
- •1. Оқытушы туралы мәлімет
- •2.Пән туралы мәлімет
- •Пәннің мақсаты:
- •7. Пәннің саясаты мен жүргізілуі:
- •8.Пән бойынша оқу-әдістемелік материалдар
- •8.1. Пәннің тақырыптық жоспары
- •10. Сөж және соөж тапсырмалары және оларды орындау кестесі
- •Кәсіби қазақ тілі туралы түсінік. Кәсіби тілді дамытудың тетіктері мен бағыттары.
- •1. Мәтінді мәнерлеп оқып, аудар. Мазмұнын қазақша айт.
- •Татар мақал-мәтелдері.
- •Тіл туралы толғаныс.
- •Мемлекеттік ту.
- •Қазақстан Республикасының Елтаңбасы.
- •Қазақстан Республикасының Әнұраны.
- •Тапсырмалар
- •Мақтанышым – Елбасы
- •Мәтін қай стильде жазылған, лексикасына мән беріңіз.
- •Мәтінді баяндаңыз, ой бөлісіңіз.
- •Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыздар.
- •Ш. Құдайбердіұлының ғылым туралы ой-толғауларын пайдаланып, ғылымның пайдасы туралы әңгімелеңіз. Ғылымсыз адам – айуан
- •2. Мәтінді оқып, өз сөздеріңізбен мазмұндаңыз.
- •3. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіздер.
- •4. Төмендегі сөздерді қатыстырып ауызекі сөйлеу тілінде сөйлемдер құраңыздар.
- •5. Төмендегі сөз тіркестерімен сөйлем құрыңыздар.
- •Қазақ тіліндегі әдеби тілдің нормасы
- •1.Мәтінді оқып, мағынасын үғып алыңыз. Мазмұндап айтыңыз.
- •2.Шәкәрімнің ғибадаттарын ұғып алыңыз (ықшамдалып алынды).
- •3. Сұрақтарға жауап беріңіз.
- •Мәтінді қазақша аударыңыз, қай стильге жататындығын анықтаңыз.
- •Ұлылық үлгісі
- •1. Төмендегі сұрақтарға жауап беріңіздер.
- •2. Төмендегі сөз тіркестерін қатыстыра отырып, сөйлем құраңыздар
- •Қазақстан - әлемдік кеңістікте
- •Тапсырмалар.
- •2. Сұрақтарға жауап беріңіздер.
Ш. Құдайбердіұлының ғылым туралы ой-толғауларын пайдаланып, ғылымның пайдасы туралы әңгімелеңіз. Ғылымсыз адам – айуан
Ғылымсыз адам – айуан,
Не қылсаң да, ғылым біл.
Ғылымға да керек жан,
Ақылсыз болса, ғылым тұл.
Мініңді тапса кім сынап,
Аяғына бар жығыл.
«Қап, бәлем» деп кекті ұнап,
Сақтай көрме ойға зіл.
Бақ, мансапқа сиынып,
Болма боран, жел, дауыл.
Аса сәнді киініп,
Қуыршақ болма сән қуып.
Адамның ең асылы –
Қиянатсыз ақ бейіл.
Ұмытпа, болсаң біздің ұл,
Осы өлеңді құлаққа іл.
4-тапсырма. Абайдың 17-қара сөзін оқи отырып, Шәкәрім өлеңі арасындағы ұқсастықты айқындаңыз, ғылымның орнын анықтай түсіңіз.
Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп ғылымға жүгініпті. Қайрат, ақыл, жүрек үшеуі өнерлерін айтысып, таласып келіп, ғылымға жүгініпті. Қайрат айтыпты: «Ей, ғылым, өзің де білесің ғой, дүниеде ешнәрсе менсіз кәмелетке жетпейтұғынын; әуелі, өзіңді білуге ерінбей-жалықпай үйрену керек, ол - менің ісім. Құдайға лайықты ғибадат қылып, ерінбей-жалықпай орнына келтірмек те - менің ісім. Дүниеге лайықты өнер, мал тауып, абұйыр мансапты еңбексіз табуға болмайды. Орынсыз, болымсыз нәрсеге үйір қылмай, бойды таза сақтайтұғын, күнәкәрліктен, көрсеқызар жеңілдіктен, нәфсі шайтанның азғыруынан құтқаратұғын, адасқан жолға бара жатқан бойды қайта жиғызып алатұғын мен емес пе? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті.
