- •5.1. Тіссауыттағы ақаулардың пайда болу себептері, тексеру ерекшеліктері Тіс ақауларының және жасанды тіссауыттардың жіктелуі
- •Блэк, в.Ю.Миликевич, г.А.Гаркуша бойынша, тістің зақымданған бетінің атаулары бойынша тістің сауыт бөлігі жарақаттарының жіктемесі (классификациясы)
- •Жасанды сауыттардың түрлері
- •Жасанды сауыттарға қойылатын талаптар
- •5.2. Тістің сауытты бөлігін металды штампталған сауытқа лайықтап егеу ережелері мен реті
- •5.3. Сурет. Тістің қатты тіндерін егеуге арналған алмас кескіш аспаптардың (борлардың) түрлері: а – конус тәрізді; ә – торпеда тәрізді; б – цилиндр тәрізді; в – жасымық тәрізді.
- •Тіс қатарынан қалып алудың әдістемесі
- •Штампталған (металды) сауытты кигізіп көру әдістемесі
- •Протезді цементке бекіту
- •5.3. Тұтас құйылған металл сауыттар
- •5.4. Пластмасса сауыттар
- •Тістің сауыт бөлігін пластмасса сауыт астына егеу әдістемесі
- •Пластмасса сауытты дайындау технологиясы
- •Пластмасса тіссауытты кигізіп көру әдістемесі
- •5.5. Металл-керамикалық сауыттар
- •Металл-керамикалық сауытты әзірлеу үшін науқасты тексерудің ерекшеліктері
- •Металл-керамикалық сауыт түсін анықтау
- •Металл-керамикалық сауытқа тіс егеудің ортақ принциптері
- •Тістерді егеу алгоритмі
- •Алдыңғы топтағы тістерді егеу
- •Бүйір топтағы тістерді егеу
- •5.1. Кесте. Әр түрлі тістердегі кертпе енінің ең жоғарғы мәндері
- •Екі қабатты қалып алу әдісі
- •Құйма қалпақшаны кигізіп көру шарасы
- •Металл-керамикалық сауытты тексеру және тапсыру
- •Металл-керамикалық тіс протездеріне тістерді одонтоегеу кезінде пайда болатын жергілікті асқынулардың алдын алу және оларды кешенді қорғау. Одонтоегеу кезінде тістерді қорғау
- •Одонтоегеу кезінде тіс ұлпасын зақымдайтын факторлар және қорғау тәсілдері
- •Уақытша (провизорлық) сауыттарды дайындау
- •Уақытша сауытты өзі қататын пластмассадан тура әдіспен бір сеанста дайындау
- •Уақытша сауытты стандартты жасанды пластмасса тістерден және өзі қататын пластмассадан тура әдіспен бір сеанста дайындау
- •Дайындау тәсілі
- •Өздігінен қататын пластмассаны қолданып, тіссауыттың анатомиялық пішініне сәйкес келетін целлулоид (полиэтилен) қалпақша көмегімен уақытша тіссауытты тура әдіспен бір сеанста дайындау
- •Тұтас құйылған және металл-керамикалық сауыттарды қолдану кезіндегі қателіктер мен асқынулар
- •5.6. Металл-пластмассалы сауыттар
- •5.7. Металсыз сауыттар
- •Металсыз сауытты дайындаудың клиникалық кезеңдері.
- •Ипс эмпресс жүйесі
- •5.27. Сурет. Фронтальді учаскедегі нығыздалған тұтас керамикалық сауыт. Дайын тұтас керамикалық сауыт.
