
- •2. Азаматтық құқық принциптері.
- •3. Заңды тұлғаның пайда болуы және тоқтатылуы. Заңды тұлғаның құрылтайшысы - меншік иесінің саналы-ерікті қызметі заңды тұлғалар құрылуының қажетті алғышарты болып табылады.
- •4. Заңды тұлғалардың түрлері. Ак нормаларына сәйкес заңды тұлғалардың түрлері мынадай негіздер бойынша жіктеледі:
- •2. Мәміленің нысаны және оның маңызы. Мәміле заңмен белгіленген нысанға ие болғаннан кейін ғана заңдық маңыз алады, ал ол арқылы мәмілеге қатысушы өзінің еркін білдіреді.
- •4. Мәмілелердің жарамсыздығының салдары. Мәмілелердің жарамсыздығының салдарын айқындайтын негізгі ережелер ак-ның 157-бабында белгіленген.
- •4) Үшінші жақтан заттық-қүқықтық қорғауды іске асырғанда туындайтын өзінше санат ретінде.
- •3. Міндеттемені бүзғандық үшін жауаптылықтың түрлері. Міндеттемені бұзгандық үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікке топтастыру әртүрлі критерийлер негізінде жасалынады.
- •Бақылау сұрақтары:
4. Мәмілелердің жарамсыздығының салдары. Мәмілелердің жарамсыздығының салдарын айқындайтын негізгі ережелер ак-ның 157-бабында белгіленген.
АК-ның 157-бабының 3-тармағына сәйкес, екі жакты реституция, яғни мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда құнын ақшалай өтеуге міндетті.
Егер мәміле ол орындала бастаудан бұрын жарамсыз деп танылса, онда ол орындалмауға тиіс. Егер мәміле орындала бастаса не толығымен орындалған болса, онда әрбір тарап өзінің мәміле кезінде алғандарын келесі жаққа қайтарып береді. Қайтарып беру мүмкін болмаса, оның өтеуі ақшамен толықтырылады.
АК-ның 160-бабы жалған және қулықпен жасалған мәміле ұғымын анықтап, олардың салдарын көрсетеді.
Зандық салдар туғызу ниетін көздемей, тек көз алдау үшін жасалған мәміле жалған мәміле деп аталады. Айналадағылар жаңылыстырылуы мүмкін. Ал тараптардың өздері ешқандай мәміленің болмағанын және оның бұларға ешқандай міндеттер жүктей алмайтынын ұғынады. Мысалы, өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалған адам мүлкінің тәркіленуінен қауіптеніп, үйіндегі бағалы заттарын туысына «сатады» да, одан ақша алмай, заттарымды алғашқы тілегім бойынша қайтарасың деп уағдаласады. Жалған мәміле кейде өтірік мәміле деп те аталады.
Жалған мәміле, сондай-ақ одан пайда табуды көздеген тараптың талап етуі бойынша орындалмауға тиіс. Мысалы, сый алушы өтірік сыйға тарту шарты бойынша өзіне мүлікті беруді талап ете алмайды.
Жалған мәміледен өзгеше, қулықпен жасалатын мәміледе тараптардың еркі айналадағылар үшін сырттай көрінетін емес, өзге тараптардың ойындағы азаматтық құқықтар мен міндеттерді анықтауға бағытталады. Кулықпен жасалатын мәміледе: а) басқа мәмілені бүркеп тұратын сыртқы, қулықпен жасалатын мәмілені; б) мәмілені бүркеп тұратын, ішкі, қулықпен жасалатын мәмілені ажырату керек.
Әдебиет : 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17
Бақылау сұрақтары:
1.Мәміле үғымы.
2.Мәміленің түрлері.
3. Мәміленің жазбаша түрі.
Тақырып: Өкілдік және сенімхат
Мақсаты: сенiмхатпен өкiлдiктiң түрлерi мен мәнiн қарастыру.
Сұрақтар:
1 Өкілдік ұғымы және түрлері.
2 Сенімхат.