Ақыл айтыпты: «Не дүниеге, не ахиретке не пайдалы болса, не залалды болса, білетұғын - мен, сенің сөзіңді ұғатұғын - мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, залалдан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып үйрене алмайды екен, осы екеуі маған қалай таласады? Менсіз өздері неге жарайды?» - депті.
Онан соң жүрек айтыпты: «Мен - адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын - мен. Үлкеннен ұят сақтап, кішіге рақым қылдыратұғын - мен, бірақ мені таза сақтай алмайды, ақырында қор болады. Мен таза болсам, адам баласын алаламаймын: жақсылыққа елжіреп еритұғын - мен, жаманшылықтан жиреніп тулап кететұғын - мен, әділет, нысап, ұят, рақым, мейірбаншылық дейтұғын нәрселердің бәрі менен шығады, менсіз осылардың көрген күні не? Осы екеуі маған қалай таласады?» - депті. Сонда ғылым бұл үшеуінің сөзін тыңдап болып, айтыпты:
- Ей, қайрат, сенің айтқаныңның бәрі де рас. Ол айтқандарыңнан басқа да көп өнерлеріңнің бары рас, сенсіз ешнәрсенің болмайтұғыны да рас, бірақ қаруыңа қарай қаттылығың да мол, пайдаң да мол, бірақ залалың да мол, кейде жақсылықты берік ұстап, кейде жамандықты берік ұстап кетесің, соның жаман, - депті.
-Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ешнәрсе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сонымен тұрмайсың, амал да, айла да - бәрі сенен шығады. Жақсының, жаманның екеуінің де сүйенгені, сенгені - сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман, - депті. - Сен үшеуіңнің басыңды қоспақ - менің ісім, - депті. Бірақ сонда билеуші, әмірші жүрек болса жарайды. Ақыл, сенің қырың көп, жүрек сенің ол көп қырыңа жүрмейді. Жақсылық айтқаныңа жаны-діні құмар болады. Көнбек түгіл қуанады. Жаманшылық айтқаныңа ермейді. Ермек түгіл жиреніп, үйден қуып шығарады.
- Қайрат, сенің қаруың көп, күшің мол, сенің де еркіңе жібермейді. Орынды іске күшіңді аятпайды. Орынсыз жерге қолыңды босатпайды. Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты ғылым екен. Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам - сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа әрдайым қарайды деп кітаптың айтқаны осы, — депті.
Тақырып 7 Орта ғасыр ойшылдары. Грамматикалық тақырып: Көркем әдебиет стилінің ерекшелігі. Көркем әдебиет стилінің ерекшелігі. Қолданыс аясы.
Орта ғасыр ойшылдары
Әл-Фараби (870—950 жылдары)
Отырар (Фараб) ойшылдарының ең атақтысы, топ жарғаны — «Шығыстың Аристотелі» атанған ұлы ғұлама Әбунасыр әл-Фараби. Оның толық аты-жөні — Әбунасыр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан әл-Фараби. Түркі оқымыстылары Әбунасыр ныспысының соңына кейде «әт-түрки» деген сөзді қосып, оның түркі текті екенін шегелей түседі.
Араб, парсы шежірелерінің деректеріне қарағанда, әл-Фараби 870 жылы Арыс өзенінің Сырға құяр тұсындағы Фараб (Отырар) қаласында, отырарлық әскербасының отбасында дүниеге келген.
Әл-Фараби алғашқы білімді Отырар медреселерінің бірінде алған. Өйткені көне дәуірден қалған бір деректерге қарағанда, «Мәуереннахрда балаларды түрлі қолөнері мен ғылымға үйрету, баулу, оқыту, олардың бес жасар кезінен басталатын болған».
Ол кезде мұсылман дүниесінің рухани орталығы Месопотамия болғандықтан, жас Әбунасырды ата-анасы Таяу және Орта Шығыс елдеріне сапарға дайындайды. Бірақ Әбунасыр Бағдатқа бармастан, жолай Шаш пен Самарқан, Бұхара шаһарларында білімін толықтырады. Әбудің мұнда қанша болғаны жайлы араб шежірешілері ештеңе айтпайды. Кейін ол Иран еліндегі Мешһед, Нишапур, Рей, Исфаһан қалаларына келеді, халқының мәдениетімен танысады. Содан соң әрі қарай Бағдатқа аттанады.
