
- •Жаным садаға Жанның «Мен»-і таланттар
- •Күтпеген оқиға
- •Сендім саған
- •Қатал мұғалім - жақсы мұғалім бе?
- •Жасөспірім өмірін неге қиды?
- •Қаны қарайған адамдар
- •Баланың жан дүниесі
- •Мінезді өзгертуге болмайды
- •Хан талапай
- •Бірінші сабақ бәрінен қиын
- •Жаным садаға
- •Пікірлестер мен қарсыластар
- •Баланың әңгімесі
АЛМА
ҚЫРАУБАЙҚЫЗЫ
ТӨРТІНШІ ТОМ
Деректі көркем әңгімелер мен мақалалар
АСТАНА
2008
Редакциялық алқа:
Т. Кәкішев, Ж. Тілепов, С. Негимов,
Ө. Әбдиманұлы, А. Қыраубаев
Қыраубайқызы Алма. Бес томдық шығармалар жинағы. – 4-том: Деректі көркем әңгімелер мен мақалалар / Томды баспаға әзірлегендер: Н. Мәтбек, Г. Асқарова. - Астана: .......... , 2007. - 358 б.
Жинаққа қазақтың көрнекті ғалымы, ұлағатты ұстаз Алма Қыраубайқызының тәрбие тақырыбына жазылған шығармалары енгізілді. Өмірден мезгілсіз өткен педагог-ғалымның кезінде қалың оқырманының көзайымына айналған «Жаным садаға» аталатын кітабымен қатар, кейбір жарияланбаған шығармаларының толық нұсқасы беріліп отыр. «Ұлттық мектеп: тәжірибе» деп аталатын туындысында мектептің бүкіл тыныс-тіршілігі халықтық тәрбие мен ұлттық рухқа негізделуі керектігі айтылады. Оны нақты іске асырудың жолдары айқындалады. Бағдарлама жобасы беріледі. Кезінде республика жұртшылығына кеңінен тарап, мектептердің қызығушылығын тудырған, автордың 1993-96 жылдары өзі ашқан мектептің тәжірибесі баяндалады. Ізденісі, жетістіктері мен өкініштері, нәтижелері туралы ұстаз жазбаларының мектептің мазмұнын ұлттық тәрбиемен байытуды ойластырып жатқан ұжымдарға пайдасын тигізері анық. Автордың бұл ойлары ұлттық мектептің моделін жасау жөніндегі көзқарасы болып табылады. «Көкбөрі» кітапшасында қазақтың ежелгі дүниесі әңгіме болады. Өткен тарихы, ділі, діні, көркем әдебиетте, аңыз-әпсанада сақталып қалған елдік сезімі, ұлттық мұраты баяндалады. Кішкентай бүлдіршіндеріміз оны біліп өсуі қажет. Тәрбие кілті – ата-аналарында. Сондықтан қадірлі ата-аналарға да арналады бұл кітап. Мақсаты - жас жеткіншектеріміздің ұлттық санасын оятуға жәрдемдесу. Мәңгүрттікке жол бермеу.
Жаным садаға Жанның «Мен»-і таланттар
Алдымда томпиып-томпиып отырған мынау 25 баланың әрқайсысының бойында бұққан таланттар жатуы сөзсіз. Суыртпақтап тарта бастасаң, қиғаштай туған жаңа айды көргендей ұлы қуанышқа батасың. Бұлардың ішінде тіпті талантсызы жоқ, бір қызығы, филолог боламын деп келіп отырған кейбірінің таланты - шаруашылықта, саудада. Аудиторияда өзін сенімді сезіне алмайтын шаруақорды сенбілікте көрсең. Әрбір істеген ісі орнына келіп, елеусіз ғана балаларды басқарып кетеді. Олар үшін бес жыл уақытын жіберген филологтің дипломы күнкөріс кепілі ғана болып қалады. Нағыз жан рақатын сабақтан басқа жерден, мысалы, шаруамен айналысқанда табады.
Өзінің ашық мінезіне, қысылмай сөйлей алатынына қарап, «әдебиетші болу үшін туғанмын» деп есептеп қойған бала бар. Ол қандай тақырыпқа болсын сөйлей кетуге дайын. Бірақ сөзі жаттанды болып шығады, тіпті күлкі туғызады. Бұл студенттің бойындағы тамаша таланты - ойындағысын жасқанбай айта алушылығын өшіріп алмасақ, кәнеки.
