Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Копия Казах ауызша тарихы подпр вариант.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.3 Mб
Скачать

Зылиха (Қаракемпір)

Шежіре дерегінде Кіші жүз Қыдырсиықтан – Шеркеш, одан – Қосым, Қойыс, Жауғашты, Шумақ, Досым туыпты дейді. Осылардың Қойсынынан Дербіс туады. Дербістің бәйбішесі Зылиха деген кісі, өңі қара болған соң «Қаракемпір» аталып кеткен көрінеді. Бүкіл Дербіс әулетіне ұйытқы болып, жол үйреткен, жол көрсеткен адам. Дербіс батырдың бәйбішесі Зылихадан – Тоқтар, Базар, Қошқар, екінші әйелінен – Түрке, Шыңбай, үшінші әйелінен – Сатай, Сатылған туған. Дербістің осы үш әйелінен тараған ұрпақтан жөн сұраса «шеркешпіз, оның ішінде қаракемпірміз» дейді. Яғни, Қаракемпір ру атына шыққан. Қаракемпір туралы айтылатын қария сөз көп. Бірде Әлімнің ел қамымен жүрген жақсы-жайсаңы жолаушылап келе жатып Сағыз бойында отырған Дербіс батырдың үйіне тап болыпты. Дербіс батырдың өзі үйде жоқ екен, сыйлы қонақтарға жақын жерден алдыра қоятын малдың реті болмай, Зылиха сол жерде күйеуі Дербіс батырдың жауға мінетін екі атының бірін сойып, қонақтарды құрметтеп аттандырыпты. Әлімнің жақсы-жайсаңы былай шыққан соң «Апыр-ай, Дербістің құты үйіндегі қаракемпірі екен ғой!»-деп таң-тамаша болысыпты. Содан, Дербіс батыр үйіне келеді. Бәйбішесі Зылиха: «Әлімнің алты жақсысы келіп еді, ақтабан атыңды сойып құрмет көрсеттім депті. Сонда, Дербіс батыр «Әлімнің алты жақсысына құрмет көрсеттім дегенше, мені алпыс жауымнан құтқардым десейші!»-деген екен. Қаракемпірге халықтың құрметі сияқты ел ішінде тартылатын «Қаракемпір» атты күй бар.

Нұрбике

Орта жүз арғғын, оның ішінде қаракесектен өрбіген аталардың бірі – Шаншар. Шаншар ақылгөй, көреген адам болса керек, шежірешілер «шаншар абыз» деп отырады. Сол Шаншардың үш әйелінің бірі Нұрбикеден тараған ұрпақты «Нұрбике-шаншар» елі деп атайды. Нұрбике болса Есім ханның тұсында Ташкентті билеген Тұрсын ханның қызы болса керек. Ташкентті билеген Тұрсын ханды опасыздығы үшін Есім хан өлтіріп, қалың қатағанды үркінші-көшкінші еткені тарихтан мәлім. Осы оқиғаға қатысты Әлихан Бөкейханұлы былай дейді: «Қатаған еліне жасалған бір ұлы жорықтан кейін арғынның батырлары қолға түскен қырық қызды өзара бөліседі. Оның ішінде Шаншар-Нұрбике мен Ақбикені, Қарпық-Дәулетбикені, Байбөрі-Оразбикені, ал, Тобықты – Қоңырбикені алады. Бұлар қатаған елінің көсемдерінің қыздары еді. Шежіре дерегінде Шаншар үшінші әйелі Қызданбике де осы Тұрсын хан қыздарымен бірге олжа болғаны айтылады. Нұрбике-Шаншар елінен әйгілі күйші-композитор

85

Тәттімбет Қазанғапұлы шыққан. Шежіре дерегі Тәттімбетті былай таратады: Ақжол-Мейрам-Қаракесек – Ақша – Бошан – Таз – Бұлбұл – Шаншар – Бердібек – Бектемір – Мөшеке – Қазанғап-Тәттімбет. Қазанғаптың Тәттімбеттен басқа Ырсымбет, Құттымбет, Жақсымбет, Әлімбет, Дүйсембет деген балалары болған. Тәттімбеттен – Мұсатай, Қысатай, Исатай туған. Осылардың Мұсатайы мен Исатайынан ұрпақ бар. Ұлы ақын Абайдың шешесі Ұлжан да осы Нұрбике-Шаншар елінен.

Ен-таңбалар мен ұрандар

Қазақ ру-тайпаларын айғақтайтын ен-таңбалар ұлттық мәдениеттің барша болмысымен біте қайнасып жатқан геральдикалық нышан (символ) болып табылады. Бұл ретте, ен-таңбаларды қазақ ұлтының ұлт болып ұйысуының және ішкі этноқұрылымдық жүйесінің көрнекі айғағы. Шыңғыс хан қазақ руларына таңба үлестірген, тұтынған қару-жарақтарын айғақтау үшін таңба басылған, қазақ руларының малына салынатын ен-таңбаларды Тәуке хан үлестірген, рулық қауымдастықтың меншік малын айырып тану үшін таңба қажет болған. Қазақтың дәстүрлі қоғамында рудың дербес ұраны мен таңбасының болуы оның қоғамдық өмірдегі саяси, құқықтық және әлеуметтік орнын айғақтаған. Қазақ ру-тайпаларын айғақтайтын кейбір ен-таңба пішінінің өзара ұқсас немесе сәйкес бейнеленуінің әртүрлі себептері бар.