- •Тұтас керамикалық жүйелердің артықшылықтары мен кемшіліктері
- •Әр түрлі тұтас керамикалық жүйелерге шолу
- •5.8. Винирлер, салмалар, штифті құрылымдар
- •Винирлерді дайындау кезеңдері
- •Блэк бойынша і класс қуыстарын қалыптастырудың негізгі принциптері
- •Блэк бойынша II класс қуыстарын қалыптастырудың негізгі принциптері
- •Блэк бойынша ііі және IV класс қуыстарын қалыптастырудың негізгі принциптері
- •Блэк бойынша V класс қуыстарын қалыптастырудың негізгі принциптері
- •Салманың балауыз үлгісін жасау
- •Құйылған тұқылды штифтілі салманы дайындау
- •Тұқылды штифтілі салманы өздігінен қататын пластмассадан дайындау
- •Көп түбірлі тістерге құйылған тұқылды штифтілі салмалар дайындау
- •Ричмонд бойынша және Ильина-Маркосян бойынша штифтілі тіс
- •Л.В. Ильина-Маркосян бойынша штифтілі тіс дайындау кезеңдері
- •Пластмассадан жасалған штифтілі тіс
- •Алынбайтын ортопедиялық конструкцияларды алуға арналған саймандар
Тұтас құйылған және металл-керамикалық сауыттарды қолдану кезіндегі қателіктер мен асқынулар
Қателіктер мен асқынулар тұтас құйылған және металл-керамикалық сауыттарды дайындаудың кез келген кезеңінде кездесуі мүмкін. Олар тістердің қатты тіндерін елеулі егеумен, сонымен қатар, осы сауыттарды дайындаудың көп кезеңділігімен және технологиялық күрделілігімен байланысты.
Неғұрлым күрделісі, демек, асқынулардың көбі ұлпасы сақтаған тістерді егеуде кездеседі. Бірінші кезекте, қатты тіндерді елеулі тегістеудің жоғары жарақаттылығын атап өткен жөн, демек ағзаның егеуге ауырсыну реакциясының алдын алу керек деген сөз. Мұндай алдын алудың неғұрлым жақсы құралы – кешенді жансыздандыру: тиімділігі жоғары анестетикті премедикациямен бірге науқасты стоматологиялық әрекетке психологиялық дайындаумен үйлестіру.
Маңыздылығы жағынан екінші асқыну – сау тісті егеу кезінде орын алатын ұлпаның жарақаттанып қабынуы, оған себепкер: 1) жарақат түсіріп егеу (кесуші құралдың нашарлығы, орталықтандырылмаған бұрғы, босап кеткен ұшы, тісті үздіксіз өңдеп қыздырып алу, мұның өзі ұлпаны күйдіреді, сумен не ауамен суытпау, кесуші құралдың айналуының төмен жылдамдығы); 2) тіс қатарындағы тістің өлшемі, пішіні, орны қалыптан тыс болуына байланысты ұлпа қуысы топографиясын клиникалық дұрыс бағалай алмағандықтан егеу кезінде ұлпаның зақымдануы. Осындай асқынулардың алдын алу үшін қиын жағдайда ұлпа қуысы топографиясын тірек тістер рентгенограммасы бойынша мұқият зерделеп, егеуді кіреуке-дентин шегіне дейін жүргізген дұрыс. Тістерді егеу ережелерін сақтау міндетті шарт.
Ұлпаның жарақаттанып қабынуы егеуден кейінгі мерзімде де дамуы мүмкін, егер: 1) егелген тістер уақытша қорғалып жабылмаса; 2) науқас аузындағы сауыттар тез қататын акрилаттан жасалып, дентин өзектері бұл кезде бітелмесе; 3) уақытша сауыттар емдеу пасталарымен сенімді бекітілмесе.
Қатты тіндері тісжегімен зақымдалған, бұрын бітелген және соңына дейін егелмеген (қайта протездеу жағдайында) тістерді егеуге байланысты асқынулар бөлек бір топты құрайды. Екіншілік тісжегі не сауытасты тістердің қатты тіндерінің өлеттенуі (некроздануы) түріндегі асқынулар кездеседі. Тісжегіге шалдыққан қатты тіндердің ыдырауын толық алмағанда, бітеме сапасын тексермегенде де екіншілік тісжегі пайда болады. Сауытасты ұлпаның өлеттенуі тірек ретінде бұрын егелген, бірақ өміршеңдігі тиянақты бағаланбаған тісті пайдалану салдарынан болуы мүмкін. Көп жағдайда бұрын егелген тістердің, науқас оларға шағымданбаса да, түрлі дәрежеде ұлпасы зақымданғаны анықталады, бұған дәлел – электроодонтодиагностика кезінде алынатын қозу шегінің жоғары мәндері (40-90 мкА). Мұндай асқынуды болдырмау үшін қайта егеу алдында бұрын егелген тістерді электроодонтодиагностикадан жүргізіп, қажет жағдайда ұлпасын алады.
