Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
02.02.2020
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Темір шыбық

Мектепте сабақпен қатар тәрбие тағылымы мен ұлттық мәдениетке де жеткілікті деңгейде көңіл бөлінгенде ғана рухы мықты, тәрбиелі азаматтар өсіп шығары сөзсіз. Тәлім бөлек, тәрбие бөлек. Адамдардың көпшілігінің қолынан мұғалім болу келгенімен тәрбиеші болу келе бермейді.

Айдар ағай Ержан ағайға қарап:- Тағы да қашыпты,- деді,- Бұған дейін де талай мәрте ескерткенбіз. Ешқандай сөз өтпейді. Міне, мынау үшінші рет болып отыр.

- Сонда бұлар неге қашады?- деп сұрады ол.

- Білмеймін. Тәрбиеге көнбей өз беттерінше өмір сүргілері келеді.

- Бұрын қалай ұстап едіңіздер?

- Бір жолы автобус бекетінен ұстап әкелдік. Екінші рет қашқанда парктегі орындықта ұйықтап қалыпты. Біздегі тәрбиенің қатал, түнге қарай оқушыларға бейсауыт көшеге шығуға болмайтындығын жақсы білетін маңайдағы полиция қызметкерлері көріп қап әкелген болатын.

...Үшеуі тағы да мектептен қашуды жоспарлады. Олар бұл жолы пойызбен қашпақшы болды. Билет алуға кассаға жақындағанда кассирші әйел бұлардың «тегін еместіктерін» сезіп: - Бұл жер өте қауіпті. Билеттерің мен ақшаларыңды маған бере тұрыңдар, пойыз келгенде өздеріңе қайтарып беремін,- деп алдады. Сеніп қалған оқушылар сөзге келместен оған билеттері мен ақшаларын берді. Кассирші әйел дереу бекет полициясын шақырып алып, әлгі оқушылардың қай мектептен екендіктерін білуді, әрі сол мектепке хабарлауды тапсырды. Балалардың қастарына барып, кішкене әңгімеге тартып, олардың қай мектептен екендіктерін білген полиция қызметкері бірден жатақханаға телефон соқты. Айдар ағай мәшинесіне отырып, пойыз жүрмей тұрып дереу келіп үлгерді. Оқушыларды алып жатақханаға келді. Осы жолы жақсылап тұрып сыбағаларын бермекші болды. Өйткені бұған дейін де талай мәрте ескертілген болатын. Жатақханаға жақындағанда мектеп мүдірі алдарынан шықты. Айдар ағай оқушыларды өзі жазалаудан бас тартып, мән-жайды түгелдей мектеп мүдіріне баяндады. Мектеп мүдірі бірден:- Айдар,- деді, - маған үш темір таяқ әкелші, қазір сабағым бар, сабақтан кейін мына үшеуі сыныпқа келсін. Сен бар да мен айтқандай үш темір тауып кел!

Айдар ағай кетіп бара жатып «Ой, сұмдық! Үш темірі несі, ағаш емес қой ол сынып қалатын. Бір ағаш таяқ та жетпей ме?!» деп ойлады, артынша «Әй, бір білгені бар шығар?!» деп айтқанындай үш темір іздеуге көшті.

Аздан кейін үш темір шыбықты да тапты. Мүдір де сабағын бітірген болатын. Үш оқушының көздері шарасынан шыға қатты қорықты. Операция алдындағы ауру адамдай тізелері қалтырап, жүректері аузына тығылды. Мүдір бұларға қарап:- Жүріңдер,-деді қатуланып,-кіріңдер ана сыныпқа!

Бәрі бірдей сыныпқа кірді. Алайда мектеп мүдірі еш күтпеген оқыс қимыл жасады. Қасындағы ағайға қарап:

- Әй, Айдар,-деді,- шеш андағы үстіңдегі жейдеңді. Мен де шешем. Ал сендер мына үш темір шыбықты алыңдар. Таяқты сендер емес, сендерге жақсы үлгі-өнеге көрсете алмаған, сендерге осы уақытқа дейін тәрбие бере алмаған біз жеуіміз керек. Таяқ жеуге сендер емес, қайта біз көбірек лайықпыз. Егер біз сендерге тәрбие бере алғанымызда сендер жаман жолды қаламаған болар едіңдер. Ал ұрыңдар мына жалаңаш арқамыздан!

Сыныпқа кірерде зәрелері қалмай қорыққан оқушылар еш күтпеген мынадай жағдайға тап болғанда естері шыға жалынып кешірім сұрасты:- Бізге не істесеңіздер де өз еріктеріңіз, тек өтінеміз кешіріңіздерші, екінші рет қайталамаймыз!-десті жылап.

Мүдір іштей бұл іске шындап бекінген болатын, дегенмен оқушылардың көздерінен жас мөлтілдеп шынымен жалынып кешірім сұрап тұрғанын көргеннен кейін барып райынан қайтты. Оқушылар да екінші мәрте қашуды сап тиды.

Ақ ит пен қара ит

Немересімен күн шуақта отырған қарт сонадай жерде бір-бірімен ырылдасудан-ақ шаршамайтын екі итіне сырттай көз тастап отырған болатын. Екі иттің біреуі қара, біреуі ақ еді. Бала ес білгелі әлгі иттер атасының ауласында ылғи да ырылдасып жататын. Неге екені белгісіз, бұларды атасы қасынан бір елі ажыратқан емес. Бір үйді күзеткенге бір-ақ ит те жетпей ме, екеуінің түрі неліктен екі түрлі деген ойлар бала санасын көптен бері мазалап жүргендіктен осы жолы ептеп атасынан сұрауды жөн көрді.

Немересінің қойған сұрағына еріксіз жымиған қарт әуелі оның арқасын сипап біраз отырды, сөйтті де:- Олар мен үшін екі белгі, балам,- деді асықпай жұмбақтаған күйі.

Бала әлі де түсіне қоймағандықтан:- Ненің белгісі, ата?- деп қайта сұрады.

– Жақсылық пен жамандықтың белгісі,- деді қарт немересіне ендеше ол жайды бір тәптіштеп түсіндіріп қояйын деген кейіппен,- Тура мына сен көріп отырған әлсін-әлсін өзара ырылдасқан иттер секілді адам бойында жақсылық пен жамандық та ылғи бір – бірімен айқас үстінде жүреді. Бұларға қараған сайын мен соны еске аламын, сол үшін де оларды ылғи өзіммен бірге ұстаймын...

Бала айқаста әйтеуір біреу жеңер болар деген ойын жасыра алмастан балаға тән сұрағыш кейіп танытты:- Ата, сонда бұлардың күресте қайсысы жеңеді?

Қарт жүзі қайта күлімсіреді:- Е-е, балам-ай,- депті сонда,- қайсысына көбірек болыссам, сөзсіз сол жеңеді...