Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Түйе етінің әуресі

Аббасилық халифа Харун Рашит (ө.ж. 193/809) бірде түскі асқа түйе етін сұратқан еді. Еттен бір кесіп аузына салғаны сол еді, қасындағы уәзірі Жафер Бермеки сықылықтап күліп жіберген болатын. Аяқ астынан уәзірін күлкі қысқанына таңырқаған Харун Рашит бұның мәнісін білмек болды. Сол кезде Жафер Бермеки былай деді:

- Уа, барша мұсылмандардың басшысы! Алдыңыздағы мына түйенің етіне бола қанша пұл шығындалды деп ойлайсыз?

- Көп болса төрт дирхәм ақша жұмсалған шығар...

- Жоқ! Сізге өтірік маған шын бұған тұп- тура төрт жүз мың дирхәм кетті.

- Бұл қалай болғаны?

- Ол былай: Бірде сіз аспазшыдан түйенің етін сұратқан едіңіз. Алайда ол күні ас үйде түйенің еті жоқ болатын. Мен содан бері сіз сұратып қала ма деп, күн сайын ас үйге түйе етін алғызуға бұйрық берген болатынмын. Сол күннен бергі сойғызған түйеге кеткен шығынды есептесек төрт жүз мың дирхәм ақша болған екен. Бір қызығы, сіз сол күннен бері еш түйе етін сұратпай, еттке тек бүгін ғана қол салып отырсыз. Халифамыздың бір жеген етінің өзі төрт жүз мың дирхәмға шықты ғой деп менің күлуімнің себебі сол еді...

Бұны естігенде Харун Рашит еріксіз жылап қоя берді. Түскі уақыт келгенде мешітке барып намаз оқыды. Үйіне келген соң тағы да жылады. Артынша Мекке мен Мәдина кедейлеріне екі миллион, Бағдат мүсәпірлеріне екі миллион, Басра мен Куфа жарлы-жақыбайларына бір миллион дирхәм ақша садақа ғып таратылуын әмір етті. Кейіннен мешітке барып намаз оқытты. Сөйтті де екі көзі бұлаудай болып кешке дейін жылады. Кеш түсе мешітке қайта барып, жамағатқа намаз оқытып үйіне қайтты.

Дәл осы мезет қасына келген Әбу Юсуф қазы оның неліктен егіліп сонша жылағанын сұрады. Халифа жай ғана бір жеке басының қалауы үшін осыншама ақшаның босқа ысырап етілгеніне өкінетінін, сол үшін жылағанын айтты. Әбу Юсуф болса бұл қылықтың ондағы Құдайдан қорқу екендігін, сондай-ақ көп қып таратқан садақалардың барлығының оған үлкен сауап әкелгендігін айтып қуантып әрі жұбатқан болатын.

Харун Рашиттың қатты мұңайғаны сонша, сол күні таң атқаннан нәр татпаған күйі тек кешкі асқа ғана мойын бұрған еді26...

Баянсыз байлық

Ел билеген Халифа Харун Рашит пен ел арасында даналығы әрі діндарлығымен танымал хазіреті Шақиқи Белхи әңгімелесіп отырса керек. Бір уақытта хазірет былай деп сұрақ қойыпты:

- Ей, Халифа! Өзіңді ұшы қиыры жоқ бір шөлде жолсыз-жөнсіз адасып кеттім деп ойла. Шөл қысып өліп бара жатқан жайың бар. Сол кезде саған біреу келіп бір тостаған суық су сатпақ болса, қанша ақша берер едің?

Халифа күліп:

- Қанша қаласа да берер едім,- депті.

- Ал сол бір жұтым су үшін ол сенің байлығыңның тең жартысын сұраса берер ме едің?

- Берер едім.

Хазіреті Шақиқ «Расын айттың» депті де сөзін жалғастырыпты:

- Ей, Халифа! Байлығыңның жартысын беріп жаңағы суды іштің, сөйттің де біраз уақыт жан шақырып өмір сүрдің дейік. Сәлден кейін-ақ ол суды сыртқа шығаруың керек болды. Бірақ сен қанша күш салғаныңмен зәр сындыруың тіптен мүмкін болмай қатты қиналып өлетін жағдайға жеттің дейік. Дәл сол кезде алдыңнан біреу шыға келіп «Мен сені бұл дерттен емдеп жазамын, ол үшін сен маған байлығыңның қалған жартысын бер» десе, не істер едің?

Халифа ойланбастан:

- Әрине, разы болып беруден басқа амалым қалмас еді,- депті.

Дәл осы сәтті күткендей хазіреті Шақиқи Белхи сол кезде:

- Олай болса, уа, барша иісі мұсылман қауымының басшысы!- депті оған өмірлік ғибратты сабақ ұқтырмақ болып,- алдымен ішіп, артынша зәр ғып сыртқа шығарған бір жұтым су құрлы бағасыз байлығыңа сеніп ешқашан астамсып дандайсыма! Дүние- мүлкіңді айтып ешкімге де мақтанба!

Иә, өзімен бірге көрге ала кетпейтін байлыққа адам ешқашанда сенбегені жөн. Тырбаңдап өмір бойы жинаған дүние-мүлкінен әп-сәтте-ақ айрылып қалуы ғажап емес. Жердің бір сілкінгені-ақ небір елді мекенді жермен-жексен етіп, топыраққа көміп тастап жатқан жоқ па?!