
- •- Модуль
- •Қазіргі қоғамда адам құқықтары орнымен қорғалуда ма? Қалай ойлайсыз?
- •Біздің мемлекетімізде адам құқықтарын қорғауға арналған қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
- •«Тілдер туралы заңы»
- •Әлеуметтік зейнетақы ұйымдары
- •Қазыбектің қалмақ еліне елшілікке баруы
- •Бақытты болу шарт па?
- •Білім жарысы
- •Өсиет сөз
- •Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты
- •Отаншылдық
- •Не істеу керек?
- •Тәуелсіз елдің өнерпаздары
- •Жастарға сенім арту ...
- •Жастардан талап етілетін ерекше қасиеттер ...
- •Жастарға арналған үндеу ...
- •Бақша ағаштары
- •Тарихыңды таны
- •Ғылым мен техника
- •Сауалнама
- •Қазақ елінің ұлттық байлықтары
- •Рухани, мәдени және материалдық, қоғамдық игіліктердің ерекшеліктері мен арақатынасы туралы не айта аласыз?
- •Маман ретінде қоғамдық игілікке қандай үлес қосар едіңіз?
- •2.Наурыз мейрамындағы қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, алтыбақан, ақсүйек ойындары туралы әңгімелеңіз.
- •Жастар және
- •Жастар және әлемдік бәсеке
- •Экономика туралы
- •Құнды қағаздар
- •Қаржыландыру
- •Нарықтық экономикадағы бәсеке
- •Бухгалтерлік есеп
- •Банк қызметі
- •Биржалық сауда
- •Заман және нарық
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мазмұны
Өсиет сөз
Ей, перзентім, тамақтан аш қалсаң да, ақыл – парасатқа тоқ бол! Адамдарға дөрекілік жасама. Ойпыл-тойпыл сөйлеуден сақтанып, тіліңді тыйып ұста. Сонда ғана сен әр қилы қырсықтардан аулақ боласың. Адамдар бойында жоқ және болып көрмеген қасиеттерді сенде бар деп мақтаса, ондай мақтауға сеніп, мардымсыма.
Ей, перзентім, шынайы ілімге ынтық бол! Өз айтқанынан қайтпайтын бір мойын болмай, өзгелердің де айтқанына мән беріп, құлақ сал.
Ей, перзентім, сырын білмей тұрып, бір көрген кісіге көңіліңді жайып салма. Өз қадір-қасиетін білмейтін кісілерден жақсылық күтпе. Күн шыққанша ұйықтап жатып алма.
Орынсыз күле берме. Жасы үлкен және егде кісілердің алдына түсіп жүрме. Сөйлесіп отырғандардың сөзіне орта жолдан килігіп сөзін бөлме. Қонақтың алдында бәз біреуге кіжініп, ренішіңді айтпа. Басыңды салбыратып отырма!
Адамзаттың ең абзал қасиеттерінің бірі – сөз, сөйлей білу. Бұл жағдайды жете түсін де, жақсы сөйлей білуге үйрен. Сыпайы, анық сөйлеуді әдет қылғайсың. Ей, перзентім, сөздің оңы мен терісіне, өңі мен астарына айрықша мән беріп, мағыналы етіп сөйлеу үшін әрекет істе. Шешен кемеңгердің кеңесінде болып, сөзді сөйлей білудің өнерін үйрен. Қай кезде болсын шешендік өнерінің шегінен шықпа. Аузыңнан шыққан сөзің тыңдаушыға, тыңдаушының жүрегіне қонымды, жеңіл болсын. Сөз үйренуден жиренбе. (Қабуснама кітабынанан)
Түсініктеме!
ойпыл-тойпыл сөйлеу – аузына келген жаман сөздер айту, дөрекі сөйлеу;
әр қилы – сан алуан, әр түрлі;
мардымсыма – мақтанба, көкірек болма;
ілім – білім, ақыл;
бір мойын болмау – қырсық болмау, өз айтқанынан қайтпау;
жайып салма – ашық айтпа, сырыңды айтпа;
егде кісілер – жасы ұлғайған, үлкен кісілер;
килігу – кірісіп кету, қосылып кету;
кіжіну – біреуге ала көзбен қарау, жек көре, кектене қарау;
салбырата – басты төмен салып, төмен қарап отырмау;
1-тапсырма. Мәтінді басқа сөздермен толықтырыңыз.
