Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник. Жакибаева К.А. (новый).doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
32.42 Mб
Скачать

Әлеуметтік зейнетақы ұйымдары

1-сабақ. ӘЛЕУМЕТТІК САҚТАНДЫРУ ТҮРЛЕРІ

Мәтіннің мағынасын талдап, түсіндіріңіз

Әлеуметтік сақтандыру деп әдетте еңбек ету қабілетін жоғалтқан және (немесе) жұмысынан айырылған жағдайларда азаматтарды материалдық қолдау және олардың денсаулығын сақтау үшін қоғамдық өнім құнын қайта бөлу жөніндегі экономикалық қатынастардың жүйесін айтады.

Әлеуметтік сақтандыру кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың міндетті жарналарынан құралатын ерекше қорлардың есебінен жүзеге асырылады.

Халықты әлеуметтік қорғаудың қазіргі жүйесі мынадай негізгі элементтерді қамтиды:

  • мемлекеттік көмек берудің дәстүрлі нысаны (әлеуметтік көмек);

  • әлеуметтік жеңілдіктерді қоса халықтың жекелеген санаттарына берілетін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктер жиынтығы;

Әлеуметтік сақтандырудың екі нысаны бар:

  1. міндетті әлеуметтік сақтандыру;

  2. ерікті әлеуметтік сақтандыру.

  1. Міндетті әлеуметтік сақтандыру бюджеттен тыс мақсатты (мемлекеттік немесе қоғамдық) қорлар арқылы қамтамасыз етілетін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктердің бір түрі. Бұл қорларға мемлекеттік бюджет қаражатынан көмек көрсетіледі.

  2. Ерікті әлеуметтік сақтандыру мемлекеттің (мемлекеттік бюджеттің) сақтандыруды қолдауы жоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады.

Әлеуметтік сақтандыру еңбек ету қабілеттігін уақытша немесе үнемі жоғалтқан азаматтар үшін сақтық әдісін қолданумен қорды қалыптастыруға және пайдалануға байланысты қатынастарды білдіреді.

Көбінесе әлеуметтік қорға азаматтардың дербес аударымдарының кезінде төлемақылардың мөлшері нақты тұлғаның бүкіл жұмыс істеген кезіндегі салған сомасына байланысты болады. Бұл қағидаттың іс-әрекетіне негізделген жүйе Қазақстандағы зейнетақы реформасының негізіне қойылған. (Уикипедия – ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет: kk.wikipedia.org/wiki/)

Түсініктеме!

әлеумет – мәнді қарым-қатынастағы адамдардың өмір сүру жағдайының бірлігімен сипатталатын қауым (көпшілік, халық, ел-жұрт);

әлеуметтік – бір-бірімен өзара байланысы, тұтастықты құраушы құбылыстар мен үдерістердің жиынтығы;

құн – тауар өндіруге жұмсалған шығын немесе бір заттың ақшалай бағасы;

қағида – негіз, алғы бастама; белгілі білім негізінің алғашқы бастамасы;

ынтымақ – бірлік, ауызбіршілік, достық, татулық;

Ой талқы (дискуссия)!

Еліміздегі әлеуметтік сақтандыру орындарының жұмысы қандай деңгейде деп ойлайсыз? Әлеуметтік зейнетақы қорларын қалай таңдауға болады?

1-тапсырма. Тілдік этикетті пайдалана отырып, диалогты толықтырыңыз:

  • Сәлеметсіз бе?!

  • ...

  • Біз зейнетақы шартын жасамақшымыз. Сіздердің зейнетақы қорларыңыздың талаптары мен шарттары жайлы айтып берсеңіз.

  • ...

  • Зейнетақы қорларыңыздың қандай артықшылықтары бар?

  • ...

  • Біз басқа қордың салымшыларымыз. Бізге шартты бұзуға тура келе ме?

  • ...

  • Біз зейнетақы шотын қалай тексере аламыз?

  • ...

  • Рақмет, бізге бәрі қолайлы.

  • ...

2-тапсырма. Мәтіндегі «сақтандыру» сөзімен тіркесетін сөздерді теріп жазып, сөйлем құрастырыңыз.

Үлгі: сақтандыру компаниясы; Елімізде сақтандыру компанияларының жұмыстары жақсы жолға қойылған.

...

