Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
ТГУ курсавой.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
730.28 Кб
Скачать

3.3 Қазақстан мен Америка қарым-қатынастары; Екі ел арасындағы жан-жақты байланыстардың мақсаты. Қарым-қатынастағы алғашқы қадамдар.

 Сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев қыркүйектің 17-18-інде Нью-Йоркте БҰҰ мерейтойлық сессиясы ауқымында АҚШ Мемлекеттік Департаментінің басшылығымен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Мемлекеттік Хатшының адам құқықтары жөніндегі орынбасары Глен Дэвиспен кездесу барысында Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы біздің еліміздің АҚШ-пен қатынастарды дамытудың негізгі ұстанымдарына тоқталып, Елбасы Н.Назарбаевтың демократияландыру үдерісін дамытуға және 2005 жылғы Президент сайлауын әділетті әрі еркін өткізуге бағытталып қолға алған іс-шаралары туралы хабарлады. Қ.Тоқаев ҚР Президентінің әңгіме болып отырған тақырыпқа қатысты жуырда айтылған сөздерінің негізгі қағидаларын баяндап, Мемлекетіміз басшысының алдағы президент сайлауы туралы жарлығының мазмұнымен таныстырды. Американдық дипломат өз елінің басшылығы атынан Қазақстан басшылығының еліміздегі қоғамдық өмірді демократияландыру саласындағы жүргізіп жатқан іс-шараларына жоғары баға беріп, бұл жұмыстардың қазақстан-американ қатынастарын тереңдете түсу жолында толық жүзеге асырылатынына сенім білдірді. Г.Дэвис Қазақстанның 2009 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық етуге қатысты өтінішінің ілгерілеуін АҚШ-тың мұқият қадағалап отырғандығын атап көрсетіп, Қазақстанда демократиялық үдерістерді іске асыру қамтамасыз етілген жағдайда, біздің еліміздің Орталық Азиядағы  көшбасшы ретінде осы орынды иемденуге барлық мүмкіндігі бар деп санайтынын жеткізді. Г.Дэвис екіжақты қатынастарға елеулі оң өзгерістер әкелген Қ. Тоқаевтың АҚШ-қа жуырда жасаған сапарының маңызын атап көрсетті. Қ.Тоқаев Мемлекеттік Хатшының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Никлас Бернспен де кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың кейбір қырларын талқылады. Американдық дипломат АҚШ-тың екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға мүдделі екендігін айтты. Қазақстан-американ консультациялары Қ.Тоқаевтың Мемлекеттік хатшы Кондолиза Райспен кездесуімен аяқталды. Ол АҚШ-тың Қазақстан Республикасымен демократиялық үдерістер негізінде сауда-экономика және қауіпсіздік салаларында белсенді қарым-қатынас орнатуға ұмтылып отырғанын қуаттады. Келіссөздерге ҚР-ның АҚШ-тағы Елшісі Қанат Саудабаев қатысты.

