Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник. Жакибаева К.А. (новый).doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
08.02.2020
Размер:
32.42 Mб
Скачать

2.Наурыз мейрамындағы қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, алтыбақан, ақсүйек ойындары туралы әңгімелеңіз.

Қосымша материал!

Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер не білесіздер? «Қазақтың тыйым сөздері» сөздігін құрастырып, тақырыбы жағынан шартты түрде бөліңіз.

Мысалы:

  • Көкті жұлма, шашынды жайма.

  • Үйді айнала жүгірме, адамды айналма.

  • Босағада тұрма, босағаны керме.

  • Дастарқанды, тамақты баспа.

  • Малды, ыдысты теппе.

  • Кісі мініне, кемтарға күлме

  • Суды сапырма, суға түкірме ...

2-бөлім

1-модуль

Жастар және

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ

1- сабақ. ЭКОНОМИКАДАҒЫ ЭКОЛОГИЯ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Экономиканы экологияландыруға өндірістің табиғи қажеттілігін азайту және заттар мен энергия алмасуының биосфералық үдерістеріне экономиканың әсерін азайту арқылы тұрақты экологиялық қауіпсіз табиғатты пайлануды қамтамасыз ету және ресурстық-экологиялық тепе-теңдікті сақтау кіреді. Экономиканы экологияландыруды жүзеге асыру үшін ресурс үндемдейтін технологияларды дамыту және экологиялық «лас» өндірістің үлесін азайту, табиғатты пайдаланудың, мемлекеттік экологиялық бақылаудың, экологиялық мониторингтің және статистикалық табиғат пайдаланудың және экологиялық сараптаманың рұқсат ету жүйесін оңтайландырудың экономикалық тетіктерін жетілдіру арқылы барлық әзірленетін мемлекеттік, өңірлік және салалық бағдарламаларға экологиялық шарттар мен талаптарды енгізу қажет.

Қоршаған ортаның жағдайы – кез-келген мемлекеттің дамуындағы алдыңғы қатарлы мәселелердің бірі болуы тиіс. Яғни экономика мен экология арасындағы теңдікті қалыптастыра алмаған мемлекеттің болашағы да бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Өйткені бүгінгі экономикалық көрсеткіштерді арттырамыз деп, нәтижесінде экономиканың салдарынан келетін залалды жою үшін он тіпті жүз есе артық қаржы жұмсауға әкеп соғатын мысалдарды адамзаттың даму тарихына келтіруге болады. Қазақстанда көптеген он жылдықтар бойы жоғары техногендік салмақ түсіретін, табиғи пайдаланудың шикізат жүйесі қалыптасты. Сондықтан әзірге экологиялық жағдайдың түбегейлі жақсаруы бола қойған жоқ. Әрі ол бұрынғысынша биосфераның тұрақсыздануынан, қоғамның тіршілік әрекеті үшін қажетті қоршаған ортаның сапасын қолдау қабілетін жоғалтуына апаратын табиғи жүйелердің тозуымен сипатталады. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері аясында 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздік тұжырымдамасы қабылданды.

Ұлттық экономиканың барлық салаларын реформалау табиғи ресурстарды пайдалануға көзқарастарын өзгеруіне, қоршаған ортаны сақтауды ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық дамуды жүзеге асыруға негіз болды.

Қазақстан Республикасы Еуропа мен Азия арасын экономикалық, саяси, мәдени тұрғыдан байланыстыратын негізгі көпір болғандықтан, Еуразия құрлығының экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөлді атқарады. Әлемдегі болып жатқан қоршаған орта мен адамзат арасындағы шиеленістің артуына байланысты адамның қоғамдағы әлеуметтік түр ретінде ғана емес, биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Сол себепті қоршаған орта мен адамзат баласының өзара байланысуын үйлесімді тұрғыдан қамтамасыз ету үшін әлем елдері бірлесіп маңызды шешімдерді қабылдау қажет. Осындай маңызды шешімдердің қатарына тұрақты даму тұжырымдамасы жатады. Тұрақты даму тұжырымдамасы Республиканың әлеуметтік-экологиялық, экономикалық, саяси дамуына оңтайлы түрде ықпал ете отырып, әлемнің бәсекеге қабілетті дамыған елдерінің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Мемлекет ресурстарды өндірумен салыстырғанда теңдік жағдайында пайдаланбайды. Ресурстарды тиімді пайдалану көрсеткіштері 31% құрайды. Бұл орташа әлемдік деңгейден 24%, бірақ әлемнің экономикалық дамыған елдерден төменгі көрсеткіштер: Жапония 36%, АҚШ 34%, Германия 33% құрайды. Қазақстан Республикасындағы маңызды мәселе – еліміздегі ресурстарды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтықтың болуы. Егер гигаваттпен өлшенетін қуатты тұтыну мен өндіру арасындағы алшақтықты, ысырапшылдықты бағалауға мүмкіндік береді. Қазақстан Республикасындағы қоғамның тұрақты индексі 5,2 балл. Бұл категория бойынша бағалау санитария, гигиена, ауызсудың жеткіліктігі білім алуға мүмкіндік жатады.

