
- •Жаным садаға Жанның «Мен»-і таланттар
- •Күтпеген оқиға
- •Сендім саған
- •Қатал мұғалім - жақсы мұғалім бе?
- •Жасөспірім өмірін неге қиды?
- •Қаны қарайған адамдар
- •Баланың жан дүниесі
- •Мінезді өзгертуге болмайды
- •Хан талапай
- •Бірінші сабақ бәрінен қиын
- •Жаным садаға
- •Пікірлестер мен қарсыластар
- •Баланың әңгімесі
Қатал мұғалім - жақсы мұғалім бе?
Осы сұрақты студенттерге қойғанымда, Айгүл деген ұяң қыз айтты: «Мен бітірген мектепте физикадан сабақ беретін апайымыз болған. Қыбыр еткізбейтін. Қолымызды қозғасақ та, «тыныш отыр!»- деп ұрсатын. Ол сабақта тәртіпсіз бала болмайтын. Тәртіпке қатты қараған дұрыс сияқты».
Осыны айтты да, көз алдына қатал апайының сұсты жүзі елестеп кетті ме, Айгүл көзін тайдырып, төмен қарады. Әп-әдемі қыздың жасқаншақтығы жараспай тұр. Бұл баланың байқалған тағы бір әдеті - сабақты орнынан тұрмай айтса, еркін сөйлейді. Тұрғыздың дегенше, қысылып-қымтырылып, ойын байланыстыра алмайды. Шын көңілден тыңдауға дайын екеніңді білдірмесең, үн-түнсіз отыра беруге бар. Оңаша әңгімеде айтқаны: Орнынан тұрған кезде бір қорқыныш билейді, буын-буыны қалтырап, не айтайын деп тұрғанын ұмытып қалады. Айгүл екеуміз бұдан былай: «Мұғалім де мендей адам!»- деп жиі қайталап тұратын болдық.
Өз ойындағысын еркін айта алмайтын жасқаншақтық біздің қазақ балаларында жиі кездеседі. Ата-бабадан келе жатқан бағыныштылықтың әсері ме, әлде өз тілінің кадірі болмай, басқа тілді еркін меңгере алмаудан жасып қалған ба? Оның үстіне мектептегі әміршіл-өктем тәрбие де басып тастаған болар.
* * *
Студенттің айтқаны:
«Бала кезімде біздің мектепте бір қатал мұғалім болды. Есіктен кірмей жатып, бір кемшілігімізді тауып ала қоятын. «Ал, Пәленшеев, жаңа сен коридорда жүгіріп жүр едің, сабақты қалай білер екенсің, көрейік!»- дейді ызғарланып. Бала байғұс сабақ басталмай жатып іске алғысыз болып қалғанына қиналып, партадан әзер сүйретіліп шығады. Мұғалім жаңылысқан жерін іліп алып ұрсып, тұқыртумен болады.
Ол кісінің тағы бір рақаттанатын жұмысы - кімнің сабақ айту керек екенін журналдан іздеп табу. Сызданып, көзімен лайықты оқушыны іздеп, ұзақ үнсіз қалатын. Тышқанмен ойнаған мысықтай, ойша әрқайсымызды бір алып, бір салып, сынай бағып, уақытты ұзарта түсетін.
Кішкентай жүрегіміз қорқыныштан дір-дір етіп, ауыр үкім еститіндей, қиын минөтті бастан кешіретінбіз. Оқымай келгендіктен емес, мұғалімнің ызғарынан қорқушы едік.
Сонда бір қызымыздың айтқан сөзі есімде қалыпты: «Осы мұғалімге ерегіскеннен өзім де мұғалім болып, баласы менің қолыма түссе, «екіден» көзін аштырмас едім!» - деген.
Өзін мықты маманмын деп есептейтін ағайымыз сабағын бәрінен жоғары қойып, сол арқылы беделін қанша көтермелегенмен, осы сабақты жек көріп кеттік. Мұғалімді жек көру арқылы, біздің жүрегімізде кінәсіз пәнге қарсы тұрақты аллергия қалыптасты».