Қандай жағдайда болмасын адам өзін (..........) жөн. Ашу үстінде айтылған сөз әрқашан (.........) бола бермейді. Сондықтан біреумен ренжісіп қалсаңыз, бірден (.............) пікір айтпағаныңыз жөн. Әдепті адамның (.......) да биік. Адам өзін (.............) үшін алдымен сыпайылық керек. Әдептілік дегеніміз – адамның өзінің сөзіне, ісіне (.........) білуі. Қай жерде не айтып, неге араласудың (.......) білу
Қажетті сөздер: ұстай білгені, өзіне өзі мықты, бекем болғаны, сабырлы, салмақты, әділ, дұрыс, жүректен шыққандай, үзілді-кесілді, орынсыз, жөнсіз,талғамы, таңдауы, пікірі, ақылы, әдепті ұстай білуі, өзін кішіпейіл, қарапайым, есеп бере, ақылмен қарай, пайымдылықпен қарай, шегін, дұрыстығын, керектігін.
Пікірлесейік!
Мәтіндегі өсиетке қазіргі жастар қалай қарайды? Бұл өсиет - ежелгі заманның бағасы. Қазіргі заманғы жастардың адамгершілік, ізгілік қасиет дегенге пікірі қандай?
2-тапсырма. Мәтіндегі мына сөздерді пайдалана отырып, өз досыңыздың шынайы бет-бейнесін жасаңыз.
Ақыл-парасатқа тоқ, тілін тыйып ұстау, қырсықтан аулақ болу, мақтауға мардымсыма, өз айтқанынан қайтпайтын бір мойын, өз қадір қасиетін білу, біреулердің сөзіне орта жолдан килікпеу, күн шыққанша ұйықтап жатып алмау, біреуге кіжініп сөйлемеу.
Менің досым ...................................................................................................
..........................................................................................................................
Мінезі .............................................................................................................
..........................................................................................................................
Бойындағы жағымды қасиеттер ...................................................................
......................................................................................................................... .
3-тапсырма. Кестені пайдалана отырып, сөйлем құраңыз
Бағыныңқы |
Басыңқы |
Сабақтас құрмалас сөйлем |
Ойыңдағы арман-сырыңды анаңнан жасырма... |
Ол саған барлық жан дүниесімен ақыл-кеңес береді. |
|
Өз қадір-қасиетін білмейтін адамдардан сақ бол.... |
Өзіңді ондай адамдардан аулақ ұста. |
|
Адам өзін сыйла... |
Өзгені де сылауға дайын тұрады. |
|
Адам бойындағы үйреншікті міні мін болып көрінбе .... |
Өз үйіндегі кемшіліктер кемшілік болып көрінбейді. |
|
Қонақтың алдында біреуге кіжін.... |
Өкпе-назыңды айтушы болма. |
|
4-тапсырма. Мәтінге пікір айтыңыз.
Дананың айтқан сөзінің қайсысы сізге көбірек ой салды?
Қазіргі заман жастарының ұстанымы қандай?
« Өз қадір-қасиетін білмеу» дегенді қалай түсінесіз?
Адамды азамат ретінде қалыптастыру үшін қандай қасиеттер керек деп
ойлайсыз?
5-тапсырма. Даналардың кітап туралы айтқан пікірлеріне өз ойыңызды жазыңыз.
Білім – біздің шырағымыз. Кітап – біздің ұстазымыз. (В.Маяковский)
Білімге құмартып, кітапты бар жан-дүниеңмен сүйіңдер! Ол сенің ең жақсы досың ғана емес, өміріңнің ақырына дейін сенімді серігің. (М. Шолохов)
2-сабақ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СЫЙЛЫҚТЫҢ ЛАУРЕАТТАРЫ
Мәтінді оқыңыз.
