Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
пед.психология3.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
2.35 Mб
Скачать

Қазақстан Республикасы

Көкшетау қаласындағы

Ж.Мусин атындағы педагогикалық

колледж

Педагогикалық психология –

ғылыми білімнің пәнаралық саласы

Имамағзамова А.К

2013жыл

І БӨЛІМ

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ПСИХОЛОГИЯ:

ҚАЛЫПТАСУЫ, ҚАЗІРГІ КЕЗДЕГІ АХУАЛЫ

Педагогикалық психологияны қолданбалы психологияның ерекше бір тармағы, өз алдына дербес ғылым ретінде қарастыру керек.

Л.С. Выготский. Педагогическая психология.

1 тарау. Педагогикалық психология –

ғылыми білімнің пәнаралық саласы

§ 1. Педагогикалық психологияның

жалпы ғылыми сипаттамасы

Педагогикалық психология басқа

адамтану ғылымдарының ішінде

Қазіргі заман ғылымының дамуында оның ғылыми салалар, пәндер мен проблемалық салалардың (жүйелендіру, иерархияландыру, куммулятивтік сияқты беталыстармен қатар) ықпалдасуы мен саралап жіктелінуі сияқты негізгі екі беталысының өзара әрекеттесуі неғұрлым айқын көрініп келеді. Ғылымның ықпалдастығын талдай келе, Ж. Пиаже, Б.Г. Ананьев пен Б.М. Кедров ғылыми білімнің ортасында адам туралы ғылым - психология тұр деп көрсеткен. Ғылыми білім үшбұрышының Б.М. Кедров ұсынған түсіндірмесі (оның шыңы – жаратылыстану ғылымдары, оның тағандарының бұрыштары – философия және қоғамдық ғылымдар, ал оның ортасында осы ғылымдармен психология түйісіп тұр) Ж. Пиаженің келесі пайымдауымен сәйкестендіріледі «...психология барлық басқа ғылымдардың өнімі ретінде ғана маңызды орын алып тұрған жоқ, ол сондай-ақ олардың қалыптасуы мен дамуына түсініктеме бере алушы бастау ретінде де орталық орын алады» [172, 155 б.].

Адам проблемасының ғылым дамуындағы рөлін анығырақ Б.Г. Ананьев [7] анықтайды, оның ойынша адамды тереңірек зерттеу, саралап жіктеу, сонымен бірге осы саладағы барлық зерттеулердің ықпалдасуы адам проблемасының жалпы ғылымдық сипатқа ие болуына ықпалын тигізді. Осы адам мәселесін жаһандандыру беталыстарының педагогикалық психология саласындағы көрінісін кезінде К.Д. Ушинский да байқаған, яғни 1868-1869 жылдардағы «Адам тәрбие пәні ретінде. Педагогикалық антропология тәжірибесі» атты еңбектерінде, адам тәрбиесіне өз үлесін қосқан ғылымдардың бағыныстылығын анықтау негізінде психологияның жетекші рөлі атап көрсетілген.

Өз кезегінде, психология да күрделі ықпалдасқан білім болып табылады, оның құрылымдық көрінісінің негізінде, А.В. Петровскийге сәйкес, келесі психологиялық жақтары алынған: «1) нақты іс-әрекеттің, 2) даму, 3) адамның (дамуы мен іс-әрекеттің субъекті ретінде) қоғамға қатынасы (өзінің іс-әрекеті мен іске асатын дамуы)» [39, 80 б.]. Педагогикалық психология көбінесе «нақты іс-әрекет» негіздемесі бойынша ажыратылатын жалпы психологиялық білімдердің дербес саласы ретінде қарастырылады, оның негізінде оның басқа тағы екі жағы өз көріністерін табады. Бұл тұжырым, педагогикалық психологияның негізін білім беру іс-әрекетінің өзі, немесе, педагогикалық психологияның негізін салушылардың бірі П.Ф. Каптеревтің анықтауындай, білім беру процесінің механизмдері мен заңдылықтары қалайтынын білдіреді.

