
Малтахан шешен
Малтахан Бекболат баласы Мұқаш деген байдың үйінде отырғанда сол Мұқаштың соғымға жіберген бір түйесі үйелеп өліпті деген хабар келеді. Мұқаш оған қатты ренжіп мал басындағы малайларын түні бойы сырттай балағаттап шығады. Ертемен шай үстінде отырғанда да қабағы ашылмайды. Сонда Малтахан шешен оған былай деді:
-Немене, Мұқаш мырза?
Қабағың ашылмады ғой түннен,
Өліпті деп естігелі бір інген.
Ғұмыр ма ол, ойлашы өзің,
Азалап мал сонша қазасын?!
Бірі өлсе мыңы бар,
Сенікі емес пе анау –
Өрісте қаптап жүрген келең.
Тағдырдан ажал тура келсе,
Кетерсің түйең түгіл өзің де мүрдем, -депті.
Малтахан шешен тоқсанға келгенде кәрілік пен қосыла жарлылық та басып, ел жайлауға көшкенде ол қысқы мекенінде көше алмай қалып қойыпты. Ауылдың жайлаудағы кәрілері оның жай –күйін білуге келгенде Малтахан оларға былай депті:
-Бір кезде бұл Малтахан ел сыйлаған аға болды.
Дұрыстыққа кір жуытпай билік айтар дана болды,
Жас тоқсанға толған соң, таза бойым аза болды,
Сыртқа шықсам, сырластарым құлазыған мола болды,
Үйге кірсем, құрдастарым –мысық пенен бала болды.
Жалғыз сиырды қасқыр жеп, Малтахан биыл малдан ада болды.
Енді менен не жай сұрайсыңдар?!
Келгендер оны жайлауға көшіріп апарып, астына мінерлік ат, сусындық сауын мал жинап беріпті.
Сырымның сөздері.
Бір жігіт бар, тек жатады.
Сырым екі жолдасымен Көсеу бидің үйіне қоныпты. Би үйінде екен. Сырым «суық тиіп жүр еді» деп үйге жатыпты да, жолдастары түнде ат –көлік көздейміз деп далаға жатыпты.
Әкесі шәугім алып тысқа шығып кеткенде, төрге Сырымға төсек салып жатқан бидің қызы:
-Мырза, бір жігіт бар тек жатады,
Ондай жігіт жиі кеп жатады.
Бір жігіт бар бірдеме деп жатады,
Барлық сиын бір –ақ рет жеп жатады,-дейді. Сонда Сырым:
Бүгінгі қалауыңды ал,
Келесіде сөзінде қал! –деп теріс қарап жатып, таң ата бір –ақ ояныпты.
Әйелді қорсынбаңдар.
Алыс жолдан үй ішін сағынып келе жатып аулына жақындағанда Сырым жолдастарына:
-Қаттырақ жүріңдер, бүгін ауылға жете қонайық, -дейді.
Сырымның әйелі ажарсыздау адам екен. Соны әзілдеп жолдастары Сырымға естіртпеген болып:
-Басқа кісі асықса дұрыс, ал осы Сырым қай әдемі әйеліне асығып келеді екен! –депті.
Бұл сөзді құлағы шалып қалған Сырым:
-Жігіттер, әйелді қорсынбаңдар,
Әйелсіз ерге күй бітпейді.
Қойды «қой» деп қомсынбаңдар
Қойсыз елге үй бітпейді.
Астымдағы қара атым –тұлпарым,
Қасымдағы қара әйелім –сұңқарым, -деп желе жөнелген екен.
Досбол мен шешен қыз.
Балаби Досбол «маған сөзі, өнері пар келетін жан бар ма екен» деп, жүрген бозбала күнінде «Шанышқалы елінде бір шешен қыз бар» деп естиды. Айтушылар қызды: «Жасы жиырмаға келді, әлі ерге тиген жоқ, өзінен өнері, сөзі артық жанға тимекші. Бірнеше жігіттер барып сөйлесіп қыздан жеңіліп қайтты», -дейді.
Айтылған Шанышқалы елі Досбол еліне құда екен. Досбол жанына жолдас алып қызды іздеп шығады. Бірнеше күн жүріп, дәл түс кезінде қыздың аулына келсе, төрт –бес қыз атқа мініп, жанындағы ауылға бет алып барады екен. Досбол жолдасына «әрине, басқа қыздар бұл түрде жүрмек емес, адамға сөз бермейтін қыз осы қыздардың ішінде болар, аттың басын сол қыздарға қарай бұр» дейді. Сөйтіп, жігіттер елді тастап, қыздарға бет қойып жүреді. Бұларды көріп, қыздар да бұрылады, бір –біріне жолысқан кезде, Досбол былай дейді:
Қайдан келе жатырсың,
Байталыңды қамшылап.
Ер сағынып жүрмісің,
Аузыңнан су тамшылап?
Жолың болсын құдаша,
Қай жаққа сіз барасыз
Қайшыңызды –қайшылап?
Қыз бөгелместен былай дейді:
Мен үйімнен келемін,
Байталымды қамшылап,
Әйел адам көрген соң
Есің ауып кетті ме,
Мұрныңнан су тамшылап,
Әлей болсын құдеке,
Бара жатқан жұмысым
Сақал, мұртың өсіпті,
Алайын деп мен тұрмын
Қамшымменен қамшылап.
Сонда Досбол «тіліңді тәңір кесісін, бұл елге түсіп болмас», деп, ауылдан сусын ішпестен, кейін қайтып кетіпті.