Жер қойнауын экстенсивті өңдеу және таусылудың жоғары деңгейі, ал су ресурстары бойынша көрсеткіштер жаман болғанымен, қалдықтарды қайта өңдеу, жаңартылатын энергияны пайдалану индикаторлары төмен. (М.С.Тонкопий, Г.С. Сатбаева, Н.П.Ишкулова, Н.М.Анисимова «Экология және тұрақты даму» Алматы, Дәуір. 2011жыл)

Түсініктеме!

оңтайландыру – қолайлы ету, ыңғайлау, икемдеу;

экономикалық тетіктер – түйінді мәселе, негізгі ой;

салдарынан – нәтиже, себеп;

техногендік – ресурстарды өндіруде техниканы пайдалану;

алшақтық – кереғар, үйлесімсіз;

ысырапшылдық – орынсыз төгіп шашу, ысырапқорлық;

1-тапсырма. Мәтіннің негізгі идеясы туралы әңгімелеңіз.

  • Экономиканы экологияландыру туралы туралы не білесіз?

  • «Өндірістің табиғи қажеттілігін азайту» болжамы туралы ой бөлісіңіз...

  • «Биосфера» туралы не білесіз?

  • «Қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың негіздері» жайында ойыңызды жинақтап айтыңыз.

  • «Еліміздегі ресурстарды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтық» туралы нақты мысалдар келтіріңіз.

2-тапсырма. Сөйлемдердегі қарамен берілген сөздер мен сөз тіркестерінің синонимін жазыңыз.

Егер гигаваттпен өлшенетін қуатты тұтыну мен өндіру арасындағы алшақтықты, ысырапшылдықты бағалауға мүмкіндік береді. Тұрақты даму тұжырымдамасы Республиканың әлеуметтік-экологиялық, экономикалық, саяси дамуына оңтайлы түрде ықпал етеді. Әлемдегі болып жатқан қоршаған орта мен адамзат арасындағы шиеленістің артуына байланысты адамның биологиялық түр ретінде жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақстан Республикасындағы маңызды мәселе – еліміздегі ресурстарды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтықтың болуы.

3-тапсырма. Берілген терминдерге анықтама беріңіз.

гигаватт –

экстенсивті -

индикатор –

экологиялық мониторинг -

биосфералық -

техногендік -

статистикалық табиғат пайдалану -

экономиканың салаларын реформалау -

2-сабақ. МЕНІҢ ҚАЛАМДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ

Мәтінді түсініп оқып, ғылыми түрде талдауға тырысыңыз.

Қазақстан Республикасындағы экологиялық мәселелерді шешу 2004-2015 жылдарға арналған экологиялық қауіпсіздігі шеңберінде жүзеге асырылып келеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан экологиялық апат аймақтарына жатқызылған аумақтардың Семей сынақ полигоны мен Арал өңірінің экологиялық жай-күйі күрделі болып қалуда.