Педагогикалық психология әр түрлі себептерге байланысты көптеген басқа ғылымдармен байланысты. Біріншіден, ол ғылыми білім үшбұрышының ортасында орналасқан жалпы психологиялық білімнің нақты саласы болып табылады. Екіншіден, оның басқа ғылымдармен байланыста болуының себебі, білім беру процесі өз мақсаты мен мазмұнына сәйкес әлеуметтік мәдени тәжірибені беруші болып табылатынында және осындай мәдениетте бүкіл өркениеттік білімдердің таңбалық, тілдік формада шоғырландырылғанына байланысты. Үшіншіден, оның зерттеу пәні өзі танып білуші және танып білуге үйретілуші, басқа да көптеген адамтанушы ғылымдармен зерттелінетін адам болып табылады. Педагогикалық психология, мысалға педагогика, физиология, философия, лингвистика, әлеуметтану және т.б. ғылымдармен үздіксіз байланыста екені анық. Соның өзінде, педагогикалық психология – жалпы психологиялық білімнің саласы деген тұжырымдама оның осы білімдердің негізінде, яғни психикалық даму, оның қозғаушы күштері, адамның даралық және жыныстық-жас ерекшеліктері, оның тұлға ретінде жетілуі мен дамуы жайлы білімдердің негізінде қалыптасатынын білдіреді. Сондықтан педагогикалық психология психологиялық білімдердің (әлеуметтік, дифференциалды психологиямен және т.б.) басқа салаларымен, ең алдымен жас ерекшелік психологиямен байланысты.

Педагогикалық және жас ерекшелік психология бір-бірімен осы ғылымдардың зерттеу объекттерінің ортақтығымен байланысты. Яғни, олардың зерттеу объекті дамып келе жатқан адам болып табылады. Бірақ, жас ерекшелік психологиясы «адам психикасының жас ерекшелік динамикасын, дамып келе жатқан адамның психикалық процестері мен психологиялық қасиеттерінің онтогенезін» [43, 5 б.] зерттесе, ал педагогикалық психология білім беру ықпалымен психикалық жаңа құрылымдардың қалыптасуының шарттары мен факторларын зерттейді. Осыған байланысты педагогикалық психологияның барлық проблемалары білім беру процесіндегі адамның жас ерекшеліктерін есепке алу негізінен қаралады. Сонымен бірге, (бұл жағдайды тағы да ерекше атап көрсетейік) педагогикалық та, жас ерекшелік психология да «...жалпы психологиялық заңдылықтарды ашып көрсететін, қалыптасып қойған адам тұлғасының психикалық процестерін, психикалық күйлерін және даралық-психологиялық ерекшеліктерін зерттейтін» жалпы психологияның білімдеріне жүгінеді [96, 7 б.]. Педагогикалық психологияны бір жағынан пәнаралық ретінде, ал екінші жағынан – ғылыми білімнің дербес саласы ретіндегі осындай түсіндірмесі, Б.Г. Ананьев позициясымен теңестіріледі. Б.Г. Ананьев бойынша, педагогикалық психология – шекаралық, кешендік білімдер саласы, ол «...педагогика мен психологияның ортасынан белгілі орын алып, өсіп келе жатқан ұрпақты дамыту, оқыту, тәрбиелеу арасындағы өзара байланысты бірлесе зерттеу сферасына айналды» [8, 14 б.].

Алайда, мұндай түсіндірме басқа авторлар келтірген педагогикалық психологияның мәртебесінің анықтауларына сәйкес келмейді, мұның өзі осы сұрақты шешудің біржақтылы еместігін көрсетеді. Мысалы, «Жалпы, жас ерекшелік, педагогикалық психология курсында» «...егер жас ерекшелік және педагогикалық психологияның дамуының бірінші кезеңінде олардың жекелену беталыстары байқалса, онда біздің кезеңде, керісінше – жақындасу, кейбір жағдайларда тіпті қосылуы байқалады» [101, 4 б.] деп көрсетілген. Екінші жағынан, «Жоғары мектеп педагогикасы мен психологиясының негіздерінде» бір кешендік ғылыми пәнді қалыптастырған, педагогика мен психологияның бірлігін, кешенділігін атап көрсетеді [157, 5-6 б.]. Іс жүзінде педагогикалық психология кешендік болып табылды деп ұйғаруға болады. В.И. Гинецинский [52] бойынша педагогика оның теоретикалық және тәжірибелік жақтарында онымен тығыз байланысқан дербес ғылым болып табылады. Ал жалпы және жас ерекшелік психология онымен іштей тығыз, үздіксіз байланыста болатын жалпы психологиялық білім саласы.