Сауытасты тістерінің екіншілік тісжегсінің себебі егеуге қатыссыз қателіктер болуы да мүмкін: 1) сауытты бекіту қателікері (қою цемент көп жағылғанда сауыт тығыз бекімей, тістің егелген мойын жағы бөлігі жалаңаштанады); 2) қалып қате алынса, сапасыз, кең сауыт шығады; орнын толтыратын лак аса қалың жағылса, лак мойын жаны аймағына жағылса, модельде егелген тістің тұқылын бедерлесе, модель дұрыс шықпайды; қалпақша сапасыз әзірленуі мүмкін (мойын маңының дәлдейтін балауыз құрсауының болмауы не модельден балауыз дайындаманы алғанда оның майысуы), сапасыз құю, сауытты модельге кигізгенде не клиникада механикалық кеңуі (сауыт шетінің тіске, әсіресе, кертпеге тығыз жатуы бұзылады). Тістерді сауыт астына егегенде ұлпа күйіне қатыссыз жалпы талап – протезделетін тістер тұқылын дұрыс қалыптастыру. Қателер тірек тістер тұқылын жасағанда кездеседі.
Тіс тұқылы өлшемі. Егелетін тісті шамадан тыс қысқартқанда сауыт цементі еріп, протез нашар бекиді. Қысқарған тұқылдың қажет биіктігін металл қаңқа арқылы емес, жабу қабатын қалыңдату есебінен қалыпқа келтірсе, жабынды сынуы мүмкін.
Тіс тұқылы жеткіліксіз қысқартылса, қарама-қарсы тістердің түрлі окклюзия қозғалысындағы арақатынасының өзгеруі ескерілмесе, окклюзия кеңістігі тар болып, оның салдарынан жабынды қабат сынады не тірек тіс пародонтына және қарама-қарсы тіске шамадан тыс жүктеме түседі (тура жарақаттау түйіні), қарсылас тіс қажалады не тірек тіс сынады.
Тіс тұқылының қалыбы. Металл-керамикалық сауыттарды дайындағанда егеуден кейін тірек тіс конустығын сақтаған аса маңызды. Кіші конустың жағдайында протез салу қиындап, күш салуды талап етеді, мұның өзі қаңқада ішкі кернеу туғызады, оның салдарынан керамикалық әрлеме сынады. Егелген тіс тұқылының кіші конустығы бекітілген протездің тығыз жатпауына әкеледі, себебі тірек сауыттағы артық цементтің шығуы қиын.
Көптеген мамандардың пікірінше, егелген тістің конусының оңтайлы шамасы - 5˚. Бұдан артық мәнде бекітудің кідіру аймақтары қажалғанда тіс тұқылы сына тәріздес келіп, нәтижесінде протез бекуі босап, цементі еріп кетеді. Оған қоса аса жоғары конусын түзіп тіс егеу сәйкес техникалық қателікке – конус тәрізді тірек сауытының металл қаңқасын үлгілеуге әкеледі. Осының салдарынан протез бекіген соң керамикалық әрлеме сынады, себебі металл қаңқада шайнау қысымының тік бағыттағы күштерінің өзгертетін тірек болмайды. Конусты қаңқа сыну сәтін тудырады.
Вестибуляр және таңдай қабырғалары арасында конус құру, әсіресе, алдыңғы тістер жанында таңдай қабырғасының елеулі ылдилауы, окклюзиялы түйіспе кезінде таю (ығысу) сәтін тудырады. Таңдай бетінің төбешіктен қызылиек шетіне дейінгі бөлігі сауыттың барлық түрін жақсы бекіту үшін маңызды кідіру аймағы болып табылады.
Көптеген авторлардың пікірінше, тірек, әсіресе, алдыңғы тістерді металл-керамикалық сауыт астына егеуде вестибуляторлы кертпе жасау қажет. Олай болмаған жағдайда мынадай асқынулар дамуы мүмкін: 1) металл (өте жұқа) қаңқаның майысуынан мойын маңы аймағында керамикалық жабынды сынады не осы жабынды оның металмен қосылу сызығы бойында сырғу күштері әсерінен мойын маңында тірек болмаған соң сынады; 2) тірек тіс мойны аймағында сауытта косметикалық ақау байқалады – керамиканың төсемелі (грунт) қабаты өте жұқа дентин-масса қабатынан көрініп тұрады. Сонымен бірге металдың көрінуі салдарынан түс те өзгереді. Вестибуляр кертпесін орналастыру (супрагингивальды не субгингивальды) мәселесі клиникалық жағдайға қатысты жеке шешіледі. Супрагингивальды егеу қазіргі металл-керамикалық сауыттарды дайындау технологиясы жағдайында негізсіз, себебі техникалық және клиникалық кезеңдерде кездесетін міндетті қателіктер түстің, өлшемнің, жату дәлдігінің толықтай сәйкес келуіне кепілдік бермейді; 3) бұл жайт, біздің ойымызша, сауыттарды бүйірлік тістер аймағында жасағанда ғана мүмкін. Қызылиектің мойын маңы аймағын сауыт шетінің қалыңдатылған әрлеу материалымен жарақаттап, шет пародонтын зақымдауға жол бермеу керек.