  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға қысқа мерзімді жұмыс сапарымен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райсты қабылдады. Кездесу барысында халықаралық және аймақтық мәселелер кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, Ауғанстандағы жағдайды оңалту, Ирактағы ахуалды тұрақтандыру, Кавказдағы шиеленісті реттеу мәселелері сөз болды. Сондай-ақ, Орталық Азияның даму болашағы келіссөздің өзекті тақырыбына айналды. Бұл ретте Кондолиза Райс Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдап, Орталық Азияның ішіндегі Қазақстанның ертеңгі күнінің шуақты болатынына мол сенім білдірді. Елбасы мен мәртебелі мейман әлемдегі қауіпсіздіктің басым факторы саналатын америка-ресей қарым-қатынасының қазіргі жай-күйі туралы да пікір алмасты. Келіссөз кезінде Қазақстан мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың дамуы жоғары деңгейде және көпқырлы екені атап өтілді. Бүгінгі таңда Қазақстан америкалық бизнестің мұнай-газ секторына ғана емес, басқа салаларға да, соның ішінде, ауыл шаруашылығына, телекоммуникация мен көлік саласына инвестиция салуына мүдделі. Мемлекет басшысы Қазақстанның 2010 жылы Еуропалық қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуіне көрсеткен қолдауы үшін АҚШ-қа ризашылық білдіріп, осы Ұйымның аясында екі елдің ынтымақтастығының арта түсетініне сенетінін жеткізді. Келіссөздер қорытындысында тараптар Қазақстан мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстарды одан әрі кеңейте беруге уағдаласты. Одан кейін Американың Мемлекеттік хатшысы К.Райс Үкімет Үйінде ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовпен кездесті. Мұнда Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың бірқатар мәселелерін талқылады. К.Мәсімов Қазақстан нарықтық экономиканың базалық ұстанымдары –  толыққанды, сындарлы әріптестік ынтымақтастықты, шетелдік инвесторлардың құқықтарын құрметтеуді жақтайды және бұрын жасалған келісімшарттардың тұрақтылығына кепілдік береді, деп атап өтті. Сондай-ақ, Премьер-министр Қазақстанның энергия тасымалдауда, соның ішінде Әзербайжан мен Грузия арқылы да, бұрынғыша көпвекторлы саясатты жүргізуді жақтаушы болып қалатынын қуаттады.

«Біз Қазақстанның аймақтағы рөлі мен орнын, азық-түлік қауіпсіздігі саласында да, энергетикалық қауіпсіздікте де, бізге жүктелген бүкіл Орталық Азиядағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жауапкершілігін жақсы түсінеміз» – деді К.Мәсімов. Бұдан басқа, кездесу барысында Ауғанстан экономикасына қазақстандық инвестицияларды тарту мәселесі талқыланды. К.Райс Қазақстанның орталықазиялық аймақтағы көшбасшы ретіндегі жұмысын АҚШ оң бағалайтынын және қолдайтынын атап өтті. Мемлекеттік хатшы Ауғанстанға жүйелі, стратегиялық маңызды инвестициялар қажет және «Қазақстан бұл орайда Ауғанстанға елеулі көмек көрсете алар еді», деп атап өтті. К.Райс қазақстандық бітімгершілік күштеріне ынтымақтастығы және Ирак аумағын минадан тазартудағы күш-жігері үшін зор алғысын жеткізді.

«Мен АҚШ-тың жаңа әкімшілігінің де Қазақстанмен жақсы және берік қатынастар орнататынына сенемін. Қазақстан – аймақтағы өте маңызды мемлекет», — деді ол. Кездесуге қатысушылар ҚР мен АҚШ арасындағы қатынастардың ілгерілеп отырғанын атап өтті және олардың одан әрі дами түсетініне сенім білдірді. Кондолиза Райстың кезекті кездесуі ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжинмен жалғасты. «АҚШ Мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райспен кездесу барысында кең ауқымдағы мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, ең алдымен екі мемлекет арасындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері қаралды. Қазақстан мен АҚШ-тың екіжақты байланысы экономикалық, саяси және басқа да салаларда жан-жақты өрбіп келеді. Ал жүздесу барысында барлық мәселелер бойынша нақты пікір алмасу орын алды. Сондай-ақ, біз халықаралық проблемаларды да кеңінен әңгімеге арқау еттік», деді ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжин АҚШ Мемлекеттік хатшысымен кездесуінен кейін журналистерге арналған баспасөз мәслихатында. Бұл ретте журналистер тарапынан Сыртқы істер министрі М. Тәжинге «Қазақстан Ресеймен ерекше достықта болып отыр, әрі Еуропамен байланыста есікті ашық ұстауда, сондай-ақ Қазақстан НАТО-мен әскери оқу-жаттығулар өткізуде. Осы тұрғыдан алғанда грузин-осетин жағдайы Қазақстанның бағытын қиындатпай ма? Сонымен бірге Қазақстан Ресейдің ықпал өрісіне жатпай ма?», деген сауал қойылды. Осыған орай, Сыртқы істер министрі Қазақстанның Ресей Федерациясымен байланысын өте жоғары, әрі  бізде саяси дұрыс қарым-қатынас деп санайтынын жеткізді. «Ресей біз үшін стратегиялық әріптес. Сондықтан да мен «әсер ету деңгейіндегі өзгерістер» секілді барлық мәселелерді сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының ғана ойы деп пайымдаймын. Сонымен бірге, Қазақстанның АҚШ-пен байланысын табиғатынан тұрақты әлі страгетиялық деп ойлаймын. 2006 жылы Қазақстан мен АҚШ Президенттерінің кездесуі барысында бұл туралы ашық айтылды. Сондықтан да сауалыңызға біржақты «жоқ» деп жауап бергім келеді. Қазақстанның Ресей мен АҚШ-қа қатысты байланыстарының барлығы салиқалы база негізінде жүзеге асуы тиіс», — деді М. Тәжин.

  Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сенбі күні кеш әлетінде Америка Құрама Штаттарының Президенті Барак Обаманың ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған жаһандық саммитке арнайы шақыруы бойынша осы елдің астанасы Вашингтонға келді. Жексенбі күні Елбасы Барак Обамамен кездесіп, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың келелі мәселелерін талқылады.

  Ал бүгін Барак Обаманың ерекше күш-жігер танытуы бойынша қырықтан астам мемлекеттер басшыларының қатысуымен әлем тарихында алғаш рет ауқымды түрде өткелі отырған ядролық қаруларды және оның сынақтарын шектеу жөніндегі ұлы дүбірлі жиын басталмақ.

  Жалпы, ядролық қаруларды жою мәселесі – әлемдегі ең күрделі де күрмеулі мәселелердің бірі. Мұны өз болашағы үшін алаңдаған адамзаттың асыл армандарының бірі деуге болады. Жеті басты айдаһардай барған сайын белең ала түскен осы қатерлі құбылыс жер-жаһанның әміршісі биігіне көтерілген адам ақыл-ойының ғажайыптығының ғана көрінісі емес, сонымен қатар, оның өзі тудырған тажалдың алдында барған сайын дәрменсіз бола түскендігін білдіретіндей. Біздің қазақ халқы мұндай жағдайды “өзі сұрап алған аурудың емі жоқ” деп астарлаған.

 Барак Обаманың құрметі мен бағасы

Ядролық қауіпсіздік мәселесіне арналған бұл жиынның мәні зор. Барак Обама оған әлем елдерінің арасынан ядролық қауіпсіздік мә­селесінде әсері бар деп танылатын елдердің басшыларын шақырып отыр. Біздің естуімізше, оған 44 елдің мемлекет басшылары қатыс­пақ. Барак Обаманың осыншама елдің саяси лидерлерінің бәрімен бірдей жеке кездесулер өткізе бер­мейтіндігі белгілі. Мәселенің саяси астары өз алдына, бұған тіпті уақыт­тың жетпейтіндігі де анық. Қалай болғанда да, Барак Обама үлкен жиынның алдында бір күн бұрын және ең бір жақсы уақытта Қазақстан Республика­сының Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевты жеке қабылдауға уақыт белгілепті.

  Кездесу 11 сәуір күні АҚШ уақыты бойынша күндізгі сағат 15.00-де басталып, 45 минөтке со­зылды. Мұны алып ел басшысы­ның Қазақстан Президентіне көр­сеткен үлкен құрметі деп айтсақ, бұл да жеткіліксіз болып шыққан болар еді. Мұнда құрмет те, салмақ та, еңбек те, саясат пен нәтиже  де, Елбасының өз елінде және халық­аралық деңгей­де атқарып отырған рөлі мен тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі әлемдік қоғамдастықта алып отырған орны да, елдің бола­шаққа қоса алар үлесі де – қыс­қа­сы, бәрі бар.

  Екі ел арасындағы қарым-қаты­нас 1991 жылдың 25 желтоқ­са­нын­да Америка Құрама Штаттарының Қазақстанның мемлекеттік тәуел­сіз­дігін тану оқиғасынан бастау алды. Содан бергі аралықта ынты­мақтастық аясы уақыт өткен сайын кеңи және жан-жақты дами оты­рып, стратегиялық әріптестік си­па­тына д­ейін көтерілді. Мемлекеттер арасында шарттық-құқықтық қаты­настардың берік негізі қалып­тасқан.