Біріншіден, Ұлы дала төсіндегі ру-тайпалар өзінің ұзына тарихында сан мәрте бас біріктіріп, қуатты одақтар құрып, сан мәрте ыдырап, бөлшектенген.

Екіншіден, қазақ хандығы құрылғаннан кейін ел-жұртты ұйыстырып, қоғамдық-әлеуметтік ахуалды орнықты ететін тетіктердің бірі – ру мен руды араластыру, ру мен ру арасында бала алмастыру болған. Тәуке хан тұсында (ХVІІІғ.) төрелердің арасындағы бақталастықты тию үшін олардың біраз бөлігін қожа тайпасының құрамына сіңіріп жіберген. Кіші жүз адай тайпасының ішіндегі бегімбет пен қожантай аталарының арасындағы теке-тірес тоқтамай қойған соң, сол екі атаны да бүкіл адай тайпасының ішіне шашырата сіңіріп жіберген. Орта жүз абақ керей ішіндегі шұбарайғыр руының бес тармағын жарастыру үшін білікті би Өтес Қабыланұлы (ХІХ ғ.) он екі атаны мидай араластырып, жаңадан бес тармақ құрған. Орта жүз арғын тайпасының ішіндегі қаракесек руының кәрсөн атасынан шыққан Қыдыр батырдың асықты жілік ұстатып, асырап алған баласы Орынбай, одан тараған ұрпақ өз алдына бір ата. Орта жүз арғын тайпасының ішіндегі іргелі рулардың бірі шегендік пен қуандық болса, осылардың арасы алыстап кетпес үшін Қуандықтың Олжакелді деген баласын Шегендік асырап алып, Олжакелдіден – Қаржас туып еді дейді.

Үшіншіден, қазақтың дәстүрлі қоғамында өсіп-өнген ру-тайпалардың өріс-қонысы тарылса, енші алып шыққан кіші рулар орайы келген кең өріс, жайлы қонысқа қарай жылжып көшіп-қона берген. Сондай-ақ қазақ хандары елге еңбегі сіңген әйгілі тұлғаларға, олардың әулет-атасына сый-құрметтің белгісі ретінде қоныс-тұрақ ұсынып отырған.

Төртіншіден, қазақ пен қалмақ арасындағы соғыс аяқталған соң (ХVІІІғ.) жаудан азат етілген байтақ өңірлерді қазақ ру-тайпалары қайтадан қоныстана бастады.

86

Осы қайта қоныстану кезінде қазақ ру-тайпалары қоныс-тұрақ таңдау еркіндігіне ие болған. Қазақ ру-тайпаларының жүздік бөлікке қарамастан ең бір ілкімді аралас-құраластыққа түскен уақыты осы кез.

Бесіншіден, қазақ арасындағы бір ен-таңбаның бірнеше ру-тайпада кездесуіне себеп ел басына түскен әртүрлі нәубеттер. Әсіресе, соғыс, отаршылдық өктемдік сияқты ауыртпашылықтар қазақ ру-тайпаларын ата қонысынан ауып кетуге үркінші-көшкінші болуға немесе алыстағы жекжат-жұрағаттарын сағалауға мәжбүр етті. Осы орайда, отаршылдық тұзағына алғаш ілінген Кіші жүз құрамын ру-тайпаларға қатысты кейбір деректерді келтіруге болады. Сырым Датұлы бастаған көтерілістің соңы жеңіліске ұшырады. Содан іле-шала 1797 жылы кейбір Кіші жүз руларының ата қоныстан ауа көшуі басталды. Мұны бірінші Ұлы көш деп атауға болады. Мұны бастаған шеркеш руының биі Қаражігіт Төлеубайұлы болды. Ол орыс әскерлерінен көп қиянат көрген өзіне қарасты үш ауылды ертіп, Елек бойынан Ұлытаудың шығыс жағына қарай қоныс аударды. Дәл осы жылы таманың Жеме би бастаған жөгі руы, жағалбайлының Айтуар шешен бастаған біліс пен ормантай рулары адайдың Келімбердісінен тарайтын тобыш руының ораз тармағына жататын қосшы батыр Әбілқайыр ұрпақтарымен шекісіп қалып, ораз ауылын ерте, Бұқар облысының тамды деген жерінен бір-ақ шықты. Орыс он талап, хан да сан талап жатқандығына шыдамай көрші мұсылман халықтары Хиуы мен Бұқараға бірлі-жарым көшіп кетіп жатқандары қаншама еді.

