Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
пед.психология3.doc
Скачиваний:
6
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2.35 Mб
Скачать

§ 2. Педагогикалық психологияның қалыптасу тарихы

Педагогикалық психология – дамып келе жатқан ғылым

Ғылыми білімнің көптеген салаларының қалыптасуы гетерогенді және гетерохронды, тіпті уақытқа қарай үзілген процесс болып табылады. Бұл әдетте, әлемде болып жатқан ірі қоғамдық-тарихи (революциялар, соғыстар, апаттық сүргіндер) оқиғалармен түсіндіріледі, олар ғылыми дамудың мазмұны мен бағытына елеулі әсер етеді. Алайда, ол бір пайда болғаннан кейін адамзат ой-санасының тоқталмас қозғалыстарына байланысты жалғасып отырады.

Алғаш рет Ян Амос Коменскийдің 1657 ж. «Ұлы дидактика» еңбегінде жазылған педагогикалық ойлар, педагогикалық теорияның және мектептегі оқытуды мақсатты ұйымдастырудың дамуына жол бастады. Бұл еңбекті педагогикалық психологияның 250 жыл бойы ұзақ қарама-қайшылықты дамуының алғашқы алғышарты ретінде де қарастыруға болады, өйткені тек ХІХ ғасырдың аяқ кезінен бастап ғана ол дербес ғылым ретінде қалыптаса бастады. Педагогикалық ғылымның бүкіл қалыптасу және даму жолын үлкен үш кезеңдермен көрсетуге болады.

Педагогикалық психологияның даму кезеңдері

Бірінші кезең – XVII ғасырдың ортасынан ХІХ ғасырдың аяғына дейін – Песталоццидің айтуы бойынша «педагогиканы психологияландыруды сезіну қажеттілігіне» қарай жалпы дидактикалық деп атауға болады. Бұл кезең ең алдымен, Ян Амос Коменскийдің (1592-1670), Жан-Жак Руссо (1712-1778), Иоганн Песталоцци (1746-1827), Иоганн Гербарт (1776-1841), Адольф Дистервег (1790-1866), К.Д. Ушинский (1824-1870), П.Ф. Каптерев (1849-1922) өзінің есімдерімен көрсетілуі мүмкін. Бұл ойшыл – педагогтардың педагогикалық психологияның дамуына қосқан үлестері өздері қарастырған мәселелермен анықталады: даму, оқу және тәрбие байланысы; оқушының шығармашылық белсенділігі, баланың қабілеттілігі және оны дамыту, мұғалімнің рөлі, оқытуды ұйымдастыру және көптеген басқа мәселелер. Алайда, бұл - аталған процестің мәнін ғылыми тұрғыдан түсінудің тек алғашқы әрекеттері еді. Осы мәселелердің шынайы психологиялық жақтарын толығымен ашылмағандығы жөнінде П.Ф. Каптерев «Дидактикалық очерктер. Білім беру теориясы» (1-ші басылым. 1885 ж.) атты кітабында осы кезеңдегі педагогикалық теорияның дамуына терең және жүйелі талдау жүргізу негізінде дәлелдер келтіреді. П.Ф. Каптерев, «…Коменскийдің дидиктикасына тым маңызды кемшіліктер тән: бұл сыртқы механикалық құрал ретінде ұсынылған әдіс дидактакасы; бұл дидактикада оқушылардың қабілеттерін оқыту арқылы дамыту туралы мүлдем сөз жоқ; … Коменскийдің дидактикасына психология жетіспейді» [83, 264 б.].

