
- •21 Дін философиясы
- •1.Дінді философиялық тұрғыдан зерттеудің ерекшелігі
- •2. Дін ілімінің үш тармағы: буддизм, христиандық, ислам
- •3. Философия тарихында дінді зерттеу мәселелері: ортағасырлық христиан және араб тілді мұсылмандардың дін философиясы
- •XX ғасырдың дін философиясы
- •4. Діни сана қоғамдық сананың формасы ретінде. Діни психология мен діни идеология
- •5. Діннің тамырлары, қызметтері мен элементтері
- •6. Ақыл мен сенімнің арақатынасы. Діни сенім бостандығы
- •2. Дін ілімінің үш тармағы: буддизм, христиандық, ислам.
5. Діннің тамырлары, қызметтері мен элементтері
Діннің пайда болу себептері мен мәні туралы мәселе философия тарихында көптеген философтардың зерттеу объектісі болды. Дін туралы ғылым - дінтануда діннің тамырлары деген ұғым қалыптасқан, бұл ұғым діннің пайда болуының әлеуметтік, гносеологиялық және психологиялық себептерін ашады.
Діннің басты, анықтаушы тамыры немесе себебі ретінде көптеген ғалымдар әлеуметтік себептерді атайды. Бұл себеп алғашқы қауымдық қоғам адамдарынан жақсы көрінеді. Кездейсоқтық үстемдік еткен алғашқы қауымдық қоғам адамдары табиғаттың дүлей күштеріне қарсы тұруға дәрменсіз, оларға тәуелді болды. Стихиялық табиғат күштерін билеуге, өзіне бағындыруға, қоғамдық қатынастарда күнделікті туындап отырған мәселелерді шешуге қажетті практикалық құралдары жоқ адамдардың сүйенгені - өзінің санасының, қиялдауының жемісі - фантастикалық күштерге деген сенім болды. Діннің пайда болуының осы әлеуметтік себептерін қазіргі заманда да көруге болады.
Діннің гносеологиялық тамырлары болып адамның танымдық және психологиялық қызметі негіздерінде қалыптасу жағдайлары, алғышарттары, мүмкіндіктері есептеледі. Таным үдерісі екі жақты - танымның объективті мазмұнын және оның субъективті формаларын (түйсік, қабылдау, елестету, ұғым, пікір т.б.) қамтитыны белгілі. Діни санада осы үдерістің екінші жағы басымырақ. Елестетуге, логикалық аналогиялар мен абстракциялар жасауға қабілеттілік тым әсіреленіп, танымдық бейнелердің нақты заттардан ажыратылу қаупі пайда болады. Рационалдық танымға көбірек назар аударудың нәтижесінде ұғымдарда дүние субъективті бейнеленеді.
Діннің әлеуметтік және гносеологиялық тамырларымен қатар психологиялық тамырларын да атап кеткен дұрыс. Бұрын белгісіз, жаңа әлеуметтік өзгерістер, қатынастар, жағдайлар жеке адамның бойында да, қоғамда да жағымсыз эмоциялар тудыратыны күмәнсіз. Әрине, адамдардың бәрі бірдей дінге бас ұрмайды. Бірақ психологиялық-эмоциялық жағынан алғанда тұрақсыз, абстрактылық ойлауға, қиялға, әсірелеуге, елестетуге көбірек бейім адам дінді тезірек қабылдайды.
Діннің қызметтері алуан түрлі. Олар:
әлеуметтік қызмет - дін қай заманда да қоғамдық үдерістерді басқару қоғамда тұрақтылық сақтау, ұлттық менталитет қалыптастыру қызметтерін атқарып отырды;
адамгершілік қызметі - дін жалпыадамзаттық моральдық қасиеттерді насихаттап, индивидтің адамгершілік келбетін өзгертуге үлесін қосады;
компенсаторлық қызмет - адам қиындық-дағдарысқа ұшыраған кезеңдерде дін көмекке келіп, қайырымсыз дүниені о дүниедегі мәңгілік бақытқа үмітпен алмастырады, адамға сенім-жігер, рухани күш береді.
Діннің даму сатыларына мыналар жатады: 1) табиғи дін - бұл кезеңде табиғи күштер Құдайлар сияқты болып көрінді. Тарихи тұрғыдан діннің неғұрлым ертедегі, ең алғашқы көріністері - сиқыршылық, тотемизм, анимизм, фетишизм, шаманизм, политеизм болды; 2) заңдық сипаттағы дін - діни қағидалар мен ережелерді бұлжытпай орындау талап етілді; 3) ақталу діні; ол Құдайдың алдындағы күнәлілік, бүкіл болмыстың қасіреттілігі және Құдайдың мейірімділігі сезімінен туындайды.
Дін, негізінен, мынадай элементтерден құралады: діни сенім, діни ілім, діни іс-әрекет.
Діни сенім – кез келген діннің алғашқы элементі. Оған: діни сезімдер, діни эмоциялар, діни қөңілдер жатады. Сенім діни мәтіндерден, иконалардан, діни қызметтерден туындайды. Құдайдың бейнесі пайда болып, онымен қарым-қатынас жасауға мүмкіншіліктер туады.
Діни ілімдер діни философтар мен теологтардың туындыларынан пайда болады. Барлық діндердегі басты қағидаларды жүйеге келтіріп, олардың негізін дәлелді етіп көрсетуге бағытталған діни теориялардың жиынтығы.
Діни іс-әрекет миссионерлер арқылы жүзеге асады. Оның негізі – діни ғибадат. Ғибадатқа Құдайға табынуға байланысты іс-әрекеттер жиынтығы жатады. Мысалы, діни мейрамдар, намаз оқу, діни уағыздар, діни әдет-ғұрыптар т.б. Діни әдет-ғұрыптар магиялық, мистикалық, рәміздік болып бөлінеді. Діни ғибадатты жүзеге асыру үшін мешіттер, храмдар, шіркеулер, діни өнер, ғибадат заттары (киім-кешек, діни аспаптар) қажет.
Діни ұйымдардың өзіндік иерархиялық жүйесі бар. Мысалы, рим папасы, патриархия т.б. Молдаларды дайындайтын арнайы оқу орындары да қазіргі кезде аз емес. Шіркеуге қарағанда секталарға оппозициялық көзқарас тән және де олар өз мүшелерін қатаң түрде бақылайды.