жақсылығынан бас тарту) туралы ойлауды ұсынды. Диагеннің ойынша барлық адамдар қарапайым тұрмыс кешуі дұрыс болып есептелді.

Ортағасырлық ойшылдар басты басымдықты адамның тіршілік етуінің діни-моральды мәселелеріне тоқталды. Ортағасыр ойшылы Августин Блаженный Құдайды тұлғаға пара пар санады. Жаңа заман философы Рене Декарт адам өмірінің мәнін былай түйіндеген: «Ойлаймын, сол арқылы өмір сүремін».

Неміс классикалық философиясының танымал ғалымдары адам өмірінде маңызды орынды руханилық иемденетіндігін айтқан. Адам мәдениет әлемін жасайды, ақылды тасымалдаушы болып табылады. Бұл арада этика туралы Иммануил Канттың ілімдері үлкен маңызға ие. И.Кант адамның рухани мінез-құлқының формуласы болып табылатын – категориялық императивті ұсынды:

  • «… баршаға ортақ заңдылық бола алатынын біліп, оны басқаға тілей алатын максимаға сәйкес әрекет ет»

  • «... адамға құрал ретінде қарама. Бүкіл адамзатқа жеке тұлға ретінде де, басқа тұлғалар атынан да мұратты негізде мән беріп мақсаткерлік әрекет ет».

И.Канттың идеяларына негіздей отырып, бұл ереженің мәнін ашып көрелік:

1 Адам бір нақты белгіленген әрекет жасайды. Сол кезеңде адам іс-әрекеттің неге негіздеп жасағандығын көрсететін ережелерді (максиманы) ойлап табуы қажет. Өзі осы ережені анықтаған тұста өзіне өтірік айтып, жалтаруға мүлдем болмайды. Ережені анықтап болғаннан кейін өзіне мына сұрақты қою қажет: егер дәл осы ережеге сәйкес басқа адамдарда әрекет етсе не болады? Осы максиманы басқа адамдарға рухани ереже ретінде немесе жалпыға ортақ рухани заңдылық негізі етіп ұсынуға болар ма екен?

2 Егер адам баласы басқа адамға қатысты белгілі бір іс-әрекетке барса, онда оған дәл осындай іс-әрекет басқа адам тарапынан оған жасалатын жағдайды қалайды ма екен? Осы сұрақтарға жауап бергені дұрыс.

3 Нақты рухани істерде адам ой арқылы ең жоғарғы шыңға шығып, кез-келген іс-әрекеттің астарында нақты адам, зат, жағдай бар екендігін және ол бүкіл адамзат тағдырына қатысты екендігін түсінгендігі абзал. Атқарылар істе адамзаттың артықшылықтарын, тағдырын, бөлігін анықтап алған жөн.

4 Адамды және адамзат баласын жеке мүдде үшін пайдалануға болмайды. Мұндай жағдайда руханилық жойылады. Руханилық тұрғысында адам және адамзат абсолютті мақсатта танылуы қажет.

5 Адам рухани тұлға болып табылады. Адам қандай да іс-әрекетке барғанда еркін таңдау құқығына ие. Адамгершілік еркін болуды меңзейді. Адамдардың әрекеті жақсы мен жаман категориялық ұстанымдар негізінде бағаланады. Жақсылық пен жамандық туралы түсініктер жоғарыдан берілген. Құдай адамгершілік идеалының нышаны болып табылады.

6 Адам – жоғары құндылық. Әр адамның бойында өзінің артықшылықтары бар. Ол өзінің артықшылығын қорғайды. Бірақ басқа адамның да артықшылығы жоғары құндылық екендігін естен шығармауы тиіс. Адам адамзат және адам баласы алдында өзінің іс-әрекеттерін парыз деп есептеп әрекет етсе, онда ол адамгершілік әрекеті болып танылады.

Иоганн Гете адамның белсенді азаматтық ұстанымы болуы қажет деп тапқан. Оның ойынша, адам баласы өжет, жігерлі және батыл болғандығы абзал. Адамның ерекше қасиеті ретінде бәрін қайта бастап, жеңіске ұмтылуды көрсеткен. Жеңіске ұмтылған адам міндетті түрде жеңіске жететіндігі белгілі. Ақынның өмірлік ұстанымы: «Адам болу – күрескер болу», - деген идеяның аясында өрбіді.

Әбу Насыр әл-Фараби адамдар өз арасында бейбітшілікті сақтауы тиіс деп ойлаған. Олардың басын біріктіретін бастау адамгершілік болуы тиіс деп тапқан. Ойшыл адам баласының бойында рақымшыл немесе пайғамбар болу қасиеті жоқ. Барлық адамгершілік қасиеттері, атап айтқанда жақсы немесе жаман қасиеттер адам бойында, оның ерік-жігерінің негізінде дамиды. Адам қызметінің мақсаты – бақытқа жету. Адамды адам ететін – ақыл. Бақытқа адам баласы саналы таным арқылы қол жеткізеді. Адам бақытқа жетуі үшін оның бойында төрт маңызды этикалық қасиеттер болуы қажет: философия, ойлау, адамгершілік және өнер.

