Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Отқа күймеген пайғамбар

Хазіреті Ибраһим (а.с.) пайғамбар ретінде жіберілген кезде ел ішінде пұтқа табынушылық кең етек алған болатын. Хз. Ибраһим пайғамбар оларға пұттардың ес- түссіз, жай ғана мелшиген меңіреу тастар екендігін, Жаратушы бола алмайтындығын шырылдап қанша айтса да оларды көндіре қою аса қиын шаруа еді. Өйткені олар ылғи да қарсы дау айтудан жалықпайтын. Сондықтан да болар Хз. Ибраһим (а.с.) олардың саналарына сәуле бітіріп, шел басқан көңілдерін ояту мақсатында ғибратты бір іс істеуді ұйғарды.

Бір күні қала халқы түгелімен мереке қарсаңында қаланың тысына шыққан болатын. Қағбаға кірген Хз. Ибраһим (а.с.) пұт атаулының бәрін қиратып, балтаны іштеріндегі ең үлкен бір пұттың мойнына іліп қойды.

Мерекеден қайтып келген халық әлгіндегідей ойран-асыр жағдайды көріп жағаларын ұстасты.

Халық:

«Біздің Құдайларымызға бұндай қылықты кім істеді? Сірә, бізге зұлымдық ойлаған біреу болар»,- десті.

Кейбіреуі: «Ибраһим деген бір жігіт осы жайында кейінгі кезде сөз етіп жүрген»,- деді.

– Олай болса, оны дереу алдымызға әкеліңдер. Куәлік етсін!-деді халық жамыраса.

Ел сұрады:

- Әй, Ибраһим! Біздің құдайларымызға бұны істеген сен бе?

Ибраһим (а.с.) ой салмақ ниетпен:

- Мүмкін ол істі иығына балта асынған анабір ең үлкені жасаған болар?.. Сөйлей алса, өзінен сұрап көрсеңдерші?- деп жауап берді.

Олар Хазіреті Ибраһимге қарап:

- Сен бұлардың сөйлей алмайтындығын білесің ғой,- деді.

Ибраһим (а.с.):

- Олай болса, тіл қатуға да шамасы келмейтін, ешкімге не пайдасы не зияны жоқ бұндай меңіреу пұттарға қалай табынасыңдар? Аллаһты тастап, сезімсіз тасқа табынып кеткен сендер оңбассыңдар! Кішкене ақылмен ойласаңдар қайтеді?- деп шыр-пыры шықты.

Ақыр соңында ел Ибраһимді тірідей жұрт көзінше отқа жақпақ болды. Таудай ғып отынды үйіп, Ибраһимнің қол-аяғын байлаған күйі отқа лақтырды. Ибраһим де ешнәрседен тайсалмастан іштей тас- түйін болып бекініп, Аллаһ Тағалаға ғана арқа сүйеді.

Сол кезде Аллаһ Тағала Ибраһимді жақпақ болған лаулаған отқа қаратып: «Әй от! Салқын бол! Жайлы бол!» деп бұйырды. Яғни Жаратушы оттың күйдіру және ыстық қасиеттерін тоқтатып тастаған еді.

Осылайша Хақтың көмегіне арқа сүйеген Хз. Ибраһим неше күн жанған оттан аман-есен шыққан болатын...

Халық арасындағы батырлықты суреттейтін «Отқа салса күймейтін, суға салса, батпайтын» деген теңеу осындай пайғамбарлардың ақиқатынан аңызға айналса керек.

Күнәдан тазарған кінәлі

Аллаһ Тағала Мұса пайғамбарға қаратып: «Әй, Мұса! Пәлен деген жерде бізге дос адамдардың біреуі қайтыс болды. Сен барып соның жұмыстарын реттестір. Сен бармасаң да, біз оны бәрібір мейірімнен құр алақан қалдырмаймыз»,- деген еді.

Хазіреті Мұса айтылған жерге барды. Сол жақтың кісілерінен:- Бүгінгі түн Аллаһ Тағалаға жақын, иманы берік жандардан кім көз жұмды?- деп сұрады. Бірақ ел оған:- Ей, Мұса пайғамбар! Аллаһ Тағаланың досы еді дейтіндей ешкім қайтыс болған жоқ. Тек пәлен үйдегі өмірін жаманшылықпен өткізген қылығы нашар, бұзылған бір жас жігіт қана көз жұмды. Жиіркенішті қылықты көп істегендіктен оны көмуге де ешкім жолар емес,- десті.

Мұса (а.с.): - Ендеше, менің іздеп жүргенім сол жігіт,- деді де елдің жөн сілтеуімен жігіттің үйіне барды. Мұса пайғамбар үйге кірген кезде үй толы періштелерді көрді. Олардың әрқайсысы қолдарындағы табақтан Аллаһ Тағаланың мейірім-шапағаты мен кеңшілігін, рақымдылығы мен мейірбандығын молынан жақ-жақтарына шашып жүрген болатын. Бұны көргенде Мұса пайғамбар Аллаһ Тағалаға жалына - жалбарына тіл қатты:

- Я, Жаратқан Хақ Тағала! Сен ол жігітті «Менің досым» деген едің, алайда ел оның бұзылған, жаман жігіт екендігін айтуда. Бұның астарындағы мәнін ұға алмай тұрмын?

Сонда Аллаһ Тағала:

«- Ей, Мұса! Халықтың ол жігітті бұзылған деуі рас. Алайда күнәсынан хабары болғанмен ол жігіттің тәубасынан халықтың хабары жоқ болатын. Менің бұл құлым таң сәрісінен тұрып топырақ құша тәубаға келген еді. Менің рақымдылығымнан мол үміт етіп, мейірімділігімді пана тұтты. Мен оның шын жүректен шыққан тәубасын қабыл еттім. Ешқашан үмітсіздікке берілуге болмайтындығын көрсету мақсатында мен ол құлымды өзі сұраған мейірімділікке бөледім»,- деп тіл қатқан болатын...

Иә, «Үмітсіз- тек қана шайтан» деген.

Тәубаның неғұрлым шын жүректен шықса, соғұрлым қабыл болатындығы шындық.