Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Учебник. Жакибаева К.А. (новый).doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
32.42 Mб
Скачать

Тарихыңды таны

1-сабақ. ЕРЛЕР ТУЫН КӨТЕРГЕН ЕРЛЕР

Мәтінді оқып, мазмұнын айтыңыз

Бауыржан Момышұлы 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталысымен генерал-мойор И.В.Панфиловтың басшылығымен Алматыда жасақталған 316 атқыштар (8 гвардиялық) дивизиясы құрамында майданға аттанды. Батольон, полк командирі болды. Соғыстың соңғы жылдарында гвардиялық дивизияны басқарды. 1941 жылы күзгі және қысқы кескілескен шайқастар кезінде өз батольонын 27 рет шабуылға бастап шықты. 5 рет қоршауды бұзып, негізгі жауынгерлік құраммен дивизиясына қосылды. Ресейде Волоколомск Горюнь Матринино, Бородино, Трашково т.б. қала, деревнялары үшін қырғын ұрыстарда 9 рет асқан ерлік көрсетті. Жауынгерлік іс-қимылдарға қатысты ұрыстардан шығу, шегініс жасау тәсілдері әскери жарғыға енді. Тактикада «ошақты» және «икемді» қорғаныс ұғымдарының қалыптасуы Б.Момышұлы тәжірибелерінің жиынтығы болып табылады. Оның қолбасшы, терең ойлай білетін маман ретіндегі дарындылығы соғыс кезінде терең ашылды. Жау шептеріне ішкерлей еніп, ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде кең қолданып оны дамытушы болды. Өзі қашан да ұрыс тағдыры шешілетін жерде болды. Бауыржан Момышұлы әскери педагогика мен психологияны байытушы, баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Соғыстан кейін шығармашылық жолмен айналысты. Шығармаларының өзекті тақырыбы Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлердің тұлғасын сомдау. Мысалы, «Артымызда Мәскеу», «Генерал Панфилов», «Офицер жазбалары», «Ұшқан ұя» және т.б.

Талғат Бигелдинов 1940-42 жылдары Саратов барлау авиация мектебін, №3 Чкалов бомбалаушы авиация ұшқыштар мектебін, №1 Чкалов жойғыш ұшақ ұшқыштары мектебін бітірген. 1943 жылдың 7 наурызында ИЛ-2 шабуылшы ұшағымен жаудың «Мессер-Шмитт» жойғыш ұшағын атып түсірді. Бұл ерлігі бұрын-соңды кездеспеген оқиға ретінде әлемдік авиация тарихына енді. ИЛ-2 ұшағымен Калинин, Далалық, Воронеж 1-2 Украина майдандарында, Курск доғасында кескілескен ұрыстардағы, Одердегі, Берлиндегі шайқастарға қатысты. 305 рет соғыс кезінде жауынгерлік тапсырмамен ұшын шығып, жаудың 100 деген танктерін, зеңбіректері мен солдаттарын жойды. Әуе шайқастарында фашистерін 7 самолетін атып түсірді. Соғыстан кейін қоғамдық орындарда қызмет етіп, Қазақстанның көптеген қалаларында әуежайларындағы ұшу-қону алаңдарын салуға басшылық етті. «305 рейдов», «ИЛ-ы атакуют», «Аспандағы айқас» сияқты естелік кітаптардың авторы.

Рахымжан Қошқарбаев 1942 жылы әскерге алынып, 1944 жылы Фрунзедегі (Бішкек) жаяу әскер училищесін бітірген. 1944 жылы қазан айынан бастап 1-Белорусь майданындағы 150-Идирицк атқыштар дивизиясы құрамында взвод басқарды. Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға белсене қатысты. Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде Г.Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы Кеңестік окупация әскер бөлімінде қызмет атқарды. Соғыстан кейін әр түрлі қоғамдық жұмыстарды атқарды. Қызыл Ту, 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен медальдармен марапатталды. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, 1999ж. 2-том, 6-том)

Түсініктеме!

қескілесу – қырқысқан, жан беріскен майдан, күрес;

шайқасжауласқан екі жақтың арасында болатын ұрыс, айқас;

жарғы – белгілі бір ұйымды құрудың, ұйымдастырудың, оның тәртібінің ережесі;

тактика – соғыс жүргізудің теориясы мен практикасын қарастыратын әскери өнердің бөлігі;

шеп – қорғаныс, бөгет, бекініс;

шегініс – алған беттен кейін, кері қайту, шегіну;

сомдау – келісті, әдемі етіп мүсіндеу;

барлау – жау күштері мен олардың орналасуы туралы мәліметтер жинайтын жауынгерлік қимылдардың бір түрі;

1-тапсырма. Берілген пікір бүгінгі жастардың психологиясында бар түсінік пе?