  Осы ретте Елбасының Құрама Штаттарға әр сапарының жақсы нә­тижелерге қол жеткізгендігін айт­сақ, 2006 жылдың 26-29 қыр­күйегі аралығында Вашингтонға жасаған сапары барынша жемісті болғандығын атап көрсеткен жөн. Осы сапар барысында тараптар екі елдің жан-жақты ынтымақтастық аясын одан әрі кеңіте түсуге ықы­ласты екендіктерін тағы бір дәлел­деді. Екі мемлекет басшылары энер­гетика, әскери ынтымақтас­тық, сауда, инвестиция және қо­ғам­ды демократияландыру салала­ры бойынша стратегиялық ынты­мақ­тастықты нығайтуға бағыттал­ған Бірлескен мәлімдеме қабыл­да­ды. Мәлімдемеде айтылған ой-ниет жүзеге асу үстінде.

  Қазақстанның әлемдегі төр­тін­ші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей атом полигонын жа­буын жоғары бағалаған АҚШ жап­пай қырып-жою қаруын тарат­пау жөніндегі шаралар аясында КСРО-дан қалған бұрынғы әскери әлеуетті еліміздің ғылыми, ауыл шаруашы­лығы және денсаулық сақтау сала­ларында қолдануына, яғни бейбіт мақсатта пайдалануына жәрдем­десуін жалғастыратындығын білдірді.

  Елбасы 2008 жылғы 18 қара­шада АҚШ-тың жаңа сайланған Президенті Барак Обаманы теле­фон арқылы құттықтап, сөйлескен кезінде мемлекеттердің басшылары екі жақты стратегиялық ынтымақ­тастықтың жай-күйі мен болашақ көкжиектерін талқылаған еді.

  2009 жылдың 7 сәуірінде Қазақ­стан Парламенті Сенатының Төр­ағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ыс­там­бұл қаласында өткен Өркениет­тер альянсы­ның ІІ форумы шең­берінде АҚШ Президенті Барак Обамамен жүздесіп, АҚШ басшы­сын Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың Қазақстан аумағында бейбіт мақ­сатта пай­да­лану үшін Халық­аралық атом энер­гиясы жөніндегі агенттігінің бақылауын­да­ғы ядролық отын банкін орналас­ты­руға дайындығы жөніндегі мә­лім­демесі туралы хабардар етті. Со­ны­мен қатар, Барак Обамаға Елба­сы­ның елімізге ресми сапармен келу туралы шақыруын тапсырды. “АҚШ-тың Қазақстанмен қарым-қатынастары стратегиялық сипат­та” екендігін тағы бір қуаттаған Барак Обама өзінің Орталық Азия аймағы­на сапармен шығуды жос­пар­лап отырғандығын, сол са­пар­да ал­дымен “АҚШ-тың досы мен сенімді әріптесі” саналатын Қа­зақстанға келетіндігін жеткізген болатын. 

  Мұнан кейін 2009 жылдың 3-5 мамыры аралығында еліміздің сол кездегі Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің АҚШ-қа сапары болып, оның шеңберінде М.Тәжин АҚШ Мемлекеттік хатшысы Х.Клин­­тонмен, басқа да ресми тұл­ғалармен кездесулер өткізді. Та­рап­тар Қазақстан мен АҚШ арасын­дағы екі жақты және аймақтық мә­селелер жөніндегі ынтымақтасты­ғының көкжиектері, соның ішінде жаппай қырып-жою қаруын тарат­пау, Ауғанстандағы ахуал, эконо­мика және энергетика салаларын­дағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, сапар барысында М.Тәжин АҚШ-тың беделді ғылыми-зерттеу орталығы саналатын “Сыртқы саясат жөнін­дегі кеңесінде” баяндама жасады.