И. Песталоццидің рөліне талдау жүргізе келе, П.Ф. Каптерев «Песталоцци оқудың барлығын оқушының өз шығармашылығы деп түсінген, ал барлық білімді әрекеттің іштен дамуы, өз бетімін әрекет жасау, өзін-өзі дамыту акті ретінде түсінген» [83, 294 б.]. Алайда, сонымен қатар П.Ф. Каптерев айтқандай, «…Оның (Песталоццидің – И.З.) оқытуда әдістің әсерін тым асыра көтеріп, оқытуда мектепте қолданылатын әдіс, тәсілдерді механизациялауға көп мойын бұрғаны анық. Мектептегі көрнекті фактор ретіндегі мұғалімнің жанды тұлғасы әлі түсініксіз. Жалпы Песталоцци білім беру процесінің психологиялық жағын, оның негіздері, жолдары мен, нысандарын қажетті деңгейде ашпаған» [83, 304 б.] (бөліп көрсеткен мен – И.З.). Педагогикалық психологияға И. Гербарттың қосқан үлесін бағалай келе, П.Ф. Каптерев «…Гербарт дидактикасының аса маңызды басымдылықтары бар: ол педагогикалық әдіске психологиялық талдау береді, ол оқуға қызығушылық туралы аса маңызды мәселені көтереді, ол оқыту мен тәрбие беруді бір – бірінен ажыратпайды. Гербарт дидактикасының жетіспеушілігі оның біржақты интеллектуализмі және кейбір мәселелерді толығымен игермеуінде, мысалы, оқушылардың қызығушылықтары жөнінде» [83, 316 б.] (бөліп көрсеткен мен – И.З.). Бұл жерде, «тәрбиелеп оқыту» ұғымы И. Гербарттың тұжырымдамасынан бастау алады.

А. Дистервегтің шығармашылығы, П.Ф. Каптерев бойынша, оның заманына сай педагогикалық тәжірибенің психологиялық бағыттанған ережелерінен тұрады. А. Дистервегтің білім беру процесінде мұғалімнің, педагогтың басқарушы рөлі туралы тезистері бар. Ол оқу процесін оқушының - оқытылатын субъектің, мұғалімнің, оқылатын пәннің және оқыту жағдайларының біртұтастығы деп қарастырады. Өзін-өзі жетілдіру, оқушының ерекшелігін ескеру және педагог әрекеттерінің пәрменділігі - тәрбиелеп оқытудың кепілі мен негізі. П.Ф. Каптерев атап өткендей, «…Дистервегтің көптеген ережелері ой саралығы мен айқындығы, ықшамдығы, сонымен бірге, педагогикалық қолайлылығы мен мәнділігі бойынша жаңалық пен тереңділігі жоқ болғанына қарамастан, дидактика оқулықтарына кіріп, күнделікті педагогикалық тәжірибенің ережелеріне айналды» [83, 324 б.]. Олар оны жан-жақты ғылыми тұрғыдан түсіну қажеттілігіне себепші болды.

Педагогикалық психологияның осы «алғы шарттық» жалпыдидактикалық даму кезеңінде қалыптасуына К.Д. Ушинскийдің «Адам тәрбие пәні ретінде» атты жұмысы үлкен рөл атқарды. Педагогикалық антропология тәжірибесі; мұнда адам дамуының біртұтас тұжырымдамасы ұсынылған. Бала - тәрбие мен оқытудың ортасында тұр, және де шешуші рөл тәрбиеге беріледі. Оқыту процесінде ес, зерде, ойлау мен сөйлеудің психологиялық-педагогикалық мәселелері арнайы талдау құралдары және даму міндеттері ретінде шығады. К.Д. Ушинский бойынша, тіл дамыту, ойлау қабілетін дамытуға байланысты баланың сөздері, оның танымы мен ұғымын, жалпы тұлға ретінде қалыптасуының алғы шарты деп саналады.

