
- •Бүгінгі күні облыстағы су шаруашылығы саласын қалай елестетуге болады?
- •Екі ел арасындағы су ресурстарын пайдалануды реттеуге қандай басқару органдары қатыстырылған?
- •Су жөнінен көршілес Қырғыз еліне тәуелділігімізді қалай азайтуға болады?
- •Ондай жұмыстар жүргізуге не тосқауыл болуда?
- •Ауылдық су пайдаланушылар кооперативтерінің ахуалы қалай?
- •Жергілікті кмк-лардың қаржы жағдайлары қалай?
- •Суару кезеңдерінде бір кмк-ға, оның ішінде мамандарға түсетін жұмыс жүктелімі қаншалықты?
- •Қазіргі жағдайды түзетіп, дұрыс жолға қою үшін не істеу қажет?
Ауылдық су пайдаланушылар кооперативтерінің ахуалы қалай?
Су кодексінің талаптарына сәйкес, 2003 жылдың 8 сәуірінде «Су пайдаланушылырдың ауылдық тұтынушылар кооперативтері туралы» №404-11 Заң қабылданған болатын. Осы Заң талаптарын орындау мақсатында біздің облыста осындай 66 кооператив құрылды. Нарықтық экономиканың үстемдігі жағдайында бұрынғы колхоздар мен совхоздардан қалған ішкі су жүйелері шаруашылықтарымен айналысуы тиіс, дәл осы, су пайдаланушылар кооперативтері мен гидромелиоративтік кондоминиумдер бәсекеге қабілетті құрылымдар болуын қажет етеді. Өкінішке қарай, қазір олардың жұмыстары түгелдей үлескерлерге тәуелді болып отыр. Ауылдық округтер мен каналдар аралығында бұл құрылымдардың қызметі өте қажет-ақ, алайда олардың материалдық-техникалақ және кадрлық базаларын түпкілікті жақсарту үшін бұл мақсатқа өз тараптарынан қаржы құюлары қажет. Ал мемлекет жеңілдетілген несиелер беруді қарастырып, ұйымдастырмаса, бұл құрылымдарды мемлекет әзірге тікелей қаржыландыра алмайды.
Қазіргі ауылдық су пайдаланушылар кооперативтерінің де өз беттерінше, суару жүйелерін жақсарту, оларды жөндеу жұмыстарымен айналысуға шамалары жетпейді, өйткені оларда ол үшін не арнайы техникалары, не қаржылары, не мамандары жоқ. Ал кейбір каналдардың иелері болып табылатын заңды және жеке тұлғалар су жүйелерін жақсартып, жөндеуге ешқандай шығын шығармастан, тұрғындардан пайдаланған сулары үшін ақша жинауды ғана біледі. Жалпы айтқанда, облыстың су шаруашылығы нысандарын қалыпты жұмыс жағдайында ұстауға бағытталған ешбір жүйелі жұмыс жоқ, бәрі алаңдап, бюджеттің қалтасына қарайды. Әлбетте, келешекте, ішкі су шаруашылығы жүйелерін ауылдық су пайдаланушылар кооперативтерінің балансына тек қана, ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасын мемлекет тарапынан Бүкіләлемдік банктың несиесі есебінен жүзеге асырған соң, берген жөн болар еді. Осы жерде айта кететін мәселе, ирригациялық-дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасы жүзеге асырылса, бірнеше мәселелер шешіліп, жүйеге келер еді: суару жүйелері кешенді түрде реконструкцияланып, іске қосылады, су пайдаланушылардың қажеттілігі үшін арнайы жаңа техникалар алынады, су мамандары тегін оқытылады.
Соңғы жылдары облыстың су шаруашылығы саласында жаңадан ештеңе соғылып жатқан жоқ, ал кейбір ескі су нысандары тендер арқылы анықталған жұмыс атқарушылардың күшімен жөнделген болады. Тұрақты түрде қолдау жасалып, қаржыландыру деген атымен жоқ, рас, қайсыбір жылдары коммуналдық каналдарды жөндеуге облыстық бюджеттен 22-300 млн теңге аралығында қаржы бөлінгені бар. Су шаруашылығында қордаланған жұмыстарды атқаруға қажетті қаржы ресурстарын бағамдасақ, осы мақсатқа бөлінген ол қаржылардың ең жоғары көлемі де, қазіргі қалыптасқан жағдайды түзеуге аздық етеді. Ал республикалық мәндегі каналдарды жөндеуге әр жылдары 1 млрд теңгеге дейін қаржы бөлініп келеді.
