Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Жалаңаяқ әулие

Бишри Хафи- ең үлкен әулиелердің бірі.

Ол кезде жас еді. Күнәдан бас алмайтын. Күн сайын небір жиіркенішті қылықтардың бірінен соң бірі қайталанып тұратын.

Бір күні тағы да арақ ішіп ұйықтап қалған жерінен әрең дегенде тұрып, кешкісін тәлтіректей басып үйіне бет алды. Басы әңкі- тәңкі. Бір уақытта жол шетіндегі шалшықта жатқан ағараңдаған бір нәрсеге көзі түсті. Анықтап тұрып ұзақ қарады. Қағаз секілді. Барып алды. Шалшықта жатып кірлеген қағазда «Бисмиллаһ» деген жазу бар екен. Бірден есін жиып ала қойды. Бұндай қасиетті жазудың аяқасты болып шалшық суда жатқаны несі деп ойлады. Аллаһ Тағаланың атын аяқпен басып кеткендер оңбас деді өз- өзіне. Сөйтті де қағазды сүртіп, тазалап, сүйіп-сүйіп алды. Тіпті қағазға жақсы әтір сеуіп, үйіне апарып ең бір көрнекті жерге іліп қойды.

Сол түні маңайдағы әулие кісілердің біреуі түс көрген болатын. Түсінде: «Бар да, Бишрге айт, менің атымды балшықтан қалай тазаласа, мен де оны дәл солай бар күнәсынан тазаладым. Менің атымды қалай жоғары қойса, мен де оны жоғарылаттым. Атыма қалай әтір сеуіп хош иіс берсе, мен де оның көңлін хош қылдым. Абыройыммен ант етейін, Бишрдің атын екі дүниеде де таза әрі ардақты етемін!» деген дауыс естіледі. Бұл түс қатарынан үш рет қайталанған болатын.

Түс көрген кісі таң атысымен Бишри Хафиді іздеп жүріп сыраханалардың бірінен тапты. Маңызды бір хабары бар екендігін айтып сыртқа шақырды. Бишр келген бойда:

- Жаңалығың кім жайында?- деп сұрады.

Әлгі кісі:- Саған Аллаһ Тағаладан жаңалығым бар,- деді. Бұны естігенде Бишр жылай бастады, сөйтті де:- Маған ашуланып жатыр ма екен, қатты азаптаймын дей ме?-деп сұрады мұңайып.

Түсті соңына дейін тыңдап болған соң жолдастарына қарап:

- Ей, достарым! Мені енді бұл жерден көре алмайсыңдар!- деді.

Келген әулие кісінің қасында тұрып тәубаға келді. Дәл сол мезет жалаң аяқ тұрғандықтан, бұдан былайғы уақытта аяғына аяқкиім ілмеді. Себебін сұрағандарға:

- Тәубама келіп, өз-өзіме уәде берген кезімде жалаңаяқ болатынмын, сол тәубамды еске салып тұрсын деп аяққиім кимедім,- деп жауап беретін.

Аяқкиімсіз жүретіндіктен жұрт оны «Хафи» /яғни жалаңаяқ/ деп атап кеткен еді.

«Немен қарайсаң сонымен ағар» деп халқымыз тегін айтпаған.

Сынған құмыра

Үлкен әулие кісілердің бірі Ибраһим Хаққы бала кезінен бастап көп жыл бойы Исмайыл Фақыруллаһтың шәкірті болған. Фақыруллаһтың жақсы тәрбиесін көрген Ибраһим бір күні қолына құмыра алып бастауға барған еді. Құмырасын суға толтырып жатқанда қасына жақындаған бір атты:

- Әй, бала, тұр былай жолдан!-деп, сонадай жерден әкіреңдеген күйі атымен баса-көктей бастауға беттеген болатын. Ибраһим болса құмырасын алып шетке шықпақ болып еді, атты кісі бұны қорқытып зәресін ұшырайын деген ниетпен атымен басып кетердей болып ентелей берді. Ибраһим құмырасын жерге қоя салып аттың аяғына түсіп кетпей, өз басын аман алып қалмақ болып шегіншектей берді. Атты кісі әп-сәтте-ақ құмыраны аттың табанына салып үгітті де жіберді. Ибраһим болса жылаған күйі ұстазына келді:

- Бастаудан енді су ала бергенімде қасыма келген атты кісі омыраулата мені таптап кете жаздады, құмырамды да сындырып тастады,-дейді өкісігін бас алмаған күйі.

Ұстазы:

- Құмыраңды сындырған аттыға сен бірдеңе дедің бе?- деп сұрайды.

- Жоқ, ләм-мим деп тіл қатпадым,- дейді шәкірті.

- Онда тез бар да сен де бір-екі ауыз түйрейтіндей қатты сөз айт,- дейді ұстазы.

Ибраһим Хаққы бастау басына барғанмен атын байламақ болып жатқан әлгі кісіге тәрбиесіз адамша бір-екі ауыз былапыт сөз айтуға ішкі ар-ұяты жібермеген қалпы ештеңе деместен қайта келеді.

Қайтып келген Ибраһимнен ұстазы:

- Иә, оған бірдеңе дей алдың ба?- деп сұрайды. Ол болса жүрегі дауалап ештеңе айта алмағандығын, тілін тістеген күйі үн-түнсіз қайтқандығын жасырмайды.

Алайда ұстазы бұған қатты ашуланады.

- Саған мен не айттым?! Бар да сен де оған қарсы бірдеме айт, әйтпесе арты жамандыққа ұласады,- дейді ұрсып.

Ибраһим Хаққы бұл жолы іштей тас-түйін бекінген қалпы бастауға келді. Алайда, бір таңғаларлығы, құмыраны сындырған аттының ат-матымен қоса омақаса құлап, өліп жатқанын көреді. Есі шыққан Ибраһим дереу ұстазына жүгіріп келіп көрген-білгенін ентіге жеткізеді. Ұстазы бұған қатты қапаланады. Сөйтеді де санын соққан күйі:

- Қап, әттеген-ай! Бір құмыраға бола бір адамнан айрылып қалғанымызды қарашы, тым өкінішті,- дейді тұнжырап. Маңайындағылар одан ештеңе түсінбегендіктерін айтқанда, ол:

- Әлгі атты кісі Ибраһимге тізесін батырды. Бұл дегеніңіз ап-ашық зұлымдық еді. Ал Ибраһим болса оған қарсы өздігінен ештеңе демеді, тек әлгіні Аллаһқа тапсырды да қойды. Аллаһ болса соның арасынша залымға жазасын беріп те үлгерді. Ал егер Ибраһим де бірдеме айтып өздігімен екеуара керілдескенде екі жақ та теңдесер еді. Алайда бұл жерде Ибраһим бір жақты жәбір көруші болып шығып отыр. Ал мен болсам өздері-ақ екеуара ымыраға келгенін қалап едім, әттең оны істете алмадым,- деп мәселенің мән-жайын ұғындырған екен.