Егелген тістің қалыбын алудағы қателіктер. Егелген тіс сұлбасын (контурын) дәл қайталамау сапасыз қалыптық материалды пайдалану салдарынан болады (жарату мерзімін тексерген дұрыс), сонымен бірге қалыптық массаны дұрыс илемегеннен де болады. Сапасыз металл-керамикалық сауытты дайындауда жиі кездесетін себеп - егелген тістің мойын жаны аймағының нашар түсуі және қалыптың айқын көрінбеуі. Ол қалыпты егеуден кейін бірден алғаннан кейін болуы мүмкін. Егелген тіс қалыбын науқас егеуден кейін келгенде алған дұрыс, себебі тістің мойын маңы аймағын егеген жағдайда, қызылиек шеті жарақат алып, мұның өзі қызылиекті қабындырып, қызылиектің мойын маңы аймағының бедерін бұзады. Мойын маңы аймағын нашар түсіру сонымен бірге сұйық ағыны созылмалылығы жеткіліксіз материалды, мысалы сиэласт-69-ды, екі қабатты көшірме бедерінде екінші қабат ретінде, қызылиекті алдын-ала кері тартпай (ретракция), қолдану салдарынан болады.
Екі қабатты көшірме бедер алғанда қате жіберілгендіктен, дәлдейтін қабат түсіп қалады. Оған әкелетін себептер: 1) термопласт массаларын негізгі қабат ретінде пайдаланғанда – бірінші қабатты жеткілікті құрғатпау, созылмалы массаны ұстау үшін кідіріс пунктерінің болмауы, екінші қабат үшін жеткілікті орынның болмауы. Осындай асқынудың алдын алу үшін көшірме бедерді бірінші қабатпен тісті егеместен бұрын алу керек, не екінші сұйық қабатын артық шығатын арналарды жақсы қалыптастырып, дәлдейтін қалыпты егеуден кейін алу қажет; 2) эластикалық материалды пайдаланғанда – компоненттер дұрыс араласпайды, бірінші қабат толық полимерленбейді, қалып беті дұрыс кеппейді, екінші қабат үшін кеңістік тар болып, бірінші қабаттағы тіс іздеріне екінші қабатты көп мөлшерде енгізгендіктен, ұсақ көпіршіктер пайда болады. Екі қабатты қалыпты деформациялайтын шарттар: 1) термопласт бірінші қабатта – оны жылу көзіне жақын сақтау; 2) эластикалық екі қабатты қалыпта – мөлшерін дұрыс алмай, немесе дұрыс араластырмау салдарынан оның қабаттарының толық полимерленбеуі, қалыпты ауыз қуысынан ерте шығару, бірінші қабаттың қалып алатын қасыққа нашар жабысуы. Егелген тістер мен шырышты қабат бедерінің қалыптағы дәлсіздігімен қатар модель дайындау кезеңіндегі дербес қате жіберумен де түсіндіріледі. Модельдің қалыпқа сай келмеуінің себебі: 1) қалыпты өте сұйық суперғанышпен толтыру оның отыруын арттырады, демек, сауыттың тар болуына әкеледі; 2) өте қою суперғаныш қалыпта бос орын, кеуек, жарғақ құрып толтырады, не эластикалық қабатты, әсіресе мойын маңы аймағында қысады. Оның салдарынан тұқыл көлемі ұлғаяды; 3) модель материалы ретінде екі қабатты эластикалық заттан қалып алғанда амальгаманы пайдалануға болмайды, себебі өлшем мен бедер міндетті түрде бұзылады. Екі қабатты қалыптың бірінші және екінші қабаты арасында ауа кеуектері пайда болады.