1.Өкілдік ұғымы. Жалпы ереже бойынша, азаматтық құқық субъектілерінің басқа тұлғалардың - өкілдіктің жәрдеміне жүгінбей-ақ мүліктік айналымға өз бетінше қатысу мүмкіндігі болады. Солай болса да, азаматтық айналымда өкілдік институты кеңінен қолданылады. Азаматтық құқықта бір адамның екінші адамның атынан жасаған мәмілелері немесе басқа да заңдық маңызы бар әрекеттері (мысалы, сотқа талап-арыз беру немесе сот отырысына қатысу) тікелей екінші адам үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызатын, өзгертетін немесе тоқтататын құқықтық қатынастар өкілдік деп аталады. Басқа адамның мүдделері үшін мәміле жасайтын адам өкіл деп, оның мүддесіне мәмiле жасалатын адам - сенім білдіруші немесе өкілдік беруші деп, ал сенім білдірушінің (өкілдік берушінің) мүдделері үшін өкіл мәміле жасайтын адамдар - үшінші жак деп аталады.
Бірқатар мәмілелер немесе заңдық маңызы бар әрекеттер, мысалы, некелесу, еңбек шартын жасасу, өмір бойы күтіп-бағатын келісіммен үйді иеліктен шығару шартын жасасу заң актілерінде тікелей тыйым салынбағанның өзінде өзінің сипаты бойынша өкілдің өзі қатысуын талап етеді, сондықтан оларды өкіл арқылы жасау мүмкін емес.
Өкілдің өкілдік беруші адамның мүддесіне заңцық мәмілелер жасауы өкілдіктің елеулі қызметі болып табылады. Бұл АК-ның өкілдікке анықтама беретін 163-бабында тікелей баянды етілген.
Өкілдік өкілдiң сенім білдіруші адамның атынан мәміле жасалуын көздейді.
Өкілдік қатынастардың субъектілері. Өкілдікте өкіл, өкілдік беруші (сенім білдіруші) және үшінші тұлға арасында қатынастар туындайды. Өкілдікте және өкілдіктің көмегімен жасалған мәміле бойынша қатынастардың тууы үшін үш тұлғаның бірлескен және үйлесімді еркі болуы қажет: өкілдік беруші адам арқылы құқықтар мен міндеттерді белгілеу үшін - өкілдің; өкілдік беруші адаммен қатынас орнату үшін - үшінші адамның; өкіл арқылы мәміле жасауға өз келісімін ертерек немесе кешірек беру үшін - өкілдік берушінің еркі болуы керек.
Өкіл мен өкілдік беруші адам арасындағы құқықтық қатынас өкілдіктiң өзі болады, оны ішкі қатынас деп атайды. Өкіл мен үшінші адам арасындағы қатынас сыртқы қатынас болады, ол өкiлдік бойынша өкілеттікті жүзеге асыру болып табылады, оның дербес сипаты жоқ, өйткені өкілдіктiң мәні - өкіл жасаған мәміле бойынша тікелей өкілдік берушіде құқықтар мен міндеттер пайда болады. Бір тарабы өкіл болатын мәміледе өкілдік беруші адам құқықтар мен міндеттер субъектісіне айналады, ал үшінші жақ үшін өкіл фигурасының айтарлықтай мәні болмайды, өйткені үшінші жақ өкіл арқылы тікелей өкілдік берушімен құқықтық қатынас орнатады.
Өкілдің мәмілесі - бұл заңдық факт, ол өкілдік беруші мен үшінші адам активті және пассивті субъектілері болып табылатын қатынастарды туғызады.
Өкілдік өкілеттіктер. Өкілдің жасауына рұқсат етілген мәмілелер ауқымын өкілеттік деп атайды. Өкілеттік өкіл үшін ғана емес, сондай-ақ оның өкілдік берушінің атынан құқықтық қатынас орнататын адамдары үшін де міндетті, өйткені кейін оларды өкілдік беруші мақұлдайтын жағдайлардан басқа реттерде өкілеттігі жоқ немесе өкілеттігі көп өкілдік заңдық салдар туғыза алмайды. Сондықтан, жалпы ереже бойынша, өкілдің өкілеттігі оларды үшінші жақтың танысуына және тексеруіне болатын әдістермен бекітіледі. Өкілдің өкілеттігі, әдетте, өкілдікке негіз болған заңдық фактінiң мазмұнынан туындайды.