* * *
Зор мен бор. Қазақтың бұрынғы шешендік сөзінде:
«Ініні зордан, ағаны бордан» деген бар екен. Сондай-ақ момын, жылауық адамды «боркемік» дейді. Жоғарыдағы «бор» дегенім - көнбіс адам, «зор» - зорлықшыл.
Зорлықшыл мен көнбістің типін мұғалімдер ұжымында әркім-ақ байқайтын болар. Бірақ зорлықшылмен күресу оңай еместігі тағы аян. Зорлықшыл айналасында көнбістер болмаса, өмір сүре алмайды. Зор зорлығын өзі сияқты мұғалімдерге де, оқушыларға да жасайды. Оны мектепте «қатал мұғалім» деп атайды. Қатал мұғалімді үстіміздегі ғасырдың бас кезінде өмір сүрген педагог-ғалым К.Г. Житомирский (1863-1918) жазып, сипаттаған екен. Кейбір тұжырымына назар аударайық:
Зорлықшыл (террорист) мұғалімнің мінезі тастай берік, ішін алдырмайтын қатал болады. Сергек, даусы өктем, көнбіс мұғалімдерді монтаны қылып қояды, тіпті көнбейтіндердің өзін де бағындыра біледі. Бағындыру әдістері мынандай:
Кемшілігін тауып, жүрттың көзінше өктем дауыспен айқайлап, ұялту.
Класында сол мұғалімнің баласы болса, «екі» қойып, соңына түсіп, ақыры бейшара қылу.
Оқушыларға ылғи зекіп сөйлеу, ұрсу арқылы қорқыныш тудыру. Оқушылардың қорқынышы тез арада мектепке тарап, тіпті есік аузындағы күзетшіге дейін, қатал мұғалімнің атын сыбырлап айтатын болмақ.
Зорлықшыл көбіне өз сабағын біледі, білмей-ақ білетін сияқты болып көріне алады. Оқушылар басқасын қойып, осы сабақты күні-түні оқиды. Тіпті нашар оқушының өзі тырысады. Олай болса, зорлықшыл мықты педагог шығар. Жоқ. Нашар педагог. Жақсы мұғалімнің талабы оқушыға қорқыныш туғызбайды. Жақсы мұғалім сабақ кезінде оқытады, ал Зорлықшыл барлық сабағын емтиханға айналдырады. Үйге тапсырмаға бірнеше тарауды бір-ақ беруге қүмар. Оның негізгі әдісі - қорқыту, өш алу.
Зорлықшылдың сабағынан кластың жартысы тапсыра алмай жүреді. Сондықтан баланың осыдан басқа сабаққа дайындалуға уақыты жоқ. Тіпті ата-анасы, туыстары болып жабылып, репетитор тауып оқытып жатса да, көңілінен шыға алмайды. Өзі оқытуға тиісті сабағын репетитордың мойнына жүктеп, оқытушыдан - тексерушіге айналған. Зорлықшылдың сабағын білу көнбістердің сабағын білмеудің есебінен орындалады.
* * *
Бірінші класқа баласын әкелген ата-аналар қай мұғалімнің жақсы екенін біле алмай, бір-бірінен пікір сұрасып жатты. Көпшілігінің аузында тақ-тақ етіп сөйлейтін бір пысық мұғалім мақталады.
- Бұл кісі қалай оқытады екен?- деп едік, баласы жоғары кластағы бір тәжірибелі әйел:
- О, ол, жақсы мұғалім,- деді.- Айқайлап жібергенде, балалар су сепкендей басылады, білдіріп шығады.
Жұрттың көпшілігінің ықыласы осы мұғалімге қарай ауысты. Тезірек тізімге ілігіп қалғысы келіп, жапа-тармағай жазыла бастады. Өзім неге екенін қайдам, кіп-кішкентай баламды аяп кеттім де, қарапайым мұғалімге бере салдым.
«Учительская газетадан» оқыған мына бір әңгіме еске түсті:
Сабақ үстінде артқы партадағы бір бала козғалып, тыныш отырмайды. Біресе қаламы түсіп кетеді, біресе өзі құлап қала жаздайды. Мазасыз екен, жуық арада сабасына түсе алмайды. Тексеруге келген кісі: «Бұл балаға мұғалімі не істер екен?»- деп, қызыға күтіп отырады. (Біз болсақ, не істейтініміз белгілі ғой).