Металл-керамикалық сауыт қаңқасын мүсіндеу және құю кезінде жіберілген қателіктер оларды кигізіп көру кезеңінде білінеді.
Кең сауыт – компенсациялық лакты аса көп жағудың, мойын маңы аймағын балауызбан нақтылап алмай қаңқа қалпақшасын үлгілеудің салдары, сауыттың мүсінделген қаңқасын металға ауыстыру үшін түсіргенде балауыз мойын маңын дәлдейтін құрсаудың қатпарлануының нәтижесі. Ақыр-соңы тісті сапасыз егеу салдарынан кемерлердің пайда болуынан. Егер сауыт кеңдігі клиникалық кигізіп көру кезеңінде анықталса, ал модельде тіс мойнына дұрыс отырса, онда бұл қалып пен модельдің бұзылуының дәлелі, осыған байланысты қалыпты қайта алып, жаңа модель құю қажет.
Сауыттың тар шығуы компенсациялық лакты өте жұқа жағумен не лаксыз мүсіндеуге немесе металл қорытпаның көлемінің отыруының орнын толтыратын басқа құралдарды пайдаланбаумен түсіндіріледі. Егер сауыт клиникалық кигізіп көргенде тар келсе, ал модельде жеңіл киілсе, яғни қалып отырған, демек, модель де отырды деген сөз, не техник сапасыз құюды болдырмау үшін егелген тістің үлгісін бедерлеген, бұл да рұқсат етілмейтін жайт.
Металл-керамикалық протездің қаңқасын кигізіп көру модельден балауыз құрылымды түсірген соң құю жүйесін орнату жағдайында мүмкін емес. Қаңқаның балауыз көшірмесінің құйылған жүйесін құруды модельде өткізеді. Үйлестіруші нәрлеуішті (қоректендіргішті) қосқаннан кейін ғана балауыз дайындаманы түсіруге болады. Тірек тістерде кемерлер болса, не тірек тістердің конустығы жеткіліксіз жағдайда, балауыз құрылым дұрыс шықпауы мүмкін, деформацияға ұшыратады. Мұндай қателіктердің алдын алу үшін техник мүсіндеу барысында балауыз қаңқаның деформациясыз оңай алынатындығына көз жеткізуі керек. Іс жүзінде балауыз құрылымды 38-45˚С дейін суға батырып, релаксация (босаңсу) жасайды. Релаксациясының артуы, сөзсіз, балауыз дайындаманы бұзып, протез сұлбасын дәл бермейді.
Көпір тәрізді протездің аралық бөлігін мүсіндеуде жеңіл қорытылатын созылмалы жұмсақ балауызды пайдаланғанда да балауыз дайындама бұрыс шығуы мүмкін.
Сауыттың жеткілікті құйылмаған бөліктері сауыт қаңқасын жұқа мүсіндеумен түсіндіріледі, себебі қалпақша жасағанда ол (қаңқа) өте қатты жұқаруы мүмкін. Қалыңдықты өлшеуіш құралмен байқау қажет: қалпақша қабырғаларының ең аз қалыңдығы – 0,3-0,4 мм шегінде, ал механикалық өңдеуді ескерумен 0,5 мм болуы керек. Неғұрлым жиі кездесетін қателер:
1. Балауыз құрылымды отқа төзімді массаға қалыптау алдында жеткіліксіз майсыздандыру оның көп түзілуіне әкеледі.
2. Қалыптау массасындағы жақпаның өте жұқа қабаты не үшкір бөліктері оның қыздыру кезіндегі жарылуына, балқыған металға түсуіне әкеледі. Осының салдарынан бос орын, жарғақ, құйылмай қалған жерлер түзіледі.
3. Штифтердің дұрыс орналаспауы. Әрбір бірлікке қосылатын, диаметрі 2,5 мм жеке қоректендіргіш және диаметрі 3,5 мм басталатын таратушы (бірлестіруші) қоректендіргіш қажет. Сонымен бірге негізгі өзекке қосылатын кейінгі құйғыштар керек, олардың қимасы 5 мм-ге дейін артылғаны дұрыс. Ауа өткізетін массаларды да протез бөлігінің негізгі литникке қатысты ең алыс орналасқан және ең жұқа жерлерінен ауа шығаратын арналарды ескерген жөн. Бұл арналар құю жағдайында вакуум астында жасалады. Жұқа қабырғалы бөліктерден таратушы арналарды шығару ауа «тығынының» пайда болуына жол бермейді. Қарсы жағдайда ауа және газдардың қатынас қысымы балқыған металдың отқа төзімді қалыпқа түсуіне кедергі келтіреді.