Абай Құнанбаев – ұлы қазақ гуманисті. Абай Құнанбаевтың басты қағидасы: «Адам бол!». Абай адамдарға зор сеніммен қарады. Өз кезегінде ол қоғамды өзгертуге жігері бар, оның ішінде ең бастысы өзін өзгертуге деген сенімі бар күрескер-адамдарды қолдаған. Сөйте тұра мына сұрақтарға:

- Неліктен адам баласы, ақылды адаммен сөйлескеннен ләззат алмайды екен?

- Неге өресі төмендер шешім қабылдағыш?

- Неліктен қырсықтар ақылға ашуын жеңгізбейді?- жауап іздеуден жалықпады.

Абай мұңды жүрекпен өзінің «Қара сөздерінде» адамды көрге сүйрейтін өтірік құндылықтар туралы, басқа алдындағы басымдық туралы көкірек ойлар, жалқаулық, мақтаншақтық, арман, жақсылық пен жамандыққа деген немқұрайлылық туралы ой қозғайды. Ойшыл биік мақсат қоймау, өз-өзіне сенбеу, жамандыққа бейімділік адам жанын бос ететіндігін алға тартқан. Оның ойынша мұндай халықтың болашағы жоқ, мұндай адамды тұлға ретінде өлім құшады.

Шәкәрім Құдайбердиев білімге ұмтылу, ақиқатты білу адамның өмірдегі мәнін түсінуге әкеледі деген идеяны ұстанған. Өзінің «Үш анық» атты шығармасында адам болмысының ең негізгі үш танымын бөліп көрсетеді.Олар: ақыл, сезім және қайрат. Шәкәрімнің ойынша, рухани болмыстың жоғарылауы адамның арының арқасында ғана мүмкін. Ар – адамгершілік негізі. Оны адам табиғатын қалай өзгертуге болады, қалайша қоршаған ортамен және өзімен үйлесімділікте өмір сүруге болар екен деген сұрақтар мазалады. Шәкәрім өзінің бақытының кілті ретінде кәусар жүректі қалыптастырып, ең жоғары сезім – махаббатты сезінуді алға тартады. Жүрек тазалығын жоғалтпай, ақылға бой ұрып, жақсылық жасау - міне бұл Шәкәрім ұсынған бақыттың кілті болып табылады.

Адам туралы ғылым. Ғылыми білім жүйесі үш элементке: ғылыми фактілерге, ғылыми логикаға және терминологияға негізделеді. Антропология дегеніміз адамзат жаны туралы (жалпы антропология) және адамзаттың тәні, оның құрылымы және алуан түрлілігі туралы ғылым. Ғылыми көзқарас негізінде адам дегеніміз тарихи-эволюциялық дамудың өнімі болып табылады. Адам әлемнің барлық жанды болмысынан ақыл, сана, сөз, еңбек қызметімен ерекшеленеді.

Осылайша түрлі теорияларда, философиялық көзқарас, ғылыми білім негізінде адамның орны, оның маңызы, шығу тегі, орны, мораль мен руханилық мәселелері ашылып отырады. Адамды зерттеу үрдісі шексіз.

Сөздік

Антропология (грек тілінде anthropos – адам және logos - сөз, ілім) – адамды зерттейтін ғылым.

Буддизм – әлемдік үш діннің бірі. Бұл діннің негізін салушы Сиддхартха Гаутама Шакьямуни есептеледі. Буддизмнің негізіне «төрт ақиқат туралы ілім»: қайғы-мұң, оның себеп-салдары, одан босаудың жағдайы, оған баратын жол жатады.

Дхарма – ғарыштық тәртіпті сақтап тұру қажеттігі бойынша жинақталған ереже мен нормалардың жиынтығы. Дхарма – үнді философиясында көрініс тапқан рухани ұстын-тірек болып табылады.

Ислам – әлемдік үш діннің бірі. VII ғасырдың ортасында Араб жерінде пайда болған. Исламның негізін салушыға Алла өзінің пайғамбары ретінде жіберген Мұхаммед жатады. «Ислам» сөз «мойын ұсыну», «бағынышты» болу деген мағынаны береді. Исламға сенушілерді мұсылмандар деп атайды. Исламның басты қасиетті кітабы –Құран.

Категориялық императив - (латын тілінен imperativus - сөзсіз) – Кант этикасының іргелі ұғымы. Адам мінез-құлқы мен жүріс-тұрысындағы рухани, адамгершілік қағидалары.

Христиан – әлемдік үш діннің бірі. Рим империясының шығыс првинцияларында І ғасырда пайда болған. Христиан дініндегі басты негіз – Иисус Христос құдайдың баласы туралы ілім болып табылады. Ол аспаннан жерге түскен, адамдарды алғашқы тобырлық күнәдан тазарту үшін бейнет пен өлімді қабылдап, жаны аспанда қайта тірілген. Басты кітабы – Библия.