Педагогикалық психологияның қалыптасуындағы

жалпы психологиялық контекст

Педагогикалық психология адам туралы ғылыми түсініктердің жалпы контекстінде дамиды. Олар әрбір нақты тарихи кезеңдерде педагогикалық ойларға үлкен әсерін тигізген негізгі психологиялық ағымдарда (теорияларда) жазылып көрсетілген. Бұл - оқу процесінің психология теориялары үшін қашанда табиғи зерттеу «полигоны» ретінде болуымен байланысты. Педагогикалық процесті ұғынуға ықпалын тигізе алатын психологиялық ағымдар мен теорияларды нақтырақ қарастырайық.

Ассоциативтік психология (XVIII ғасырдың ортасынан бастап Д.Гартли және ХІХ ғасырдың аяғына дейін – В. Вундт), түп тамырында психикалық процестердің байланысы ретіндегі ассоциация механизмдері мен психика негіздері ретіндегі ассоциациялардың белгілі бір түрлері анықталған. Ассоциацияларды зерттеу материалдарында еске сақтау мен үйренудің ерекшеліктері зерттеліп қарастырылған. Осы жерде, психиканың ассоциативті баяндауының негізін Аристотель (384-322 ж. біздің эрамызға дейін) салғанын айта кету қажет, оған «ассоциация» түсінігін, оның түрлерін енгізу, ақыл-парасатын (нус) екі түрін теоретикалық және практикалық деп ажырату, қанағаттану сезімін үйрену факторы ретінде еңбектері тиесілі.

Г.Эббингауздың (1885) ұмыту процесін зерттеу бойынша эксперименттерінің эмпирикалық мәліметтері және алынған ұмыту «қисығының» сипаттарын одан кейінгі зерттеушілер дағдыларды өндіруде, жаттығуларды ұйымдастыруда есепке алады.

У. Джемс (ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғасырдың басы) және Дж. Дьюидің (ХХ ғасырдың бірінші жартысы) прагмативті функционалды теориясы – бейімделуші реакцияларға, ортаға бейімделуге, ағзаның белсенділігіне, дағдыларды өндіруге акцент қояды.

Э. Торндайктың (ХІХ ғ. аяғы – ХХ ғ. басы) байқап көру және қателесу теориясы үйренудің негізгі заңдарын қалыптастырған – жаттығу, әсер және дайындық заңдары; үйрету қисығын және осы мәліметтерге негізделген жетістіктер тестерін сипаттаған (1904).

Дж. Уотсонның бихевиоризмі (1912-1920) және Э. Толмен, К.Халл, А. Газри және Б. Скиннердің (ХХ ғ. бірінші жартысы) необихевиоризмі. ХХ ғасырдың ортасында-ақ Б. Скиннер оперантты мінез-құлық тұжырымдамасы мен бағдарламаланған оқыту тәжірибесін жетілдірген. Э. Торндайктің жұмыстарының бихевиоризмнің алдын-алуы, Дж. Уотсонның ортодоксалды бихевиоризмі және бүкіл необихевиористік бағыттардың еңбегі үйренудің (learning) тұтас тұжырымдамасын жетілдіру болып табылды, бұл тұжырымдама оның заңдылықтарын, фактілерін, механизмдерін қамтиды.

