
- •- Модуль
- •Қазіргі қоғамда адам құқықтары орнымен қорғалуда ма? Қалай ойлайсыз?
- •Біздің мемлекетімізде адам құқықтарын қорғауға арналған қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
- •«Тілдер туралы заңы»
- •Әлеуметтік зейнетақы ұйымдары
- •Қазыбектің қалмақ еліне елшілікке баруы
- •Бақытты болу шарт па?
- •Білім жарысы
- •Өсиет сөз
- •Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясаты
- •Отаншылдық
- •Не істеу керек?
- •Тәуелсіз елдің өнерпаздары
- •Жастарға сенім арту ...
- •Жастардан талап етілетін ерекше қасиеттер ...
- •Жастарға арналған үндеу ...
- •Бақша ағаштары
- •Тарихыңды таны
- •Ғылым мен техника
- •Сауалнама
- •Қазақ елінің ұлттық байлықтары
- •Рухани, мәдени және материалдық, қоғамдық игіліктердің ерекшеліктері мен арақатынасы туралы не айта аласыз?
- •Маман ретінде қоғамдық игілікке қандай үлес қосар едіңіз?
- •2.Наурыз мейрамындағы қыз қуу, аударыспақ, теңге алу, алтыбақан, ақсүйек ойындары туралы әңгімелеңіз.
- •Жастар және
- •Жастар және әлемдік бәсеке
- •Экономика туралы
- •Құнды қағаздар
- •Қаржыландыру
- •Нарықтық экономикадағы бәсеке
- •Бухгалтерлік есеп
- •Банк қызметі
- •Биржалық сауда
- •Заман және нарық
- •Пайдаланылған әдебиеттер
- •Мазмұны
Қ.А. ЖАҚЫБАЕВА, Г.Ш. АКИМБЕКОВА
ҚАЗАҚ ТІЛІ
Жоғары деңгей
(оқу құралы)
АЛМАТЫ, 2012
УДК .............
ББК .................
Б ........................
Халықаралық Бизнес Академиясы
Рецензенттері: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультеті қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.д., профессор Б.Қ.Момынова, Халықаралық Бизнес Академиясы Жалпы білім беру пәндері кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Г.Ә.Садыр
Қ.А. Жақыбаева, Г.Ш. Акимбекова
Қазақ тілі. Жоғары деңгей. (оқу құралы) Алматы, 2012ж. 196 бет.
ISBN ..............
Оқу құралы экономикалық жоғары орындарының қазақ тілі пәніне арналған бағдарламаға сәйкес жасалған. Ұсынылып отырған оқу құралы жоғары деңгейге арналған. Оқу құралының мақсаты – қазақ тілін тереңдетіп үйренушілерге экономикалық тақырыптармен сәйкестендіріліп алынған мәтіндер арқылы сөздік қорын көбейтіп, ана тілінде сөйлеу тілін дамыту, оларға болашақ қызметінде жиі қолданылатын экономикалық терминдерді меңгертіп, кәсіби тілін қалыптастыру, ғылыми тілді тереңдетіп оқыту, шешендікке қызықтыру.
УДК ...........
ББК .............
Оқу құралы Халықаралық Бизнес Академиясының Ғылыми Кеңесінде басылымға ұсынылған.
ISBN .............
© Қ.А. ЖАҚЫБАЕВА
© Г.Ш. АКИМБЕКОВА
Алғы сөз
Бұл оқу құралы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым Министрлігінің Типтік бағдарламасындағы мемлекеттік тілді оқытуға қойған талабын ескере отырып, Республикамыздың жоғары оқу орындарындағы экономика мамандықтарында қазақ тілін кәсіби мамандыққа сай тереңдете оқыту, кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптасыруға, кәсіби оралымдар мен терминдерді меңгертуге бағытталған оқу құралы болып табылады.
Оқу құралы негізінен екі семестр тақырыптарына арналып құрастырылған. Бірінші бөлімінде адам және қоғам, адам мүддесінің қорғалуы, әлеуметтік ұйымдар мен салалардың қызметі, адам құқықтары мен оның қорғалуы т.б. тақырыптарына арналды. Ал екінші бөлімі экономика саласының (менеджмент, маркетинг, есеп және аудит, қаржы т.б.) түрлеріне бағытталып құрастырылған. Оқу құралында әрбір лексикалық тақырыптардағы қиындық келтіретін сөздер мен сөз тіркестерінің мағынасы түсіндіріліп, олардың қолданылу аясы туралы мағлұмат беріліп отырды. Оқулық тақырыптық бөліктерден, мәтіндерден, соған сәйкес жағдаяттық тапсырмалардан, жаттығулардан, ой бөлісулерден, ойтүрткілерден, ойталқылардан, пікір алмасулардан тұрады. Әр тақырыптық мәтіндерді мақал-мәтелдермен, шешендік сөздермен, даналық сөздермен, тұрақты сөз тіркестерімен байланыстыра отырып құрастырдық.