3-тапсырма. Сөйлемдердің семантикалық ерекшеліктерін анықтаңыз.

  • Әлеуметтік сақтандыру ерекше қорлардың есебінен жүзеге асырылады.

  • Бұл қорларға мемлекеттік бюджет қаражатынан көмек көрсетіледі.

  • Ерікті әлеуметтік сақтандыру мемлекеттің сақтандыруды қолдауы жоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады.

  • Бұл қағидаттың іс-әрекетіне негізделген жүйе зейнетақы реформасының негізіне қойылған.

4-тапсырма. Асты сызылған сөздерді басқа сөздермен ауыстырыңыз.

Әлеуметтік сақтандыру еңбек ету қабілетін жоғалтқан және жұмысынан айырылған азаматтарды материалдық қолдау.

Ерікті әлеуметтік сақтандыру мемлекеттің қолдауы жоқ болғанда ұжымдық ынтымақ және өзара көмек қағидаты негізінде құрылады.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру – бюджеттен тыс қорлар арқылы қамтамасыз етілетін әлеуметтік кепілдіктердің бір түрі.

Қажетті сөздер: бірлік, жұмыс істеу, қазына, ауызбіршілік, демеу, ақша, жан бағу, жинақ, жәрдем ету, татулық, терін төгу, жәрдемақы, көмек көрсету, береке.

Құлаққағыс!

Алматы облысының Көксу ауданы Балпықби ауылында табысы төмен азаматтар үшін әлеуметтік дүкен ашылды. Тұрақтандыру қорының облыстық комиссиясының шешімімен бекітілген азық-түлік тізімі бойынша сөрелер мен мұздатқыштар түрлі өнімдермен толтырылды. (Экономика республикалық апталық газеті №49 (221) 8-14 желтоқсан 2011ж)

2-сабақ. САҚТАНДЫРУ КОМПАНИЯЛАРЫ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз

Сақтандыру компаниясы – меншік, ұйымдық-құрылымдық нысанына және құрылысына қарамастан сақтандыру операцияларын жүзеге асырумен (сақтандыру қорын қалыптастырып, пайдаланумен) айналысатын ұйымдық құрылымды сипаттайтын жалпылама ұғым. Кейде сақтандырушы деген ұғымның баламасы ретінде пайдаланылады. Сақтандыру компаниясы азаматтарға, кәсіпорындарға олардың қызметі мен өмірінде сақтандыру жағдайлары басталғанда зиянның орнын толтыру және көмек көрсету жөніндегі операцияларды жүзеге асырады. Сақтандыру компаниясы бірқатар белгілері бойынша:

  • меншік нысанына қарай (мемлекеттік, жекеше, өзара қарыз, бірлескен сақтандыру компаниясы);

  • капиталының көлеміне қарай (ірі, орта, ұсақ сақтандыру компаниясы);

  • аумақтық қызметіне қарай (аймақтық, ұлттық, халықаралық сақтандыру компаниясы);

  • сақтандыру қызметінің бағытына қарай (мамандандырылған, әмбебап сақтандыру компаниясы) сыныпталады.

Мамандандырылған сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметінің тек бір түрі бойынша операциялар жүргізеді (өмірді сақтандыру, теңізді сақтандыру, т. б.). 

Әмбебап сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметі түрлерінің тобы бойынша операциялар жүргізеді. Бір немесе бірнеше заңды тұлғалар (әдетте корпорациялар мен қаржы-несие топтары) өздерінің немесе құрамына кіретін шаруашылық жүргізуші бірліктердің мүліктік мүдделерін сақтандыру арқылы қорғау мақсатында құрылатын «кэптивтік» сақтандыру компаниясы ерекше орын алады. (Уикипедия жобасынан алынған мәлімет: kk.wikipedia.org/wiki/)

Түсініктеме!

нысан – зерттеуге, бақылауға арналған зат, құбылыс, объект;

балама – табиғаттағы, қоғамдағы, дүниетанымдағы әр түрлі мүмкіндіктердің бірін-бірі алмастыра алуы;

ұғым – белгілі бір зат, құбылыс жөніндегі адамның түсінігі, танымы; мән, мағына, маңыз;

меншік – біреудің жеке өзіне тән иелігі;

зиян – бір субъектінің басқа субъектілерге, табиғатқа, қоршаған ортаға, адамдарға келтіретін залалы;

әмбебап – жан-жақты бесаспап;

мүдде алға қойған мақсат, тілек, арман.