  2009 жылдың 9-10 маусым ара­лығында Астана қаласына АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары У.Бернс бастаған америкалық де­ле­гация келді. У.Бернс Елбасы Н.На­зарбаевпен, Премьер-Министр К.Мәсімовпен және Сыртқы істер министрі М.Тәжинмен кездесулер өткізді. Америка тарабы АҚШ Президенті Б.Обаманың Мәскеуге (6-8 шілде 2009 ж.) сапарының, соның ішінде Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен кездесуінің қорытындылары туралы хабардар етіп, Қазақстан-Америка қатынас­тарының көкжиектері, аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядро­лық қаруды таратпау, 2010 жылы Қа­зақстанның ЕҚЫҰ-дағы төраға­лы­ғы және басқа да мәселелерді талқылады.

  Енді экономикалық ынтымақ­тас­тық мәселелері туралы әңгіме қозғайтын болсақ, Америка Құрама Штаттары Қазақстанның ірі сауда әріптестерінің бірі. 2009 жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 2 миллиард АҚШ долларын құрады (экспорт – 612,6 миллион, импорт – 1,4 миллиард дол­лар), бұл Қазақстанның жалпы тауар айналымының 3,3 пайызына тең. Сауда айналымының 2008 жыл­мен салыстырғанда 500 мил­лион АҚШ долларына төмендеуі дүниежүзілік экономикалық дағда­рыс салдары екені түсінікті.

  АҚШ-пен сауда-экономикалық ынтымақтастықта Қазақстан үшін инвестиция тартудың маңызы зор. Бұл фактор елдің тұрақты және қарқынды дамуына себепші және қазақстандық көп қырлы саясатты тиімділікпен пайдалануда жемісті қызмет етеді. Мәселен, 1993 жыл­дың маусымынан бері АҚШ-тың Қа­зақстанға салған тікелей инвес­тицияларының жалпы көлемі 30 миллиард долларға жеткен екен.  Өткен жылдың 9 айында ғана осы елден 1,5 мил­лиард доллардың тікелей инвес­тициясы келген. Бұл 2008 жылдың осы мерзіміндегіден 6,3 пайызға артық.

  Қазақстанда АҚШ капиталы­ның қатысуымен 350-ден астам кә­сіпорындар жұмыс істейді. Аталған кәсіпорын негізінен шикі мұнай мен ілеспе газ өндіру, құрылыс, фармацевтикалық тауарлар сату, қонақ үйлерге қызмет ұсыну, көлік-экспедициялық қызмет көрсету, геологиялық барлау мен іздеу (ғылыми зерттеулерсіз) жұмыстарын және басқа да салаларды қамтиды.

 “ШевронТексако”, “Эксон­Мо­бил”, “КонокоФиллипс”, “Орикс/КеррМакГи” сияқты америкалық компаниялар еліміз экономикасы­ның дамуына үлкен үлес қосып, алдыңғы орындарды иеленуде. Аме­рикалықтардың қатысуымен құрылған “Теңізшевройл”, “Аджип ККО”, “Каспий тұрба құбыры кон­сорциумы”, “Қарашығанақ инте­гра­циялық ұйымы” сияқты ком­па­ниялар мен бірлескен кәсіпорын­дар еліміздегі ірі жобаларды жүзеге асыруға белсене үлес қосып келеді.

  Сонымен қатар, энергетика саласындағы Қазақстан мен АҚШ әріптестігі жөніндегі арнаулы ко­мис­сия жеті-сегіз жылдан бері жұ­мыс істеп келе жатыр. Осы уақытқа дейін бұл комиссия алты отырыс өткізіп, оларда мұнай-газ, электр энергетикасы, атом энер­гетикасы, ядролық технологияларды таратпау, қоршаған ортаны қорғау секілді маңызды мәселелердегі әріптестік қатынастарды одан әрі дамытудың жолдары қаралды.

  Екі ел арасындағы әріптестіктің тағы бір қыры ретінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік саласында Қазақстан мен АҚШ-тың бірлескен бағдарламасының жүзеге асырыла бастағандығын атап өтуге болады. Бағдарламаның мақсаты осы мәселедегі әріптестікті тереңдетудің сенімді де тиімді негіздерін әзірлеп, қалыптастыру болып табылады.

