Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Жақсылықтың жеті қағидасы

1. Елмен араласқан кезде ғана емес, жеке өміріңізде де аса иілгіш, кішіпейіл болыңыз. Әр адамның мінез-құлықтары мен қылықтары, сондай-ақ, сіз ішінде тұрған жағдаяттар да әртүрлі болуы мүмкін ғой. Өзіңізді ылғи да адал ниетте сезінгеніңіз абзал. Орындай алмайтын құрғақ уәделер бермеңіз. Сізге артылған сенімді ақтауға тырысыңыз.

2. Сөйлескен адамдардың аттарын жиі-жиі қайталаңыз. Бір адамды мақтау мен бағалау - оның жақсы жақтарын таба білуді көрсетеді. Араласып жүрген кісіңіздің басқаға ұқсамас өзіндік бағасы мен оны өзгелерден даралайтын ерекшеліктерін білу әрі оған ылғи да ілтипат көрсету өте маңызды.

3. Қандайда бір пікірталасқа әркім өзіндік дүниетаным, жеке көзқарасымен қатысады, сондықтан әркімнің өзгешелігін орынды қабылдаңыз. Сыныққа сылтау іздеп, сынап-мінеуден аулақ болыңыз. Егер оларды түзету қолыңыздан келмесе, қателіктерін бетке басу ара-қатынасты жақсартпайды. Өзіңізді өзгелерден артық санап, менің айтқандарым мен ойлағандарым ғана дұрыс деп білу- қате.

4. Өзгелерге қол ұшын берерде өзіңізді ұмытыңыз. Өз әурешіліктеріңізбен айналаңыздағылардың мазасын ала бермеңіз, олардың да бас қатырар өзіндік мәселелері бар екендігін ескеріңіз. Дәрігердің ең жақсы мінезі оның- «тыңдай білуі».

5. Әр күніңізді іс-әрекетпен, қимыл-қозғалыспен өткізуге тырысыңыз, көңіл көкжиегіңізді барынша кеңейтіп, жаңа адамдармен танысыңыз. Адам ылғи да алға ұмтылуды қалау керек. Бір жерде тұрып қалу мүмкін емес, егер алға жылжу болмаса, онда кері кететіні белгілі. Сөйлеу мәнеріңіз де шабытты болсын, ылғи да көңілді жүріп, тек жақсы жағыңызды ғана көрсетуге тырысыңыз.

6. Өміріңге қалаған кез-келген нәрсе басқаларға да қатысты болсын. Жақсы адамдармен араласу нәтижесінде ізет-құрмет, сүйіспеншілік пен тартымдылыққа қол жеткізесіз. Мына бір қанатты сөзді есіңізден шығармаңыз: «Адам баласы ештеңенің де мәңгілік иесі емес, ол тек қолындағы қандай да бір заттың уақытша күзетшісі ғана.»

7. Сізге біреудің жылы жүз танытып, күлімсірегенін қаласаңыз, алдымен өзіңіз басқаларға жылы қабақ танытып, жымия білуді үйренгейсіз. Күлімсіреу жүрекпен қоса адам жанын ерекше бір жылылыққа бөлейді.

Әкеден артық балмұздақ

Жақын бір жолдасым 3-4 жасар баласын құшақтаған күйі емханаға әкелді. Баласының қызуы көтеріліп, не құсқанына дейін тәптіштеп ентіге жеткізуінен-ақ баласына деген әкелік махаббатының шексіз екендігін, баласы үшін терең уайымға салынғанын сезу қиын емес еді. Бір қарап шыққаннан кейін «Бір нәрсе жүрегіне тиіп қалған болар?» деп сұрағанымда: - Тоңазытқышта тұрған бір килоға жақын балмұздақтың шамамен бәрін жеп қойыпты. Біз оны кейіннен білдік,- деді. Мәселенің мән-жайы енді түсінікті болды. Алайда баласын қатты жақсы көретін әкені сабаға түсіру баланы емдегеннен де қиынға соқты. Осы орайда баланың да әкесін қаншалықты жақсы көретіндігін білдіру, әрі балаға ауыр тиген нәрсенің балмұздақ екенін байқату мақсатында: - Балақай, қане айта қойшы, әкеңді қаттырақ жақсы көресің бе әлде балмұздақты ма?- деп сұрағанымда, бала еш ойланбастан:- Балмұздақты,- деп жауап берген еді.

Иә, бала небәрі 3-4-ақ жаста болатын. Ол жақсы көрген нәрсесіне көзсіз құлай берілудің кейде зиянды болатынын білмейтін. Сондай-ақ, балмұздақты емес өзіне ерекше қамқорлық көрсетіп, оның бар жағдайын жасап отырған әкесін жақсы көру керектігін, өзінен ештеңесін аямайтын әкесінің балмұздақпен ешқашан салыстыруға келмейтін теңдессіз тұлға екендігін әлі ұғына қоймаған болатын. Тек қана балалық әнтек сезім шеңберінен аса алмаған күйде солай жауап берген еді.

Ал біздер ше, үлкендер?! Көбінесе әлгі әлі ештеңенің байыбына бара қоймаған, ана сүті аузынан кеппеген кішкене баланың кейпіне еніп, бізді шексіз нығметтерге бөлеп, ризық- несібемізді молынан үлестірген құдіреті күшті Ұлы Жаратушымызға шүкір етіп, Оған сүйіспеншілікпен қарап, ерекше бір ықылас- пейілмен Соған бетбұрудың орнына Соның пәрменіндегі ойыншық іспетті дүние тіршілігін көбірек жақсы көріп жүрген жоқпыз ба? Зиянды екенін біле тұра бір тұтам дүние тіршілігіне бар ынта-шынтамызбен құлай беріле кірісетініміз соншалық, Ұлы Жаратқан алдындағы құлшылығымызды да қаперге ілмей жүрген жоқпыз ба?!

Әй, бұл пендешілікті қойсайшы?!

«Байлық-алақандағы мұз, бақ-басқа қонған құс. Бірі-еріп кетер, бірі-ұшып кетер» деген даналар сөзі не деген мағыналы айтылған десеңізші?!