Заң немесе шарт өкiлдіктің пайда болуының негізі болып табылады. Заң арқылы пайда болатын өкілдік заңды немесе қажетті өкілдік деп аталады. Шарттың негізінде пайда болатын өкілдік шарттық немесе ерікті өкілдік деп аталады.
Белгілі бір адам кемістіктерінің немесе әрекетке қабілетсіздігінің орнын толтыру қажет болатын жағдайларда заңды өкілдік пайда болады. Әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі деп танылған кәмелетке толмағандарға (есі ауысқан, нашақор, маскүнем және т.с.с. науқастарға) қамқоршылық белгілеу заңды өкілдікке мысал болады. Заңды өкілдіктің пайда болу жағдайлары зандарда баянды етілген. Заңда заңды өкілдіктің пайда болуына қажетті заңдық фактілердің белгілі құрамы көрсетілген.
Заңды өкілдік тікелей мынадай заңдық фактілердің негізінде пайда болады:
өкілдік қатынастардың басталуына себепші болатын оқиғалар, мысалы, заң баланың туылуына байланысты ата-аналарға өкілдік қызметін атқару уәкілеттігін береді;
өкілдік қатынастарды белгілейтін сот шешімі, мысалы, соттың шешімімен азаматты әрекетке қабілетсіз деп тану және оған қамқоршылық белгілеу әрекетке қабілетсіз азамат пен оның қамқоршысы арасында өкілдік қатынастар орнатады;
заңға сәйкес өкілдік қатынастар туғызатын әкімшілік акт, мысалы,бала асырап алушылықты ресімдеу.
Коммерциялық өкілдік. Құқықтық реттелуінде елеулі ерекшеліктер бар коммерциялық өкілдік ерікті өкілдіктің ерекше түрі болып табылады, оның құқықтық реттелу ерекшеліктері АК-ның 166-бабында баянды етілген. Коммерциялық өкілдіктің айырым ерекшелігі - өкілдікке ерекше субъект - коммерциялық өкілдің қатысуында. Кәсіпкерлер өкілдік беруші адаммен еңбек қатынастары жоқ, өкілдік беруші адаммен жазбаша түрде жасасқан шарттың негізінде жұмыс жүргізетін, өзінің қызметі үшін сыйақы алатын және өзіне берілген тапсырманы орындауда әдеттегі кәсіпкердің қамқорлығындай әрекет етуге міндетті кәсіпкерлік қызмет саласында шарт жасасуда кәсіпкерлердің атынан ұдайы және өз бетінше әрекет ететін адам коммерциялық өкіл деп танылады. Коммерциялық өкілдік кәсіпкерлік қызметтің дербес түрі болып табылады.
3. Сенімхат дегеніміз бұл - бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші (сенім білдірілген) адамға берген жазбаша уәкілдігі (АК-ның 167-бабының 1-тармағы). Бұған дейін айтып өткеніміздей, өкілеттіктер жеке құжат - сенімхатта, сондай-ақ өкілдікті белгілеу туралы шарт - тапсырма беру шартында, коммерциялық өкіл шартында және т.с.с. баянды етілуі мүмкін. Өкілеттік шарттың талаптарына қосылатын реттерде шарттың өзі сенімхат болады. Мұндай шарт заңның шартқа қоятын барлық талаптарына сәйкес болуға тиіс.
Жеке жазбаша құжат - сенімхат біржақты мәміле болып табылады. Сондықтан сенімхатқа мәміле жөнiндегі заңдардың барлық ережелері қолданылады. Сенімхат берудің сипаты бір адамның - сенім білдірушiнiң (өкілдік берушінің) ерік білдіруінің және екінші адамның - сенім білдірілген адамның (өкілдің) ерік-жігер әрекеттерінің бар екенін көрсетеді. Сондықтан сенім білдіруші мен сенім білдірілген адам толық әрекетке қабілетті болуы тиіс. Сенім білдірушіде немесе сенім білдірілген адамда әрекет қабілеттілігінің болмауы немесе шектеулі болуы сенімхаттың жарамсыздығы немесе тоқтатылуы үшін негіз болады. ҚР АК-нің нормаларына сәйкес сенімхаттың үш түрі болады.
Әдебиет : 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17
Бақылау сұрақтары:
1.Коммерциялық өкілдік
2.Сенімхат мерзімі.
Тақырып: Мерзімдер. Талап қою мерзімдер.