Қазақ ғалымдарының жетістіктеріне өзге мемлекеттердің оқымыстылары бағалап қана қоймай, мәртебелі сыйлықтарын беріп жатады. Соның бірі – дүние жүзіндегі 50-ден астам мемлекеттің өкілі қатысып шешетін «Кәсібім – өмірім» атты сыйлық Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің зоология кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының докторы, профессор Нұркен Мырзахметұлына берілді. Оныншы мәрте атанып отырған бұл сыйлыққа әлемнің 374 оқымыстысы ұсынылыпты.
Қазақстанның бірінші ханымы Сара Назарбаева «Асыл жүрек» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Бірқатар қазақстандық жазушылар Фадеев сыйлығының лауреаттары саналады екен. Александр Фадеев атындағы Халықаралық әдеби сыйлық әскери-тарихи тақырыптарды арқау еткен шығармаларды тудырған авторларға беріледі. А.Фадеев атындағы әдеби сыйлыққа ие болған қазақстандық жазушылар мыналар:
Әбдіжәміл Нұрпейісов – «Қан мен тер» романы үшін (1982 жыл);
Есет Әукебаев – «Бірлік бәйтерегі» атты өлеңдер жинағы үшін (1983 жыл);
Жұбан Молдағалиев – «Махаббат үні» жыр жинағы үшін (1984 жыл);
Әзілхан Нұршайықов – әскери-патриоттық әдебиетті дамытуға қосқан үлесі үшін (1987 жыл);
Леонид Кривощеков – «Соғыс батысқа қарай кетіп барады» атты романы үшін (1990жыл);
Қасым Қайсенов – соғыс тақырыбына жазылған шығармалары үшін (2002 жыл);
Тұрсынай Оразбаева – «Огни моей мечты» өлеңдер жинағы үшін (2002 жыл);
Ерсінбек Қойбағарұлы – «Сыйлық» хикаяты үшін (2006 жыл).
Түсініктеме!
өкіл – белгілі бір елдің, ұйымның мүддесін білдіретін, оны жүзеге асыратын ресми адам;
мәрте – рет, қайтара;
үлес – сыбаға, тиесілі; бір нәрсені әркімге тарату, бөліп беру;
ұсыну – белгілі бір атаққа, марапатқа, лауазымды орынға қолайлы деп табу, ұйғару;
арқау ету – негіз, жүйе, желі;
1-тапсырма. Әр түрлі сала бойынша халықаралық сыйлықтың лауреаты атанған тұлғалар туралы ой бөлісіңіз.
2-тапсырма. Ұлы адамдардың айтқан өсиет сөздерін талдаңыз .
«Адам не істесе де белгілі мақсатпен істейді... іске қол ұрғызатын да, оның бітуіне шабыт, жігер беретін де сол мақсат» М. Қаратаев
«Адамда нағыз адам болудан басқа мақсат болуы мүмкін емес» Л.Шеффер
«Белгілі мақсат қоймаса, ақылдың өзі ада болады» М.Монтень
«Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады» Б.Момышұлы
«Әркім өзі талпынбақ, Басына бітер бағы үшін» Ақтамберді жырау.
3-тапсырма. Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері туралы эссе жазыңыз.
Үйге тапсырма:
Өнер саласы бойынша халықаралық сыйлықтың лауреаттары атанған тұлғалар туралы тұсаукесер жасаңыз.
3-сабақ. ҰЛЫҚ АДАМ – ҚЫЗЫҚ АДАМ
Мәтінді оқыңыз.
…Шәкен аға кабинетінде отырмыз. Ол кісінің «Алдаркөсе» фильмінде өзі Алдаркөсе болып ойнауы тегін емес-ау деп ойлаймын. Себебі, ол өмірде де әзіл-қалжыңсыз жүрмейтін.
– «Жамбыл» фильмін түсіріп жатқанбыз, – деді Шәкен. – Қаскелең ауданындағы Қарақыстақ, өзге де жерлерге барып түсіреміз. Режиссері Дзиган, оператор, Большаковтар зайыптарымен бірге жүрді. Қой сойып, қымыз сапырып, алыстан келген қонаққа қалбалаң қағатын қазақ емеспіз бе? Бір күні Большаков:
– Шәкен Кенжетаевич, Ленинградқа келгенде мықтап тұрып қонаққа шақырамын! – деп қалды.
