Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Копия Казах ауызша тарихы подпр вариант.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.3 Mб
Скачать

Қазақ хандары

Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, он сан Ноғай болғанда, Ормамбет би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. Ала тайдай бүлдірді делінген сөз сонан қалыпты. Сол заманда Қондыкер, Құбан, Құтан, Қоғам дегендер болыпты. Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би деген болыпты. Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Қырық ханның бірі болған Қызыл Арыстан деген Бұхарада хан болыпты. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, сауысқанның аласындай ала туып, бәйбіше өінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп, бұл баланы сақтама балам деп, көзін жоғалт. Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, ала тайдай бүлдіреді. Деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты. Мына баланы шешесімен Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсін, өлмесе өз бетімен қаңғып күнін көрсін. Зинаһар қайтып бұл жұртты мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер деп. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап күнелтіпті. Бала өз асын өзі ішерлік болған соң, ешкімін жақтырмай дәл 12 жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырасып кез болып, бір ауыз тіл қатпапты. Бала қала беріпті. Үйсін үйіне барған соң, Майқы биге: бір ағаштың көлеңкесінде отырған баланы көрдім. Ай дейін десем ауызы бар, Күн дейін десем көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық жұтып жіберерлік. Жалғыз-ақ айыбы тілі жоқ екен депті.

Майқы би өзі ақсақ, өмірі арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмай жаяу кісіге тартқызады еен. Мені арбамен алып барыңдар көрейін деп барыпты. Бала Майқы биді көргеннен ұшып тұра келіп: Ассалаумалейкум, хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы деп сәлем беріпті. Әлейкүмассалам, әмісе, аман

7

бол балам. Болайын деп тұрған ұл екенсің, қолына алып, қайырып салушының жоғынан тұр екенсің. Кел балам, қасыма мін деп, арбасына мінгізіп үйіне алып келіп: Төрткүл ошақ қаздырып, Төбел бие сойдырды, Төменгі елді шақырып, Жорға бие сойдырды, Жоғарғы елді шақырып, Ала бие сойдырды, Аймақ елді жидырды. Ердің ері, егеудің сынығы деп баласы Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып берді.

Қаратаудан әрмен қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Жездікеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлерге барып, ірге теуіп салық салыңдар. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жер болуды ойлаңдар. Хан әділ болса, басынан бағы таймайды. Қарашасы табанды болса, қара жерде кеме жүргізеді деген батасын беріп жөнелтеді. Бұл жорықшылар Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып жылқы алды, күймені бұзып қызды алды. Көшкен елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Өз алдына мал малданып, жан жан жанданып үйлі-баранды бола бастады. Сатусыз дүние алған соң, қалыңсыз қыз алған соң ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене. Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Құтан, Қондыкер, Құбан, Майқы билерге елші жіберіп: Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны, баламды өзіме алып келіп берсін де, менен қалағанын алсын депті. Сонан соң бұлар Қотанұлы Болатты жіберді жүз жігітпен: сендер барып шақырып келіңдер деп. Бұлар келген соң, бұларға еріп қайтуды керек қылмады, өздерін жібермеді. Және келгендер қайтқысы келмеді.

Аты бестісінде, жігіті 25-те қартаятұғын, көгелден басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, сарттың отыны мен көмірін тасып бергеннен басқа көрер қызығы жоқ елден не аламыз деп. Сонан соң хан тағы қайта-қайта кісі салдырып қоймаған соң, Қоғамұлы Алшынды 100 жігітпен жіберді. Сендер барып жатып алмаңдар, шақырып келіңдер деп. Олар да қайта алмады. Дені сау жас азаматқа жалғанның қызығы мұнда екен деп. Ішкені жылқының сүті, сапырулы сары қымыз, жегені – қазы-қарта, жал-жая, жылқының сүр еті. Құдайдың құтты күні құшқаны сұлу қыз, келіншек. Бұлар да орнығып тұрып қалды.