Мақсаты: Азаматтық құқықтағы мерзiмдердiң түсiнiгiн, түрлерiн және мәнiн ашу. Талап қою мерзiмiнiң түсiнiгiмен және оны есептеудiң ережелерiмен таныстыру.
Сұрақтар:
1 Азаматтық қүқықтағы мерзім үғымы және оның түрлері.
2 Мерзімнің түрлері.
3 Талап қою мерзімі.
1. Азаматтық қүқықтағы мерзім үғымы және оның түрлері. Азаматтық айналымда және әлеуметтік проблемаларды шешуде уақыт факторы маңызды рөл атқарады. Азаматтық құқықтық қатынастардың пайда болуы, өзгеруі немесе тоқтатылуы заңда, мәміледе немесе сотта көзделген әрекеттерді немесе әрекетсіздікті жасау қажет болатын уақыт кезеңіне (аралығымен) немесе уақыт мезетіне байланысты болады.
Басталуы немесе өтуі белгілі бір құқықтық салдар туғызатын уақыт кезеңі немесе уақыт мезеті азаматтық құқықта мерзім деп аталады.
Мерзімнің маңызы - оның басталуына немесе өтуіне белгілі бір заңдық салдар байланысты болады. Мерзім азаматтық айналымды реттейді, оның қатысушыларын тәртіпке келтіреді; азаматтық құқықтың әр түрлі субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін дер кезінде қорғауды қамтамасыз етеді. Өзінің заңдық табиғаты бойынша мерзім - бұл заңдық факт, заң онымен белгілі бір заңдық салдардың тууын байланыстырады. Құқық теориясы курсынан білетінiміздей, заңдық фактiлер, өз кезегінде оқиғаларға және әрекеттерге бөлінеді. Мерзімді, әдетте, оқиғалар санатына жатқызады, өйткені мерзімнің басталуы немесе өтуі объективтік сипатта, яғни азаматтық құқықтар субъектілерінің еркіне тәуелсіз сипатта болады. Бірақ заң әдебиеттеріндегі келесі көзқарас бойынша, мерзім оларды оқиғаларға да, әрекеттерге де жатқызуға болмайтын ерекше, дербес заңдық фактілер санаты болып табылады.
Бұл көзқарас мынадай жағдайға негізделген: заңдық мерзімдер уақыттың өтуінің объективтік заңына бағына отырып, шығу тегі жөнінен қалай дегенде де еріктік мерзімдер болып табылады, өйткені оларды заң шығарушылардың не шарттағы тараптардың еркі айқындайды, сондықтан да екіжақты табиғаты болады. Бұл пікірмен келісу қиын, өйткені әлде біреудің еркімен белгіленген мерзім уақыт кезеңі немесе уақыт мезеті ретінде қалай дегенде де бір кезде басталады, яғни оны жақындатуға да, алыстатуға да, өзгертуге де, жоюға да болмайды.
ҚР Азаматтық кодексінің 6-тарауында мерзімдерді есептеу тәртібін егжей-тегжейлі реттейтін нормалар бар. АК-ның 172-бабындағы 1-тармаққа сәйкес, заңдармен, мәмілемен белгіленетін не сот тағайындайтын мерзім күнтізбелік күнмен немесе сөзсіз болуға тиісті оқиға көрсетіліп белгіленеді.
Күнтізбелік күн дегеніміз - бұл белгілі бір айдың және жылдың нақты саны.
Оқиғалар дегеніміз - бұл адамдардың еркінен тәуелсіз пайда болатын заңдық маңызы бар фактілер (адамның табиғи өлімі, мерзімнің өтуі және т.с.с.). Мұндағы фактінің болмай қоймайтындығы мынадан көрінеді, заң актісінде не мәміледе немесе соттың шешімінде көрсетілген оқиға міндетті түрде болуға тиіс. Сөзсіз болуға тиісті оқиғаны көрсете отырып, оның мерзімін анықтау ерекшелігі мынада, азаматтық құқықтық қатынастарға қатысушылар оның нақты басталатын уақытын алдын ала білмейді. Мәселен, АК-ның 1042-бабындағы 2-тармаққа сәйкес, мұра қалдырушының қайтыс болған күні, ал оны қайтыс болған деп жариялаған кезде, егер сот шешімінде басқа күн көрсетілмесе, азаматты қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі күшіне енген күн мұраның ашылу уақыты болып табылады.