4. Муфельді кідіріссіз қыздырғанда температураны 250˚С дейін тез көтеру қалыптау массасына сызат түсіреді.
5. Жеткілікті қыздырылмаған немесе суып үлгірген муфель құймада бос орын, жеткілікті құйылмаған орын түзеді.
6. Металл қорытпаны жеткіліксіз балқыту не, керісінше, аса қыздыру қорытпада оны ластайтын бөгде заттардың түзілуіне әкеледі.
7. Құю центрифугасының жеткіліксіз айналуы жеткіліксіз құйма түзеді.
Осы аталған қателер протездерді үлгіде кигізіп көру кезеңінде анықталып, түзетілуі керек.
Металл-керамикалық сауыттарды клиникада кигізіп көру кезінде анықталатын қателіктер.
Металл-керамикалық сауыттардың түсі табиғи түсіне сәйкес келмеуі, біріншіден, тіс үлгісін жасанды жарықта таңдаумен, екіншіден, ылғалданбаған үлгі түсін ылғал табиғи тіс түсімен салыстырумен түсіндіріледі.
Металл-керамикалық сауыттар түсінің таңдалған үлгі түсіне сәйкес келмеуі зартханада анықталып, мүмкіндігінше түзетілуі тиіс. Мұндай сәйкессіздік себептері: 1) тісті жеткіліксіз егеу салдарынан керамикалық жабынды қабатының өте жұқа болуы; қаңқа қабырғасының өте қалың болуы, төсеме (грунт) нөмірін дұрыс таңдамау; 2) металл қаңқа көрініп, жабынды түсін өзгертеді. Төсеме (опак) массасын екі рет өте жұқа жаққан жөн: біріншісі (өте жұқа) – берік байланыс үшін, екіншісі – грунттеу үшін ол металл қаңқаны және опак массасының жұқа қабатының сызаттарын жауып, түстің өзгеруіне жол бермейді. Түстің өзгеруі неғұрлым жиі мойын аймағында, әсіресе кертпесіз егеу кезінде кездеседі. Көп жағдайда сауыт шеті бойымен тотыққан металдың қара құрсауы түзіледі. Осындай асқынудың алдын алу үшін опак массасын артығымен («шектен асырып») жағады және жылтыратқаннан кейін фарфор массаның артық бөлігін қалыңдығы бойымен мұқият кесіп алады. Массаны қалдыруға болмайды, себебі ол сауыттың тіске тығыз жатуына кедергі келтіреді не қызылиек шетін зақымдайды; 3) керамика массасы ұнтағының тіс-техникалық зертханада жұмыс бөлмесінің шаңымен ластануы. Таза, жақсы желдетілген бөлмеде, өңделген металл шаңы жоқ жағдайда жұмыс істеген жөн. Керамика массасы ұнтақтары бар ыдыстар тығыз жабылып, қаңқаға жаққаннан қалған керамиканың иленген массасын илеу үстелінде уақытша дәке шүберекпен жауып қояды. Әрбір күйдіруден кейін келесі қабатты жақпас бұрын протез ыстық ағын сумен жуылады.
Протездің окклюзия беті пішінінің сай келмеуін кесуге не қосымша керамика массасын жағумен түзетуге болмайды. Бұл қателік қарама-қарсы тістердің окклюзиялық арақатынасының окклюдаторсыз дәл ескерілмегендіктен не окклюдаторға дұрыс ғанышталмағандықтан болады. Мұндай қателік металл қаңқаны кигізіп көру кезеңінде-ақ анықталуы тиіс.
Металл-керамикалық протездер үшін неғұрлым маңызды да сипатты асқыну – керамикалық жабындыда сынықтар мен сызаттардың пайда болуы. Онда металл қаңқаның бетінен жабындының барлық қабатынан өтетін көпіршіктер түріндегі кемістіктер туындайды. Мұндай көпіршіктер керамикалық массаның белгілі қабатында пайда болатын шығын бос орындардан айырмашылығы керамикалық массаны жағу, қоюландыру, бедерлеу, кептіру не пісіру кезіндегі қателіктермен байланысты емес, керамикалық қорытпаның металл бетін дұрыс дайындамағандықтан болады.