  Ал екі ел арасындағы қорғаныс пен қауіпсіздік салаларындағы ын­ты­мақтастық Қазақстанда әскери реформаларды қолдауда бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруды қам­тиды. ІMET және FMF бағдарла­малары шеңберінде қазақстандық офицерлер мен сержанттар Қазақ­станда және АҚШ-та дайындықтан өтеді. Сондай-ақ еліміз әскери күш­­тері жеке бөлімдерінің амери­калық техникамен және сайман­дар­мен жаб­дықталуы жүзеге асы­рылады. Ше­караны сақтау және экстре­мизм­ге қарсы күрес бағдар­ламала­ры бойынша жұмыс жалғас­тырылуда.

  2008 жылдың 1 ақпанында АҚШ Қорғаныс министрінің кө­мекшісі М.Шиверстің елімізге жасаған сапары аясында Қазақстан мен АҚШ арасындағы кезекті бесжылдық әскери ынтымақтастық жос­парына қол қойылғандығы бел­гілі. Бұл жоспар 2012 жылға дей­інгі кезеңдік шараларды қамтиды.

  Міне, ресми дерек көздерінен алынған қазіргі Қазақстан-Аме­рика қарым-қатынастарының бір парасы осындай. Ресми деректер­дің қашан да болсын тілге сараң, сезімге шорқақ келетіні белгілі ғой. Егер осы деректерді журналистік тілмен сөйлетсек, көп нәрсені айтуға бо­лар еді. Мәселен, КСРО-ның құ­лай­тындығын күні бұрын бол­жауы­мен сұңғыла саясаткер деген аты шыққан, Рейганның тұ­сында АҚШ Президентінің қауіп­сіздік мәселелері жөніндегі кеңес­шісі болып қызмет атқарған З.Бже­­зинскийдің Кеңес Одағы ыдырап тынған соң Американың бірден-бір әлемдік держава ретіндегі  гегемондығын арттыру ісінде осы елдің кейінгі президенттері мен сыртқы саясатын жүзеге асырушы тұлғаларына ақыл қосу мақсатында “Ұлы шахмат тақтасы” деп атала­тын кітап жазып, онда әр елдің және өңірлердің болашағын бағам­дағаны белгілі. Міне, осы кіта­бында Бжезинский ендігі кезекте Орталық Азияның АҚШ сыртқы саясатын жүргізуде елеулі маңызы бар өңірге айналатындығын айта келіп, осы өңірден стратегиялық әріптес қарастырған тұста бірінші ке­зекте Өзбекстанды атаған бола­тын. Өзбекстанның осыған дейінгі тарихи орны, халқының көптігі мен біртектілігі, адам және табиғи ресурстары кәнігі саясатшының назарына ілігеді. “Алайда, дейді Бжезинский, болашақта эконо­микалық даму жағынан Қазақстан алға шығып кетуі мүмкін, ондай жағдайда бізге стратегиялық әріп­тесті таңдау мәселесінде Қазақ­станға қарай көбірек көңіл бөлуге тура келеді”.

  Бжезинскийдің бірінші бол­жамы келе қоймағанымен, шүкір­шілік, Қазақстан туралы айтқаны шындыққа айналды. Қазақстан­ның соңғы жылдарғы экономи­калық дамуы әлем назарына ілікті. АҚШ Қазақстанды ТМД елдері арасында нарық жолына түсе алған бірінші ел ретінде мойындады. Оның үстіне Елбасының көреген басшылығының арқасында еліміз халықаралық қарым-қатынас мәсе­ле­сінде де көп алға кетті. Көп қыр­лы саясат өз жемісін берді. Қазақ­стан бүгінде мұсылман әлемінің және ТМД елдерінің тарихында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуде. Әлем елдерінің арасында оның салмағы жылдан жылға арта түсуде. Шамасы, Құрама Штаттар­дың қазіргі басшысы Барак Обаманың уақытының соншама тығыздығына қарамастан, біздің Мемлекет басшысымен кездесуге 45 минөт уақыт бөлуінің бір сыры осы ма дейміз. Мұндай құрмет көп елдің мемлекет басшыларына көрсетіле қойған жоқ.

