8) Тағылымдық мәні бар сұрақтар
Сырым бір жылы Орта жүзге барғанда Балаби шешенге кез келеді. Сырым мен Балаби көп әңгімелеседі.
Балаби: « Үгітті, ақылды қандай адамға айту керек?» – дейді.
Сырым: «Үгітті ұққанға, ақылды жұққанға айту керек», – дейді.
Балаби: «Ат пен ер қандай жерде, не үшін шабады?», – дейді.
Сырым: «Ат шабысына қарай, ер намысына қарай шабады», – дейді.
Балаби: «Дүниеде не тәтті?» – дейді.
Сырым: «Аста тұз тәтті, адамда дос тәтті», – дейді [Шешендік шиырлары, 53 б.].
***************
9) Ой тастау немесе ойға жұмылдыру арқылы:
Төле би өз тұсындағы хандардың, баһадүрлердің, билердің ұстазы, ақылшысы. Бірде Шақшақұлы Жәнібек:
– Түзу мылтық, ұшқыр құс, жүйрік ат, мақтаншақ жігіт, ұрыншақ ат жидым Бозбала болып ерлік құрайын ба? Үлгі алып билік құрайын ба?
Еліңде кәрің болса, жазулы тұрған хатың, ерттеулі атың деуші еді, ақыл сұрай келдім, – депті.
Сонда Төле би былай депті:
Өгізді өрге салма, қанатың талар, наданға көзіңді салма, сағың сынар.
Досыңа өтірік айтпа сенімің кетер, дұшпанға сырыңды айтпа, түбіңе жетер.
Жал-құйрығы қаба деп жабағыдан айғыр салма, жаугершілік туғанда жағдайлап мінер ат тумас.
Жақыным деп жаманның малы үшін жақсының жағасынан алма, өрісің тарылар.
Қару жисаң мылтық жи, жаяу жүрсең таяқ, қарның ашса тамақ.
Ит жүгіртіп құс салсаң, әуейі боларсың.
Әйел алсаң көркіне қызықпа, тектіні ал.
Ұрыншақ ат жаз жарға жығар, қыс қарға жығар.
Тұмау түбі – құрт болар, тұман түбі жұт болар.
Ақылдың түбі – құт болар.
Елге бай құт емес, би құт.
Қабырғадан қар жауса, атан менен нарға күш,
Ел шетіне жау келсе, қабырғалы биге күш.
Қарап отырғанша бір нәрсеге жарап отыр.
Кәсіп болмай, нәсіп болмас. Менен ақыл сұрасаң айтарым осы – депті [Шешендік шиырлар, 49 б].
************
10) Қазыбектің аталас ағайындары – Бертіс би мен Тілеуке би мұның ел ішіндегі абыройын көре алмай, жастарының үлкендігін малданып оны бір күні шақырып алады. Әуелі Бертіс би тұрып:
Ақылы елден артылған,
Ақылың болса мақтан.
Ынтымағы жұрттан асқан
Жақының болса мақтан.
Сенің жасың кіші ғой,
Ағаңның алдына шығудан сақтан! – деп ескертеді.
Қазыбек оларға:
-Бір бала бар –
Атаға жете туады.
Бір бала бар –
Атадан өте туады
Бір бала бар –
Кері кете туады! –
деп жауап береді. Мұның айтқанын ана екеуі кек тұтып, күні бұрын дайындап қойған адамдарына белгі береді...
Бұзықтар Қазыбектің үстіне шекпен жауып, сабамаққа айналады. Сол кезде аттың дүбірі естіледі. Бұл келген Қазыбектің кенже інісі Бөдене батыр екен. Ағайындарының ағасын оңаша шақыруынан қауіптеніп, асығып жеткен беті осы еді. Ашулы батыр ана екеуіне қылыш ала ұмтылады. Қазыбек інісін тоқтатып:
- Шырағым, бір қолың ұрыс бастаса, екінші қолың арашашы болсын. Ашу - дұшпан, ақыл - дос, ақылыңа ақыл қос. Жауға сілтер қаруыңды жақыныңа сілтеме! – депті.
Айнала жиналған халайықтың алдына шығып, сонда Қазыбек былай толғайды:
Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма –
Кесепаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма,
Өскеніңді өшіресің.
Басына іс түскен пақырға
Қастық қылма –
Қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға,
Жәрдемші бол асыға.
Қиын-қыстау күндерде
Өзі келер қасыңа.
Бүгін сағы сынды деп,
Жақыныңды басынба!
************
11) Жас талапкер – Қаражігіт Қаз дауысты Қазыбекке сәлем бере келген аға би:
- Атадан жақсы ұл туса,
Елімнің туы болады.
Атадан жаман ұл туса
Көшімнің ең соңы болады,-
деген, сен осының қайсысы боласың? – депті. Сонда жүгініп отыра кеткен Қаражігіт:
- Ораздының кәрісі,
Қартайғанда қазына болады.
Шиырлының кәрісі
Қартайғанда қазымыр болады, - деген... Сіз өзіңіз соның қайсысы боласыз? – депті. Қазыбек жүректі жастың жүзіне зер сала қарап:
- Е, халқым сөзімді тыңдаса, қазынасы болармын, - депті.
- Мен де халқым құп алса, елімнің туы болармын, - деп Қаражігіт орнынан ұшып тұрып, Қазыбекке қайтадан барып сәлемдесіпті.
************
12) Тоғыз жасар Жетес тоқсандағы Төле биге сғлем бере барыпты: Сонда Төле би былай деген екен:
Бата – басқа, қына – тасқа, ақыл – жасқа, не қалайсың, балам?- депті.
Сонда Жетес бала:
О, қасиетті, баба! – Ат берсеңіз өлім қалады, тон берсеңіз тоқым қалады. Ат, тонға бергісіз өлмейі өлмейтін, өшпейтін, өмірі естен кетпейтін бірі өсиет айтсаңыз соған ризамын, -депті.
Онда қолыңды жай, балам, -деп Төле би
- Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол!
Бір елдің атасы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала
Өзегің толса, өзен бойын жағала
Басыңа іс түссе көпшілікті сағала
Өзіңе - өзің кәміл бол
Халқыңа әділ бол,
Жауыңа қатал бол!
Досыңа адал бол! – аумин, деп бата беріпті.
************