корпорация – кәсіптік мүдделері ортақ адамдардың біріккен тобы, одағы;

мүлік – дүние, жиһаз, бұйым;

1-тапсырма. Сөйлемді өз ойыңызбен жалғастырыңыз

Сақтандыру компаниясы азаматтарға көмек көрсету операцияларын жүргізеді және ...

Мамандандырылған сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметінің тек бір түрі бойынша операциялар жүргізеді, ... 

Әмбебап сақтандыру компаниясы сақтандыру қызметі түрлерінің тобы бойынша операциялар жүргізеді, ...

Мүліктік мүдделерді сақтандыру арқылы қорғау мақсатында құрылатын компания «кэптивтік» сақтандыру компаниясы болып саналады, ...

2-тапсырма. Мына шағын мәтіндегі сөйлемдерді синонимдермен толықтырыңыз.

Сақтандыру компаниясы – сақтандыру операцияларын  (..., ..., ...) айналысатын жалпылама ұйым. Кейде (..., ..., ...) деген ұғымның баламасы ретінде пайдаланылады. Сақтандыру компаниясы азаматтарға, кәсіпорындарға олардың қызметі мен өмірінде сақтандыру жағдайлары басталғанда (..., ..., ...) және көмек көрсету жөніндегі операцияларды жүзеге асырады.

Қажетті тіркестер мен клишелер: зардаптың орнын толтыру, сақтандырушы, қорғаушы, іске асырумен, зиянның орнын толтыру, жүзеге асырумен, қолдаушы, нәтижеге жеткізумен, залалдың орнын толтыру.

3-тапсырма.Сөйлемдердің баяндауыштарын басқа сөздермен алмастырыңыз.

Сақтандыру компаниясы меншік нысанына қарай: мемлекеттік, жекеше, өзара қарыз, бірлескен сақтандыру компаниясы болып бөлінеді.

Ал капиталының көлеміне қарай ірі, орта, ұсақ сақтандыру компаниясы қызметтерін атқарады.

Аумақтық қызметіне қарай аймақтық, ұлттық, халықаралық сақтандыру компаниясы деп аталады.

Сақтандыру қызметінің бағытына қарай мамандандырылған, әмбебап сақтандыру компаниясы деп сыныпталады.

Қажетті клишелер: анықталады, жіктеледі, белгіленеді, қызмет көрсетеді, сұрыпталады, жұмыс істейді, топтастырылады, айқындалады, жүйеленеді, бір ізге түсіріледі.

4-тапсырма. Берілген мақал-мәтелдердің мағынасын белгілі бір жағдайлар арқылы түсіндіріңіз.

  • Сақтықты сұңқардан үйрен.

  • Сақ жүрсең сау жүресің.

  • Сақтықты соқырдан үйрен,

Кішілікті түйеден үйрен.

  • Оң көзіңе сол көзің сақ болсын.

Құлаққағыс!

Екібастұз қаласында жұмыспен қамту – 2020 бағдарламасы аясында екі көпқабатты тұрғын үйдің қайта құрылуы аяқталды. Мұнда әлеуеті төмен ауылдардан көшіп келетін 110 отбасы қоныстанатын болады. Кәсіби дайындықтан өтуге қазірге дейін 570 жұмыссыз жіберілген. олар мамандық алғаннан кейін қаланың өндірістік мекемелеріне жұмысқа орналасатын болады. (Экономика республикалық апталық газеті №48 (220) 1-7желтоқсан 2011ж)

Үй тапсырмасы:

Әлеуметтік сақтандыру компаниялары және олардың жұмысы туралы мәліметтер бойынша тұсаукесер жасаңыз.

3-сабақ. САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

Мәтінді оқыңыз

Ел болып еңсе көтергелі бері де бірнеше жылдар болды. Ел іргесі бекіп, ірі екенін танытты. Ырыс - ынтымаққа, ынтымақ - бірлікке ұласып жатыр. Біздің халық текті ұлт екенін дәлелдеді, тәуелсіздіктің ұйытқысы бола алды. Қазір барын түгендеп, бақ пен таққа, молшылыққа кенелген кезде өмір сүруде. Бірақ, дәл осылай отыра беруге де болмайды. Дүние де, адам да, адамның санасы да көп өзгереді және тынымсыз дамуын жалғастыра береді. Осы жағдайда қай қоғам өз жағдайын саралап, бара жатқан бағытын бағдарлап, тынымсыз түзетіп отыра білсе, сол қоғамның келешегі жарқын да, зор болары айқын. Міне, осындай сара жол ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға көшіп жалғаса беруі өмірдің заңы.

