
Төлебай сал
Төлебай сал өткен он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде: Қараөткел, Атбасар, Қарқаралы, Кереку дуандары және көшпелі жеті болыс тама елдің арасында орақ тілді, өткір сөзді, өзі кедей болса да халық арасында қадырмен адам болған. Ол әкесі Есбергеннен үш ағайынды Тоқтауыл, Төлебай, Атымтай деген. Төлебайдың өзінен үш ұл, бес қыз болды. Ұлдары: Сейтқазы, Жанғазы, Байғазы. Қазір үшеуінен де балалары бар.
Төлебай ат жалын тартып мінгеннен кейін өзі кедей болса да, кедейлікті мойындамай, ел ішінде Төлебай сал атанады. Бай –мырза, би болыстармен өзі уағында, әсіресе, олардың істеген қиянаты, алған парасатына өте қарсы болған. Олар жөнінде Төкең:
Салаба болған қайықтан,
Қайқайта буған сал артық,
Тура айтпаған болыстан,
Шала есін білген бала артық.
Пара жеген билерден,
Дүздегі жүрген жыртқыш аң артық, -
дейді.
Төлебай халық арасында белгілі қадірлі, қапелімде сөз тапқыш, тілді адам болған. Төкең Ертіске, ағайындары Қазанғаптың Исасына барып көшетін болып келіпті. Бірақ бұл жақтағы 60үй Бәсентиын үйренген елін жерін қимай көшпей қалыпты. Содан кейін Төкен Шоңның үйіне барса ол билермен бірге отыр екен. Самырат, Әлсен, Қаспақ, Шоқақ тағы басқалары Төкенді кекесіндеп: -Қашан көшесің? –депті. Сонда Шоң: -Төлебай мыналар не дейді, -депті. Сонда ол:
Ей, Шоң!
Арамзаның көзі күледі,
Басшысы жаман болса елі бүлінеді,
Ұлығынан әділдік кетсе,
Артындағысы иттей азып, күшіктей үреді, -
деген осы да депті. Отырған билер үндемей қалыпты.
Қанжығалы Жәдігерұлы Асаубай.
Қанжығалы Жәдігерұлы Асаубай белгілі шешен, Балта керей Бекентай байдың ауылына қыстың ызғырық бораны соққан бір күні аттары болдырып, өзін аяз сорып, жол соқты болып жетіпті. Жанындағы жолдасын қонуға рұқсат сұрауға жіберсе, Бекентайдың жандайшаптары оны үйге кіргізбей, ақырында Асаубайдың өзі келеді. Бай бәйбішесімен шай ішіп жатыр екен. Амандық –саулықтан кейін Асаубай:
Жол алыс, өзіміз шаршап, аттар болдырып қалды. Күн де кешкірді, қонуға рұқсат болар ма екен, -дейді. Бекентай теріс қарап, күмілжіп: «Кісі күтер жайымыз жоқ, жолаушылар –ақ мазамды кетірді. Басқа да үйлер бар ғой» -дейді. Бекентай:
Кімсің өзің? Төбемді тоқпақтағандай тақпақтамай жөнінді айтшы, -депті. Сонда Асаубай:
Сұрасаң атым мәлім –Асаубаймын,
Маржандай тізбектелген сөзім дайын.
Қорықпаса адамды сыйламайтын,
Қашаннан білуші едім байдың жайын
Жолай барып жүгінсем билеріңе,
Жетекте кетер еді –ау бірер тайың,-депті.
Асаубай екенін білген бай кешірім сұрап, тиісті құрмет көрсетеді. Ертеңінде жүрер алдында Асаубайға Бекентай шапан жауып, ат мінгізіпті. Сонда Асаубай:
Байлығыңа мастанба,
Құруың оңай.
Болғаныңа мақтанба,
Солуың оңай.
Жан –жағыңды жалмаса,
Жарым –жалғыз қалуың оңай.
Мен алғаныма тасымаймын,
Жоқтығыма жасымаймын, -депті.
Шоқай сексен жасқа қызға барған.