Әл-Фараби логика, әуез (музыка), астрономия және басқа ғылымдар бойынша көптеген еңбектер жазған. Ибн Хаукаль өз еңбегінде әл-Фараби жайлы: «Ол — аса ірі мұсылман философтарының бірі. Олардың ешқайсысы да оның деңгейіне жеткен жоқ. Әбу әли ибн Сина да (980—1037 жылдары) өзінің шығармаларын жазу үстінде оның еңбектерін пайдаланғанын, сол арқылы мәшһүрлікке қолы жеткенін еске алады», — деген.
Әл-Фараби өздігінен оқып-жетілген ғалым. Ол, ең алдымен, грек ғылымын, оның философиясын, әсіресе ұлы ұстазы Аристотельдің еңбектерін қызығып оқыған. Ибн Халиканның айтуына қарағанда, Әбунасыр Аристотельдің «Meтoфизикacын» қырық, «Жан туралы» еңбегін жүз, ал «Риторикасын» екі жүз рет оқып шығыпты. Осындай ыждаһаттылығының арқасында ғана ол Аристотельдің ғылыми мұрасын еркін игерген.
Әл-Фараби педагогика, психология, эстетика мен акустика, астрономия мәселелерін де терең зерттеп, мәдениет пен ғылымға жемісті үлес қосқан. Сондай-ақ ол парасаттылық пен ағартушылықты жақтаған үлкен гуманист. Әбунасыр — халықтарды бейбіт өмір сүруге, достыққа шақыра отырып, адам баласының білім мен парасатты ойын терең бағалаған кемеңгер. Әбунасыр метофизика, тіл білімі, логика, география, этика, т.б. ғылым салаларын қамтитын жүз елуге тарта трактаттар жазып қалдырыпты.
Жүсіп Баласағүни (1015—1075 жылдары)
XI ғасырдағы аса көрнекті ғалымдардың бірі. Толық аты — Жүсіп Хас Хажиб Баласағүни. Ғалым өзінің атақты дастаны «Құтадғу білік» (Құтты білік) еңбегімен белгілі. Ғалым еңбегінде түркі тілдес халықтардың тарихы мен қоғамдық-саяси өмірі, Әдет-ғұрпы, наным-сенімдері туралы мағлұматтар береді. Жүсіп Баласағүни ғылымның табиғаттану, математика, астрономия, тарих, араб, парсы тілі білімі сияқты салаларымен де айналысқан.
Жүсіп Баласағүни, аты-жөніне қарағанда, Қарахандар мемлекетінің көрнекті қаласы және астанасы болған Баласағұн қаласында дүниеге келген. Атақты дастанын Баласағұн қаласында бастап, Қарахандар мемлекетінің шығыс бөлігінің астанасы Қашқарда аяқтаған.
Бұл кез Қарахандар мемлекетінің саяси жағынан бытыраңқылыққа ұшырап, екіге бөлінген кезі. Ақын өзінің атақты дастанын Боғра ханға сыйға тартқан. Бұған риза болған хан Жүсіпті сарайдағы уәзірлердің үстінен қарайтын үлкен қызметке сайлаған. ХасХажиб деген үлкен атақ немесе басуәзір деген сөз оның атына осыдан қосылса керек.
Жүсіптің басты көңіл бөлген мәселесі — мемлекеттің саяси-қоғамдық және мәдени мәселелері болған. Ол өзінің еңбегінде: «Арабша, тәжікше кітаптар көп, ал бұл — біздің тіліміздегі тұңғыш даналық жинағы», — деп, түркі тіліндегі кітаптардың жоқтығын айтады.
Баласағұнның ойынша адам баласының қадір қасиеті-білім мен ақылда.Бұл адамның жетіліп, кемелденуінің алғашқы жолы.Ғылым іздеу мұсылманның бір парызы.
Ақыл қайда болса,ұлылық болады
Білім кімде сол білікті болады
Тілдің пайдасы мен зияны бірдей
Көп сөйлеме, азайт берер түйірін
Бір сөзбен түй түмен сөздің түйінін.
Ізгілік-адамзат үшін ең қажетті қасиеті
Елдің басшысы ізгі болса,халқы да ізгі болады.
Ізгілік-оң,ессіздік -сол, жүзің -ар, оңың -ұжмақ, солың-тозақ, біліп ал
Бұл кітап ел арасында тез тарап, авторы тірі кезінде-ақ абыройлы атаққа ие болған. «Құтадғу білік» орта ғасырлар ескерткіштерінің ең көлемдісі және көркемдігі жағынан зерттеушілерін таң қалдырған әдеби-көркем туынды. Орталық Азия мен Қазақстан жерін мекендеген түркілер мәдениетінің жарық жұлдызы деп атарлық әдеби мұра.