Уақыт кезеңі болып табылатын мерзім оның ұзақтығын көрсетумен анықталады және жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептеледі (АК-ның 172-бабының 2-тармағы). Мерзімді дұрыс есептеу үшін оның басталуы мен аяқталуын дәл анықтаудың зор маңызы бар. АК-ның 173-бабына сәйкес, уақыт кезеңімен белгіленетін мерзімнің өтуі күнтізбелік күннен немесе мерзімінің басталуы белгіленген оқиға болғаннан кейінгі келесі күннен басталады. Мәселен, тұрғын үйді жалдау шарты 2003 ж. 15 ақпанда жасалған болса, оның қолданылу мерзімі 2003 ж. 16 ақпаннан басталады. Күнтізбелік күн немесе оқиғаның басталуы есепке алынбайды. Ал мерзімнің аяқталуы ережесіне келетін болсақ, ол пайдаланылатын уақыт бірлігіне қарай өзгеріп отырады.
Жылдармен есептелетін мерзім - мерзімнің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді (АК-ның 174-бабының 1-тармағы). Мәселен, үш жылдық талап қою мерзімі 2003 ж. 1 сәуірден басталса, 2006 ж. 1 сәуірде аяқталады.
Айлармен есептелетін мерзім соңғы айдың тиісті күнінде аяқталады. Мұнда, егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы оңдай күн жоқ айға келетін болса, онда мерзім осы айдың соңғы күнінде бітеді. Мәселен, мүлікті айлық жалдау мерзімі 2003 ж. 31 қаңтардан басталса, ол 2003 ж. 31 ақпанда аяқталуға тиіс, ал күнтізбеде мұндай күн жоқ болғандықтан, ол 2003 ж. 28 (немесе 29) ақпанында аяқталады.
Жарты жылда және тоқсанда есептелетін мерзімнің соңғы күні туралы мәселе де осылайша шешіледі. Мұнда жарты жылдық мерзім алты айға, ал тоқсан - үш айға тең деп есептеледі, тоқсанды есептеу жылдың басынан бастап жүргізіледі.
Жарты ай деп анықталатын мерзім күндермен есептелетін мерзім ретінде қарастырылады және 15 күнге тең деп есептеледі. Мерзімді апталармен есептеуде ол соңғы аптадағы мерзім басталған күнмен аяқталады. Мәселен, апталық мерзімнің өтуі жұмада басталса, онда ол өзі басталғаннан кейінгі келесі жұмада аяқталады. Мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге келетін жағдайларда одан кейінгі ең жақын жұмыс күні мерзімнің аяқталу күні болып есептеледі. Бұл арада, мереке, жалпыға бірдей белгіленген демалыс күні, сондай-ақ осы ұйымның режимінде көзделген күн жұмыс істемейтін күн болып есептеледі.
Сағаттармен анықталатын мерзімді есептеуде мерзімнің басталуын анықтау қажеттігі тумайды, өйткені мерзімді бұлайша анықтау әдісінде оның басталуы немесе аяқталуы әуел бастан-ақ өте дәлдікпен белгіленеді. Егер мерзім қандай да бір әрекетті жасау үшін белгіленген болса, ол жалпы ереже бойынша, мерзімнің соңғы күнінің 24-сағатына дейін орындалуға тиіс.
2.Мерзімнің түрлері. Мерзімді әр түрлі негіздерге сүйеніп жіктеуге болады. Мерзімді кімнің белгілейтініне қарай заңды, шарттық және сот мерзімдерін ажыратады. Туғызатын құқықтық салдарына қарай мерзім құқық түзететін, қүқықты өзгертетін және қүқықты тоқтататын мерзімге бөлінеді.
