
Ұлттық шешендік сөздер
1) Қалмақтың ханы Қоңтажы мен Қазыбек би арасындағы жер дауына байланысты айтылған мына бір шешендік сөзде:
– Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпанға басындырмаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Достығымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір ерткелі келгенбіз, қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз, танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең шабысқалы келгенбіз. Сен Қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз, жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз, тұтқыр сары желіммен, жабысқалы келгенбіз, берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! – депті [Б. Адамбаев, 101 б].
2) Көбей бидің бізге жеткен шешендік сөздерінің ішінен мына бір шешендік ойды келтіре кетейік:
Жүйрік ат – ер пырағы,
Ойлаған жерге жеткізер.
Жақсы бала – әке шырағы,
Көргенді құмар еткізер.
Жақсы әйел – үй тұрағы,
Жатты жақын еткізер [Б.Адамбаев, 14 б.]
***************
3) Бала Қазыбектің хан Бертіске айтқаны:
Ерден ердің несі артық,
Елдестірген сөзі артық.
Малдан малдың несі артық,
Бір-ақ асым еті артық.
Жерден жердің несі артық,
Бір-ақ уыс шөбі артық.
Міндетіне алған сөзден
Шегінген жігіттен аштан өлген аюдың өті артық
***************
4) Жақсы кісі ақылымен тәуір болады,
Мінезі қорғасындай ауыр болады.
Құлағы өсекті естімейтіндей сауыр болады,
Кедейдің жалғыз керіндей,
Құйрығы шолақ, арқасы жауыр болады [Б. Адамбаев, 47 б.].
***************
5) Асу – асу белдер бар,
Аса алмаса ат өлсін.
Ағайынмен тату бол,
Айыра алмай жат өлсін
Жаман еркектің басын,
Жақсы әйел хан қылады.
Жақсы еркектің басын,
Жаман әйел даң қылады [Б.Адамбаев, 81б].
***************
6) Жапалақ құс мақтанса,
Жардан тышқан алдым дер.
Жаман адам мақтанса,
Жақсыны аяғынан шалдым дер [Б.Адамбаев, 84 б.].
***************
7) Ал құрылымы тұрғысынан сұраудың дерекшіл түріне қарағанда пікіршіл түрі жиі кездеседі, сұрақ беруші адам жауап алушы адамның ой-пікірін, көзқарасын, т.б. ақпарат алуға тырысады. Мәселен, Жанқұтты шешеннің Абайдың арасындағы мына бір шешен де ұтқыр сөздеріне назар аударсақ:
Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үйленбеген шағы екен. Абайдың тапқырлығын, өлең шығаратындығын естіп жүрген шешен баланы қасына отырғызып, оған бірнеше сұрақтар қояды:
Шырағым, дүние неге сүйенеді?
Абай:
Дүние үмітке сүйенеді.
Жанқұтты:
Көздің көрмесі бола ма?
Абай:
Көз қабағын көрмейді.
Жанқұтты:
Шам жарығының түспесі бола ма?
Абай:
Шам жарығы түбіне түспейді.
Жанқұтты:
Болат пышақтың кеспесі бола ма?
Абай:
– Болат пышақ өз сабын өзі кеспейді [Шешендік шиырлар 6 б.].
***************