Біз енді ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірейік деп, баяғы ала баланы алашаға салып, хан көтерді. Оған Алаша хан деп ат қойды. Әуелгі келген 100 жігітті, оның бастығы – Үйсін, Ұлы жүз Үйсін деп ат қойды. Ортаншы келген 100 жігітті, оның бастығы - Болат, оған Ақжол деп ат қойып, Орта жүз Ақжол деп атады. Ең соңғы келген 100 жігіт, оның бастығы Алшын, оны Кіші жүз Алшын деп атады. Жауға шапқанда, Алаш десіп шабайық деп, Алаш деп ұран шақырды. Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда, үш жүздің баласы қазақ емес пе едік деп айтылған сөз сонан қалды.

Болатқожа дейді, Ақжол дейді, екеуі бір кісінің аты. Өзінің шын аты –Жанарыс екен деседі. Жұрт аузында Ақжол аты қалған. Ұлы жүз ұраны – Бақтияр, Кіші жүз ұраны – Алдияр, орта жүз ұраны – Ақжол.

8

Қазақтың бетімен жайылған қойдай емін-еркін, өз тізгіні өзіне тиесілі, қатын керек болса, ноғайлардың қыздарын еріксіз, сұраусыз алып кете бергендіктен, ноғай халқы қазақты бұл күнгеше жек көріп кеткені сол дейді. Қалмақ ежелден атасының асындай болған. Онан олжаға ұл түссе құл дейді, қыз түссе күң дейді.

Алаша ханның тамы Қаракеңгірде, өзеннің күнбатысында. Ташкент, Түркістан ұсталары жасаған күйдірген қыштан салынған. Өзінен қалған нәсіл тұқым жоқ, жалғыз баласы Жошы бала күнінде аңға шығып, аты құланмен елігіп-желігіп, бала атына ие болып тоқтата алмай, жығылып, аты сүйретіп өлтірген. Сонда қасына ерген жігіт-желеңі ел бетін көре алмай қашып, зым-зия жоғалып кеткен. Аңға кеткен бала келмеген соң, хан да, жұрт та түсінген. Бұл бала енді жоқ болды. Кімде-кім баламның өлімін есіттірсе, басын аламын деген. Сонда Кетбұға деген домбырашы, домбыраның күйімен баланың өлгендігін сездіріпті: Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған, Құлан теуіп өлтірді-ау, Бұйрығын ақтан келтірді-ау деп, тартады күйді.