Ар – жақсылық пен зұлымдықты, шындық пен жалғандықты, әділдік пен әділетсіздікті және басқаларды анықтайтын адамгершілікті ұғым. Бұл – адамның іс-әрекетін ақиқат, шындық пен әділдік жөніндегі ұғымдар түсінігіне байланысты реттейтін, парыздың қаншалықты орындалғанын немесе орындалмағанын анықтайтын, нені істеп, неден бас тартуға тура келетін көрсететін сезім. Қысқасын айтқанда, ар-парыздың бақылаушысы, адам өмірін реттеуші. (Бауыржан Момышұлы)

2-тапсырма. Үш батырдың Отан алдындағы парызын өтеу үшін жасаған ерліктерін сараптай отырып, тұрақты тіркестердің мағынасын түсіндіріңіз.

Ел бастап, жұрт алды –

Ердің басы екі елу –

Ердің құны, нардың пұлы –

Ереуіл атқа ер салды –

Ер бесіктен танылды –

3-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңіз.

А) Азаматтық парыз дегенді қалай түсінесіз?

Ә) Ел экономикасын көтерудегі азаматтық парызыңыз қандай сезімдер мен қасиеттермен шектесіп жатыр деп ойлайсыз?

4-тапсырма. Б.Момышұлының «Парыз» туралы айтылған пайымдауларына түсінік беріңіз.

Парыздан кіршіксіз тазалық жоқ

Парыз – жан рухы, жүректің жүрегі

Парыз – арман мен даңқ асқары

Парыз – адал берілгендік тамыры

Парыз – намыс күзетшісі

2-сабақ. КЕШЕГІСІН ҰМЫТПАҒАН ЕРТЕҢГІСІН БАҒАЛАЙ БІЛЕДІ

Мәтінді оқып, ой бөлісіңіз

«Кешегі және бүгінгі» деген – өмірдің қай саласын болса да салыстырып, таразылап отыратын ұғым. «Өткеннің бәрі – аяулы» деп Мағжан ақын айтқандай, кешегі күннің жүріп өткен жолының үлгі етер, пайдаға жаратар тұстары баршылық. Иә, өткен – бүгінгінің бастауы. Оның тұнығын уақыттың, жағдайдың лайлауы да, өзгерістерге ұшыратуы да мүмкін. Алайда бастаудың аты – бастау. Оның көзін ашып, аясын кеңіту – біздің парызымыз.  Өткеннің түп-тамыры ғылым мен білімнен нәр алары анық. Өткеннен алынған тәжірибе жан-жақтылыққа, ғылым мен білімнің барлық қырынан терең хабардар болуға міндеттеуімен де күрделі шығар... Дегенмен өмірдің өзі адамды қиындықтармен, ізденістермен шыңдайды ғой. 

Қандай заманды бастан кешсек те, қай қоғамда өмір сүрсек те – адамның күні адаммен. Олардың бірі жанашырлықты, бірі мадақтауды, бірі еңбегінің еленіп, атының аталуын күтетіні бар. Кеңес дәуіріндегі шектеулерден арылып, еркін самғауға ауыстық. Өмірдегі бұл еркіндікті: «Не болса да ашып айта беруге болады» деген тізгінсіз бостандық деп түсінгендер де болды. Талай ащы шындық айтылып, сонымен қатар орынсыз іс-қылықтар да көрініс берді. Қазақ халқының табиғи мінезі сияқты істің мән-жайына қашан да сабырмен қарап, ақ пен қараны ажыратып отыратын қасиет болуы керек. (Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ, «Жетісу» газетінің Бас редакторы)

Кешегімізді ұмытпауымыз – өзіміздің халық ретінде анықталғанымыз, қайдан шығып, қайда бағытталатынымызды ескертеді. Сонымен қатар, кешегісін ұмытпаған халық тарихында болғанын талдап, одан пікір жасап, бұрынғы қателерін қайталамас.

Ежелгі заманнан бері халқымыздың кешегісін, тағдырын және ұлы ата-бабаларымыздың ерлігін ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін – еліміздің тарихы.

Кешегімізді ұмытпау ғана емес, бабаларымыздан жеткен тәжірибені сақтап, оны дұрыс пайдалануымыз қажет...