Сенсомоторлық функцияларды өлшеу саласында Ф. Гальтонның (ХІХ ғ. аяғы) зерттеулері тестілеуге (Ф. Гальтон бірінші болып сауалнама, бағалау шәкілдерін ұсынған); математикалық статистиканы пайдалануға бастау берген; А. Анастази көрсеткендей, Дж. Кэттелдің «ақыл-ой тестері» сол кездің типтік зерттеу әдісі деп санаған. Т. Симон мен А. Биненің (1904-1911) даралық және топтық тестілеу вариациясымен, интеллектуалды тестері, мұнда ең алғаш рет ақыл-ой жасының іс-жүзіндегі жасқа қатынасы ретінде интеллектуалды даму коэффиценті қолданылған (Л. Термен 1916 жылы Америкада). Маңыздысы, Ф. Гальтон өзінің алғашқы (1884) өлшеулерін білім беру жүйесінде бастаған, Дж. Кэттел (1890) Америкада колледж студенттерінен тест алған, Бине-Симонның (1905) алғашқы шкаласы Францияда білім беру министрлігінің бастамашылығымен жасалған.Бұл психологиялық зерттеулер мен білім берудің бұрыннан бергі тығыз байланысына куә болады.

З. Фрейд, А. Адлер, К. Юнг, Э. Фромм, Э. Эриксоннның психоанализі (ХІХ ғ. аяғынан ХХ ғ. бойы) санасыздық, психологиялық қорғаныс, кешендер, «Мен-нің» кезеңдеп дамуы, еркіндік, экстраверсия-интроверсия категорияларын жетілдіріп, өндірген. (Соңғысы, Г. Айзенк тестерінің арқасында көптеген педагогикалық зерттеулерде қолдану мен таратылу табуда).

Гештальт психология (М. Вертгеймер, В. Келер, К. Коффка – ХІХ ғ. басы), К. Левиннің мінез-құлықтың динамикалық жүйесі тұжырымдамасы немесе алаң теориясы, Ж. Пиаженің генетикалық эпистемиологиясы немесе интеллектің кезеңдеп дамуы тұжырымдамасы, ол инсайт, мотивация, интеллектуалды даму сатылары, интериоризация, түсініктерінің қалыптасуына үлес қосқан (оларды сондай-ақ, әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін француз психологтары А. Валлон, П. Жане қарастырған).

Ж. Пиаженің операционалды тұжырымдамасы ХХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап ойлау мен интеллект дамуының негізгі дүниежүзілік теорияларының бірі болуда. Бұл тұжырымдаманың контекстінде әлеуметтану, центрация-децентрация, бейімделу өзгешелігі, әрекеттердің қайтымдылығы, интеллектуалды даму сатылары сияқты түсініктер зерттелуде. Ескере кететін жағдай, Ж. Пиаже ХХ ғасыр ғылымына «психиканы зерттеудегі синтетикалық ықпалдың» ерекше өкілдерінің бірі ретінде кірген [104, 26 б.].

ХХ ғасырдың 60-80 жылдарындағы Г.У. Найссер, М. Бродбент, Д.Норман, Дж. Брунердің және басқалардың когнитивті психологиясы білімге, хабардар болуға, семантикалық есті ұйымдастыруға, болжаушылыққа, хабарды қабылдау және қайта өңдеуге, оқу және түсіну процесіне, когнитивтік стилдерге аса көңіл бөлген.

А. Маслоу, К. Роджерстің ХХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы гуманистік психологиясы «клиентке негізделгену» терапия тұжырымдамасын, өзін-өзі өзектендіру, адамзат қажеттіліктерінің пирамидасы (бағыныстылығы), фасилитация (жеңілдету немесе белсенділеу) категорияларына алға ұсынып, шәкіртке негізделген, оқытуға деген гуманистік көзқарасты қалыптастырған.

Педагогикалық психологияның дамуына И.М. Сеченов, И.П. Павлов, К.Д. Ушинский. А.Ф. Лазурский, П.Ф. Лесгафт, Л.С. Выготский, П.П. Блонский сияқты және т.б. отандық ойшылдар, педагогтар, жаратылыстанушылардың жұмыстары үлкен ықпалын тигізді. Барлық отандық педагогикалық тұжырымдамаларға негіз болған – К.Д. Ушинскийдің (1824-1870) педагогикалық антропологиясы. Онда оқытудың тәрбиелік сипаты, адамның іс-әрекеттік табиғаты бекітілген. Оқытудың әдістері мен мазмұны категориясын зерттеу К.Д. Ушинскийдің еншісі.