Сонда хан: А, Кетбұғам, сенің домбыраңның дауысы бұзылды-ау. Біліп отырмын, сенің домбыраң: Алаша хан, Жошы хан, Ақсақ құлан жосыған. Мен кеще кісі болмасам, ханның жалғызының жайрап қалғандығы, Дәл келеді-ау осыған деп, ханның аузынан шыққанда, жұрт шулап қоя берген: Алдияр тақсыр, өз аузыңыздан естідік деп. Сол кез малдың балалап, аң да, мал да төлін төгіп жатқан кезі екен. Хан жарлық қылды: Төрт түлік малды баласынан айырсын, жаңа туған жас төл енесіне жамырамасын. Хайуан да мендей аза тұтсын. Өзі ас-су ішпей, төсегінен басын көтермей, теріс қарап жатып алыпты. Өзі қара қылды қақ жарған әділ екен. Екі даугер келсе, ұйқыда жатса да шошып оянады екен. Ас ішіп отырса, аяғын жерге қоя салады екен. Сол екі даугердің көңілін дауалатпай, ішкені ас болмайды екен. Ханымы кіріп келіп: тақсыр, есік алдында екі даугер келіп тұр депті. Дауы не екен, сұрадың ба депті. Сұрадым, біреуі бөтен жұрттың жолаушысы екен де, біреуі өзіміздің күнде көріп жүрген Жонбас екен. Жолаушы ұзын жолға кетіп бара жатқанда, қайтарымда алармын деп, Жонбасқа ат басындай алтын аманат қалдырып кеткен екен. Сол жолаушы сапардан қайтып, енді алып кетейін десе, Жонбас бермепті. Баяғыда сенікі болғаны не керек, менің көзім, қолым үйреніп, бауыр басып қалыппын, бермеймін депті. Хан: Былшылдамасын, берсін. Кімде-кім болса, аманатты сақтар болар, иесі сұрай келсе, өзіне қайырар болар дегенде ханымы: Төреңізге құлдық, тақсыр хан екі сөйлесе, қара болады. Қара екі сөйлесе, қатын деген. Бұл бала жасаған Иемнің сіз бен бізге сақтатқан аманаты емес пе еді. Аманатын Иесі өзі алды. Өзінікін өзі алды деп өкпелегенмен, өкпе жүре ме дегенде, хан басын көтеріп алыпты. Сенікі дұрыс емес, менікі бұрыс екен деп, сабасына түсіп, отын оттап, суын ішіп, мал баласын жамыраттырыпты. Сонда бір боз інген жеріп, ботасын алмапты, хан: осы бота аштан өлсе, обалы мойнымда қалады-ау деп, осының ботасын алдырған адамға қалыңсыз қыз берер едім деген соң, баяғы Кетбұға бес саусағын сірімен қаптап алып, күй тартып, хан баласының мән-жайын домбыраның күйімен сөйлеп,естіген жұрт та езіліп, су болып ағыпты. Інген де есінен танып, балқып кетіп, еміреніп, ботасын емізіпті. Сол күйдің аты «Бозінген күйі» аталып қалыпты.

9

Бала күнімізде Қызылтауда екі шал тартымпаз еді. Біреуі Күлік Ақай Қиялша, біреуі - қақсал Отыншы. Сол екі шалдан соң, үш жүздің баласында солардай күй шертетінді көргенім де, естігенім де жоқ. Сонда тартымпаз шалдар Бозінген күйі, Бозайғырдың күйі, Орыс Қазанды алғанда, қатын-қызының шулап жылаған күйі, Алшағырдың ащы күйі, Тәттімбеттің Сылқылдағы деп тартушы еді. Жұрт сүйсініп тыңдап, аузынан суы, мұрнынан боғы ағып жылап отырушы еді.

Үзіліс. Осы жерде еске түсіп отыр. Менің 5-6 жасымда, әкем осы Бозінген күйі мен Бозайғыр күйін тартушы еді. Домбырадан жуан дауыспен інгеннің, жіңішке дауыспен ботаның боздағаны айқын сезіліп тұрушы еді. Бозайғырды тартқанда, үйірін жауға бермеймін деп оқыранып жауға айбат шеккені, оларға қарсы жалғыз өзінің шапқаны, үйірін алдына салып жаудан қашқаны анық сезіліп тұратын. Ауылдың үлкен кішісі кешкі астарын қоя салып, біздің үйге жиналатын, сыймағаны есік алдында тұрып тыңдаушы еді. Әттең, жас қалып, ол күйлермен сусындап, үйреніп-тарту менің пешенеме жазбапты.

Баласы өлгенде, келіні оң жақта отырып қалған екен. Баламды жоқтатамын деп келінін оң жағына түсіріпті. Баласының бір санын тауып алып, соған там салдырыпты. Жошыханның тамы дейді. Онан соң Алаша ханның тамын келіні салдырыпты. Өзеннің жел жағында бір мұралтайдың үстінде. Келін өз тамын өзеннің ығына ойпаң жерге салдырыпты, Атам тамына көрініп тұрмайтын жерде боламын деп. Алаша хан тамының жоғарғы жағынан түскен бір кірпіште Хысырау хан ханымының аты Ханбибі деген жазу бар екен.