Метал қаңқаның беті үшкір бұрыштарсыз, жіңішке шеттерсіз, қырларсыз, кеуектер, шұңқырларсыз тегіс болуы қажет. Алмас дискілермен, жұмыршақ тастармен өңдеп беттің біртекті кедір-бұдырлығына қол жеткізген жөн. Салыстырмалы түрде жұмсақ металл-керамикалық қорытпаларды (асыл, жартылай асыл және кейбір никельді) пайдалану кесуші құрал бір бағытта қозғалғанда абразивтік өңдеуді талап етеді. Мұндай өңдеу ішкі бос кеңістік түзумен сипатталатын металдың «үйілуінің» алдын-алу үшін керек. Себебі аталған бос кеңістіктер кейіннен жабындының барлық қабатына ауа көпіршіктерін бөліп отырады.
Металл-керамикалық беку беріктігін қамтамасыз етуде және металл-керамикалық сауыттарды дайындаудағы асқынулардың алдын алуда металл қаңқаны құм ағымымен өңдеу аса маңызды. Құм ағымды құралда Al2O3 негізіндегі, жабындымен химиялық туыстығы бар абразивті пайдаланған жөн. Ешбір жағдайда кремний карбидін қолдануға болмайды, себебі оның бөлшектері металл бетіне соншалықты берік еніп, металл қаңқаны мұқият жуып, майсыздандырғанның өзінде қалып қояды. Беріктігін ескеріп, оны көбіне кобальт-хром қорытпасын құм ағымымен өңдегенде пайдаланады. Бұл жағдайда керамикалық жабындыны күйдіру кемістіктердің пайда болуына әкеліп, керамика массасының металл бетіне диффузиясын кемітеді.
Асыл емес қорытпалардың металл бетіне жабынды берік қату үшін жеткілікті бұдыр беру мақсатында ағым аппаратындағы құм дисперсиясын қатаң бақылау қажет. Бөлшектер диаметрі 250 мкм-ден кем емес жағдайда құмды жаңа құмға шұғыл ауыстыру қажет (бұл абразив айналатын ағым аппараты үшін орынды). Іс жүзінде құм дисперсиясын тексеру оңай. Бөлшектер өлшемін оқушылардың кәдімгі тор көзді дәптеріндегі сызық қалыңдығымен салыстырады.
Керамикалық жабындыны (покрытие) жақпас бұрын қаңқаның металл беті мұқият майсыздандырылады. Соңғы кезде осы мақсатқа этилацетатты қолданады. Алайда, бұл кезеңде қаңқа ластануы мүмкін. Сонымен бірге этилацетатты қаңқада қысылған ауамен кептіруге не қаңқаға үрлеуге болмайды.
Майсыздандырылатын агент тазалығын сақтап, оны дер кезінде ауыстырып отырған жөн.
Керамикалық жабу сынықтарын В.Н.Копейкин кескіш қыр аймағындағы сынықтар және жабудың үлкен массасының сынуы деп бөледі. Жабуда сызат пайда болу себебі сынықтардың пайда болуымен бірдей. Мойын маңы аймағындағы керамикалық жабындының сынықтарына үш себеп бар: қаңқада кернеу туындағанда; өте жұқа қаңқа дайындалғанда; дайын протезде металл қызып кеткен жағдайда. Қаңқада кернеу дұрыс егемеу салдарынан болады (тірек тістерінің аз конустығы дер кезінде металл қаңқаны кигізіп көру кезеңінде жойылмаған, кемерлердің болуы). Екіншілік кернеу дайын протезді қою цементпен бекіткенде не протезді салу сәтінде аса күш жұмсағанда туындайды.
Дайын сауытта мойын маңы аймағында металдың қызуы металл бөлікті ақырғы рет өңдегенде жылтырату резеңкесін қатты басқанда орын алады. Металл қызуының және оның салдарынан керамикалық жабындының сыну себептерінің бірі тірек тістері ішкі бетінен тотық үлдірін (пленкасын) абайсыз құм ағымымен алу болып табылады, әсіресе, ағым аппаратындағы ауа қысымы 40мПа болып, ірі құм пайдаланғанда.
