Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Ажал алдындағы арпалыс

Бейсен қала ішіндегі бір нан шығаратын зауытта жұмысшы болатын. Жұмысын тиянақты әрі ұқыпты істейтін ол қашанда өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, неде болса табысының адалынан болғанын қалайтын. Зауыттан ең кеш шығатын да сол болатын. Бұл зауыттың наны басқаларға қарағанда арзандау болғандықтан ел де негізінен осы зауыттың нанын сатып алуға құмар болатын. Зауыттағы нан салатын үлкен пештің іші ара-кідік тазаланып тұрушы еді. Оны да көбіне Бейсен атқаратын.

Айт мерекесінің соңғы күні еді. Ертесі күні нан шығарылуы керек-тін. Бейсен тазалық жасап қайту үшін зауытқа барды. Ішке кіріп, сыртқы есікті жапты. Жарықты қосты да пештің қақпағын ашып ішке кірді. Керекті тазалығын жасап, үйге қайтпақ болды. Таңғы төртке жақын бірді-екілі жұмысшылар да келе бастайтын, келе сала тоқпен істейтін пештің түймелерін басатын, сөйтіп олар қамырды илеп әзірлегенше пеш те қызып дап-дайын тұрушы еді.

Бейсен тазалыққа беріліп кеткен болатын. Бір жағынан өзі ұнататын әнді де ыңылдап айтумен болды. Дәл сол кезде зауыттың жас жұмысшыларының бірі Шыңғыс зауытқа қайта соқты. Ол кірлеген жұмыс киімін алып кетуге келген еді. Кір киімін үйге ала кетіп, жуғызып, ертесі күні таза күйінде кимек болған. Сыртқы есікті ашқанда таңғалды. «Ой сұмдық, іштегі жарықты сөндіруді біреу ұмытып кеткен-ау шамасы» деп ойлаған ол барып кір киімін алды. Пештің алдынан өтіп бара жатып, ашық тұрған пештің есігін қолымен сәл итере салды. Шығып бара жатып жарықты сөндіріп кетуді де ұмытқан жоқ.

Жарық сөнгенде Бейсен бірден пештің есігіне жүгірді. Бірақ қайдан! Пештің қақпағы сырттан кілттеніп қалған болатын. Бар күшін сала айғайға басты. Пештің есігін ұрғылады. Бірақ қанша тепкілеп, тоқпақтағанымен даусының сыртқа естілуі мүмкін емес еді. Сырттан да тырс еткен пенде болмады. Төбе шашы тік тұрды. Жүрегі аузына тығылып, аласұра бастады.

Біршама уақыт өз-өзіне келе алмады. Демі аздап басылғанда сағатына қарады. Сағат түнгі 11- ден бес минут кетіпті. Шамамен пешті қыздыруға бес сағаттай уақыт қалған болатын. Бір демде-ақ өліммен бетпе-бет келгендей болды.

Қатты үрейге берілгені сонша, көз алдына қорқынышты елестер келді. Бұдан әрі болатындарды қазірден-ақ сезгендей еді. Алдымен денесін тер басады, артынша қиналып, демі жиілей береді, пеш қызуымен қоса дене қызуы да бірте-бірте арта түскен сайын арта түседі, денесіндегі майлардың барлығы ағып, еттері де тұрған бойы қызара бастамақ...

Мүмкін бұлардың бәрі басталмай жатып-ақ жүрегі тоқтап қалар, мүмкін сол сәтте жынданып кетер, жынданып тұрып есі кете айғайлап күлетін шығар...

Оһ, соның өзі де тәуір шығар! Бір жынданып кетсе, мынадай жанын жеген азапты ойлардан бірден арылар еді-ау.

Ойына пештен күнделікті пісіп шығатын ып-ыстық нандар оралды. Сондағы ыстықты айтсайшы?! Ыстық өтпей жатып қолын тартып ала қоятын. Осы жолы сол нандардың орнында енді өзі пісетін болды.

Бірнеше күн бұрын болатын. Жұмысшылардың қарны ашып, кішкене ғана қазанға тамақ жасаған еді. Бір уақытта байқамай әлгі қазанның қып-қызыл түбіне жалаң қолының тиіп кетпесі бар ма?! Қарақошқылданып бірден ісіп, ішіне су толып шыға келген еді. Сонда бар болғаны екі-ақ саусағы күйген болатын. Соның өзінде шыдай алмай ойбайлаған күйі қолын суық суға малып еді. Ал енді ше?..