Өзінің табиғатына қарай мерзім мынадай түрлерге бөлінеді:
1) азаматтық құқықтарды жүзеге асыру мерзімі - бұл осы кезенде уәкілетті адам өзінің субъективтік құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған қандай да бір әрекеттерді жасау мүмкіндігі болатын уақыттың бір бөлігі. Оны, әдетте, заң актісі белгілейді, бірақ тараптардың келісімімен де анықталуы мүмкін (меншік құқығы, авторлық құқық және т.б.);
2) субъективтік құқықтардың қолданылу мерзімі - бұл осы уақыт аралығында қолданылу шегі уақытпен шектеулі туындаған субъективтік құқықтар сақталатын уақыт кезеңі. Мысалы, сенімхат үш жылдан аспайтын мерзімге беріледі;
3) тыйым салатын мерзім - бұл белгілі бір құқықтарды жою мақсатында белгіленетін мерзім. Мәселен, «Нотариат туралы» 1997 ж.14 шілдедегі ҚР Заңының 8-бабындағы 6-тармаққа сәйкес, нотариус лицензиясын алған, бірақ нотариаттық іс-әрекеттер жасауға үш жыл бойы кіріспеген адамның нотариаттық қызметпен айналысуына біліктілік емтиханын қайталап тапсырғаннан кейін ғана рұқсат етіледі деп үзілді-кесілді түрде атап көрсетілген;
кепілдік мерзім - сатушының ұзақ мерзім пайдалануға немесе сақтауға арналған өнімнің әдеттегі қабылдап алу кезінде байқала қоймайтын кемшіліктерін анықтауына арналған мерзім. Кепілдік мерзімді мемлекеттік стандарттар немесе шарт белгілейді. Оның үстіне,шарт, егер тіпті олар мемлекеттік стандарттарда немесе техникалық талаптарда көзделмеген болса да кепілдік мерзім белгілеуі мүмкін,сондай-ақ стандарттарда көзделген мерзімнен едәуір ұзақ кепілдік мерзім белгілей алады. Кепілдік мерзімді белгілеу тұтынушылардың мүдделерін қанағаттандырады және өндірілетін өнімнің немесе орындалатын жұмыстың сапасын арттыруға ынталандырады;
шағымдану мерзімі - заң бұл мерзімді міндеттерін ерікті түрде орындауды талап ету құқығын бұзуына байланысты субъективтік құқықты бұзған адамға белгілейді. Заң шағымдану мерзімін ғана емес, сондай-ақ оған жауап беру мерзімін де белгілейді. Мысалы, тасымалдаушыға жүкті тасымалдаудан туындайтын талап қоюға дейін оған көлік туралы заң актілерінде көзделген тәртіпте талаптар қойылуы міндетті (АК-ның 706-бабының 1-тармағы);
6)азаматтық-қүқықтық міндеттерді орындау мерзімі – шартта белгіленеді. Мәселен, қарыз беру шарты бойынша борышты қайтару сәті міндетті орындау мерзімі ретінде қарастырылуы мүмкін;
7)азаматтық қүқықтарды қорғау мерзімі, немесе азаматтық құқықта аталып жүргеніндей, талап қою мерзімі.
3.Талап қою мерзімі. Бұл бұзылған құқықты сот арқылы қорғау үшін заңмен белгіленген мерзім. Осы уақыт ішінде құқығы бұзылған адам өз құқығын мәжбүрлі түрде жүзеге асыруды немесе қорғауды талап ете алатын мерзімді азаматтық қүқықтарды қорғау мерзімі деп түсінеді. Қойылған талапты қанағаттандыру бұзылған азаматтық құқықты қорғаудың негізгі құралы болғандықтан, аталған мерзім талап қою мерзімі деп аталған.
Талап қою мерзімі институты негізгі үш міндетті атқарады:
азаматтық айналымның тұрақтануына, оның қатысушылары арасындағы екіұштылықты жоюға, азаматтық құқықтарға қатысты олардың арасында туатын дауларды тездетіп шешуге жәрдемдеседі (азаматтық құқықтық қатынастарға айқындық және жүйелілік енгізеді);
соттардың іс бойынша объективтік шындықты анықтауын жеңілдетеді, сөйтіп осы арқылы дұрыс шешімдер шығаруға жәрдемдеседі;
шарттық тәртіптің нығаюына қызмет етеді, шарттағы тараптардың белсенділігін ынталандырады және міндеттемелердің орындалуына өзара бақылауды күшейтеді.