Тілді оқыту барысында қоғамдағы өзгерістер мен жаңалықтар тілдің сөздік қорының баюына оң әсерін тигізеді. Осыған сәйкес мамандық бойынша терминдер мен оралымдар, оларға түсінік берілуі жан-жақты ескерілді.
Бұл оқу құралы студенттердің экономика саласы бойынша кәсіби сөйлеу дағдысын қалыптастырып қана қоймай, шығармашылық ойлау қабілеттерін дамытуға, маман ретінде кәсіби тілді көркем әдеби тілде жеткізе білуге үйретеді деп ойлаймыз. Сонымен қатар студенттердің келешек кәсіптерін ескере отырып, мамандықтарына сәйкес пікірталасқа еркін түсе алуына, кәсіби маман ретінде өзіндік ойпікір қалыптастыруына бағыт-бағдар бере алдық деген сенімдеміз.
1-бөлім
- Модуль
ЗАМАН және ЗАҢ
1-сабақ.
АДАМ – БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ
Мәтінді оқып, өз пікіріңізді білдіріңіз
Еліміздің басты құндылығы – адам. Адам құқықтарын қорғау мен оны сақтау – мемлекеттің басты міндеті. Қазақстан егемендік алған күннен бастап өзінің демократиялық-зайырлы мемлекет екенін, одан кейін, ең құнды қазынасы – адам екенін көрсетті. Сонымен бірге, адамның өмірі, оның құқықтары мен бостандықтары деп жариялаған болатын. Осыған орай дүние жүзіндегі беделді ұйымдардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. («Еліміздің басты құндылығы – адам өмірі» Сымбат Рамазанова «Өскемен» газеті)
Соңғы уақытта адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласында бірқатар заңдар қабылданды, олар – тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы, гендерлік теңдік, босқындар, сот және қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру туралы заңдар.
Біздің мемлекетімізде әрбір адам – өзінің бұзылған құқықтарын қорғаудың және қалпына келтірудің көптеген мүмкіндіктеріне ие. Оған сот органдарын, прокуратура, мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың заңсыз іс-әрекеттеріне жоғары инстанцияларға шағымданудың сотқа дейінгі тәртібі қарастырылған.
БҰҰ қатысуымен адам құқықтары саласында маңызды бағдарламалық құжаттар әзірленді, олар – 2010-2020 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Құқықтық саясат тұжырымдамасы және 2009-2012 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары саласындағы ұлттық жоспар. («Адам құқықтары – ең басты құндылығымыз» Асқар Шәкіров ҚР.Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Егемен Қазақстан газеті (электронды вариант)10.12.2010ж жұма).
Түсініктеме!
құндылық – қымбат, қадірлі, сыйлы, ардақты;
зайырлы – білімдар, білім-ғылымы дамыған;
қазына – жекелеген адамдардың, мемлекеттің қымбат дүниесі;
құқық – қоғамдық қатынастардың заңды тәртіптемесін қамтамасыз ететін нормалар жиынтығы;
зорлық – зомбылық–қорлық, қиянат, біреуді қорлау;
гендерлік теңдік – ерлер мен әйелдердің заң алдындағы теңдігі;
босқын – аштықтан қуғын-сүргіннен үркіп көшкен ел, босқын, қашқан ел;
лауазым – жоғары қызмет, қызмет бабындағы дәреже, атақ;
инстанция – бірі-біріне бағынатын мемлекет, мекеме жүйесіндегі төменнен жоғары қарай бағыну сатысы;
Пікірлесейік!
Қазіргі қоғамда адам құқықтары орнымен қорғалуда ма? Қалай ойлайсыз?
Біздің мемлекетімізде адам құқықтарын қорғауға арналған қандай бағдарламалар жұмыс істейді?
1-тапсырма.
Тіл туралы мақалдардың жалғасын жазыңыз.
Заманына қарай күлкісі, …………………………..............
Су басынан бұзылар, .........................................................
Заманың қалай болса, …………………...........................
Заманың түлкі болса, …………………………….............
Қажетті сөздер: тазы боп шал, тауына қарай түлкісі, бөркіңді солай ки, балық басынан шірір.
2-тапсырма. Мына шағын мәтіндегі сөйлемдерді теңеу мен фразеологизмдерді қолдана отырып, түрлендіріңіз.
Мемлекеттің басты ( ..., ..., ...) адам болып табылады. Адам құқықтарын (..., ..., ...) мемлекеттің міндеті болып саналады. Мемлекетімізде әрбір адам өз (...,...) ие. Заңсыз іс-әрекеттер үшін адам (..., ...,...) алады.