– Шәке, осы сөзін ұмытпаңыз, – деп екінші режиссер Мәжит Бегалин көзін қысып қойды.
… Арада апталар өте бастады. Бір күні кино түсірушілер тобы Ленинградқа келді. Арада біраз күн өтсе де Большаков былқ етпейді. – Шәкен аға, мыналар «Шық бермес Шығайбай-ау» деймін, – деді Мәжит көңілі қалғанын сездіріп. Шәкен үн қатқан жоқ. Тек қайтуға екі күн қалғанда Большаков:
– Шәкен Кенжетаевич, Мәжит екеуіңіз қонақ болып кетіңіз, – деді.
– Сіздің үйде ғой?
– Жоқ, үйде ремонт еді, – деп, сырғытпаға салды.
– Е, ресторанда шығар онда…
– Жоқ, онда да емес. Сіздің бөлмеге жапсарлас номер босайды. Сонда, – деді. Сөйтсек, оның «Астория» мейманханасына іргелес бөлмесі болып шықты. – Сағат кешкі бестен кешікпеңіздер, – деп ескертті Шәкен мен Мәжитке. – Сендер бара беріңдер, мен кештеу келемін, – деді де сырт айналды Шәкен. Мәжиттер айтқан мезгілінде келіп, Большаковтың «шашбауын» көтерісіп, мәре-сәре болып отырған. Большаков сағатына қарап:
– Оһо, сағат жеті болып қалды. Шәкен Кенжетаевич әлі жоқ қой, қайда жүр? – деп қалды.
– Сізге сыйлық іздеп кеткен болатын, – деді Мәжит қуақылана жымиып. – Қап-ай, бекер әуре болған… – Бір кезде есік тықылдады. Шәкең екен. – Туған күніңізбен, – деп Шәкен қағазға оралған фарфор мүсінді ұсынды.
– Бекер әуре болғансың! – деді Большаков.
– Е, сен секілді мықтыға құр қол келген болмас.
…Олар әзіл-қалжыңдары жарасып, ұзақ отырды да, түн ортасы ауа бөлмелеріне тарасты.
Ертеңіне таңертең үй сыпырушы келіп:
– Әу, мына жерде тұрған фарфор мүсін қайда? – деді Шәкенге.
– Көрші бөлмеден сұраңыз, – деді де, Шәкен жата берді.
Көрші бөлменің қоңырауын шылдырлата кірген әйел ашу шақырып, тумбочканың үстіндегі фарфор мүсінді алды да:
– Не деген ұятсызсыз. Мейманхананың дүниесін неге ұрлайсыз? – деді.
– Қалай дейсіз, беріңіз, бұл маған қазақтың ірі кинорежиссері әрі актері Шәкен Кенжетаевич сыйлаған сыйлық, – дейді Большаков та оған бадырая қадалып.
– Сіз сауатты адамсыз ғой, оқып көріңіз мынаны, – деді үй сыпырушы. Большаков жалма-жан фарфорлы мүсінді төңкеріп, тұғыр тұсынан «Астория» мейманханасы» деп бадырайып тұрған жазуларды оқыды да, сылқ етіп орнына отыра кетті. Бұл Шәкеннің бір қалжыңы.
* * *
… – Тағы бір қызықты айтып берейін, – деді Шәкен аға күлімсірей қарап. Оның маңдай терісі тарамдана, самай тұсынан жағына дейін жарыса жөнелген әжімдері тереңдей түсті.
Шәкен аға кабинетте отырған хатшы қызға «мыналарға телефон соғып, ертең сағат таңертеңгі онда Үкімет үйіне келсін деп хабарла», – деп тапсырады. Хатшы қыз айтқанын бұлжытпай орындайды. Ертеңіне Үкімет үйінің рұқсат қағаз беретін жеріне Қалибек, Құрманбек, Шара, Серке, Ғарифолла, Қанабек бастаған өнер қайраткерлері қаптап кетеді. Сағат онға он минут қалған шақта:
– Әу, мыналарың ертегі болып жүрмесін, рұқсат қағазын қашан береді, – деп таяғымен еденді бір нұқып қалды Серағаң сабырсызданып.
