Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Қойшы мен алма ағашы

Қойшы қарт қойларын өрістетіп, жайылымға жайған сайын дөңге жақын өскен бір алма ағашының түбіне барып дем алатын, егер жеміс піскен мезгіл болса, алма ағашымен тілдесіп: - Қане, балам, қарттың алмасын бере ғой,- дейтін. Сөйткенше болмай, дәмі тіл үйіретін, исі аңқыған, балбырап піскен бір алма жерге топ ете түсетін. Қарт болса, кішкене бәкісімен әлгі алманы асықпай тілімдеп кесіп, өзімен бірге ала келген торсығындағы айранымен қоса сәл жүрек жалғағаннан кейін әкесінен қалған Құранын баппен қолға алып, жайлап оқи бастайтын.

Қойшы қарт бұл алма ағашын осыдан жиырма жыл бұрын отырғызған кезде жиі-жиі суғарып, намаз алдында беті-қолын шайған дәрет суының қалғанын да ырымдап соның түбіне төгетін. Қарт жүзін шайған сол судың шарапаты тиді ме, әйтеуір, алма ағашының тамыры тез жан алып, аз уақытта-ақ бой көтеріп, жеміс бере бастады. Қойшы қарт ол кезде жас болғандықтан қай әдемі алмаға көзі түспесін, қол созғаны жетіп жатыр еді. Алайда одан бергі қаншама жыл ішінде қарттың бойы аласарып, белі бүгілді, ал алма ағашының болса, керісінше бойы барынша биіктеп, шынар ағашындай жайқалып кеткен-ді. Бірақ алма ағашы қанша жайқалып өскенімен мәпелеп өсірген баланың аты бала емес пе? Оны баласындай көретін қарт ағаш бұтақтарын алақанымен жай ғана сипап тұрып:

- Қане, балам, - дейтін, - бүгінгі несібемді түсіре ғой?

Айтқанындай, көп пәлсінбестен бір алма түсуші еді. Бұл көрініс дәл осы қалпында бірнеше жылдан бері қайталанып келе жатқан-ды. Тіпті қарт сұрағанда, алманың түспей қалған бір де бір күні кездескен емес.

Ауыл адамдары болса, таңғажайып бұл құбылысты сырттай бірнеше мәрте байқап, қойшы қартты «әулиеге» жорысып қойғалы қашан.

Қарт кісі ағаш көлеңкесінде аздап тынығып, намазын оқығаннан кейін әдеттегідей сол күнгі алмасын сұрады. Алайда, бір таңғаларлығы, ағаш бұтақтары жеміске толып тұрса да, қарт қолына ештеңе түспеді. Қарт өз қалауын қанша қайталағанымен бәрібір ештеңе бола қоймады. Күткені орындалмай, кірпігі мен сақалы тарам-тарам жасқа шыланған қарт үнсіз ғана алыстап қойларына кетіп бара жатты.

Жеміс бергелі баласы қарттың көңілін еш қалдырып көрген емес еді. Мәпелеп өсірген баласына дәл осы жолы көңлі қатты қалды. Көңлі құлазыған қарттың бойы бұл жолы тіпті шөкімдей боп, белі де бұрыңғыдан бетер бүкшие түскендей.

Малдарын қайырып, ауылға бет алғанда мешіттен әуелеп шыққан азанға құлақ түрді. Азан өте бір ерекше, әуезді үнмен оқылып жатқандай. Тіпті астарынан қуаныш та сезілетін секілді. Бірден іркіліп, бойын жинап ала қойды. Қарт байғұс өмірге қайта келгендей күй кешті. Өйткені есіне бір нәрсе түскен болатын.

Бұл жолы көзіне қуаныштан жас алып, балаша мәз болған қарт бірден әлгіндегі алма ағашына жеткенше асықты. Келе сала оны айналып-толғанып, кең құшағын төсей құшақтаған қарт:- Күнім, әшейін,- деді иегі кемсеңдеп жылаған күйі,

- Айналайын, балам, жарығым! Ұмытшақ мен байғұсты ренжітпей тұрып-ақ білдірсең болмас па еді?! Бүгін Ораза айының алғашқы күні екен ғой?!..

Адам болу

Бір кісі баласының жайсыз қылықтарын көрген сайын кейіп «Әй, сен адам болмассың» деп ұрса беретін көрінеді. Әкесінің қайталап айта беретін әлгі сөзіне іштей ерегескен баласы бар ынтасын оқуға салып, өскенде бір аймаққа әкім болуға жарапты.

Әкемнің аузына енді құм құйылар деп ойлаған ол креслода шалқып отырған күйі қызметкерлеріне ауылдағы әкесін алдына алып келуді бұйырыпты. Әкімнің бір сөзін екі етпестен жіберген қызметкерлері жайбарақат егінін егіп жүрген шалды әй-шайға қаратпай дедектетіп қалаға алып жөнеліпті. «Әкімге апарамыз» дегенге есі шыққан қарт креслода шәнтиіп отырған өз баласын көргенде ғана жүрегі орнына түсіп уһ депті.

Аяғын бір-біріне айқастырып, бипаздап ауыздағы темекісін тұтатып, түтінін көкке үрлеген күйі баласы сонда әкесіне қарап миығынан күле:

- Әке, баяғыда маған «адам болмайсың» деп ұрса беретін едің, енді ол ойыңнан еріксіз қайтқан боларсың. Адам болмайды деген ұлың анау-мынау емес, дардай әкім болған жоқ па?!-депті.

Сонда әкесі баласының қылығына тағы да күйініп:

- Әй, балам, мен саған «әкім болмайсың» деп емес, «адам болмайсың» деп ұрсатынмын. Сен әкім болсаң да әлі адам бола алмапсың. Егер адам болсаң әкеңді дедектетіп алдыңа әкелткенше, тәкаппарланбай өзің іздеп келіп амандасар едің. Туған әкесін сыйлап жарытпаған неме туған елін қайбір сыйлап жарытар дейсің. Адам болу бір басқа, әкім болу бір басқа. Мен саған сондықтан «адам болмайсың» деп ұрсатынмын. Әкім болуды адам болдым деп ұқсаң сен әлі шикісің, балам,- деген екен дана қарт сонда.