2003 жылы су шаруашылығы нысандарының меншік түрін коммуналдық және республикалық бөлу толықтай дұрыс еместігін көрсетті. Бұл — өзіндік сынақ ретінде жүргізілген болса, онда оның тым ерте жүргізілгендігін мойындауымыз керек. Осы екіге бөліну нәтижесінде меншіктелетін нысандар мен материалдық-техникалық база Су кодексі талаптарына сәйкес бөлінбеді. Жергілікті КМК-ларға байырғы замандарда біздің ата-бабаларымыз қол еңбегімен қазған, негізінен 1910-30-шы жылдары жасалған ескі каналдар берілді, оларды жөндеуге де, тұрақты жұмыс қалпында ұстап отыруға да өте көп қаржы қажет етіледі. Бұлармен қатар, жергілікті КМК-лардың балансына бірқатар ірі магистральдық каналдар да өтті. Нәтижесінде облыстағы барлық су нысандары құрылымдарының 80 пайызы жергілікті КМК-лардың басқаруында қалды, алайда, олардың бәрін тұрақты жұмыс қалпында ұстап тұруға жергілікті бюджеттің шама-шарқы жетпейді.
Ең біріншіден, су қатынастары субъектілерінің функцияларын нақты анықтап алу қажет. Республикалық меншіктегі ірі су қоймаларын тұрақты жұмыс қалпында ұстап отыру, жөндеу және әрбір жылдың ылғалдылығына сәйкес, су жинақтау лимиті мәселесімен, трансшекаралық және мемлекетаралық су нысандарынан су бөлу мәселесімен, сондай-ақ өзен ағыстарындағы суды реттеп отыру жұмыстарымен «ТаразСушар» РМК айналысуы тиіс. Алайда бүгін «ТаразСушар» РМК-ның тіптен, екі есепшоты бар. Біріншісі — шаруашылық жүргізу есепшоты, бұл есепшотқа ағын суды жеткізіп беру қызметі үшін түскен шаруашылық табыстары түседі. Екінші есепшотына — су шаруашылығы нысандарынұстауға, жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінген қаржылар түседі.
Осындай күрделі қалыптасқан жағдайда, «ТаразСушар» РМК-сын толықтай қазыналық бюджеттік мекемеге айналдырып, қайта құрып, барлық жергілікті су нысандарын коммуналдық меншікке берсе дұрыс болар еді. Ал КМК-лар жергілікті маңызы бар су нысандарын жұмыс қалпында ұстаумен, жөндеумен және шаруаларға су жеткізіп берумен айналысар еді.
Бір бағыт — алдағы уақытта бүгінгі жұмыс істеу мүмкіндіктері төмен, нашар дамыған КМК-лардың орнына гидромелиоративтік нысандарды қалпында ұстап, жөндеумен, сондай-ақ кейбір аудандардағы ауызсу құбырларымен, мал суару жүйелерімен және құрылғыларымен айналысатын біртұтас облыстық қазынашылық кәсіпорын құрса, тіптен тиімді болар еді.
Өйткені облыс пен әр аудандардың су ресурстары біртұтас саланы құрайтындықтан, олардың жұмыстарын жоспарлау, жобалау, ауызсу мен егін суару, мал суару мәселелерін шешуді негіздеу, оларды жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жасап, орындау шараларының бәрін қай көзден қаржыландырылатынына қарамастан, барлық мәселені бір ғана бюджеттік бағдарлама әкімшісінің басқаруына беру керек. Сонда ғана материалдық жағынан тәуелді емес, техникалық жағынан жан-жақты қамтамасыз етілген осындай біртұтас облыстық қазынашылық мекемеге егін суару және ауызсу жүйелерін, су нысандары құрылғыларын тұрақты жұмыс қалпында ұстап, тиімді пайдалануға, техникалық және кадрлық ресурстарды оңтайлы жұмсауға жақсы мүмкіндік туады.