Педагогикалық психология негіздерін құруда П.Ф. Каптеревтың өзінің қосқан үлесі орасан зор. Ол педагогикалық психологияның негізін құраушыларының бірі. Ол өмірге Песталоццидің өсиеттерін - педагогиканы психологтандыруды енгізуге ұмтылды. «Психологиялық педагогика» ұғымы зерттеушілердің айтуы бойынша, ғылыми айналымға 1877 ж. Каптеревтың «Педагогикалық психология» атты кітабы шыққан соң кірді. Шынында да, Э. Торндайктың осыған аттас кітабы тек шаршы ғасырдан соң (1903 ж.) жарық көрді. Сонымен қатар, П.Ф. Каптерев ғылыми қолданысқа қазіргі заманда қолданылып жүрген білім беру мен тәрбие берудің жиынтығы, педагог пен оқушы әрекетінің байланысы ретіндегі «білім беру» ұғымын кіргізді. Сонымен бірге, мұғалім еңбегі мен мұғалім дайындаудың педагогикалық мәселелері, эстетикалық даму мен тәрбие беру мәселелері және басқа да көптеген мәселелер қарастырылды. Білім беру процесінің өзін П.Ф. Каптерев психологиялық тұрғыдан қарастыруы өте маңызды, ол жөнінде «Дидактикалық очерктер. Білім беру теориясы» атты кітабының екінші тарауы - «Білім беру процесі - оның психологиясы» дәлел болады. Автордың ойы бойынша, білім беру процесіне «адам ағзасының ішкі әрекетінің көрінісі», қабілеттілікті дамыту және басқа үрдістер кіреді [83, 340-345 б.].

П.Ф. Каптеревқа тек ұлы дидактардың еңбектеріне іргелі талдау жасаудағы сіңірген еңбегі ғана емес, былайша айтқанда, эксперименталдық дидактиканың, негізінде алғанда, оқытуда және оқыту үшін эксперименталдық психология өкілдерінің еңбектеріне жасаған талдауын атап өту қажет. П.Ф. Каптеревқа сәйкес, осы еңбектер авторларының міндеті оқушылардың ой еңбегі жұмысын зерттеу, ой еңбегі жұмысында қимылдың орны, оқушылардың пән және сөз арқылы берілетін түсінігі, мектеп оқушылары дарындылығының түрлері және басқа мәселелерді зерттеу болып табылады.

Педагогикалық психологияның қалыптасуына сол кезеңде жаңадан пайда бола бастаған әлеуметтік психология өкілі С.Т. Шацкийдің (1878-1934) қосқан үлесі қомақты. Ол адамды әлеуметтендіру процесінде тәрбие беруді ізгілендіру және демократияландырудың біртұтас тұжырымдамасын жасаған. С.Т. Шацкийге әлеуметтік-педагогикалық қызметтің субъектісі ретінде оның тұлғасы мен кәсіби құзырлылығына қойылатын жалпыланған талаптарды қамтитын педагог моделін құрған. С.Т. Шацкийдің педагогикалық тәжірибесіне шет елдік зерттеушілер жоғары баға берген. Атап айтқанда, Дж. Дьюи ресейлік оқушылардың дайындығының жүйелілігін, ұйымдастырушылығын, қазіргі заманғы американдық мектептермен салыстырғанда демократты екендігін атап өтеді.

Осылайша, бірінші алғы шартты кезең, бір жағынан, И. Ньютонның механистикалық түсінігінің басымдылығымен, Ч. Дарвиннің эволюциялық идеяларымен, Дж. Локктың психикалық өмірді ассоциативтік түсіну - психикалық өмірдің негізін сезімдік әсерлену құрайды деген ежелден дамып келе жатқан ілім - сенсуализммен сипатталады. Басқа жағынан алғанда, бұл кезең негізінен педагогикалық болмысты байқау, талдау және баға беруге негізделген ойша жорытылған, қисынды құрылған жорытпалар кезеңі.

Екінші кезең XIX ғасырдың аяғынан XX ғасырдың ортасына дейін созылған. Бұл кезеңде педагогикалық психология алдыңғы жүзжылдықтың педагогикалық ойларының жетістіктерін пайдаланып, психологиялық, психофизикалық эксперименталдық зерттеулердің нәтижелеріне бағыттанып, дербес сала болып қалыптаса бастады. Педагогикалық психология эксперименталдық психологияның қарқынды дамуымен бірге дамып, қалыптаса бастады, нақты педагогикалық жүйелер құрып, жете зерттеумен болды, мысалы, М. Монтессори жүйесі.