  АҚШ Президентінің “Блэр хаус” ресми резиденциясында өт­кен кездесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің шақырылуы, Ресеймен арада стратегиялық қару-жарақ жөніндегі жаңа шартқа қол қойылуы, АҚШ-тың жаңа ядро­лық стратегиясының қабылдануы Барак Обаманың халықаралық қауіпсіздік саласындағы белсенді­лігі мен жетістігінің айқын көрінісі болып табылатындығын атап көр­сетті. Мұның өзі ядролық қарусыз әлем құру жолындағы аса үлкен қадам болып табылады.

  Еліміздің Президенті Қазақ­стан-Америка қарым-қаты­нас­тары­ның деңгейіне қанағат­тана­тындығын білдірді.

“АҚШ Қазақстанның жетекші экономикалық және инвести­ция­лық әріптесі болып табылады. Елі­міздің энергетикалық секторында АҚШ-тың ең ірі компаниялары жұ­мыс істейді. Қазіргі күнге дейін Қазақстанға тартылған 80 мил­лиард доллардан астам шетелдік ті­келей инвестициялардың 30 мил­лиард доллары америкалық ком­панияларға тиесілі”, деді Елбасы.

  Мемлекет басшылары Қазақ­стан мен АҚШ-тың көпжоспарлы қимыл-әрекетін кеңейту мәселесін талқылай келе, осы мәселемен тұрақты айналысатын жұмыс ко­миссиясын құру туралы келісімге келді. Бұл комиссияға екі ел сыртқы саясат ведомстволары бас­шыларының орынбасарлары жетек­шілік ететін болады.

  Кездесу барысында Ауған­стандағы жағдай, Орталық Азия мен Еуразиялық кеңістіктегі оқи­ғалар барысы туралы нақты әң­гі­мелер болды. Бұл әңгіме Қазақ­станның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы төңірегінде де өрбіді.

  АҚШ Президенті Қазақстан­ның өңірлік тұрақтылық пен қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жө­нін­дегі күш-жігері мен жүргізіп жат­қан жұмыстарына қолдау білдірді.

  Елбасы Барак Обаманы Аста­нада үстіміздегі жылдың қараша айында өтеді деп жоспарланып отырған ЕҚЫҰ саммитіне қаты­суға шақырды.

Қазақстан мен АҚШ президент­тері екі жақты қарым-қатынастың бас­қа да өзекті мәселелерін тал­қылады.

  Қазіргі кезеңде ҚР мен АҚШ арасындағы қатынастарды дамытудың негізгі факторлары. Ядролық, химиялық және басқа да жаппай жою қару-жарақтарын жою мәселелері. Қазақстан-америка ресми құжаттары. «Бейбітшілік үшін серіктестік» бағдарламасы. Қазақстандағы америкалық инвестициялық саясаттың ерекшеліктері. Мұнай-газ саласындағы қазақстан-америка ынтымақтастығы.

  Америка Құрама Штаттары — алғашқылардың бірі болып Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін таныған және біздің мемлекетіміздің «табыстары тарихында» маңызды роль атқарған ел. АҚШ сондай-ақ қазақстандық экономиканың ең ірі инвесторы және негізгі сауда-саттық әріптестерінің бірі болып табылады. Қазақстан экономикасына салынған американ инвестицияларының жалпы көлемі 12 миллиард доллардан асып түсті, бұл барлық шетелдік инвестициялардың үштен бір бөлігіне жуығын құрайды. Американ компаниялары инвестициялармен бірге Қазақстанға жаңа білім, инновациялар мен технологиялар әкелді. Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымының көлемі 2005 жылы 2004 жылғымен салыстырғанда екі еседен астам артты, сөйтіп екі миллиардқа (1,87 млрд.долларға) жуықтады. 2005 жылы АҚШ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі табысты дамудың моделі ретінде таныды. Вашингтон Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайды. Бүгінгі күні қазақстан-американ қатынастары жаңа сапаға ие болып отыр. АҚШ Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп біледі.   

Соседние файлы в предмете [НЕСОРТИРОВАННОЕ]