Л.С. Выготскийдің (1896-1934) мәдени-тарихи теориясы – психиканың, тілдің, түсініктік ойлаудың даму теориясы, оқыту мен дамытудың байланысы, мұнда біріншісі алға озып, екіншісін артынан ілестіреді, даму деңгейлері түсінігі, «жақын даму аймағы» және де көптеген басқа да фундаменталды мәселелер қандай да бір дәрежеде соңғы онжылдықтағы педагогика-психологиялық тұжырымдамасының негізіне енді. Мысалы, М.Я. Басовтың іс-әрекет тұжырымдамасы, А.Н. Леонтьевтің іс-әрекет теориясы, С.Л. Рубинштейннің іс-әрекеттің өзінің категорясының жалпы әдістемелік зерттеулері (әсіресе субъектілік тұрғыда), психикаға жалпы ықпалдасуына ыңғай таныту, оның ересектік кезеңдегі даму өзгешелігін анықтау, Б.Г. Ананьевтің және тағы басқалардың ерекше жас кезеңі – студенттік кезді бөліп қарауы білім беру процесін психологтық-педагогикалық ұғынуға, педагогикалық психологияның дамуына сөзсіз әсер етті.

ХХ ғасырдың ортасында отандық психологияда қалыптасқан оқудың, оқу іс-әрекетінің теориялар, тұжырымдамалары, түсіндірмелері, (Д.Н. Богоявленский, Г.С. Костюк, Н.А. Менчинская, П.А. Шеварев, З.И. Калмыкова, П.Я. Гальперин, Н.Ф. Талызина, Д.Б. Эльконин, В.В. Давыдов, А.К. Маркова, Л.И. Айдарова, Л.В. Занков, Л.Н. Ланда, Г.Г. Граник, А.А. Люблинская, Н.В. Кузьмина және т.б.) педагогикалық тәжірибенің мәнін ұғынуға ғана емес, сондай-ақ ғылым ретінде біздің және басқа да елдерде дамытылып жатқан педагогикалық психологияға да баға жетпес үлес қосты (И. Лингарт, Й. Ломпшер және т.б.).

Педагогикалық психологияның дамуына үлкен ықпалын тигізгендер үйренушілердің оқу материалдарын меңгеруінің нақты механизмдерін айқындау (С.Л. Рубинштейн, Е.Н. Кабанова-Меллер, Л.Б. Ительсон); есте сақтауды (П.И. Зинченко, А.А. Смирнов, В.Я. Ляудис), ойлауды (Ф.Н. Шемякин, А.М. Матюшкин, В.Н. Пушкин, Л.Л. Гурова), қабылдауды (В.П. Зинченко, Ю.Б. Гиппенрейтер), баланың дамуын, соның ішінде тілдік дамуын (М.И. Лисина, Л.А. Венгер, А.Г. Рузская, Ф.А. Сохин, Т.Н. Ушакова), тұлға дамуын (Б.Г. Ананьев, Л.И. Божович, М.С. Неймарк, В.С. Мухина), тілдік қарым-қатынас және тіл оқытуды (В.А. Артемов, Н.И. Жинкин, А.А. Леонтьев, В.А. Кан-Калик); жас ерекшелік дамудың ( дәуір, заман, фаза, кезеңдерін) сатыларын (П.П. Блонский, Л.С. Выготский, А.Н. Леонтьев, Д.Б. Эльконин, Б.Г. Ананьев, А.В. Петровский), мектеп оқушыларының ақыл-ой іс-әрекетерінің және олардың ақыл-ой дарындылығы ерекшеліктерін анықтау (А.А. Бодалев, Н.С. Лейтес, Н.Д. Левитов, В.А. Крутецкий). Педагогикалық психология үшін ересектерді оқыту психологиясы бойынша жұмыстар үлкен мәнге ие (Ю.Н. Кулюткин, Л.Н. Лесохина және т.б.).

Педагогикалық психология жетістіктерінің ғылыми рефлексиясы процесінде М.Н. Шардаковтың, В.А. Крутецкийдің, А.В. Петровскийдің педагогикалық және жас ерекшелік психология, оқу психологиясы бойынша оқулықтары сөзсіз жағымды рөл ойнады.