Ұлтымыз үшін аса қатерлі дүние 1940 жылдардан бастап қазақ даласының 34 жеріне атом, сутегі қаруларын сынақтан өткізетін әр түрлі полигондар орнатты. Бұлардың бәрі тек қана қазақтар қалың қоныстанған өлкелерде арнайы қондырылған. 1950 жылдары Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аймағында әскери-техникалық «Азғыр» атом полигон жүйесі құрылды. Соңынан «Капустин-Яр» полигонына айналды. 1957-67 жылдары «Капустин-Яр» әскери полигонында қуаты 983,4 кт тең, биіктігі 300 шақырымға жақын 11 әуе жарылысы болды. 1966-79 жылдары аралығында «Азғыр» полигонында 160-1500 метр тереңдікте 17 жер асты ядролық жарылысы жүзеге асты. 1966 жылы 22 наурыз күні 500 тұрғыны бар «Азғыр» ауылының дәл іргесіне 1,5 шақырым қашыққа әкеліп атом қаруын сынап, халыққа тәжірибе жасалды. Жоғарыдағы полигондарда қолдан басқарылатын 25 мың ракета жарылып 177 түрлі әскери техника сынақтан өткен. Соның салдарынан су мен топыраққа қорғасын, мырыш, мыс, кадмий сияқты зиянды металдардың қоспасы жайылды. Радиациядан қорғау және экология институтының зерттеуі бойынша бұл жердің топырағы мен суында 80 мың қорғасын, 8 мың мыс, 270 мың мырыш көп екендігі анықталды.

Арал теңізі – Орта Азия орталығында орналасқан ірі су қоймасы. Теңіздің жоғалуы экологиялық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан да орасан зор шығындарды алып келді. Теңіз деңгейі төмендеген сайын бір шаршы шақырым кепкен орнында 7 мың тонна тұз қалады екен. Мамандардың болжамы бойынша Аралдың құрғауы салдарынана 1 кв.км. ауданында 70 мың тонна тұз жиналуда. Тұздылық шамасы 2,5%-ға артты. Ерітілген оттегі құрамы төмендеуде. Теңіз бетінің төмендеуі ауа ылғалдылығының 20-30%-ға төмендеуіне, климаттың континентальдылығының күшеюіне алып келді.

Ғарыштық зерттеулер (Байқоңыр космодромынан ғарыштық ракеталарды ұшыру) осы аймаққа жақын жерлердегі халықтың денсаулығына ықпал етуде.

Жаңадан пайда болған шөл дала қазір жай ғана сусыз аймақ қана емес, шөбі жоқ, бұрқыраған құмды, сортаңды шөлге айналды. Экологиялық жағдайдың күрделенуі Арал теңізі бассейніндегі 35 млн. тұрғынның өмір сүру сапасына, олардың денсаулығына әсер етіп отыр. Шаруашылық қызметін бұзады, осының барлығы осы аймақтағы көші-қон үдерістердің күшеюіне әкеліп соғады. Қазіргі уақытта аймақтық ұйымдар құрылып, нақты істердің жоспары әзірленді. Арал теңізі бағдарламасы бойынша халықаралық қолдаулар табу үшін жаңа жолдар ашылды. Ол аталған жоспармен негізделеді және осы аймақтың тұрақты дамуына бағытталған. Осыған орай 2004/2006 және 2007/2010 жылдарға арналған Арал өңірінің мәселелерін шешу туралы арнайы Бағдарламалар қабылданған болатын. Бұл бағдарламалар шеңберінде :

  • экологиялық ахуалды сауықтыру;

  • халықты сауықтыру;

  • әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту;

  • өңірде экономикалық белсенділікті арттыру үшін жағдай туғызу, өндірістік инфрақұрылымды дамыту және суды ұтымды пайдалану;

  • қоныс аудару іс-шараларын міндеттерін шешу көзделген.

(«Намыс» қоғамдық-саяси, мәдени-танымдық журнал. №1(1) қаңтар-ақпан 2010жыл, (М.С.Тонкопий, Г.С. Сатбаева, Н.П.Ишкулова, Н.М.Анисимова «Экология және тұрақты даму» оқулығы. Алматы, Дәуір. 2011жыл)

Түсініктеме!

дәл іргесіне – жақын жер, таяу, маң;

ахуалды – хал, жағдай, тұрмыс;

сауықтыру – денсаулығын жақсарту, денсаулығына көңіл бөлу;

қолдау – жақтау, қуаттау;

суды ұтымды пайдалану – орынды, пайдалы, тиімді пайдалану;

1-тапсырма. Мәтін бойынша өз пікіріңізді білдіріңіз.