Қажетті сөздер мен сөз тіркестері: байлығы, қорғау, қорғалау, қазынасы, игіліктеріне, арыздана, сүйеніші, шағымдана, сақтау, басын көтере, тірегі, қорғаштау, басын арашалай, мүмкіншіліктеріне.
3-тапсырма. Берілген фразеологизмдердің мағынасын ашыңыз.
Ағын судай екпіндеді ............................................................................ .
Адал ақы, маңдай тер ............................................................................ .
Ағаттық (әбестік) жасады ............................................................................ .
Ақ сүтін ақтады. ............................................................................ .
Даналар
сөзіне құлақ салыңыз!
Орта жүзден Ұлы жүзге мал алып қайтуға келген барымташының біреуіне найза қадалады. Орта жүз Ұлы жүзден құн сұрайды. Ұлы жүз оған көнбейді. олар дауласып Төле биге келеді. Келген адамдардың дауын тыңдаған Төле оң қолы, одан сол қолын созады, содан кейін үстіңгі ернін және астыңғы ернін шығарады. Даугерлер түсінбейді. Елдеріне қайтып келген соң Төленің жауабын айтады. Сонда Едіге батыр: «Сендер Төленің жауабын түсінбепсіңдер, екі қолын созғаны – сендер ұзын сойыл ұрда-жық қара барымтаның адамысыңдары дегені, ал екі ернін шығарғаны – сендер ағайынды шағыстырып, өсек айтып, ат мініп, ас ішерлік қана адамсыңдар дегені» - деп, мән-жайды түсіндіреді. Ел-жұрт ақылдасып, Төле биге Едігені аттандырады.
Мәтінге тапсырма:
Мәтіннің мазмұнын қалай түсіндіңіз?
Бұл шешендік сөзде адам құқығы туралы қандай пікір айтылған?
«Ұзын сойыл ұрда-жық қара барымтаның адамысыңдар» деген тіркестің мағынасын ашыңыз.
«Барымта» туралы жазылған қандай шығармаларды білесіз?
2-сабақ. АДАМНЫҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОРҒАЛУЫ
Мәтінді оқып, пікір білдіріңіз.
Адам және азамат құқықтары Заңмен қорғалуға тиіс. Ел болғаннан кейін оның Басшысы және Негізгі Заңы мен басқа да сол елді басқару жұмысын үйлестіру, адам мен азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз ету үшін заңдылықтарының болуы шарт. Біздің қазақ елін ерте замандардан бері хан басқарып, заңдылықтары Жеті жарғы заңымен реттеліп, билікті тек билер мен ақсақалдар жүргізген, тәуелсіздігін батырлар қорғаған. Ал қазіргі кезде елімізді басқару жүйесі негізінен алғанда сол баяғы заманға бір табан жақын болғанымен, талай сатылардан өтіп, жетіліп, адам мен азаматтардың құқықтарының сақталуына көп көңіл бөлінуде. Егемендігімізді алған жылдан бастап-ақ Ата Заңымыз – Конституциямызды қабылдап, онда елімізді басқару жүйесін анықтап, құқықтық, зайырлы мемлекет болуға қол жеткіздік.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Еліміздің Негізгі заңы азаматтарымыздың дәулетті де бақытты өмір сүруін, олардың тәуелсіз, экономикасы өркендеген мемлекет құру жолындағы әрбір қадамын реттейтін басты құжат болып қала береді», – деп атап көрсетті. Қазақстан Республикасының Конституциясы – демократиялық, адамзаттық даму жолына орныққан қоғамның және мемлекеттің негізгі, басты құжаты. Қазақстан Республикасының 1995 жылдың 30 тамызында республикалық референдумда қабылданған Конституциясының 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп айқындалған. Адам құндылықтары мен бостандықтарын асқақтату, оларды ең жоғарғы құндылық деп мойындау демократияны дамытудың үлгісі болып табылады. Сондықтан жеке адамның құқықтық мәртебесі демократияның институттарымен тікелей байланысты.
Адам құқығы табиғи құқықтан туындайды және ол барлық адам баласына туа біткен қасиет ретінде танылады. Олар – өмір сүру, бостандық, езгіге қарсы тұру, бақытты болуға ұмтылу. Бұл қасиеттер бүкіл адамзаттың ажырамайтын құқықтары деп танылады. Сонымен қатар, «азамат құқығы» деген де ұғым бар. «Азамат» сөзі адамның арнайы бір мемлекетпен құқық пен міндет арқылы тікелей байланыста екенін аңғартады. Белгілі заңгер ғалым А.К. Котов былай деп атап көрсеткен: «Жалпы социологиялық категория «адам құқығы» мен мемлекеттік құқықтық ұғым «азамат құқығының» байланыста болуы – табиғи жағдай. Олардың арасындағы айырмашылық, адам құқығы мемлекеттің мойындауынан тыс бола береді. Олар дүниежүзілік қауымдастықпен гуманистік құндылық ретінде мойындалған. Негізінде, адам құқығын сыйлайтын мемлекет олардың негізгілерін өз Конституцияларында бекітеді, сонымен қатар күнделікті заңнамаларда тәптіштейді».