Екі саусағы ғана емес бүкіл денесі тырысып-бырысып күйіп-жанбақ. Көз алдына кинолардағы жанған адамдар елестеді. Өз жайы олардан да қиын-ды. Өйткені бұл бірден жанып кету емес болатын. Бірте-бірте, сезіне-сезіне... Терлеп-тепшіп, жындана айғайлап...

Пештің ішін ыси бастағандай сезінді. Құйқа тамыры шымырлап кетті. Есікті жауып кеткен кісі пешті де қосып кетті ме екен?!..

Мына ыстықтың бара-бара артқаны несі?.. Ой, Аллаһ! Күткен сәт қалай тез келді. Сағатына қарады. Сағат түнгі 1.00. болған екен. Ой, сұмдық екі сағат қалай тез өтті?! Уақыт тура су секілді. Өмірің де бір су екен ғой деді іштей. Қолымен қабырғаларды ұстап көрді. Жо-ғә, денесінің ысығаны болмаса болмаса пеш әлі суық екен.

Біраз ес жиды. Үйін ойлады. Әйелі есіне түсті. Әйелі мен баласы елегізіп, уайымдай бастаған болуы керек. Үйден шығып бара жатып, неге ғана шеке- басы тырысып әйеліне ұрысты екен?! Өмірлік жолдасын сыйлап, кішкене сыпайылау боп жүрсе қайтер еді?! Баласы ше? Оны да ұрғаны жөн болмады... О дүниеге барғанда олар үшін де Аллаһ алдында өзі жауап береді емес пе?! Шіркін, ана бір жылдары әйелінің айтқанын тыңдай салуы керек еді. Әйелі оған: «Келсейші, екеуміз бірге намазға бастайық та» деген еді. Бейсен болса оған: «Біраз қартаяйық та» деп қиқарланып жүре жауап берген болатын. Кейін бүкіл бір өмірдің емес қарттықтың ғана есебін беретіндей.

Пеш тазалауға келе жатып неге ғана мешітке бас сұқпады?! Азаншы жүрек түкпірінен шыққан әуезді даусымен жұртты түнгі намазға шақырып, Аллаһ Тағаланың ұлылығына бас июге, соның алдында құлшылық етуге шақырып жатпап па еді?! Тіпті болмағанда өлер алдындағы соңғы намазын оқып кетер еді. Мүмкін сол соңғы намазын Аллаһ қабыл алып, басқа намаздарының есебін кешер ме еді?! «Қап, қап, ақымақ басым-ай!» деп басын төмпештеді.

Әйтпесе намаз оқыған адам қандай жақсы десейші?! Қай намазын оқыса да оның соңғы оқыған намазы болып есептелмей ме? Құдайдың алдына маңдайы сәждеге тиіп барады ғой?! Сондай болғанды қатты қалаушы еді. Бірақ қанша қалағанмен бір бітпейтін күйбең тіршілік оған жар бермеген болатын. Ал баласы ше?

Баласы жеті жасқа толған еді. Баласының тамағы мен киіміне қанша мән беріп шаң жуытпағанымен оның теледидардан небір сойқандар мен арсыздықтарды көргеніне еш тиым салып көрген емес-тін. Одан да оған Аллаһ пен пайғамбардың кім екенін үйретсе ші?!

Ойына бірден өз балалық шағы оралды. Әр күні көз алдына елестеп өткендей болды. Бірақ қайсыбірін еске алмасын ол күндерден қатты өкінтетін күнәлар мен жиіркенішті қылықтар ғана қалған еді. Бар істеген күнәлары бүге-шігесіне дейін есіне түсті. Демек осының бәрі үшін Аллаһ алдында жауапқа тартылатыны сөзсіз еді. Осы сәт есіне бір нәрсе сап ете қалды. Үміт оты да жалт еткендей пеш ішіндегі таза тозаңмен тәйәммүм соғып, намазға тұрды. Бәрі әбден шегіне жетіп үзілер шақта басқа кімге жалбарынсын. Негізі, бар намазда өзін осылай сезінуі керек еді. Өзін өмірінде тұңғыш рет Жаратушымен тілдесіп тұрғандай сезінді. Бүкіл әлем атаулының Жаратушысына шын көңілмен шүкіршілік айтуды, бір ғана содан жәрдем тілеп, бір ғана соған арқа сүйеу керектігін, дұрыс адам болуды бар жан-тәнімен сезінді. Шын ынта-ықыласымен сәждеге бас қойды. Түптің түбінде бәрібір сол Құдай жаққа баратындығын естен шығармауы керек еді. Шаршаған сайын отырып тәуба қылды. Құдыреті шексіз Аллаһ Тағаладан кешірім тіледі. Тағдырдың талайымен тап-тар жерге қалай таңылып қалды десейші?! Пеш ішінде отырғандығы есіне түскен сайын денесін тер жуып өтеді...

