
Биосферадағы тіршілік туралы қазіргі көзқарастар
Кейінгі кезде биохимия, биофизика және биология ғылымдарының кейбір салаларының дами түсуіне байланысты тіршіліктің қалай пайда болуын анықтайтын бірнеше жаңалықтар ашылды. Кейінгі 15-20 жылдардың ішінде әр түрлі биосинтездерден және тұқым қуалаушылықтан тіршіліктің белок емес заттарға (нуклеин қышқылдарына) байланысты екені анықталды.
Тірі организмнің анорганикалық материядан пайда болуы жайында тікелей экспериментті түрде алынған материал болмағандықтан мұны шешу ғалымдарға оңай түскен жоқ. Сондықтан кейде биология ғылымында идеалистердің пікірлері орын алып отырады. Идеалистер ең алдымен діни ұғымдарды таратуға ұмтылды. Тірі организмдер құдайдың құдіретімен пайда болады деген терминді ұсынды. Өсімдіктерді, жан-жануарларды, адамдарды өлі инертті заттардан қазіргі біздің көріп жүргеніміздей толық бейнелі түрінде құдай жаратты деп соқты. Ертедегі вавилондық және мысырлық ілімдерде, сонымен қатар, үнділік ертегілерде тірі денелер өздігінен пайда болды деп көрсетті. Грек оқымыстысы Аристотель де тірі организм өзінен-өзі кенеттен пайда болады дегенге саяды. Адамзат құрттар, моллюскалар немесе шіріген заттардан пайда болады деп түсіндіреді.
Бірақ Франческо Редидің жүргізген зерттеу жұмыстары, тірі организм өзінен-өзі кенеттен пайда болады деген ұғымды жоққа шығарды. Ол жас етті алып, оны стаканға салып, бетін дәкемен жауып қойды. Ешбір тірі заттың пайда болғаны байқалмады. Сонымен шыбын личинкаларының шіріген еттен пайда болмайтынын дәлелдеп шықты.
Луи Пастер бактериялардың өршитін тұқымынан микроорганизмдер дамитынын бірден білді. Сонымен тірі организм ешқашан да өзінен-өзі дамымайтыны белгілі болды.
Тірі организм басқа космостық денелерден даяр күйінде келді деген болжам бар. Оны космозой теориясы деп атайды. Мұны алғаш рет айтқан неміс дәрігері Г.Рихтер еді. Бұл теорияны В.Томсон мен Г.Гельмгольц жақтады. Космозой теориясы бойынша тірі организм басқа космостық денелерден метеориттермен келді деп көрсетті. Бұл дұрыс емес еді. Өйткені метеориттер ауаның тығыз қабаттарында қатты қызады да балқып кетеді. Оның сыртына жабысқан тірі организмнің бірі де қалмай жанып кететіні анықталады.
Бұл теориялар тіршіліктің жер бетінде пайда болу проблемасын материалистік тұрғыдан шешудің орнына қайтадан оның жолын жауып тастады. Олар анорганикалық заттардан органикалық материаның дамитынын көзге ілмеді. Жер бетінде тіршіліктің пайда болуынан бұрын химиялық процестердің болғанын да ескермеді.
Ф.Энгельс «Табиғат диалектикасында» материалистік тұрғыдан тіршіліктің пайда болуының жалпы сипатын берді. Материя ешуақытта да тыныштық қалыпта болмайтынын, ол үнемі қозғалыста болып, дамып отыратынын айтты. Материя өзінің дамуында әр уақытта жаңа күрделі түрге көшеді деп қорытынды жасады ол.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
Ж.Ж.Жатқанбаев «Экология негіздері»;
А.Ж.Ақбасова, Г.Ә.Саинова «Экология: Жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы»;
Г.Қ.Сағымбаев «Экология негіздері»