Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ТІССАУЫТ АҚАУЛАРЫН ЕМДЕУ Акмарал.docx
Скачиваний:
1
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
36.2 Mб
Скачать

Пластмасса сауытты дайындау технологиясы

- қалып бойынша берік ғаныштан модель құйылады;

- жұмыс моделінің сапасын бағалаған соң, тістің анатомиялық қалыбын түссіз балауызбен мүсіндейді;

- балауыз көшірмесі бар тірек тісті қатар тұрған тістермен бірге блок ретінде кесіп алады;

- ғаныш блоктар кюветаға ғанышталады, қайнаған суда балауызды қайнатып алады;

- түсіне қарай пластмассаны илейді, кюветаға салады, қайнатады;

- пластмасса сауытты кюветадан алады, өңдейді, тегістейді, жылтыратады.

Стоматолог-ортопедтің екінші клиникалық кезеңдегі жұмысы мынадай әрекеттерден тұрады:

1. Дайындалған сауытты ауыз қуысынан тыс тексеру (алынбайтын протезді дайындау сапасын тексеру).

2. Тіс протезін дәрі-дәрмекпен өңдеу.

3. Сауытты ауыз қуысында тіске кигізіп көру.

4. Протезді соңғы бекітуге дайындау.

5. Тіс протезін бекіту алдында дәрі-дәрмекпен өңдеу.

6. Полимерлі алынбайтын протезді бекітетін материалды таңдау.

7. Егелген тіс тұқылын дәрі-дәрмекпен өңдеу.

8. Бекіту үдерісі және бекітуден кейін өңдеу.

9. Науқасқа нұсқау беру.

Дайын протездің сапасын тіс технигі, аға техник, өндіріс меңгерушісі жан-жақты тексереді. Протез сапасы жөніндегі соңғы шешімді дәрігер қабылдайды.

Сауытты алған соң дәрігер анатомиялық қалыптың дұрыс орындалуын, түсіне сәйкес келуін, біртектілігін, сызат-кеуектің бар-жоғын мұқият тексереді.

Тұтастығын тексеруде ұлғайтып көрсететін құралды пайдаланады.

Полимерлердегі жасырын ақауларды анықтау үшін сынама жүргізген жөн. Ол (сынама) полимердің бұзылуы нәтижесінде бетке шығатын шағын кеуектерді, өңдеу кезінде, соғылу нәтижесінде пайда болған сызаттарды, сапасыз жылтырату кезінде қалған жарықтарды анықтайды.

Дайын протездегі ақаулар оның шытынауы мен сынуына себеп болып, протезді пайдалану мерзімін қысқартады.

Полимерлі стоматологиялық құрылымдағы кеуектің болуы полимерлеу тәртібін бұзу не сапасыз материал пайдалану салдарынан болады.

Жылтырату сапасына аса назар аудару керек. Жақсы жылтыратылған бетте ас қалдықтары қалмайды, тіс қағы аз түзіледі, жақсы тазаланады.

Протездің пластмасса бөліктері қанағаттанарлықсыз жылтыратылған болса, кигізіп көрген соң тіс-техникалық зартханаға қайтарылып, қосымша өңделеді. Протезді ауыз қуысына кигізіп көрместен бұрын оның гигиенасын бағалайды, кідіріс туғызатын, тазалауға ыңғайсыз, қол жеткізбейтін бөліктерін анықтайды.

Кигізіп көрместен бұрын протезді дәрі-дәрмекпен өңдеу қажет. Тіс протезінің кез-келген түрі тіс-техникалық зертханадан келген соң майсыздандырылып, жуылып, микроб жоятын ерітіндімен өңделеді. Қазіргі дәрілік заттар бұл істі тез, тиімді, науқастың көзінше, не ол келместен бұрын атқаруға мүмкіндік береді.

Сауытты кигізіп көру – сауытты ауыз қуысында тісте тексеріп, барлық клиникалық талаптарға сәйкестендіру.

Полимер сауытты егелген тіс тұқылына күштеп кигізуге болмайды, сынып кетуі мүмкін. Сауыт тіске еркін киілмесе, бұрғымен оның ішкі бетіндегі ғаныш қалдықтарын, кедір-бұдырын кетіреді. Сауыттың киілуіне кедергі болатын орындар анықталып, оларды да бұрғымен кетіреді. Оны анықтау үшін көшірме қағаз не ішкі қалып алуды пайдаланады. Сауыттың ішкі бетін түзетуді оны егелген тістің тұқылына толық салғанға дейін жүргізеді.

Пластмасса сауытты тіске толық салған соң ішкі бетті өздігінен қататын пластмасса көмегімен түзеткен жөн.

Киілген сауыт тіске тығыз жатуы керек, әсіресе, тістің клиникалық мойны аймағында. Кең сауыт шетімен қызылиекті жаралап, мұның өзі шет қызылиегін қабындыруы ықтимал. Сонымен бірге сауыт астына ауыз сұйықтығы еніп, бекіту материалын жібітуі мүмкін. Мұндай сауыттар ағзаның сезімталдығын жоғарылатып, созылмалы уыттануға себеп болады. Полимер сауыттың шетін күштеп қызылиек жырашығына итеруге болмайды.

Сауыт қай тіс үшін дайындалса, сол тістің анатомиялық қалыбына сай болуы керек. «Анатомиялық қалып» термині мына түсініктерді қамтиды: тістің, экватордың, төбешіктердің анатомиялық жеке қалпын қайталауы тиіс.

Жеке-анатомиялық қалып – нақты адамның тіс-жақ сүйегі жүйесінің жас және қызметтік ерекшеліктеріне дәл сәйкес келетін тісті қалпына келтіретін сауыттың сыртқы бетінің түр-пішіні. Сауыттарды пайдалану тіске оның табиғи қызметін толық қайтарып, пародонт тіндерін зақымдауға жол бермейді.

Сауыттағы экватор қызылиек пен маргинальды пародонтты шайнау кезінде ас кесегімен зақымданудан сақтайды. Экватор мейлінше білінбеуі тиіс және аталған міндетті толық орындағаны жөн. Дұрыс орындалған экватор эстетикалық әсер де бере алады.

Тіссауыттың мойын маңы үштен біріндегі қимасы тіс-қызылиек жырашығында микробты түйіндақтың (бляшканың) түзілуіне әсер етіп, гингивит пен пародонтиттің туындауына себепкер болады. Мойын маңы үштен бірінде қима сызығы тіс осінен ауытқып, қызылиек шеті үстінен салбырап, оны қорғайды деген пікір бар. Айта кететін жайт, көбіне қима сызығы тік өтеді. Мүмкін, бұл қалып нұсқасы болар. Сондықтан, жасанды сауыт қалыбын қайталағанда, табиғи тіс сұлбасын көшіріп, жасанды қорғандар жасамаған жөн болар.