...Шыңғыс үйіне келе сала жастыққа бас қойды. Түн ортасы шошып оянды. Сағатқа қарады. Сағат 3.15 болатын. Түс көрген еді. Не деген қорқынышты түс еді десеңші?! Бірден есіне әлдене түсті. Мүмкін емес! Пештің есігін жапқан кезде ішінде Бейсен қалып қойған жоқ па?! Киіне сала дереу көшеге жүгіре шықты. Екі өкпесін қолына ала тоқтамастан ұшты. Түнгі жұмысшылар әлі келе қоймаған кез болатын. Есікті ашты. Жарықты қосты. Бірден пештің есігіне жармасып, ішке дауыстады:- Бейсен!!!

Іштен ешқандай дауыс естілер емес. Бірнеше рет тағы да айғайлады.

Бейсен болса жылай-жылай екі көзі бұлаудай болып, намаз оқып жатқан болатын. Намазға беріліп, тұңғиықтап кеткені сонша тосыннан аты аталған кезде селк ете қалды. Мүмкін емес! Құлағы шалыс естіген болу керек. Сірә, ой-қиялдың әсері шығар. Бірақ дауыс тағы да естілді. Біреу «Бейсен!» деп шақыруын қояр емес. Пештің ішіндегі жарық та іске қосылған еді. Намазын аяқтап сәлем берген соң пештің есігіне қарай жүрді. Пештің есігінен үңіліп тұрған Шыңғысты көрді. Іштен шықты.

Өз көзіне өзі сенбеген Шыңғыс болса қалшиған күйі тұрған орнында қатып қалғандай сілейіп тұр. Қатты қорыққандықтан Шыңғыстың тілі:- Сен кімсің?- деуге ғана келді.

Бейсеннің Шыңғысты құшақтамақ болған қолдары ауа қармап бос қалды. Бейсен әлі еңіреп тұрған болатын. Даусы жылау аралас шықты: «Кімсің дегені несі? Көрмей тұрсың ба, Бейсенмін ғой. Кеше кешкісін пешті тазаламақ болып ішке кірген едім. Біреу сыртымнан пештің есігін жауып кетті»,- деді.

Шыңғыс болса: «Мүмкін емес!»,- деді Бейсеннен көз алмаған күйі. «Сен Бейсен емессің!»

Бейсен алғашында Шыңғыстың бұл қылығына не дерін білмеді. Күнде бірге жұмыс істейтін досының өзін танымағаны несі? Есіне бірдеңе түсті. Жүгіріп барып айнаға қарады. Жо-жоқ! Мынадай түр мен мынадай шаштың өзінікі деп қалай айта алады?! Бүрісіп қалған қолдарын солып кеткен жүзі мен аппақ қудай болған шаштарына апарды. Бір түнде-ақ қалай қартайып кеткен! Өкірген күйі бетін басты... Айнаға қайтып қарауға жүрегі дауаламады... Өйткені өз түрінен өзі зәресі ұшып кеткен еді.

Ой, жалған десейші! Отқа күюдің не екенін шындап сезінгенде, маған ұқсап бір-ақ түнде қанша адам қартайып кетер еді?!

Алдымыздан тосар ақыретті ойламай бір күнгі қу тіршілікке мәз болып жүре беру қаншалықты ақымақтық десейші?!

Бір мезетте Бейсеннің көкейін осы өткір ойлар осып өткен еді.

Өйткені Ақыреттегі лаулаған Тозақ отында мәңгілік жанбау үшін де бұ дүниеде иман етіп, күналардан арылудың қажетін ол, жаңа ғана анық түсінген болатын.