  • атом, сутегі қаруларын сынақтан өткізуден келген залалдар туралы;

  • теңіздің жоғалуынан пайда болған экологиялық, әлеуметтік-экономикалық шығындар;

  • тұрғынның өмір сүру сапасына, олардың денсаулығына шаруашылық қызметін бұзылуына әсері;

2-тапсырма. Мақал-мәтелдерді оқып, мағынасын түсіндіріңіз

*Бұлақ көрсең, көзін аш, * Өрісіне қарап мал өсер,

Бір тал кессең, он тал ек. Өзеніне қарап тал өсер.

*Судың да сұрауы бар.

* Су атасы – бұлақ.

*Су ішкен құдығыңа түкірме.

3-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп оқып, мазмұнын айтыңыз.

АРАЛ ҚАСІРЕТІ

Кемелер жүздірген шағылтып желкенін айға,

Тау толқын төсінде тербелген ерке күн қайда?

Қайда сол дәуреннің тағдырдан күш-қуат сезген.

Шағала көктемнің дүркіреп ұшты ма көзден?

Сенемін саған, тұрғанда аман

Адамдық күші, ой күші

Аралым менің, жанарым менің,

Халқымның ұлы қайғысы.

Бұл өлке қалайша болады азап түнегі,

Ежелгі мұң зарың аз ба еді, қазақтың елі?

Қайтемін, Аралым, бүгінде қалды сүлдерің,

Төзімі еліне ұқсаған көнбісім менің.

Аралым, күн туды басыңа дүрбелең-күрең,

Кім ұқпақ, шалды, анау өзіңмен бірге өлем деген.

Безбүйрек ғасырдың қағады қанатын үнсіз.

Бір жылда екі ұлын жоғалтқан ана тұр тілсіз.

4-тапсырма. Берілген өлең шумағындағы эпитет пен метафораға талдау жүргізіңіз.

  • Кемелер желкенін шағылтып айға жүзген –

  • Тау толқын төсінде ерке тербелген –

  • Шағала көктемің дүркіреп ұшты ма көзден –

  • Неге ақын теңіз қайғысын адам қайғысымен теңестіреді?

3-сабақ. ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МҮДДЕ ЖӘНЕ НАРЫҚ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз.

Адам мен табиғат арасындағы қатынас үдерісі ең алдымен кәсіпорынның еңбек қатынастарымен реттелуі тиіс. Табиғи ортаның жағдайы нарықтық қатынастардың дамуын қиындатады немесе тездетеді. Неғұрлым табиғи орта жақсы болса, соғұрлым нарықты дамыту жағдайы жақсара түседі. Өндірістің шапшаң түрде алға басуына әсер етеді. Табиғи орта кәсіпорынға пайдасын тигізеді, бірақ дұрыс пайдаланбаса, ол теріс әсер етуі мүмкін. Қазіргі кезде кейбір кәсіпорындар табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салық төлемейді. Олар ресурстарды ұтымды пайдалану мен болған шығысты үнемдеуді шарттастырған технологияны әзірлеуге мүдделі емес. Мұның нәтижесінде бүгінгі күні топырақтың құнарлылығының төмендеуі, оның құрамының нашарлауы, жүз мыңдаған гектар жерді істен шығаратын эрозияның дамуы, жердің сортаңдануы, су көздерінің ластануы сияқты үдерістер қауіп-қатер тудыруда. Қолайлы қоршаған ортаның материалдық құндылықтарын ұдайы өндіру үдерісінде қажетті шартты және құрамдас элементі болады. Оның бұзылуы өндірістің шикізатпен қамтамасыз етілуін қысқартады.

Нарық жағдайында экологияның экономикалық-құқықтық мазмұны әр түрлі нысандарда көрініс тауып келеді.

Қозғалыс табиғатты қорғау жөнінен әлемдік ауқымда қаралатын, кейінге қалдыруға болмайтын мәселе болып табылады. Адам мен табиғаттың қарым-қатынасы экологиялық-экономикалық қатынас ретінде қарала бастады. Біздің республикамыздың территориясы көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орынға ие, әрі Менделеев таблицасындағы 105 элементтің Қазақстан қойнауынан 99-ы табылды, 70-інің қоры зерттелді, өндірісте бірнеше түрі пайдаланылуда.

Қазақстанда отын өндірісі: көмір өндіру, мұнай және газ өндіру, түрлі – түсті металлургия; мыс (медь), қорғасын (свинец), мырыш (цинк), алюминий және титан-магний өндірісі, қара металлургия: сапалы қара металлургия өндірісі дамыған. Осы өндірістер суды, ауаны, жерді, жер қойнауын бүлдіріп қана қоймай, барлық тіршілік дүниесіне әсерін тигізеді.

