Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Тагылым тамшылары 1.DOC
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
817.15 Кб
Скачать

Ауызды ауыздықтаған –тас

Бір күні Хазіреті Әбу Бәкір сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) қасында отырған болатын. Бір уақытта ұрынарға қара таппаған қара ниетті біреу аузы көбіктеніп Әбу Бәкірге тіл тигізіп, былапыт сөздер айта бастады. Пайғамбарымыз болса әлгі кісі Әбу Бәкірге жаман сөздер айтқан сайын ләм- мим деп тіл қатпастан ара-кідік күлімсіреп те қойып отыра берді. Әлгінің әдепсіздігі мен былапыт сөздері әбден шегіне жетті- ау дегенде ашуы алқымына тығылған Әбу Бәкір де бір-екі ауыз сөз қайтарды. Манадан бері жақ ашпаған Пайғамбарымыз болса бұл жолы орнынан тұрып кеткен еді. Іле- шала орнынан тұрып пайғамбарымызды қуып жеткен Әбу Бәкір:

- Уа, Аллаһ Тағаланың ардақты Елшісі!- деді,- Бағанадан бері жаңағының әдепсіздігі мен айтқан қаншама былапыт сөздерін ести тұра үндемей, мен бір- екі сөз қайтарғанға не себепті орныңыздан тұрып кеттіңіз?

Сонда әлем мақтанышы пайғамбарымыз оған былай деп жауап берген еді:

- Ей, адалдығымен айдай әлемді тәнті еткен дос! Әлгі ұятсыз, әдепсіз неме саған тіл тигізе бастағанда Аллаһ Тағала аспаннан бір періште түсірген болатын. Ол періште сені қорғап, жаңағы байғұсты өзі-ақ қуып жібермек еді. Алайда сол арада сен де ашуға мініп қарсы сөз айтқандықтан періште лезде ғайып болды да орнына Ібіліс келді. Аллаһтың қарғысына ұшыраған Ібіліс тұрған жерде Аллаһтың алғысынан үміт күткен менің бірге тұруым мүмкін емес. Орнымнан тұрып кеткен себебім- сол.

Бұл оқиғадан үлкен сабақ алған Әбу Бәкір (р.а.) бұдан былай біреуге сөз айтуға қатты мән беретін болды. Тіпті жөн- жосықсыз сөйлемеу үшін аузына тас салып жүретінді шығарды. Айтар сөзін әбден ойланып сүзгіден өткізіп барып қана айтатын еді. Аузына салып жүретін тасты сөйлер алдында ғана алатын. Жай кезде ылғи да Жаратқанға жалбарынып, күбірлеп мадақ айтатын. Ешкімге де жақсы- жаманнан сөз айтпайтын болды. Өте бір керекті кезде ғана аз сөзбен көкейіндегі ойдың түйінін жеткізетін13.

«Аз сөз-алтын» деген содан қалған.

Харам астың азабы

Хазіреті Әбу Бәкір Сыддықтың (р.а.) бір құлы бар болатын. Кешкі асты ылғи да сол даярлап әкелуші еді. Алайда хазіреті Әбу Бәкірдің бір ерекшелігі сол - алдына әкелген астың қайдан қалай келгендігін бәрін тәптіштеп сұрап білмейінше асқа қол созбайтын.

Әлгі құлы бір күні кешке тағы да тамақ әкелді. Әбу Бәкір Сыддық болса бұл жолы тамақтың кімнен сатып алынғандығы, дастарханға қойылғанға дейін қалай келгендігі туралы ешқандай сұрақ сұрамастан бірден бір қасық алып аузына салды. Оның бұл тосын әдетіне таңырқаған құлы:

- Қожайын-ау, сіз күнде тамақтың жай-жапсарын сұраушы едіңіз, бүгін қалайша сұрап жатпастан ауыз салдыңыз?- деп сұрайды.

Бұны естігенде Хазіреті Әбу Бәкірдің (р.а.) көзі жасқа шылана:

- Е, қайтейін-ай, қу аштық соған қаратты ма?! Енді кеш те болса маған тамақтың қайдан қалай келгенін айт,- деді мұңая.

Құл:

- Исламға дейінгі уақытта мен би билеп халыққа өнер көрсетуші едім. Бір күні кездесе кеткен бір топ кісінің қолқалауымен оларға би билеп бергенім бар еді. Сол мезет олардың маған ақы ретінде ұстатар ештеңелері болмай ақысын кейінірек бермек болып уәде берген еді. Бүгін соларды көріп, берген уәделерін естеріне салдым. Олар өздері жемек болып отырған тамақтарынан маған берген болатын,- деді.

Бұл жайсыз жауапты естігенде Әбу Бәкір (р.а.) іштей қатты реніш білдіріп, абайсызда болған қателігіне қатты өкінді. Тіпті бет-жүзін тарам-тарам жас жуып кетті. Алдында тұрған тамақты лақтырып жіберді. Сұқ саусағын аузына тығып жіберіп қақала-шашала құса бастады. Бір көгеріп, бір қызарып өзін қатты қинады. Өңінің бұзылып кеткенін көргендер оған кішкене су ішкенде ғана жүрегі орнына түсетіндігін айтты. Жылымшы ғана су ішіп тағы да құсты. Бір орында байыз таппай мазасы кетті. Асқазанында ештеңенің қалмағандығына әбден көзі жеткенде ғана барып тоқтатты. Қасындағылар таңғалғандықтарын жасыра алмай:

- Сонда түкке тұрғысыз бір татым тамаққа бола осыншама қиналғаныңыз ба?- деп сұрағанда, ол:

- Иә,-деді,- өйткені бірде Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Ішкен-жегені харам болған кісілерге Аллаһ Тағала Жұмақты нәсіп етпейді» дегенін естіген едім.

Сөйтті де басын жоғары көтеріп:

- Уа, барша әлемнің Иесі! Байқамастан жеп қойған бір шайнам ас үшін қолымнан келгенін істеп бәрін де құса алғанымша құстым. Егер әлгі тағамнан бойымда қалып, тамырыма еніп кеткен нәрсе болса сен Өзің кешіре гөр! Тозақ отыңа шыдай алмайтын қауқары жоқ әлжуаз құлмын ғой,- деп дұға оқыған күйі егіле тілек тіледі...

Иә, ол жайында Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Әбу Бәкір тура менің көз-құлағым секілді» деген болатын14.