– Сіздерді ешкім шақырған жоқ, біреу жалған айтқан болар, – деді рұқсат қағаз беретін әйел.
– Ал керек болса! – деп әртістер қайран қалысты. Сонда барып манадан үнсіз тұрған халық әртісі Диордиев:
– Ха-ха-ха! Ішімізде кім жоқ, білесіңдер ме? Шәкен жоқ! Бұл соның ісі! Оның үстіне бүгін сәуірдің бірінші жұлдызы екенін ұмытпаңдар. Қане, тараңдар үйлеріңе, – дейді.
– Әй, Шәкен-ай, әй, Алдаркөсем-ай, сенің-ақ қалжыңың таусылмайды әйтеуір, – деп, Серағаң да таяғының ұшымен еденді және бір сырт еткізіп: – Қой үйімізге қайтайық, хи-хи-хи, – деп көзінен жас шыққанша күліпті. (http://akikatkaz.kz/)
Түсініктеме!
сапыру – сұйық затты, дәнді жоғарыдан төмен қарай бірнеше рет ағысу, төгу, құю;
қалбалаң – қалбалақтады, қалбаң-қалбаң етті, құрақ ұшты, жаны қалмады;
сырғытпа – созбалау, сырғытпаға салу;
жапсарлас – аралары жақын, қатарлас, шекаралас, іргелес;
іргелес – бірімен-бірі шектес, көршілес;
сырт айналу – теріс қарады, қашқалақтады;
мәре-сәре – мәз-мейрам, шат-шадыман;
қуақылана – қулану, қутың қағу;
бадырая – көзі үлкею, адыраю;
тұғыр тұсы – бір нәрсенің астына қойылған тірек, сүйеніш;
сылқ ету – әлсіреп құлап түсті;
тарамдана – бір нәрсенің бөлшектенген тармағы, саласы, бөлігі;
самай тұсы – бас сүйектің құлақ пен маңдай аралығындағы екі жақ бөлігі;
нұқып қалу – бір нәрсені қолмен, таяқпен түрту.
Ой талқы!
«Қазақ фильмдері мен қазақ киносының майталмандары»
1-тапсырма. Шәкен Айманов туралы не білесіз?
Ол түсірген фильмдер ...
Өзі түскен фильмдері ...
Ол туралы естеліктер ...
Шәкен және Қазақфильм киностудиясы ...
2-тапсырма. «Алдаркөсе» фильміндегі Шәкен мен шынай өмірдегі Шәкен бейнесін салыстырыңыз.
3-тапсырма. Берілген сөз тіркестердің мағынасын қалай түсінесіз?
«Шық бермес Шығайбай-ау» –
былқ етпеу –
көңілі қалу –
әуре болу –
мықты адам –
бұлжытпай орындау –
жалған айту –
1-сабақ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАР
Мәтінді оқып, талдаңыз
XX ғacыр соңғы он жылдығында халықаралық қатынастардағы жағдай түбегейлі өзгерді. 1980 жылдардың соңына дейін олардың басты сипатына әлемдік қауымдастықтың екі қарама-қарсы одаққа жіктелуі тән болды. Халықаралық қатынастар эволюциясы екі өзара байланысты процестердің елеулі әсеріне ұшырады, ол - капиталистік сипаттағы әлеуметтік қатынастарға негізделген әлемдік нарықтың бірлігін қалпына келтіру және жаһандану процесінің қарқынды дамуы. Нәтижесінде елдер мен халықтардың өзара тәуелділігі артуда, шешімін табу үшін халықаралық әріптестікті дамытуды талап ететін жалпы әлемдік, ғаламдық сипаттағы мәселелердің көбеюі орын алып отыр. Қазіргі халықаралық қатынастардың экономикалық негізі – әлемнің материалдық базасындағы елеулі өзгерістердің негізінде қалыптасушы жаңа әлемдік еңбек бөлінісі.
