Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Құдайы қонақ

Бұрынырақта бір ауыл болыпты. Ол ауылда құлшылық, намаз дегеннің не екенін білмейтін Тоқтарбай деген бір кісі тұрыпты. Шындығын айтқанда, Тоқтарбай сол кездің Құдайға сенбейтін санаулы атеистерінен болса керек. Бұны білетін ауыл адамдары да, мешіт имамы да оны аса жақтыра бермейді екен.

Содан не керек, күндердің бір күні әлгі атеистің дәм-тұзы таусылып, өмірмен қош айтысыпты. Жаназасын шығаруға келгенде ауыл имамы азар да безер болып бас тартыпты. Тіпті ауыл адамдары да «Тіршілігінде Аллаһқа себей өткен бұл немені біз де көмбейміз» деп тұрып алыпты. Мән-жайдан хабардар сол ауылдағы бір әйел ғана ауыл сыртындағы төбе маңында тұратын жалғызбасты Іңкәрбек деген бір кісіге хабар салыпты. Негізі оның өзі де ораза-намазға аса құлықты адам болмаса керек. Сонда да, ешкім қарамаған өлікті алып Іңкәрбек өзіне жақын маңға көміпті.

Сол түні ауыл имамынан бастап бүкіл жамағат бірдей түс көреді. Түстерінде өлген атеист Тоқтарбай Жұмақтың ең бір биік, жайлы жерінде рахатқа батып жатқан көрінеді. Ертеңгісін елдің бәрі бір-біріне осы түсті айтысып, мәнісін біле алмай дал болыпты. Ауыл имамы қасына бір топ адам ертіп ала салып, түске таман қырдағы Іңкәрбекке барып: - Бұл қалай болды?- деп сұрапты таңғала,- Қалайша Тоқтарбайға Жұмақ бұйырды? Жоқ, әлде, сен бірдеңе істеп пе ең?

Іңкәрбек болса:- Ештеңе де істеген жоқпын,- депті жайбарақат қалпында, - бар болғаны марқұмды көміп болғаннан кейін қол жайып: «Я, Аллаһ Тағала! Қыстың қақаған аязы мен күннің шыжыған аптап ыстығында «Құдайы қонақпыз» деп келгендердің ешбірін ренжітпестен барлығын аяғымнан тік тұрып, қолымнан келгенше жаным қалмай күтумен болдым.

«Құдай өзі маған жіберсе, онда маған сенгені шығар» деп, бар-жоғымды ауыздарына тосып, алдарына жаюмен келдім.

О, Жаратқан! Осы жолы мен де саған тұңғыш рет қонақ жіберіп отырмын, сол қонағымды ренжітпей өзің қабыл ала гөр!» деп бет сипадым,- деген екен.

Құс өтініші

Аңшылардың оғынан денесіне қатты жарақат алған құс жан сауғалап қаша берді. Бірақ құс қанша басын алып қашпақ болғанмен соңына түскен аңшылар да бұны еркіне қоя қоймады. Ізіне шындап түскен аңшылардан қайда тығылса да, қай ағашқа қонса да құтылу оңайға соқпады.

Жүрегі атқақтап аузына тығыла қорыққан құс сәл де болса қонақтап дем шақырмақ болған сайын өзін көздеп тұрған мейірімсіз аңшыларды көріп өмірден тіпті түңілгендей күй кешті. Неткен қайырымсыздық, не деген мейірімсіздік! Сұрықсыз, суық сезім жанын жеген күйде құс дамылсыз ұшып байыз табар емес. Құс безек қаққан сайын аңшылардың да құмары арта түскендей. Құстың әлсіздігі, дәрменсіздігі, жалынышты кейпі аяусыз аңшылардың жүрегін жібітпек түгілі қаперіне де кіріп-шығар емес. Олар мына түрлерімен өлтірмей тынбайтын секілді. Жан-жақтан қаумалаған аңшылар, атылған оқтар, мылтық түтіні- бәрі де құстың есін екеу, түсін төртеу қылды.

Байғұс құстың ұшатын әл-дәрмені де таусылуға таянған болатын. Бойындағы бар күшін жинап, соңғы рет аспанға биіктеп көтерілгенде, сонадай жерде елді аузына қарата әңгіме айтып отырған басында бөркі бар биді көрді. Шарасыз құс жанын сала соған қарай ұшты. Ендігі бар үмітті содан күтті. Бір жағы қатты қорыққандықтан зуылдап ұшқан күйі ортада отырған бидің шапанының ішіне қойды да кетті. Құс енді ғана өзін жақсы сезінді. Өлімнен де құтылдым деп үміттенді.

Би де, биді айнала қоршап отырғандар да не болғанын түсінбей аңтарылып қалды. Би қойнына кіріп кеткен құсты енді алмақ болып дереу шапанына қол жүгірткенде онсыз да жүрегі аузына тығылып отырған құс қаттырақ тиген жұдырықтан сол мезет тіл тартпай өліп кетті...

... О дүниеге барғанда өткен-кеткен бар жайт таразыға тартылып, құс кінәні әлгі биге артса керек. Бірақ байқамай істегендіктен би жауапқа тартылмапты. Тіпті құс қолында өліп қалған кезде би онсыз да қатты өкініш білдіріп қайғырса керек.

Құсқа «Соңғы айтарың бар ма?» деп сұралғанда, ол:

- Иә, бар,- депті,- Мен бидің басындағы қоқайған бөркі мен үстіндегі жібек шапанына сенген едім. Сол сенген күйі барып басымды аман алып қалу үшін қойнына жасырындым. Бұдан кейін өзіне деген сенімді ақтай алмайтындар ондай бөрік пен шапанды кимесе екен. Мен сияқты басқалар да алданып қап, опық жеп жүрмесін. Менің сұрарым сол!

Иә, бұл бір жай ғана әңгіме болғанмен астарындағы мағынаның өте терең екендігі сөзсіз. Бүгінгі ұрпақ өздерін тұзаққа түсірмек болғандардан бастарын алып қашып, паналайтын жер іздеуде. Адамзат барған сайын адамгершіліктен қол үзіп, мейірім атаулыдан жұрдай боп, аһ ұрып, өксігін баса алмаған күй кешуде. Қол ұшын созып, қайырымдылық танытпағандықтан есірткі мен арақтың құрбаны болған әр адам үшін, ары аяққа тапталған әр жас жеткіншек үшін адамзаттың өзі жауапты....