Қазақтың қазақ болып, көзге түсіп, ауызға ілінгені осы Алаша ханның хан болып, басын қосып, біріктіріп, орын тептіруінен болған. Сонан бері Алаш ұранды Қазақбайдың баласы жанжал, ұрыс, төбелес болса Алаш, Алаш деп айғай салса, естіген қазақта ес қалмайды. Мұнан соң бұл қазаққа Асан Қайғы хан болған. Ол орнығып, табан теуіп тұра алмаған. Бұл Сарыарқаны кәуір алады, моламды кәуірдің атының аяғының астына қалдырмаймын деп, малды үш жыл ту қылып, Жиделі Байсынға ауып кеткен.

Сонан соң бұл қазақ Ноғайлының ханы Әз Жәнібекке қараған. Ол қазақты өз заңына, бетімен жайылған қалпына жіберген. Ұлы жүзге: Үйсін аға деп, Үйсіннен датқа сайлап, Жалайырдан көтермеші орынбасар сайлаған. Орта жүзге: Арғын аға деп, Арғыннан датқа сайлап, Найманнан оған көтермеші орынбасар сайлаған. Кіші жүзге: Алшын аға деп, Алшыннан датқа сайлап, Жаппастан оған көтермеші орынбасар сайлаған.

Әз Жәнібектің 9 ұлы болған, тоғыздың бірі – Қасым хан. Бұл тақты Сарайшықтан (Волгоград) көшіріп, Ұлытауға орнаттырған. Қазақты қатарға бір қосып кеткен осы Қасым хан. Қазақ ортасында Қасым ханның қасқа жолы – делінген сөз үлгі өсиет болып қалған. Қасым хан өлген соң балалары баққа, таққа таласып, ноғай, өзбек, қалмақ – үшеуі үш жақтан жау болып, быт-шыт болыңқырап, Қасым ханның бел баласы Ақназарды хан көтерген. Ақназар қайратты, батыр хан атанып, өзбек ханы Шибаниларды көтінен пыстырып, Ноғай ханы Көшім ханды қорғалатып, үйінен шыға алмастай қылып, орыстың ол жақтағы патшасы Төртінші Иван Ақназарға елші жіберіп, жауласпайық, сауда араластырып, керуен жүргізіп, тұрысайық деп, Ақназар қазақты Қасым хан

10

тұсындағы қалпына бір түсірген екен. Ақназарадан соң Шығай хан хан болып, бұл аталарындай болмай, осалырақ туған жан болып, қазақ ұйқалақ-құйқалақ болыңқыраған. Шығай хан баласы Тәуекел хан болып, ол өзбек хандарымен жауласып, мұның қосыны – күшті тамақ жеп жүрген қазақ өзбек хандарының қосыны – біттей бөдененің бір санына күпті болдым деп жүрген сарт, қазақпен қағысуға шыдай ала ма? Тәуекел хан Ташкен, Түркістан, Әндіжан, Самарқан – бәрін де өзіне қаратып алып, тақты Ташкентке көшіріп, орданы Ташкен қылып тұрып алған. Тәуекелден соң Еңсегей бойлы ер Есім хан болып, өзі Түркістанда тұрып, Ташкенге Тұрсын ханды ие қылып тұрған кезде, Иманқұлыхан деген өзбек ханы Бұхараны билеп, Есімге үш рет соғыс ашып, жеңіліп қайта берген. Есім ханнан кейін қазақ тағы жүдеу бас болып, Ташкеннен айырылып қалған. Онан соң Есім ханның бел баласы Салқам Жәңгір хан болған. Бұл кезде қалмақ қонтайшысы күшейіп, қазаққа дамыл бермеген, қысқа күнде қырық шапқан. Соғыс болса қалмақтың иығы баса берген. Жоңғарлар жеңгенде қазақты тырп ете алмастай қылып, ойсыратып шауып кете берген. Қазақ сондай қатты қырғынға ұшырағаннан кейін де іле-шала қайтадан жиылып, қалмақ пен соғыса берген. Бақытты ханы жоқ, тайсалмас батыры жоқ көп жаманның жиылысып төбелесе бергенінен не өнеді?»