Бір аздан соң мұғалім сабақ айтып жүріп, артқы партадағы тентектің қасына келіпті. Тексеруші құлағынан тарта ма екен деп күтіп отырады. Жоқ, кластағы оқушылардың назары тақтаға ауған кезде алақанымен баланың басынан сипапты.
Баламның ұстазы осы мұғалім болсашы...
* * *
Бір класқа тарих сабағынан жаңадан ағай келіпті. Өңшең апайдың ішінде ағайы болғанға ер балалар қуанған шығар деп: «Ағай жақсы кісі ме екен? Сабағы қызық болды ма?» - деп сұрадым. Бала:
- Әлі көреміз ғой...- деп күмілжіп қалды.- Қайдам, ағайдың қолы қатты болады ғой. Құлағыңнан тартса, ауыртатын шығар...
Баланың құлағына көзім түсіп еді, шап беріп ұстап алуға ыңғайлы, қалқақтау екен. Бір-бірімізді ұққандай үнсіз қалдық.
- Мұғалімнің жұмысы қиын ғой,- деді бір студент.- Жүйкені тоздырады.
Расында, кей мұғалімдер бастығына айта алмаған ашуын, отбасындағы ренішін, қоғамға наразылығын класқа әкеліп төгеді. Жасы үлкен адамның алдында қорғану қабілеті әлсіз балаларымыз бәрін көтереді, енді қайтеді. Өзінің жүйкесі тозған мұғалім, оқушының жүйкесін ауру қылады. Жүйкесі ауыратын, ішуді тәуір көретін мұғалімді бала оқытуға жолатуға болмайтынын ескеріп жатқан жоқпыз.
Еске сала кетейік, Америкада балаға «ақымақсың»,- деп айтқаны үшін-ақ жауапқа тартылуы мүмкін.
А.Б. Добровичтің «Тәрбиешіге психология және қарым-қатынастың психотехникасы туралы (Просвещение, 1987) деген кітабының «Өзіңе қара» деген тарауында айтыпты:
«Өзіңді оқушылардың қалай қабылдайтынын білу үшін, бетіңді қырынан көре алатындай етіп, екі айнаны алдыңа қой да, әдеміленуге тырыспай, аузыңды сөйлегендей қимылдатып, кластағыдай арқаңды бүкірейтіп қарашы. Өзіңе-өзің ұнайсың ба? Енді осы түріңді күнде көретін балаларға қалай әсер ететініңді байқаған шығарсың».
* * *
Мұғалімнің сөзі:
- Мұғалім қатал болмасын дейік. Ал менің бір оқушым бар. Байдың баласы. Үйін көрсеңіз, не жоқ дейсіз. Әке-шешесі үп-үлкен қызметте істейді. Ал әлгі бала... мектепке мыжырайып қалған қисық қасық әкеліп, сонымен тамақ ішіп отырады. Қасындағы баланың тамағын тартып, өз тәрелкесіне салып алады. Аш дейін десең, үйіндегі жағдайы анандай. Балалардың көзінше талай ұрсып, ұялттым. Артынша тағы қайталайды. Үйіне хат жазып жібердім. Өзгеріс жоқ. Ал! Мен енді осы балаға" не істеуім керек?! Айта қойыңызшы, не істеуім керек!
Ызадан құлағына дейін қызарып кеткен мұғалімнің көздері тым жігерлі екен. Бұл кісінің жүріс-тұрысынан, даусынан өктемдеу мінезі байқалушы еді. Қазір де балаға көмектесейін деп ақылдасқысы келген емес, өзін мақұлдатқысы келген сыңайы бар. Тәрбие құралы «жазалау мен ұялту» болған апайдың барлық айласы таусылса керек.
- Сонда бұл баланың бір дұрыс ісі жоқ па?- дедік, тым батыл көздеріне сақтана қарап.
- Кейде кластың еденін әп-әдемі жуатыны бар. Но, енді адам сенбейтін қылықтарын көрсеңіз... Асханада басқа мұғалімдердің алдында жер боламын!