Климатологтардың пікірі бойынша, республика территориясында климаттық антропогендік өзгерістері бар екендігі дәлелденген. Өлім деңгейі бұрынғы КСРО елдерімен салыстырғанда екі есе көп, ал балалар өлімі жағынан әлемде ең арттағылардың қатарында.

Экология ең негізгі саяси проблемаларға айналды. Қазақстан экологиялық жағдайының мұншама қайғылы болуының ең басты себептерінің бірі –өнеркәсіп орындары мен ведомстволарға табиғатты қорғау қазіргі кезде экономикалық жағынан тиімді болып отырғаны. Экономикалық реформа ғана бұл жағдайды түпкілікті өзгерте алады. Барлық табиғи байлықтардың құны мен қожайыны болуы керек. Табиғатты пайдаланудағы бейберекетті тек қана экономикалық жағынан мүдделі субъект тоқтата алады.

Табиғаттың жалпы күйзеліске ұшырауына кінәлілердің бірі - ғылыми-техникалық прогресс. Мысалы соңғы кездері өндіріс ошақтарын жекешелендіру жөніндегі табыстан бас айналып, көз қарауытардай тапқанымызбен тарих алдындағы жауапкершілігімізді де ұмытпағанымыз жөн болар. Қазақстанда табиғатты пайдалану, экономиканы пайдалану экономиканың жүйесі анықталып келеді, нарықтың өзара қатынастық құқықтық базасы жасалды. Қазақстан Республикасының «Қоршаған ортаны қорғау туралы» заңы қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық механизмін экономикалық мәселелерге жеке бөліммен бөліп береді.

  • Мұнда қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық әдістері белгіленген: жоспарлау мен қаржыландыру;

  • қорды қоршаған ортаны ластандырудың төлемақысы;

  • қоршаған ортаны қорғау қорын жасау.

1998 жылғы бюджеттің табысты бөлігі табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін салықтан 16 млрд. астам теңге түсті. Бұл бюджеттің табысты бөлігінің 8,2% көлемін құрайды. Негізінен бұл қазба байлықтың төлем ақысы.

Жергілікті бюджет табысына орман, су, жер ресурстарын пайдаланғаны үшін төленетін төлемақы түседі. Төлемақы көлемі олардың экономикалық бағалануына көбінесе сәйкес келе бермейді. Олар негізінен шартты түрде төленеді, табиғи ресурстарды қалпына келтіруге кететін шығыннан төмен болады. Табиғатты пайдаланудан түсетін төлемақы оны қорғауға кететін шығынды өтеуі тиіс. (А.С.Сейдахметов, Қ.Ж.Елшібекова, А.Қ.Ізмаханова «Кәсіпкерлік» Алматы, Экономика. 2011жыл)

Түсініктеме!

бейберекет – берекесіз, қалай болса солай;

сортаңдану – тұзы молдау жер;

құнарлылық – жерге, топыраққа тән шұрайлылық қасиет;

шұрайлы – құнарлы, нәрлі;

қойнау – бір нәрсенің қойны, құшағы, жер асты;

1-тапсырма. Жоспар бойынша мәтінді әңгімелеңіз.

  • Табиғи ортаның нарыққа әсері

  • Ресурстарды тиімді және тиімсіз пайдалану

  • Экономикадағы экологиялық олқылықтар

  • Қоршаған ортаны қорғауға арналған шаралар

2-тапсырма. Берілген сөз тіркестерінің мағынасын ашып, қолдану аясын кеңейтіңіз.

  • күйзеліске ұшырау –

  • құнарлылық –

  • қожайыны болу –

  • көз қарауытардай –

  • табыстан бас айналу –

3-тапсырма. Қазақстан картасын пайдалана отырып, Менделеев таблицасында кездесетін элементтер туралы мәлімет беріңіз. Мысалы:

  • Қазақстанның Оңтүстік аймақтарында: ...

  • Қазақстанның Солтүстік аймақтарында: ...

  • Қазақстанның Батыс аймақтарында: ...

  • Қазақстанның Шығыс аймақтарында: ...

2-модуль