Талап қоюға құқығы бұзылған мүдделі адам ғана емес, сондай-ақ азаматтық іс жүргізу заңдарына сәйкес басқа адамдар да құқылы болады. Сондықтан «талап қою мерзімі» ұғымының анықтамасында талап қою субъектісіне нұсқау болмайды. АК-ның 179-бабына сәйкес, сот талап қою мерзімін соттың шешімі шыққанға дейін жасалған талапкердің өтiніші бойынша ғана қолданады.
Талап қою мерзімі және оны есептеу тәртібі занда көзделеді және оны тараптардың келісуімен өзгертуге болмайды (АК-ның 177-бабының 2-тармағы). Осыдан келіп, тараптардың келісуімен талап қою мерзімін ұзартуға немесе қысқартуға жол берілмейтіндігі туындайды. Талап қою мерзімі - бұл осы уақыт шегінде қойылған талапты сот қанағаттандыра алатын уақыт кезеңі.
ҚР азаматтық құқығында талап қою мерзімінің екі түрін ажыратады: 1) жалпы мерзім; 2) арнаулы мерзім.
АК-ның 178-бабының негізінде «талап қоюдың жалпы мерзімі үш жыл болып белгіленеді. Талаптардың жекелеген түрлері үшін заң құжаттарымен талап қоюдың жалпы мерзіммен салыстырғанда қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзімдері белгіленуі мүмкін». Азаматтық құқықта мұндай мерзімдерді арнаулы мерзімдер деп атайды. Олар заң актілерінде тікелей көзделген жағдайларда ғана қолданылады. Мәселен, Жекешелендіру туралы жарлықпен сатып алу-сату шартының жарамсыздығына байланысты даулар бойынша 6 айлық талап қою мерзімі белгіленген. Бұл мысалдардан жалпы мерзіммен салыстырғанда арнаулы мерзімдердің ұзартылған немесе қысқартылған болуы мүмкін екені көрінеді.
Арнаулы мерзімдердің барлығы жалпы ережеден өзгеше болатындықтан, олар заң актілерінде көрсетілген қатынастарға ғана қолданылуы тиіс. Бұл мерзімдер туралы нормаларды кеңейте түсіндіруге болмайды. Заң актілері жеке, заңда ерекше бөлініп көрсетілген талаптар үшін арнайы мерзім белгілейді. Сот бұзылған құқықты қорғау туралы талапты талап қою мерзімінің өтуіне қарамастан қабылдайды. Басты талап бойынша талап қою мерзімі өткенде қосымша талап бойынша (тұрақсыздық айыбын өндіру туралы, кепіл болушының жауапкершілігі туралы және т.с.с.) талап қою мерзімі де аяқталады. АК-ның 180-бабы талап қою мерзімінің өтуі адам құқық бұзушылық туралы білген немесе білуге тиіс болған күннен басталады деп белгілейді. Егер уәкілетті адам өз құқығының бұзылғаны туралы білмейтін болса, онда ол, әрине, қорғану құқығын пайдалана алмайды, сондықтан мұндай құқық адам өз құқықтарының бұзылғаны туралы білген кезден бастап пайда болады. Егер талапкердің салақтығынан өз құқығының бұзылғаны туралы білмегендігі шынында анықталатын болса, талап қою мерзімі талапкер істің мән-жайы бойынша құқық бұзушылық туралы білуге тиіс болған кезден басталады. Кері талап қою міндеттемелері бойынша талап қою мерзімі негізгі міндеттеме орындалатын сәттен басталады. Бұл ережеден өзгешелікті АК немесе өзге заң актілері белгілейді.
Кейбір мысалдар келтірейік:
1) кепіл болушылық немесе кепілдік шартын жасаған күннен бастап кепіл болушыға немесе кепілге талап бойынша екі жылдық талап қою мерзімі белгіленген (АК-ның 336-бабы);
АК-ның 159-бабының 9 және 10-тармақтарында көзделген негіздер бойынша мәміленің жарамсыздығына байланысты даулар бойынша талап қою мерзімі зорлық немесе қорқыту ықпалымен мәміле жасалып, сол зорлық немесе қорқыту тоқтатылған күннен бастап не талап қоюшы мәмілені жарамсыз деп тануға негіз болып табылатын өзге де мән-жайларды білген немесе білуге тиіс болған күннен бастап бір жыл болады (АК-ның 162-бабының 2-тармағы);
жекешелендіру процесі барысында жасалған сатып алу-сату шартының жарамсыздығына байланысты даулар бойынша алты айлық талап қою мерзімі шартқа қол қойылған күннен басталады.