Ел алдында беделін түсірген баланы жүн болса, түтіп-түтіп лақтырып жіберетіндей, қолын сермеп, қызып кетті.
Жиналыс бітті. Әркім өз ойымен. Баланы емес, өзін аяйтын мұғалім «тентек баланы» жазалаудың тағы бір түрін ойлап таба жатар. Бірақ тентектіктің балаға деген мейірімнің аздығынан, жанын түсінбеуден шығатынын біле алмас-ау.
Сол тентек баланың шын тілегі не екен? Мүмкін үйінде еркелеп өскен бала мектепте елеулі бола алмағандықтан, көзге түскісі келетін шығар.
Бір қабілетін байқап, мақтаса, тіпті балалар арасында ұйымдастырушының рөліне қойып көрсе. Болмаса, үйіндегі ересектер өзімшіл болса, үйдегі әміршілдіктен мектепке келгенде құтылып, өзіне-өзі көңілі толмаудың өтемін қайтарғысы келе ме? Әйтеуір апайына, балаларға:
- Мені көрші, маған назар аударшы! Мен жаман бала емеспін. Жылылыққа зәрумін. Жанымды ұқшы...- деп тұрғандай. Жаңа ғана гүлін ашқан бүршіктей қызықтырғысы келеді. Қазіргі жаста жан-жүрегі жылылыққа бағытталған. Осы кезде жылу ала алмаса, енді екі-үш жылда айналасына көңілі суыған бала тұйық та ызақор жігітке айналмақ.
Алтын дейтін бір студентім:
- Мені соңғы кезде бір нәрсе қатты қинап жүр,- деді.- Ағайын кісілермен бір үйде тұрушы едім. Жеңгей өзі мұғалім, тиіп-қағып күн бермейді. Ақшасын да ай сайын дұрыс төлеп тұрамын. Үйдегі шамам келген тірліктен аянбаймын. Менің өзіммен-өзім жүргенімді жақтырмай ма, білмеймін, кейде әңгімеден қашып, қонуға ғана келсем де, соның өзінен бірдеме тауып, қасындағы қыздарға жамандайды. Өзіме: «Сөзіңді дұрыстап айта алмайсың, «мыжықсың»,- деп намысыма тиеді. Табанда жауап қайтарып, бетіне айтып тастайын десем, шынында, ештеңе тауып айта алмай қаламын. Жеңгеммен үндемей ұрысып қажитын болдым. Қанша дайындалсам да, наразылығымды қорқақтап айта алмаймын. Осы мінезіме өзімнің жыным келеді. Бұл жасықтығым неден?- деді.
- Ата-ананның біреуі қатал болып, тұқыртып ұстаса, жасқаншақ боласың.
Шәкіртім ойланып қалды.
- Жоқ, шешем - қой аузынан шөп алмайтын кісі. Әкем сәл қаталдау, бірақ басқа балалардан гөрі мені кішкентайым деп еркелетіп ұстаушы еді.
- Онда, өзің де мұғалімсің ғой, мектептегі әміршілдіктен болар.
- Ол рас...
Қызым көпке дейін үндемеді.
- Енді не істеймін? Жеңгемді қайтсем екен.
- Үйде адам жоқта бір жастықты ал да, үстіне жеңгеңнің жаман шүберегін жауып қойып, таяқпен тарсылдатып ұр. Бар ашуыңды айқайлап айтып, ішіңді босат,- дедім.
Бұл ұсынысты күтпеген Алтын ішегі түйілгенше құлады. Құлап жатып сөйлеп жатыр:
- Ойбай, менен ол да шықпайды, айқайлап ұрса да алмаймын ғой. Жынданып жатқанымда, жеңгем кіріп келсе қайтемін?
- Ол қолыңнан келмесе, жеңгең туралы не ойлайтыныңды жасырмай хатқа жаз. Әбден айтарың таусылған соң, жатып ұйықта. Ертеңіне жыртып таста.
- Мынауыңыз қолдан келеді екен.
Алтынның көңілі көтеріліп, кеш бойы күлумен болды. Біраздан соң: «Сізге бірдеме айтайын ба? Жеңгеме ашуым тарап кетті»,- деді.