Тұйық баланың табиғаты тіпті қызық. Ылғи да партаның ең соңғысына жайғасатын Ғаниді сөйлетпек түгіл, оқыс түртіп қалып, селк өткізу де мүмкін емес сияқты. Оның өзінде біраздан кейін ғана мойнын бұратын шығар. Жұрт дуылдап күліп жатқанда, білінер-білінбес жымиғанының өзіне ұялғандай, сабырлы қалпынан бір ажырамайды. Емтиханда болмаса, даусының қандай екенін ешкім білмейді. Сынақ кітапшасындағы бағалары орташа ғана. Бірақ өзіме осы баланың көзінде тұнған ой жатқандай көрінеді. Кейде бір туып кеткен шабытты сөздерімді соған қарап айтамын. Ондай кезде партаның арт жағынан морзе шамындай жарқ етіп бір қарап қояды. Ішінде қызулы шоқ бар екенін содан сездіреді. Қызықты пікір алмасу болса, байқамай, басын көтеріп: «Ол былай ғой»,- деп қалады. Сондайда әуе толқынынан S0S-ты тапқан радиоқабылдағыштай, аузынан шыққан сөзді қағып алып, құлақ түремін. Бір қуанышты оқиғаны күткендейміз. Ал содан кейін Ғани айтқан сөздерді тыңдауға құлақ керек. Тек асықтырма, ойланып айтатын сараңдығына шыдау керек. Бірақ аузынан шыққан әрбір ойы қандай салмақты! Әйтеуір сөйлеу үшін айтыла салған жеңіл-желпісі жоқ. Өзі сенгенді ғана айтады және ол пікірден қайтпайды.
Оқу жылымызды бітіргеннен кейін сол бала көпке дейін көзіме түспей кетті. Бір күні қарсы беттегі аудиториядан әлгі Ғани шығып келе жатыр.
- Мен баяғы Желтоқсан оқиғасына қатысып едім ғой. Ол үшін оқудан шығарып жіберген. Биыл ақталып келіп тұрғаным, - дейді басын сипап. Жай ғана ауылға барып келгенін хабарлағандай жымиып.
Күтпеген оқиға
Милициядан кейінгі өмірі күтпеген оқиғаға толы адамдар - мұғалімдер болар.
Бір талапты студент болды. Аты - Байсал. Өзі қадірлі адамның ұрпағы екен. Кейде атақты кісінің атын алып жүре алмайтын бала да болады ғой. Байсал ондай емес. Көзілдірігін түзеп қойып, ауыздан шыққан сөзді қағып алып, қарсы алдыңда отырады. Көзілдірік киюінің өзі «жұрт екі есе көрсе, мен төрт есе көрейінші, білімнің тереңі қандай екен?» - дегендей әсер етеді. Қойған сұрағы, айтқан пікірі ерекше.
Көп ұзамай қысқы емтиханды тапсыру басталды. Жақсы оқитын студенттің алдымен кіретін әдеті бар. Байсал да билет алып, дайындалуға кірісті. Бірақ түрінен бір қобалжу байқалады. Маңдайын жиырып, мазасызданып, билетке үңіліп қарайды да, екі қолымен басын ұстап қиналады. Байсалдың бұл отырысы таңғалдырды. Билеттің ішінде түсініксіз сұрақ жоқ еді. Бұл сияқты дайындықта жүрген студентке қиын болуы мүмкін емес.
Жауап бере бастады. Бұрын да лоторея ойнатқандай қылып қоятын осы емтиханнан бүгін тіпті көңілім қалды. Мынау алдымда отырған Байсал екі сөздің басын құрап айта алмайды. Оп-оңай нәрсені есіне түсіре алмайды. Ісіңкі бет-аузына қарап, танымайтын адам болса, мас деп ойлап қалуы да мүмкін. Әрі-бері сөйлетіп көріп, ештеңе шықпайтынына көзім жетті.
«Жоқ, бұл бала мен білетін Байсал емес!». Түнде өзін жұмбақ әлемге ұрлап әкетіп, бүгін орнына ұқсас біреуді жібере салған сияқты. Бетіне бажайлап қарасам, мас. Ұйқыдан мас екен. Өзінен-өзі қашып кеткісі келгендей, «білмеймін, апай, білмеймін...» - деп, төмен қарай береді. Сұрағы да оңай екен, бірдеме қиыстырып айтуға болатын.