Қазақстан Республикасын адам және азамат құқығын құрметтеп сыйлайтын мемлекет ретінде айқындайтын бірден-бір белгі – Қазақстан аумағын мекендейтін халық мүддесінің мемлекет мүддесінен үстем тұруы, оған басымдылықтың берілуі. Конституцияның 12-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепілдік беріледі. Адам құқықтары мен бостандықтары әркімге тумысынан жазылған, олар абсолютті деп танылады, олардан ешкім айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
Адамның жеке азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс. Адам құқықтары қоғамдық қатынастармен тығыз байланыста болады және соған байланысты арнайы топтарға жіктеледі. (http://www.info-tses.kz Ж.Қожамбаева «Адам және азамат құқықтары Заңмен қорғалуға тиіс»)
Түсініктеме! үйлестіру – белгілі бір мәселе жөніндегі жұмыстарды қадағалап, тексеріп бағыттап отыратын кеңес;
саты – бір нәрсенің дамуы, өсу кезеңі, мерзімі;
зайырлы – білгір, білімдар;
орнығу – тиянақты, жайлы, қолайлы;
әлеуметтік – жалпы қоғамға тән, қоғамдық;
құндылық – маңыздылық, мәнділік; бағалылық, қымбаттылық;
мәртебе – абырой-атақ, даңқ, дәреже;
қауымдастық – қауымдасқан тірлік;
гуманистік – гуманиске тән;
гуманист – гуманизмді уағыздаушы, қолдаушы;
гуманизм – адамға деген ізгі ниет, сүйіспеншілікпен қарайтын адамгершілік қасиет;
басымдық – күші басым болушылық, мықтылық; үстемдік, өктемдік;
нормативтік – жұмыс уақытының, материалдық және ақша ресурстарының есептеліп белгіленген мөлшері;
1-тапсырма. Жоспар бойынша мәтіннің мазмұнын толықтыра отырып, әңгімелеңіз.
Адам құқығы туралы ...
Адам құқықтықтарының заңмен қорғалуы ...
Азаматтардың өмір сүруін қамтамасыз ету ...
Демократиялық институттар жайында ...
Адам құқығы мен мемлекеттік құқықтың байланысы ...
2-тапсырма. Мәтіндегі адам құқығының қорғалуын қазіргі кезбен салыстыра отырып талдаңыз.
Ерте заманда бір төре кедей адамға егін ектіріп, ақы төлемей, өзі пайдаланып жүреді екен. Кедей адамға бала-шағасын асырау қиын болыпты. Келесі күзде егін бітік шығып, кедей егінді төреге айтпай жинап алыпты. Төре кедейді ұрып, басын жарыпты. Таяқ жеген кедей Төле биге арызданып барыпты. Төле бидің қартайған кезі еді. Төрені шақырытып алып:
Таласқандарың қара жер,
Төрең болдың босқа тер.
Егіншіңмен айтысып,
Қор боп қапсың қайран ер.
Қор болмастық ойласаң,
Мүсәпірдің қақың бер,
деген соң, әлгі төре ұялып, әлгі төре кедейдің ақысын беріп, риза қылыпты.
3-тапсырма. Мына мақал-мәтелдер қандай жағдайда қолданылады?
Дауды ақыл жеңеді,
Жауды батыл жеңеді.
Еркіндігіне қамыт түссе,
Елдігіңнен не қайыр.
Құм жиылып, тас болмас,
Құл жиылып, бас болмас.
Жер жетім, иесі жоқ қалған болса,
Ел жетім, жақсы басшы арман болса.
4-тапсырма. Негізгі тақырып пен Абайдың 38-қара сөзі арасындағы логикалық байланысты ашып көрсетіңіз.
Барлық адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашу керек.
Әуелі - надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық.
Надандық – білімнің жоқтығы. Дүниеден ешнәрсені білімсіз біле алмайсың.
Білімсіздік – айуандық болады.
Еріншектік – дүние жүзіндегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі содан шығады.
Залымдық адам баласының дұшпаны. Кімде-кім адам баласына дұшпан болса, ол жыртқыш айуан қатарына қосылады.
Үйге тапсырма:
«Азаматтық іс» туралы айтқан даналар сөзін жинап, талдау жасаңыз.
3-сабақ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