Салқам Жәңгірден соң Әз Тәуке деген хан болды. Ол ақылды, табанды кісі болды. Байсалды айғырдың үйірін ат жақтайды деген қалыппен хандық қылды. Күлтөбеде күнде кеңес деген сөз осы Әз Тәуке заманында айтылған сөз. Кері кеткен елдің кеңесі көп болады, кедей елдің көшбасшысы көп болады деген сөз де осы кезде айтылған сөз болса керек. Тарих ақтарғандар 1643 жылдарда қалмақ дәуірлеп көтерілді дейді. 1723 жылы Қалдан Шерін Ташкентті билеп, тағын «Ташкентке» орнатқан деседі. Бұл кезде Ұлы жүз Қоқантқа (Қожантқа), Орта жүз Самарқанға, Кіші жүз Хиуаға қарап кетті деседі. Ақтабан шұбырынды Орта жүздің басынан кешкен уақиға болса керек. Бұл 1720 жылдар шамасында деседі. Ұлы жүз Жоңғарияға қарап қалды да, Орта жүз жұттан қашып көшіп, жаудан қашып босып, әрі жұтқа, әрі жауға ұшырап қалған, тамтығы Арқаға келіп қалған деседі. Олардан бұрын бұл Арқада 12 қазылық, ой Түндікте Найман бар екен деседі. Ауып, жүдеп-жадап келген ел найманнан 40 биені бір түнде сойып алыпты. Найман: Бұл 40 бие еруліктерің болсын, өзімізге рұқсат қылыңдар деп өрге қарай көше жөнеліпті. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама. Жұттан, жаудан жаяу басын алып қашқан ел шұбырған шұбырындысы аппақ сүрлеу болып қалады екен де, табандары таздың басындай жалтырап қалады екен. Жатқанда, алқа қотан айнала жатады екен. Семіздерін ортасына алып, қорғап күзетіп жатады екен, басқа бөтен жат ру ұрлап, сойып жеп қоя ма деп. Тобықты Әнет бабаң төбе басында қалған. 16 ұлды Тілеуімбеттің қырылып жойылғандығы сол күндерді қалай ұмыттырсын. Сонда бір мерген 15 ауылды асырауға жарады. Бір көк ала бие 15 ауылды асырауға жарады дейді. Көк ала биенің иесі айдалаға елсізге апарып, күні-түні бұтынан қол айырмай сауып, сүйретпелеп, сүтін үйге алып келіп, сабаға құйып, 15 ауылды тарықтырмады дейді. Бір күні елсізде биесін сауып отырса, төрт атты кісі тұп-тура келе жатыр дейді. Тұрып кетейін десе, иіп тұрға бие сүті жерге саулап кететұғын, тұрмайын

11

десе, ана кісілер келіп қалатұғын. Қайтерін білмей састы. Жұдырықтай тасты жерден алып: Көз болсаң көнекке, тіл болсаң тасқа деп сүттің ішіне тастай беріп, көнегінің бетін жаба қойды дейді. Төрт кісі келіп: мана біз көргеннен биенің бұтында отыр едің, сауып отыр ма едің, жоқ ұйықтап отыр ма едің дейді. Не сауып отырайын. Өзінің кісі көрінсе иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сендер көрінгеннен - ақ иімей қойды. Соны иір ме екен деп отырдым дейді. Бәсе, солай ғой, әйтпегенде біз көргеннен сауып отырған болсаң, ендігі өзен болып ағып жатарлық болып еді деп, жүре беріпті. Олар кетісімен сүтті сүйретпеге қосса, көнек түбіндегі жұдырықтай тас төрт бөлініп қалған дейді. Адам тілі тас жарар, тас жармаса бас жарар деген сондайдан айталып қалған сөз екен деседі.