- Өзің бүгін ұйықтадың ба?
- Жоқ, ұйықтағаным жоқ. Жатақханаға барып, таңғы жетіге дейін дайындалдық. Жауабым ойдағыдай болмай қала ма деп, оқи бердім.
- Қалай шыдадың! («Шырағым-ау», - дей жаздап барып, сөзімді әзер ұстап қалдым). Сөйтуге бола ма екен?
- Кофе қайнатып іше бердім, іше бердім. Оқып отырғанда, бәрін ұққан сияқты едім, қазір не болғанын білмеймін.
- Қазір үйіңе жет те, жатып ұйықта. Екінші, емтиханға дайындалмасаң да, ұйқыңды қандырып келіп жүр.
Студентім орнынан тұрып жатып: «Екі» алдым ба?- дегендей, көзінің қиығымен тізімге қарады.
Айтпақшы, бұл балаға не қоюым керек? Жауап бермеген адамның бағасы - «екі». Басқа дайындалып отырған студенттер де «Не болар екен?» - дегендей, тым-тырыс бола қалыпты. Не бір жауап бермейтін нашар оқушы болушы еді, жауап бере алмаған жақсы студентті көргенім осы.
Бір сәттен соң: «Бара ғой, «бес» қойдым»,- дедім Байсалға. Демін ішіне тартып отырған курстастары да тынышталып, өз тіршілігіне кірісіп кетті. Қолдағаны содан сезілді.
Байсал болса, жанкешті еңбегінің қайтқанына қуанып, көзі жайнап:
- Мен ертең келіп, қайта айтып беремін. Кез-келген сұраққа дайынмын,- деді.
Байсалдың қан құрамын тексерсе, құдай біледі, А(ІІ) тобына жататын шығар. Жан жүйесін зерттеушілер осы топтағы адамдардың өз ісіне аса жауапкершілікпен қарайтынын, қолға алған тірлігін тиянақты орындауға тырысатынын айтады. Олардың «иә» деген келісімінің өзі кепілдік берумен бірдей дейді. Табиғаты осындай адамға әділдік үшін нашар баға қойылса, оның бүкіл психикасына сұмдық салмақ түскен болар еді. Жаны таза бала бұл жағдайды қайғыдай қабылдауы мүмкін, ал оның арғы жағы қандай нәтижеге әкеледі?
Осы оқиғадан кейін емтихан алдында студенттерге уақытты дұрыс пайдалану жөнінде ұсыныстар айтып, жауапты істің алдында ұйқыны қандырудың жарты жеңіс екенін ескертетін болдық.
Екінші бір күтпеген жағдай мынау еді:
Екінші курстағы талқылау сабағы сегізде басталатын. Аудиторияның есігін ашсам, тым-тырыс. Улап-шулап отыратын студенттер басын партаның үстіне салып томпиып-томпиып жатыр. Ұйқыға кеткен.
Мұғалім кірген соң, сергектеуі бастарын көтеріп, бірін-бірі түртіп оята бастады. Көзін ашқанымен, сабақ тыңдауға шамалары жоғы белгілі болды.
- Ал... жағдайды түсіндіріңдер.
- Курстасымыздың үйлену тойына барып едік, колхоздан таң ата шығып, жаңа ғана келіп түстік. Ұйықтағанымыз жоқ.
«Сабақ кезінде неге үйленесің?» - деп күйеуге шыққан қызға ұрсарымды, не «курстасыңның тойына неге барасың?- деп қалғанына айтарымды білмей, тұрып қалдым. Жартылай ұйқыдағы адамдар дымды түсінетін түрі жоқ. Ең оңайы - есікті сарт ұрып, бастықтарға барып, шағым айту. Олардың қолында «жатақхана, стипендия» деген күш бар.
Екі оттың ортасында тұрғанда, Гауһардың даусы шықты.
- Баяндамамды дайын қылып әкеліп едім, мүмкін мені тыңдарсыз.
Сонымен Гауһар екеуміз баяндама талдауға кірістік. Жауапкершілікті ойлағаннан ба, тың екен.
Тексеруші келсе, оңдырмасы анық. Абырой бергенде, бұдан кейін сабақ жоқ болып шықты. Әрқайсысы өз бетінше орындауға тапсырма алып, бір сабақ ұйықтаған соң, үйіне қайтты.
Осы екі оқиға студенттер өміріндегі күтпеген жағдайға таңғалмауға сабақ болды.