Екінші ұлы көш – 1821 жылы Арғынғазы, 1825 жылы Көтібар көтерілістері басылғаннан кейін басталды. Тама мен жағалбайлының біраз бөлігі Сарысу бойында отырған ағайындарына келіп қосылса, енді біраз бөлігі Ұлы жүзге қарасты Шымкент жеріне келді. 1825 жылы хан тұқымдары мен орыс әскерлерінен аса зәбір көрген рамадан руы Жайық пен Ырғыз арасынан тұтастай ауа көшті. Жолай олардың бір бөлігі Қарақұмда қалды да, қалғаны Сыр бойынан, яғни, Ташкент маңынан бір-ақ шықты. Арада үш жыл өткен соң 1828 жылы Қарақұмда қалған рамадандар Хиуа бектерімен соғыса жүріп, алдыңғы кеткендерге келіп қосылды. Мәт бидің басшылығымен рамаданның – алтай, алжас, қожас, қожамжар тармақтары сыр бойынан тағы да ауып, шанышқы, сіргелі меншігіндегі Қазығұртқа, Келес өзенінің бас жағына барып тұрақтады. Бір кездегі жаппастың – еламан, жылкелді, өтеп рулары Торғай жеріне ауып, осы жердегі қыпшақтармен араласып кетті.

Үшінші Ұлы көш – Исатай-Махамбет көтерілісі сәтсіздікке ұшыраған соң болды. 1839 жылы Бөкей, Қондық бастаған жағалбайлалардың көші басталды. Олар енді Қостанай, Жезқазған облыстарының бос жатқан жеріне қарай шұбырды. Осы тұста, адайдың мұңалынан тарайтын шоға руының азғантай тобы Жызақ облысының жеріне көшіп келді. Ал, телеудің – ноғай, әжіахмет, кетенің бірқатар рулары сыр бойына келіп тірелді. Ал, кейінгі бір жаманшылықта кетелер Түркия еліне өтті.

Төртінші Ұлы көш – Жанқожа батырдың көтерілісі басылған соң басталды. Бұл жерде әлім рулары ауғандыққа салынды. Көтеріліс аяусыз басылған соң біраз азаматтар өздеріне қарасты ауылдарды ертіп, Хиуа жеріне қашты. Қыр шектісіне

87

жататын құттық, құрманай, асан, үсен, женей, жолшора руларының шоғыр-шоғыр топтары Қызылқұм, Қарақұмнан асып, Ферғанаға дейін келді. Бұл оқиға 1855-1860 жылдар аралығын қамтыды. Көп ұзамай, 1864-68 жылдары Қоқан хандығын орыстар басып ала бастаған соң, бұл рулардың бірсыпырасы енді Тәжікстан, Түркіменстан жеріне өтті.

Бесінші Ұлы көш - Қазан төңкерісінен соң бастау алады. Шет елдерге өтіп кету оқиғалары осы кезден бастап өрбіді. Алдыңғы кездері қызылдардан мыңды айдаған байлар қашты. Мысал, жеті мың жылқы біткен, адайдың күрпі руынан шыққан Адас деген бай құзырында бір қауым елді бастап, Ауғанстан мемлекетінен бір-ақ шыққан. Ол сол жерге жеткенде төрт мыңнан аса жылқысынан, үш жүзден аса адамынан айырылды. Басқа елдерге бұлай қашу, әсіресе, 1927 жылдан бастап кең етек алды. Бұл ірі байларға кәмпеске жүргізу басталған шақ-тын. Әрине, бұл жерде солақай саясаттың әсері тым күшті болды. Соның кесірінен Иранға, Түркияға қаншама адам өтіп кетті. Солардың дерлігі кіші жүз руларынан екен.

Алтыншы Ұлы көш – коллективтендіру кезінде болды. Мұнда аса зардап шеккен тағы да тама мен жағалбайлы, шеркеш алшындар. Оларды енді Сарысу өзенінің бойынан бері Қаратау етегіне қарай зорлықпен көшірді. Сөйтіп, олар Жамбылдың Байқадам, Шымкенттің Созақ аудандарына келді. Іле-шала аштық басталып, онсыз да ауғынды елдің тағы да тоз-тозы шықты.

Жетінші Ұлы көш - 1931-34 жылдары болды. Аштықтан бұралған қайран жұрт, сорлы қазақ, бірі Ресейге, бірі Өзбекстанға ағылды. Байұлы тайпасының көптеген руларының өкілдері Еділ бойын сағалап, Қазан қаласына дейін барды. Кейіннен олардың біразы кері оралмай, сол жақта тұрақтап қалды. Ысық, Байбақты, беріш рулары Астрахань, Саратов арқылы Кавказ елін сағалады. Әлімнен, жетірудан өрбитін рулардың тоз-тозы шығып, Тәжікстанға барып паналады.