Педагогикалық психологияның осы кезеңінің басы П.Ф. Каптеревтың, Э. Торндайктың, Л.С. Выготскийдің кітаптарының атауларынан байқауға болады, сонымен қатар осы салада алғашқы эксперименталдық жұмыстардың пайда болуымен белгіленеді. Л.С. Выготский Г. Мюнстербергпен келісе отырып, педагогикалық психология – соңғы бірнеше жылдардың өнімі; бұл медицина, юриспруденция және басқа ғылымдармен бірге қолданбалы психологияның бір бөлігі болып табылатын жаңа ғылым екенін атап өтеді. Сонымен қатар, бұл дербес ғылым [45]. Шынайы психологиялық мәселелер, есте сақтау ерекшеліктері, тіл дамыту, зерде дамыту, дағды қалыптастыру ерекшеліктері және т.б. А.П. Нечаевтың, А. Бине мен Б. Анридің, М. Оффнердің, Э. Мейманның, В.А. Лайдың жұмыстарында, Г. Эббингауз, Ж. Пиаже, А. Валлон, Дж. Дьюи, С. Фрэне, Э. Клапередтің зерттеулерінде ұсынылды. Үйрету тәртібінің ерекшеліктерін эксперименталдық зерттеу (Дж. Уотсон, Э. Толмен, Э. Газри, К. Халл, Б. Скиннер), бала тілін дамыту (Ж. Пиаже, Л.С. Выготский, П.П. Блонский, Ш. және К. Бюлер, В. Штерн және т.б.), Вальдорф мектебі мен Монтессори мектебінің арнайы педагогикалық жүйелерін дамыту психология ғылымының осы саласының қалыптасуына үлкен әсерін тигізді.

Ф. Гальтонның жұмыстарынан бастап тестік психология, психодиагностиканың дамуының ерекше маңызы бар. Францияда А. Бине, Б. Анри мен Т. Симонның, Америкада Дж. Кэттелманның зерттеулерінің арқасында оқушылардың білімі мен білігіне бақылау жүргізу ғана емес, сонымен қатар оқу бағдарламаларын дайындау, жалпы оқу процесін басқаруда (жетістіктер тестілері мен қабілеттілік тестілерінің өзара әрекеттесуі барысында) ұтымды механизм табуға мүмкіндік берді. М.В. Гамезо атап өткендей [101, 6 б.], бұл кезеңде Еуропада мектептер жанында бірқатар зертханалар құрылды, онда оқу және тәрбие беру міндеттерін шешу үшін университеттер зертханаларында құрылған құралдар мен әдістер пайдаланды. 1907 жылы Мейман «Эксперименталдық психология бойынша лекциялар» атты кітабын жариялайды, онда ол эксперименталдық дидактика бойынша жұмыстарға шолу жасайды. Англияда мектеп оқушыларының типологиялық ерекшеліктерін эксперименталдық зерттеу мәселелерімен белгілі балалар психологы Дж. Селли айналысты. Ол 1898 жылы «Балалар психологиясы бойынша очерктер» атты жұмысын жариялады. Францияда А. Бине Париж мектептерінің біреуінің жанында эксперименталдық балалар зертханасын құрды. Зертханада баланың физикалық және ішкі сезім қабілеттері зерттелді, сонымен бірге оқу пәндерін оқыту әдістері зерттелді. Т. Симонмен бірлесіп А. Бине ой қабілеті төмен балалар үшін арнайы мектептерге іріктеу әдісін құрды, оның негізіне тест әдісі алынды.