Металл-керамикалық сауыттың тым жұқа қаңқасы әсіресе мойын маңы аймағында ас қабылдау кезінде, яғни, окклюзиялы түйісуде бұзылып, жабындының сынуы мүмкін. Сауыттардың мойын маңы аймағындағы металл қаңқаның беріктігін арттыруға болады. Ол үшін сауыттың «косметикалық мүддесіз» жақтарында металды қалыңдатады (яғни, «гирлянда» - «темір алқа» жасайды).
Кескіш қыр аймағындағы керамикалық жабынды сынығы қысқа металл қаңқа жағдайында кездеседі. Мұның өзі керамика массасының қабатын арттыруға, мөлдір және кіреуке массаларын (кей жиынтықта – күрек тісі массасын) шамадан тыс жағуға мәжбүр етеді.
Тірек тіс тұқылы қысқа жағдайда металл қаңқаны қажетті биіктікті қалпына келтірмей дайындайды. Болашақ керамика қабатының қалыңдығы да есепке алынбайды, ал ол қатаң шектелген. Кескіш қыр аймағында массаның қалыңдатылған қабаты беріктігі неғұрлым төмен аймақтарын тудырады, міне, осы аймақтарда жүктеме әсерінен сынық пайда болады.
Металл қаңқаны мүсіндеу ережелерін қатаң сақтау қажет: тұқыл биіктігін металл есебінен өсіріп, керамикалық жабу қабатын бірыңғай төсеген дұрыс.
Шетелдік те, отандық та керамикалық массалар жиынтығында кескіш (мөлдір, кіреуке) массасы термиялық кеңейту коэффиценті мәні бойынша керекті тондағы дентин және кескіш массасынан ерекшеленеді, кейін бұл жай жабынды ішінде сызаттың пайда болуына әкеледі.
Жабындының сынуының бірнеше себебі бар: 1) қаңқаны бұрыс мүсіндеу; 2) қаңқаның металл бетін ағыммен дұрыс өңдемеу; 3) асыл емес қорытпалардан жасалған қаңқа бетінің тым тегіс болуы; 4) қаңқаның ластануы; 5) жабындының грунт қабатын төсеудегі қателіктер; 6) жабындыны күйдіру және суыту қателіктері; 7) пішін мен түсті түзету мақсатында тым көп күйдіру; 8) тексерілмеген окклюзиялы түйісулер. Керамика материалдарының жоғары қаттылығы және оларға тән морт сынғыштыққа байланысты металл-керамикалық протездерді дайындағанда, окклюзияның әркелкі түрінің барлық фазаларында түйісудің біртектілігіне қол жеткізу керек.
Окклюзия түйісулерін тексермеу жергілікті аса көп жүктемеден керамикалық жабындының шытынауына, протезделген тіссауыттардың сынуына, қарама-қарсы тістердің қажалуына, протезделген тістер және қарама-қарсы тістер аймағында пародонтиттің дамуына, тура жарақат түйінінің пайда болуына әкеледі.
Көп жағдайда окклюзия түйіспелерінің тексерілмеуі (окклюзияның барлық түрінің әркелкі сатыларында көптеген түйісудің болмауы) протезді ауызда цементпен ақырғы рет бекіткенде анықталады.
Осы жағдайда керамикалық жабындыны жылтыратылған (глазурленген) қабатпен қоса тегістейді. Бұл әрекет аталған асқынулардан қорғағанмен, жылтыры алынған бет (керамикалық жабынды) тез қажалады, мұның өзі қарама-қарсы тістердің тіндеріне әсер етеді.
Жиі жіберілетін қате – металл-керамикалық сауыттың қалыңдатылған шетімен қызылиек бүртігін қысу және шет пародонтын зақымдау, мұның өзі тістердің тірек аппаратын жарақаттаумен байланысты қайтымсыз асқынуларға әкелуі мүмкін. Бұл ақаудың орнын ешбір амал толтыра алмайды.
Протез барлық клиникалық талаптарға сай келсе, және техникалық таза орындалса ғана металл-керамикалық сауыттарды бекітуге болады. Себебі протезді алудың өзіндік ерекше күрделі сәттері болады, ал керамикалық жабынды сынықтарын ауыз ішінде жөндеудің тиімді әдістері жоқ.