Өзімізден қалатын мұраны ұрпағымызға жеткізе білуміз аса маңызды болып табылады

Ал жастар болса, халқымыздың тарихынан дәріс алып, оны ұғып, қазіргісін бағалап, ертеңгісі үшін еңбектенсе дұрыс.

Солай-ақ, кешгісін ұмытпаған ел болашақты дұрыс бағалай біліп, оған сенімді болып ұмтылады!

Түсініктеме!

тұс – 1. Бір нәрсе мен екінші нәрсенің қарама-қарсы жағы, қапталы, өкпе тұсы; 2. Белгілі бір оқиғаға сай келген уақыт, мерзім, кезең.

ая – бір нәрсе болып жатқан жердің жалпы көрінісі;

самғау – 1. Қатты екпінмен ұшу, шарықтау; 2. Шарқ ұру, қарқындау, қарыштау;

шыңдау – 1. Шалғы кетпен сияқты еңбек құралдарын балғамен ұрып өткірлеу, қайрау; 2. Жетілдіру, кемелдендіру;

1-тапсырма. Берілген сөз тіркестерімен сөйлем құрастыра отырып, ойды жалғастырыңыз.

Ащы шындық, табиғи мінезі, тізгінсіз бостандық, еңбегінің еленуі, аясын кеңіту.

2-тапсырма. Берілген сөйлемді мәтін мазмұнына сәйкес аяқтаңыз.

Талай ащы шындық айтылып, ...

Қандай заманды бастан кешсек те, ...

Барлық қырынан терең хабардар болуымыз керек, ...

Кеңес дәуіріндегі шектеулерден арылып, ...

Халқымыздың тарихынан дәріс алып, ...

3-тапсырма. Даналар сөзінің мағынасын талдаңыз.

«Адамдық борыш, ат үшін

Барша адамзат қамы үшін,

Серт бергем еңбек етем деп,

Алдағы атар таң үшін». Ш. Құдайбердіұлы

«Өзіңнің борышыңды орындап кетсең болды, өзіңді тани кетесің» И.Гете.

«Міндетті түрде күн сайын аз болса міндет борышын атқарып отыру – тамаша іс» Э.Делакруа.

«Өзіңнің борышыңды орындауға тырыс, сонда сен өзіңнің неге тұратыныңды дереу біліп аласың» Л.Н.Толстой.

Үйге тапсырма:

Бауыржан Момышұлының нақыл сөздерін жинап, мағынасын түсіндіріңіз.

3-сабақ. ҒАСЫРЛЫҚ ТҰЛҒА

Мәтінді оқып, мазмұнымен танысып алыңыз.

Дінмұхмамед Ахметұлы Қонаев өмірінің 45 жылға жуығын ел басқару ісіне арнады. Ширек ғасырға жуық Қазақстанның бірінші басшысы қызметін басқарды. Ол жауапты басшылық қызметті атқара жүріп Республикадағы тау-кен ісін дамытуға қомақты үлес қосты. Республиканы басқарған жылдары Қазақстанда жаңа өнеркәсіпті аудандар қалыптасып, елде жаңа қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Павлодар, Екібастұз отын-қуаты кешені, Қарағандыдағы ГРЭС-2, Шығыс Қазақстандағы Бұқтырма су электр станциясы, Павлодар трактор зауыты т.б. кәсіпорындар осы кезеңде іске қосылды. Маңғыстаудың кен орындары игерілді, теміржол құрылысы көлік түрлері дамыды. Республика титан, магний, синтетик, каучук өндіре бастады. Электро техника, машина жасау, химия салалары тез дамыды. Жезқазған, Маңғыстау, Торғай облыстары шаңырақ көтерді. Д.Қонаев Алматы облысының Кербұлақ алқабын игеруге, Қапшағай су қоймасын, Үлкен Алматы каналын салуға ерекше көңіл бөлді. Қазақстан экономикасы Одақ үшін шикізат базасы бағытында дамыды. Мұнда көп жағдайда өнім шығаруға қол жеткізді. Ол әдебиет пен өнердегі, мәдениет пен ғылымдағы ахуалды әрдайым бақылап отырды. Д.Қонаев басшылығы кезінде Қазақстанның 5 томдық академиялық тарихы қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді. еспублика Республика аумағының тұтастығының сақтауда табандылық көрсетті. Өзбекстанға берілген Оңтүстік Қазақстанның мақта өсіруші аудандарын қайтарып алды. Қазақстанда неміс автономиясын құру, Маңғыстау Түркіменстанға беру жөніндегі Орталықтың ұсыныс-жоспарларына қарсы шықты. Д.Қонаевтың күшімен Республика Сарайы, ҚазМУ қалашағы, Медеу спорт кешені және т.б. ғимараттар бой көтерді. Алматыны тасқыннан қорғау үшін Медеу сайында үлкен бөгет салынды. (Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы, 1999ж. 6-том)

