Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

От пен топырақ

Жаратушыға деген сенімнен ада, Құдай жоқ деп парықтайтын біреу діндар бір ғалымға келіп мынадай үш сұрақ қойыпты:

- Аллаһ бар болса маған көрсетші?

- Аллаһ маңдайына жазып қойса адам неге жазаланады?

- Шайтан өзі оттан жаратылса Тозақ отына қалай күймек?

Байсалды қалпын бұзбастан оның сұрақтарын тыңдап болған ғалым жерден бір кірпіш сынығын алып әлгінің басынан бір ұрыпты. Басы жарылған дінсіз бірден биге жүгініпті. Би ғалымнан сұрапты:

- Басынан кірпішпен ұрғаның рас қой?

- Маған үш сұрақ қойған еді. Мен сол сұрақтарына кірпішпен жауап бердім,-депті ғалым.

- Қалай сонда?

Таңғалған биге ғалым өз ісінің астарын былай деп түсіндіріпті:

- Біріншіден, «Аллаһ бар болса маған көрсет» деп сұраған болатын. Басының ауырғаны рас болса маған көрсетсін кәне? Екіншіден, «Маңдайына Аллаһ жазып қойса адам неге жазаланады?» деген еді. Басына кірпішпен ұрылу жазылса, мені неге Сотқа берді? Үшіншіден, «Өзі оттан жаратылған шайтанға Тозақ оты қалай әсер етеді?» деп сұраған болатын. Оған да жауап бердім: Өзі топырақтан жаратылса топырақтан жаратылған кірпіш оған қалай әсер етеді?

Қисынды жауапты естігенде сот ғалымды еркіне қоя беріпті.

Күлімсіреу

Жас қыз жабығыңқы күйде өтіп бара жатқан бөгде кісіге қарап күлімсіреді. Ол кісінің болса қабағы ашылып, сәл де болса өзін жақсы сезінді. Сол-ақ екен бұрынырақта досынан көрген бір жақсылығы есіне түсіп, оған ризашылығын білдіріп хат жазды.

Хатты алған досы қатты қуанып, ас ішіп отырған мейрамхана қызметшісінің қолына әжептеуір ақша ұстатты.

Ақша көлеміне таңғалған мейрамхана қызметшісі ол ақшадан жолдағы қайыршыға да берді. Қайыршының да қуанышында шек болмады, өйткені ол тәулік бойы нәр татпаған болатын. «Кедейдің бір тойғаны шала байығаны» демекші, ас ішіп, әл жинаған пақыр жолда суықтан қалшылдаған күшікті көріп, аяп үйіне ала келді. Қатты аязда бүрсеңдегеннен құтылып, жылы үйге бас сұққан күшік өз тағдырына дән риза еді.

Түнде үйде аяқастынан өрт шықты. Күшік үйді айналып үре бастады. Үйдегілердің бәрі тегіс оянғанша үрді. Үй іші түгелімен тілсіз жаудан аман қалды. Өрттен аман қалған кішкене балалардың бірі өскенде сол елдің президенті болды.

Осылардың бәріне, бір-ақ нәрсе себеп болған еді, ол- әу бастағы риясыз шын көңілден шыққан жай ғана бір күлімсіреу болатын.

Күндер мен күнәлар

Бір кісі өз-өзін есепке тартыпты. Ол үшін бүкіл өмірін жалпылама алпыс жыл деп алып, сол алпыс жыл ішінде қанша күн бар екенін есептегенде 21 900 күн шығыпты. Бұны көріп есі шыға безек қаққан әлгі кісі, өкіріп жылап қоя беріпті.

- Күн сайын бір күнәдан істесем осыншама көп күнамен қай бетіммен Аллаһтың алдына барам?!- деп жанын қояр жер таппай егілген ол сол мезет талып қалыпты.

Есін жиғанда жаңағы нәрсе қайта есіне түсіп, қайтадан талықсып кетіпті. Маңайындағылар оны оятуға тырысқанда оның өліп қалғанын бір-ақ біліпті.

Иә, біздің күніге қанша күнә істеп жатқанымызды кім білсін? Соңымыз не болар екен? Аллаһ бәрімізді де кешірсін!..