Махмұд Қашқари
Махмұд Қашқари — түркі халқының XI ғасырда өмір сүрген аса дарынды перзенттерінің бірі. Ол Жүсіптің замандасы. Бүгінге дейін ғалымның туған жылы белгісіз, ғалымдар оның атақты шығармасы «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») 1072 немесе 1078 жылдары жазылған деп шамалап жүр.
Махмұд Талас-Шу алқабындағы Барысхан каласында туған. Бірақ неге екені белгісіз, өте жас кезінен туған мекенінен шығандап шығып, түркілер уәлаятын (қазіргі қазақ сахарасын) аралап кетеді. Махмұд өз шығармасына материал жинау кезінде түркі әлемін көп аралаған, көргені мен көңілге түйгендерін қағазға түсіре берген.
Кейіннен ол бір кездегі әдеби, мәдени, рухани орталық болған Бағдатқа барады. Бұл кез Бағдатты түркілердің селжұқ тайпасы басып алған, түркі тілінің дәуірлеп тұрған тұсы еді. Сондықтан да Махмұд түркілердің этнографиясы, ауыз әдебиетінің хрестоматиясы іспетті өз еңбегін араб халқына таныстыру мақсатымен араб тілінде жазған.
Оның Бағдатта тұрып, өз шығармасын түркі тақырыбына арнауының өзі тегін емес. Махмұд өмір сүрген дәуір, бір кездегі гүлденген араб дүниесінің дәурені өтіп, тасы кері кете бастаған уағы болатын. Оның үстіне, Махмұд түркілер тарапынан өз туындысының ескерусіз қилмайтындығын да пайымдаған. Сондықтан да ол өз еңбегінің атын мазмұнына сай етіп «Диуани лұғат ат-түрік» («Түркі сөздерінің жинағы») деп атаған. Бұл «жинақ» «орта ғасырлардағы түркі тілдес халықтардың энциклопедиясы» деп атауға тұратын шығарма, сол кездегі тайпалар туралы нақты материалдардан құрастырылған үш томдық әйгілі еңбек.
Қашқаридың бұл еңбегі аталған жерлердегі халықтардың мәдени және рухани байланыстарын анықтауға мүмкіндік береді. А.Н.Кононовтың сөзімен айтқанда: «Түркі тілдерінің сөздігі» — XI ғасырдың түркілердің өмірі, олардың материалдық мәдениеті, бұйымдары, тұрмыс-жайлары, этнонимдері мен топонимдері, қызмет адамдарының дәрежесі, тағам, сусын түрлері, үй жануарлары мен аумағындағы жабайы аң-құстар, мал шаруашылығы, өсімдік дакылдары, астрономия терминдері туралы, күнтізбелер, ай, апта, күн аттары, ауру түрлері, дәрі атаулары, анатомиялық терминология, минералдар мен материалдар туралы, әскери, спорт және әкімшілік терминологиясы, түрлі тарихи және мифтік қаһармандардың есімдері, діни және этностық терминология туралы, балалар ойындары мен ермектері және басқалар туралы бірден-бір деректеме болып табылады».
1-тапсырма. Мәтіндегі даналық сөздердің мағынасын ашып, талдаңыз.
«Ақыл қайда болса,ұлылық болады
Білім кімде сол білікті болады...»
«Тілдің пайдасы мен зияны бірдей
Көп сөйлеме, азайт берер түйірін...»
«Бір сөзбен түй түмен сөздің түйінін.
Ізгілік-адамзат үшін ең қажетті қасиеті...»
«Елдің басшысы ізгі болса,халқы да ізгі болады.
Ізгілік-оң,ессіздік -сол, жүзің -ар, оңың -ұжмақ, солың-тозақ, біліп ал...».
2-тапсырма. «Орта ғасыр ойшылдары» тақырыбында шығарма жазыңыз.
3-тапсырма. Көркем әдебиет стиліне мысал келтіріп, талдаңыз.
4-тапсырма. «Сөнбес жұлдыздар» тақырыбына эссе жазыңыз.
Тақырып 8 Ж.Аймауытов өмірі мен шығармашылығы.
Грамматикалық тақырып: Қазақ тіліндегі ауызекі сөйлеу стилі, қолданыс аясы.