Бұрынғы заманда телефон, радио, теледидар, пошта, бүгінгідей жол, әуе қатынасы жоқ, барыс-келіс аз кезде ата-бабаларымыз қалай осы даланы мекендеген халыққа ие болып, қалай басқарған, мұның астарында нендей кереметтер жатыр деп таңғалмасқа шараң жоқ. Ұлан-асыр мекенде бір тілде сөйлейтін, бір әнді барлық жерде айтатын, бір салтты тұтынатын, бір әдет-ғұрыпты ұстайтын жұрт әлемде жоқ болуы керек. Осының бәрін қалыптан шығармай, халықтың көңілін тауып, ұйымдастырған біздің ата-бабаларымыз не деген кемеңгер, не деген шебер болған шіркін-ай деп, көзің жетіп, көңілің тояды.

Бүгінгі күнге келсек, уақыт өзгерді, заман жаңарды. Өзге жұрттармен қарым-қатынас көбейді. Қазақ ата-салты бойын­ша келген адамды төріне шығарып, төре­дей күткен. Осы күні де солай. Елдігімізді танытып, келіп жатқандарды құрмет көрсете қарсы алады. Әрине, жақсылығын да көріп жатыр­мыз. Бірақ, қазақ бұрын әңгіме де айта білетін, тыңдай да білетін халық еді. Жалпы еліктеуге жоқ болатын. Қазір империялық езгінің әсерінен, тіпті де еліктегіш болып кетті. Мұның залалдары әр жерден көрініп те жатыр. Қолымыздағы бардан арылып қалмауымыз керек. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей барымызды сақтауымыз қажет.

«Жалғыз жүріп адасқанша, көппен бірге жол тап», «у ішсең ұлысыңмен іш», «әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген сөздер бізге ата-бабадан қалған. Біздің халқымыз – мықты халық. Біздің халқымыз – үлкен қасиеті бар халық.

Бізді алдымызда жарқын болашақ күтіп тұр деп сенеміз. Тек қана өз тіршілігімізді өзіміз бүлдіріп алмасақ болды. Ол үшін әр адымымызды аңдап басқанымыз жөн. («Қазағым қайда барасың?» Өмірбек Байгелди Егемен Қазақстан газеті 3 қараша 2010жыл)

Түсініктеме!

еңсе көтеру – көңілі шат, жадыраңқы;

іргесі беку – азулы, күшті, мықты ел болу;

саралау – біткен іске баға беру, сынау, нәтижесін бақылау;

сара жол – даңғыл жол, дұрыс жол, анық жол;

ұлан-асыр – кең-байтақ, ұлан-ғайыр, жер көлемі кең және бай;

салтты тұтынатын – салт-дәстүрді сақтайтын, құрметтейтін, ұстанатын;

көзі жетті – кәміл сенді, ақиқатына қанды, растады;

көңілі тою – ойында алаңы жоқ, қанағаттану, риза болу;

ұйытқы – негізі, басты бағдары, жолы;

арылып қалмау – айырылып қалу, жоғалту;

текті – шыққан жері қасиетті, әдепті, тәрбиелі;

аңдап басу – ойланып істеу, ақылмен шешу;

1-тапсырма. Мәтіндегі мақал-мәтелдердің мағынасын ашыңыз.

Жалғыз жүріп адасқанша, көппен бірге жол тап –

У ішсең ұлысыңмен іш –

Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер –

Сақтықта қорлық жоқ –

2-тапсырма. Берілген тіркестердің мағынасын басқаша беріңіз.

Ырыс-ынтымаққа, ынтымақ-бірлікке ұласып жатыр.

Ұрпақтан ұрпаққа, әкеден балаға көшіп жалғаса береді.

Барын түгендеп, молшылыққа кенелген кезде өмір сүруде.

Ел іргесі бекіп, ірі екенін танытты.

3-тапсырма. Мәтін мазмұны мен шешендік сөз арасындағы байланысты анықтаңыз.