Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
УМК МИКРОЭК нов.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.72 Mб
Скачать

4. Жетілген бәсекеші фирманың қызметін тоқтатуы.

Баға ең төменгі орташа шығындар деңгейінен аз:

Р ≤ АVCmin

Бұл жағдайда фирма өзінің өзгермелі шығындарын жабатын өндіріс көлемін де шығара алмайды. Өндірісті жалғастыратын болса, ол тұрақты шығындар құнынан да көп зиян шегеді, яғни зиян барлық шығындар шамасына ТС-ға тең болады (62-сурет). Сондықтан фирма өз жұмысын тоқтатқаны жөн.

7.3 Қысқа мерзім кезеңіндегі бәсекелес фирманың және саланың ұсыныс қисығы

Қысқа мерзімдегі бәсекелес фирманың ұсыныс қисығы баға мен ұсынылған тауар көлемі арасындағы тура байланысты көрсетеді. Бәсекелес фирма пайданы ең жоғарғы деңгейге көтеретін өнім көлемін шекті шығын бағаға теңескенге дейін өсіреді. Сондықтан шекті шығын қисығы баға мен ұсыныс арасындағы байланысты сипаттайды. Бірақ нарықтағы баға бәсекелес фирманың ең төменгі орташа өзгермелі шығынынан жоғары болуы керек. Сонда ғана фирма зиянын азайта отырып, жұмысын жалғастырады. Егер баға ең төменгі орташа өзгермелі шығыннан төмен болса (P<AVC min), фирма жабылады.

Сонымен, бәсекелес фирманың қысқа мерзімдегі ұсынысы – AVC қисығының ең төменгі нүктесінен жоғары орналасқан MC қисығының кесідісі. Оны суреттен көруге болады.

Бәсекелес нарықтағы ұсыныс – саладағы барлық фирмалардың әрбір мүмкін бағамен өндіріп, ұсынатын өнімдері көлемінің қосындысы. Біртекті өнім өндіретін бәсекелес фирмалардың шекті шығындарының қисықтары бірдей. Нарықтық ұсыныс қисығы- нарықта жұмыс істейтін барлық фирмалардың жеке шекті шығындары қисықтарының көлденең жиынтығы.

Ұсынысқа әсер ететін факторлар:

  • саладағы фирмалардың саны;

  • фирмалардың орташа көлемі;

  • өзгермелі ресурстардың бағасы;

  • салада қолданатын технология.

Бұл факторлардың әсерінен МС қисығы жоғары немесе төмен жылжиды.

7.4 Ұзақ мерзім кезеңіндегі фирма және ұсыныс

Ұзақ мерзімде бәсекелес фирманың барлық шығындары өзгермелі болады. Егер нарықта экономикалық пайда алу мүмкіншілігі болса, фирмалар жаңа кәсіпорындар сала бастайды, бұрынғы кәсіпорындардың көлемін ұлғайтады және нарыққа жаңа фирмалар кіреді. Егер салада тек қана қарапайым пайда алатын мүмкіншілік болса, нарықтағы фирмалардың саны өзгермейді. Себебі фирмалардың салаға кіруге немесе шығуға ынталары болмайды. Егер салада қарапайым пайда алу мүмкіншілігі болмаса, көптеген фирмалар жабылады немесе нарықтан шығып экономикалық пайда әкелетін салаларды іздейді.

Бәсекелес нарықтағы ұзақ мерзімдегі тепе-теңдікті былай сипаттауға болады:

  • Саладағы барлық фирмалар пайдаларын мейлінше өсіреді.

  • Барлық фирмалар қарапайым экономикалық пайда алатын болғандықтан, ешкімнің нарықтан шығуға немесе кіруге ынтасы болмайды.

  • Нарықтағы баға ең төменгі ұзақ мерзімдегі орташа шығынға тең болады.

  • Нарықтағы тауардың бағасы саладағы ұсыныс мөлшерін сұраныс мөлшеріне теңестіреді.

Ұзақ мерзімдегі бәсекелес фирманың ұсынысы сол фирма жұмыс істейтін саладағы сұраныстың өзгерісіне байланысты қалыптасады.

Сонымен саланың ұзақ мерзімдегі ұсыныс қисығы тепе-тең жағдайдағы ұсынылған өнімдер мен бағаның арасындағы байланысты көрсетеді. Ұзақ мерзімдегі ұсыныс қисығының кез келген нүктесінде LRMC=P=LRACmin теңдігі орындалады.