Аталған кезең ерекше психологиялық-педагогикалық бағыт – педологияның қалыптасуымен сипатталады, (Дж. М. Болдуин, Э. Киркпатрик, Э. Мейман, М.Я. Басов, П.П. Блонский, Л.С. Выготский және т.б.) онда психологиялық, физиологиялық, анатомиялық, психологиялық және әлеуметтік өлшемдердің жиынтығының негізінде кешенді түрде баланың дамуын айқындау мақсатында оның мінез-құлығының ерекшеліктері анықталды. Басқа сөзбен айтқанда, екі жақтан педагогикалық психологияға оны жаратылыстану ғылымдарымен жақындастырып, өлшемдердің объективтік әдістері енді.

Педагогикалық психологияның құрылуының осы негізгі кезеңінде қалыптасқан ғылым ретінде дербестілігі туралы тек психодиагнос-тиканы пайдалану, мектеп зертханаларының, эксперименталдық-педагогикалық жүйелер мен бағдарламалардың кеңінен таралуы, педологияның пайда болуы ғана емес, 50-ші жылдардан бастап педагогикалық психология дамуының үшінші кезеңінде жүзеге асырыла бастаған, білім беру процесін ғылыми рефлексиялау талпыныстары, оны теоретикалық тұрғыдан түсіну мағыналылығы дәлел бола алады.

Педагогикалық психологияның дамуының үшінші кезеңін айрықша атап өтуге оқытудың бірқатар психологиялық теорияларының құрылуы негіз бола алады, яғни педагогикалық психологияның теоретикалық негіздерін құру. Мысалы, 1954 жылы Б. Скиннер бағдарламаландырылған оқыту идеясын ұсынды, ал 60-шы жылдары Л.Н. Ланда оны алгоритмдеу теориясын ұсынды. Содан кейін В. Оконь мен М.И. Махмутов проблемалық оқытудың біртұтас жүйесін құрды. Бұл бір жағынан Дж. Дьюидің оқыту проблемалар шешу арқылы жүзеге асырылуы қажет деген жүйесінің әзірлемесін жалғастырды, ал басқа жағынан О. Зельц, К. Дункер, С.Л. Рубинштейн, А.М. Матюшкин және т.б. ойлаудың проблемалық сипатының, оның кезендігінің, проблемалық жағдайда әрбір ойдың пайда болу мүмкіндігі (П.П. Блонский, С.Л. Рубинштейн) туралы ережелермен ара қатыста болды. 50-ші жылдары П.Я. Гальпериннің, соңынан Н.Ф. Талызинаның алғашқы басылымдары пайда бола бастады, онда педагогикалық психологияның негізгі жетістіктері мен мен болашағын бойына сіңірген, ой әрекетінің сатылап қалыптасу теориясының негізгі позициялары берілді. Дәл осы уақытта Д.Б. Эльконин мен В.В. Давыдовтың жұмыстарында айтылған, оқу қызметінің жалпы теориясының негізінде дамыта оқыту теориясы құрыла басталады (осы ғалымдардың тұжырымдауымен және А.К. Маркова, И.И. Ильясов, Л.И. Айдарова, В.В. Рубцов сияқты ғалымдармен ары қарай жалғастырылған). Дамыта оқыту Л.В. Занковтың эксперименталдық жүйесінде өз көрінісін тапты.

Осы кезеңде С.Л. Рубинштейн «Психология негіздерінде» оқу - білімді меңгеру деген жан-жақты сипаттама берді. Меңгеруді ары қарай әртүрлі тұрғыдан Л.Б. Ительсон, Е.Н. Кабанова-Меллер және т.б. ежіктеп зерттеген болатын. Ол сонымен қатар, Н.А. Менчинскаяның және Д.Н. Богоявленскийдің жұмыстарында (білімді экстериоризациялау тұжырымдамасының шеңберінде) көрініс тапты. 1970 жылы жарық көрген Й. Лингарттың «Адамдық оқудың процесі мен құрылымы» атты кітабында және 1986 жылы шыққан И.И. Ильясовтың «Оқу процесінің құрылымы» атты кітабы осы салада күрделі теоретикалық қорытулар жасауға мүмкіндік берді.