Жаһандану нәтижесінде өнеркәсібі дамыған елдер өздерінің экономикалық орталық ұстанымын нығайтуда, ал дамушы елдер одан тәуелді шет аймақ күйіне түсуде. Өнеркәсібі қарқынды дамыған елдер арасында АҚШ басым орын алуда, алайда Еуропалық Одақ онымен иық теңестіріп, кей жағдайларда одан басым түсіп отыр. Жапония бұрынғыдай үшінші келеді. 20-25 жылдан кейін Қытай әлемдік экономиканың бас алпауытына айналуы мүмкін. Үндістан да одан қалыспауда.
Осы кезде аймақтандырудың қарқынды процесі жүріп жатыр – Еуропада (Еуропалық Одақ), Азияда (АСЕАН және өзге де тар шеңбердегі құрылымдар), Африкада (Африкалық одақ), Солтүстік Америкада (НАФТА), Латын Америкасында (МЕРКОСУР, Анд тобы). Бұл аймақтық ұйымдар өз кезегінде халықаралық қатынастар сахнасының белсенді әрі ықпалды ойыншыларына айналуда. Қалыптасып келе жатқан әлемдік азаматтық қоғамның ұстанымдарын білдіретін үкіметтік емес ұйымдар Халықаралық қатынастар саласында елеулі ықпалды рөл атқаруда. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)
Түсініктеме!
түбегейлі – негізгі, түпкілікті; жан-жақты, ұқыпты, толық;
қауымдастық – қауымдасқан тірлік;
жіктелу – бөлу, саралау, талдау;
алпауыт – І керемет дәу, орасан зор; ІІ ірі жер иесі, феодал;
1-тапсырма. Сөйлемді мазмұнына қарай жалғастырыңыз
Халықаралық қатынастардағы жағдай өзгерді, ......................................... .
Әлемдік нарықтың бірлігін қалпына келтіру керек, .................................. .
Жаһандану процесінің қарқынды дамуда, ................................................. .
Халықаралық әріптестікті дамытуды талап ету қажет, ............................. .
Экономикалық орталық ұстанымын нығайту үшін, .................................. .
2-тапсырма. Асты сызылған сөздер мен сөз тіркестерінің тура және ауыспалы мағыналарын түсіндіріңіз.
халықаралық қатынастар сахнасы –
экономиканың бас алпауыты –
онымен иық теңестіріп –
ықпалды ойыншыларына айналу –
3-тапсырма. Бүгінгі Қазақстанның халықаралық қатынастары туралы материалды негізге ала отырып, эссе жазыңыз.
2-сабақ. ҚАЗАҚСТАН ДИПЛОМАТИЯСЫ
Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз
1992 жылғы қаңтардың ортасына қарай Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде әлемнің 30-дан астам мемлекеті таныды. Олардың арасында мынадай елдер болды: Түркия, АҚШ, Қытай, Иран, Пәкістан, Швейцария, Канада. Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші болып Түрік Республикасы таныды. Осының бәрі республикаға, оның азаматтарына және ел басшысының жүргізіп отырған салмақты да сындарлы саясатына, биік халықаралық беделіне көрсетілген құрмет еді. 1991 жылы тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан мемлекеттілігін құрудың қиын жолына түсті. Қысқа мерзім ішінде сыртқы саяси басымдықтар айқындалды. Республиканың сыртқы саясатының негізгі ұстанымына жақсы көршілік қатынас пен өзге мемлекеттің ішкі ісіне араласпау, тең құқылық, туындаған мәселелердің бәрін бейбіт жолмен шешуге ұмтылыс принциптері алынды.
Елге инвестиция тарту үшін Қазақстан ірі компаниялармен келіссөздер жүргізе бастады. Теңіз мұнай алабын шетел фирмаларымен бірлесіп барлау басталды, жаңа мұнай кеніштерін игеруге «Бритиш петролеум», «Бритиш Газ», «Эльф-Акитен», «Аджип» т. б. ірі компаниялар тартылды.