Д.Қонаев ақын-жазушыларды аса құрметтеді. Өйткені «әдебиеттің алтын ғасыры» осы кезде дамыды. Қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кітаптары мол таралыммен шығып жатты. Мұхтар Әуезов Лениндік сыйлықтың лауреаты болып, Ғабит Мүсірепов Еңбек Ер атағын алды. Классиктердің шығармалары әлем тілдеріне аударылды. Әдебиеттің бейбітшілік сақтаудағы рухани қуатына байланысты Алматыда халықаралық мәслихат өтті. Олжас Сүлейменовтың «АзиЯ» кітабы Одақты дүркіретті. (Ана тілі газеті, 4-10 наурыз, 2010жыл №9,(1002)10-бет)

Тұлға тұлғаны тани біледі. Ұлы Мұхтар Әуезов Д.Қонаевты көргенде: «Димаш, бұйыртса исі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр деген екен». Сол айтқандай Д.Қонаев туған халқының аяулы да ардақты ұлы бола білді. Тұлғаны ардақтау бар да, одан үйрену бар. Тұлғалар бізге адал өмір сүру үшін, елге қызмет етудің үлгісі ретінде өте қажет. Д.Қонаев соңына жақсы іспен қатар ойлы сөз де қалдырған.

«Адамдық қалыпты биік ұстау – кімге болса да үлкен сын. Адамгершілік деген асыл қасиетті аласартып алмасақ екен. Өмір өзегі де – осы, азаматтық жол да – осы» (Ана тілі газеті №2 (1103) 12-18қаңтар, 2012ж, 1-бет)

Түсініктеме!

ширек ғасыр – бүтіннің төрттен бір бөлігі;

кен – жер астынан қазылып алынатын қазба байлық, руда;

қомақты – аумақты, көлемді, үлкен;

алқап – бір шетімен бір шетіне көз шеткісіз кең өлке;

табандылық көрсету – тұрақтылық, төзімділік, тиянақтылық;

дүркірету – аты шығу, дәуірі жүріп тұру;

дәуірі жүріп тұру – билігі жүріп, дегені болып тұрған кез, мезгіл, уақыт.

1-тапсырма. Д.А.Қонаевтың бойындағы ғасырлық тұлғаға тән қасиеттерді атап шығыңыз.

Ел басқару ісіндегі ...

Азаматтық тұлғасын көрсететін ...

Адами тұлғасын көрсететін ...

2-тапсырма. Айтылған пікірлерден ортақ тұжырымдама жасаңыз.

Нарша Қашағанов: Өткен, кеткен бұл фәниден сан алып,

Тарих үшін ол да емес жаңалық,

Дінмұхамед – Қонаевтың жай аты,

Шын аты оның мейірім мен даналық.

3-тапсырма. Осы нақыл сөзді негізге ала отырып, жеті атаңыз туралы шежіре жазыңыз.

Қазақта «Түбің білмеген – түгің білмейді» деген сөз бар. Жеті атасына дейін жазбай білетін халқымыздың айрықша қасиеті де – осыда. Қаны таза кісінің дені де, тілі де, ділі де – сау. Өңін бермесе, ізгілік жолын сақтаса, сөзі ортақ болса одан озар байлық бар ма! Міне, сондықтан да қазақ шыққан тегін зерделеп, өсер ұрпағының ертеңіне ерекше мән берген. Халық үшін қашан да әкесінен ұлының тәуір болғаны жақсы. Жеті ата толмай, қыз алып, қыз беріспей, шыбық қиып, ант етіскен ата заңы осыдан. (Д.А.Қонаев)

4-тапсырма. Мақал-мәтелдердің мағынасын мәтіннің мазмұнымен байланыстырыңыз.

  • Өзін-өзі білген – ер бақытты,

Өзін-өзі билеген – ел бақытты.

  • Жақсылыққа жақсылық әр адамның ісі,

Жамандыққа жақсылық ер адамның ісі.

  • Сегіз қырлы, бір сырлы.

  • Жігітке жеті өнер де аз.

  • Азаматтық ерлікте танылады.

12-модуль