Шоқай би сексен жасында бір үйге қоныпты. Жанында жас жолдасы бар екен. Қонған үйдің бойжеткен қызы болады. Шоқай түнде қызға қол салады.
-Бұл кім? –дейді қыз.
-Қонақпын, -дейді Шоқай.
-Қонақтың қайсысың, кішісісің бе? –дейді қыз.
-Үлкені тұрғанда, кішіге жол қайда?
Сегізде тісім түсті,
Сексенде қызға ісім түсті
Дүние өтер –кетер,
Құдаша, көрпеңді көтер.
Маған келген кәрілік
Сені де қуып жетер.
Саған да ешкім қарамай,
Сонда жастыққа көңілің кетер, -
дейді Шоқай.
Сексенге келген сері шал,
Қайраттың болса қарманып қал!
Бауырыма қысып, басыңнан сипайың,
Көңіл кең болса, көрпе жетер, -
деп қыз көрпесін ашыпты.
Ықыласы мен сөзіне риза болып Шоқай би қызға алтын сақинасын салыпты. «Шоқай сексен жаста қызға барған» деген сөз содан қалыпты.
Төле би Әлібекұлы.
Төле би Әлібекұлы (1663 -1756) –қазақтың қоғам қайраткері, белгілі шешен Т әуке ханның кеңесшісі, «Жеті жарғы» әдет заңы авторларының бірі, ұлы жүздің аға биі.
Төле бидің руы –Дулат ішінде Жанас. Аталары: Жаныс –жайылмыс –Қожамберді –Құдайберді -Әлібек. Тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін би де, бай шаруа болған.
Төле би орта жүздің аға биі Қазыбек Келдібекұлымен, Кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйбекұлымен бірге әз Тәукенің басты кеңесшісі, көмекшісі болады, оның Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүз ұлыстарын бір орталыққа бағындырып, бірегей қазақ хандығын нығайтуына көмектеседі. Тәуке қуатты жоңғар хандығына тойтарыс беріп онымен бітім жасайды. Көршілес Қоқан хандығымен, Ресей патшалығымен елші алысып, сауда жасайды. Қысыраған дала, қираған қалалар жандана бастайды. Қайта туған қазақ мемлекетінің құрылысын бейнелейтін, қоғамдық қарым –қатынас белгілейтін әдет заңы «Жеті жарғы» кодексі жасалады. Бірнеше жүз жылға созылған Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің қанды жорықтарынан кейін аз уақытқа болса да ел басын құрап, есін жиған осынау бейбітшілік пен берекелі жылдарда Төле бидің үлкен үлесі, елеулі еңбегі бар.
Төле бидің басшылық, мәмлегерлік және шешендік дарыны, әсіресе, әз Тәуке өліп, қазақ хандығы қайта ыдырап кеткен жылдарда, соны пайдаланып жоңғар хандығы жойқын қолмен, зеңбіректі қарумен шабуыл жасап, қазақ халқы қырғынға, қалғаны «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған кезде ерекше айқын көрінеді. Ол жоғарыда аталған билермен, Қабанбай, Бөгенбай, Жәңібек батырлармен және кейбір хан –сұлтандармен бірге бірыңғай халық майданын құрып, азаттық күресін басқарады, азат етуге басшылық етуде.
Төле би Әлібекұлы қазіргі Шымкент облысы Ленгір ауданына қарасты Ақбұрхан –Орда қонған деген жерде 93 жасында дүниеден қайтқан, денесі өзі он екі жыл басқарған, көркейткен Ташкент қаласына, даңқты Бабұрдың әкесі Юсуп ханның қатарына қойылған, басына халық құрметтеп сегіз қырлы, бір сырлы биік күмбез орнатқан. Жұмабай Алдажұманов қарттың айтуынан:
Арғымақ баптап не керек,
Артынан жабы қуып жеткен соң.
Ағайын –туған не керек,
Аңдысып күні өткен соң
Біразырақ сөйлейін,
Әлеумет сізге ұнаса.
Ажал қуып жеткен соң
Бір төбенің басына,
Тыға салып кеткен соң.
«Айтыңыз» дейтін жұрт қайда,
Айтатын оны біз қайда? –
деген екен Төле.