Аймақтық достастықтың жаңа түрлерін қарастыру тәуелсіз мемлекеттер басшыларын интеграцияның жаңа жолдарын іздеуге итермеледі. Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 1994 жылдың басында Еуразиялық мемлекеттер Одағын құру идеясын ұсынды. Сол жылы маусымда «Еуразиялық мемлекеттер Одағын құру туралы» жоба баспасөзде жарияланды. Бұл жаңа құрылым құжаттарда тең құқықты тәуелсіз мемлекеттер одағы ретінде анықталды. Оның қызметі әрбір қатысушы елдердін, ұлттық-мемлекеттік мүдделерін жүзеге асыруға бағытталатыны айқындалды. Одақтың мақсаты елдердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін, кеңестік кезеңнен кейінгі кеңістіктегі әлеуметтік-экономикалық жаңғырту процестерін ойдағыдай қамтамасыз ету деп жарияланды. Одақты ұйымдастыру барысында мұндай бірлестіктердің демократиялық принциптері қарастырылды. Қазақстан сыртқы саяси-экономикалық байланыстар мен өзара қарым-қатынастарда әлі де болса Ресейге бұрынғыдай айрықша орын берді. Республика тәуелсіздігінің аз ғана кезеңінде Ресеймен ынтымақтастықтың барысында үлкен істер басталды, екі жақтың экономикалық қарым-қатынастарын реттейтін, ғарыш кеңістігін игерудегі ынтымақтастық, жаңа типтегі әскер құру сияқты бірнеше келісімшарттарға қол қойылды. Азаматтық мәселесіне ерекше мән берілді. Екі жақты қатынастар деңгейінде Украинамен, Белоруссиямен, Кавказ елдерімен, сондай-ақ Балтық жағалауы мемлекеттерімен ынтымақтастық жандандырыла түсті. Қазақстанның байланыстары әсіресе Орта Азия аймағындағы жақын көршілер – Өзбекстан, Қырғызстанмен, ал экономикалық блок шеңберінде Түркіменстан, Тәжікстанмен қарқынды түрде дамыды.
Қазақстан дипломатиясы Азия бағытында елеулі табыстарға жетті, бұл аймақта экономикалық жағынан жақсы дамыған Қытай, Үндістан, Вьетнам, АСЕАН-ға кіретін елдер бар. Бұл жағдайда Қазақстанға планетаның осы үлкен кеңістігіндегі экономикалық даму динамикасынан қалып қоймау зор маңызға ие болды. Қазақстанның азиялық Тынық мұхит процесіндегі интеграцияға араласуы оның Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы қызметіне қатысуына маңызды жағдай туғызды. 1995 жылы Индонезия, Пәкістан, Түркия басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер өтті. Қазақстанның Түркиямен байланысы кең көлемде дамыды. Мысалы, Қазақстан аумағында жүздеген қазақ-түрік бірлескен кәсіпорындары пайда болды. Алматыда қысқа мерзім ішінде «Анкара» қонақ үйі тұрғызылды. Қазақстан делегациясы Түркияда өткізілетін конференциялар мен кездесулердің тұрақты қатысушыларына айналды. Жүздеген жігіттер мен кыздар Стамбул және Анкара университеттерінде оқыды. Қазақстан телеарнасынан түрік тіліндегі хабарлар тұрақты түрде жүргізіле бастады. (Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет)
Түсініктеме!
сындарлы – салиқалы, парасатты;
басымдық – І. күші басым болушылық, мықтылық; үстемдік, өктемдік; ІІ. бір нәрсені ойлап табу, жаңалық ашудағы бірінші, алғашқы болушылық;
1-тапсырма. Нұсқау арқылы ойды кеңейтіп беріңіз.
Қазақстанның тәуелсіздігі туралы, ...
Қазақстан мемлекеттілігін құру жөнінде, ...
Республиканың сыртқы саясаты, ...
Қазақстанның Түркиямен байланысы, ...
Экономикалық Ынтымақтастық Ұйымы қызметіне қатысу, ...
2-тапсырма. Берілген сөз тіркестерімен сөйлем құрастырып, мәтіннің мазмұнын толықтырыңыз.
сындарлы саясат, салмақты саясат, қарқынды түрде, елеулі табыс, мемлекеттермен ынтымақтастық, экономикалық даму, экономикалық ынтымақтастық, кең көлемде дамыды.
Қосымша материал!