Педагогикалық психологияда мүлдем жаңа бағыт - суггестопедияның, Г.К. Лозановтың суггестологиясының (60-70-ші жылдар) пайда болуы назар аударуды қажет етеді. Оның негізі болып педагогтың гипермнезия мен суггестия әсерісін пайдаланып оқушылардың өздері саналы түрде түсінбейтін қабылдау, есте сақтау сияқты психикалық процестерді басқару болып табылады. Соңынан тұлғаның резервтегі мүмкіндіктерін белсендіру (Г.А. Китайгородская), топтық бірігу, осындай оқу барысында топтық динамика (А.В. Петровский, Л.А. Карпенко) әдістері жетілдірілді.

Алайда, осы теориялардың саналуандылығында (толық 2 тарауын қараңыз) бір ортақ жағдайы болды – ол, осы авторлардың ойынша, қоғамның оқыту жүйесіне (оқуға немесе оқу қызметіне) қоятын талаптарына неғұрлым барабар теорияны теоретикалық негіздемелеу міндеттерін шешу. Оған сәйкес оқытуда белгілі бағыттап қалыптасты. Осы бағыттардың шеңберінде ортақ мәселелер де айқындалды: оқыту түрлерін белсендіру, педагогикалық еңбектестік, қарым-қатынас, білімді меңгеруді басқару, мақсат ретінде оқытылатын субъекті дамыту және т.б.

Осы кезеңде педагогикалық психологияның өз дамуында компьютерлік техниканы пайдаланып жаңа сатыға көшуінің алғы шарттарының қалыптасуы адамзаттың XXI ғасырға – Адам ғасыры, гуманитарлық дәуір ғасырына көшудің глобалды проблемаларын шешумен астарласып жатыр. Бұл жаңа дәуірде жаңа ақпараттық технологияларды құрушы, оны еркін пайдаланатын адамның дамуы оған жаңа индустриялық, ақпараттық кеңістікте еркіндік береді.

***

Педагогикалық психология - жалпы, жас ерекшелік, әлеуметтік психология, тұлға психологиясы, теоретикалық және практикалық педагогикаға негізделінген білімнің пәнаралық дербес саласы болып табылады. Оның өзінің жеке пайда болу және даму тарихы бар, оны талдау бізге оның зерттеу пәнінің мәні мен ерекшелігін түсінуге мүмкіндік береді.

Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар

  1. Педагогикалық психологияның пайда болуы мен дамуына психология дамуының негізгі бағыттары қандай әсерін тигізді?

  2. Психологияның құрылымдық бөлінуінің 3 негіздемесінің қайсысы бойынша педагогикалық психология саласы бөлінеді?

  3. Педагогикалық психологияның қалыптасуы үшін оның тарихындағы әрбір үш кезеңнің маңызы қандай?

  4. «…Қазіргі замандағы оқыту әдісі бойынша бихевиористі және табиғаты бойынша ассоциативті» деген тұжырыммен қаншалықты келісуге болады?

Әдебиет

Возрастная и педагогическая психология /Под ред. А.В. Петровского. М., 1979.

Гинецинский В.И. Основы теоретической педагогики. СПб., 1992.

Каптерев П.Ф. Дидактические очерки. Теория образования // Избранные педагогические сочинения. М., 1982.

Крутецкий В.А. Основы педагогической психологии. М., 1972.

Курс общей, возрастной и педагогической психологии. Вып. 3 / Под ред. М.В. Гамезо. М. 1982. Гл. XX.

Никольская А.А. Возрастная и педагогическая психология дореволюционной России. М., 1995.

Петровский А.В., Ярошевский М.Г. История и теория психологии. М., 1996. 1т.

Смирнов С.Д. Педагогика и психология высшего образования: от деятельности к личности. М., 1995.

Талызина Н.Ф. Педагогическая психология. М., 1998.