Міндеттемедегі адамдардың өзгеруі (талапты беру және борышты аудару) талап қою мерзімі мен оны есептеу тәртібін өзгертуге әкеп соқтырмайды (ҚР АК-ның 181-бабы).
Талап қою мерзімі көптеген жағдайларда басталысымен үздіксіз өтеді. Алайда өмірде уәкілетті адамның белгіленген мерзім шегінде талап қоюына кедергі жасайтын мән-жайлар тууы да мүмкін. Мұндай мән-жайлар түрлі сипатта болады және талап қою мерзімін тоқтата тұру, үзу немесе қалпына келтіру үшін негіз болады.
Талап қою мерзімінің өтуін тоқтата тұрудың мәні бұзылған құқықты қорғауға кедергі жасайтын мән-жай күшінде болатын уақыт заңда белгіленген талап қою мерзіміне есептелмейді. АК-ның 182-бабына сәйкес талап қою мерзімінің өтуін тоқтата тұратын негіздердің қатарына мыналар жатады:
- бой бермейтін (тежеусіз) күш - бұл осы жағдайларда ойда болмаған және болмай қоймайтын, төтенше мән-жайлар. Бой бермейтін(тежеусіз) күш немесе кездейсоқ мән-жайлар (су басу, жер сілкіну ғана емес, сондай-ақ тәртіпсіздіктер, азамат соғыстары, ереуілдер) - бұлар көліктің, байланыстың және т.с.с. қалыпты жұмысын бұзатын мән-жайлар;
- ҚР Президенті жариялаған міндеттемелердің осы түрін орындауды кейінге қалдыру (мораторий). Мораторийдің бой бермейтін (тежеусіз) күштен айырмашылығы - ол талап қоюға заңдық (нақты емес) кедергілер жасайды. Бұл жағдайда Президент өзінің шешімімен міндеттемелердің орындалу мерзімін кейінге жылжытады, осы арқылы қолданыстағы талап ету құқығын борышқорға мәжбүрлеп орындатуды белгілі бір кезеңге доғара тұрады;
Жалпы мораторийдің барлық іс-әрекеттерге қатысы бар.
Жеке мораторий жекелеген іс-әрекеттерге ғана қатысты жарияланады;
талапкердің немесе жауапкердің соғыс жағдайына көшірілген Қарулы Күштер құрамында болуы. Талапкерді немесе жауапкерді қамтитын соғыс жағдайлары талап қоюды қиындата түседі. Алайда Қарулы Күштерге әскер қатарына немесе әскери жиындарға жай шақырумен талап қою мерзімі тоқтатылмайды;
әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілінің болмауы. 14 жасқа дейінгі әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілі - ата-аналары, ал қалған жағдайларда - қамқоршылары болады;
тиісті катынастарды реттетін заңдардың немесе өзге де құқықтық актілердің қолданылуын тоқтату. Заңның қолданылуын тоқтата тұру туралы шешімді құзіретті мемлекет органы қабылдауы мүмкін, ол іс жүзінде нормативтік актінің күшін жоймастан, белгілі бір төтенше жағдайлар орын алған кезенде оның қолданылуын тежейді.
Азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптар бойынша талап қою мерзімінің өтуі азаматтың зейнетақы төлемдерін тағайындау және/немесе жүзеге асыру туралы немесе жәрдемақы тағайындау туралы тиісті ұйымдарға жолдануына байланысты, зейнетақы төлемдері тағайындалғанға және/ немесе жүзеге асырылғанға немесе жәрдемақы тағайындалғанға не зейнетақы төлемдерін тағайындаудан және/немесе жүзеге асырудан немесе жәрдемақы тағайындаудан бас тартылғанға дейін тоқтатыла тұрады.
Талап қою мерзімінің өтуі, егер көрсетілген мән-жайлар талап мерзімінің соңғы алты айы ішінде пайда болса немесе бұрынғысынша қала берсе тоқтатыла тұрады, ал егер бұл мерзім алты айдан аспаса - талап мерзімінің өтуі кезінде тоқтатыла тұрады. Бұл орайда мерзімнің қалған бөлігі алты айға дейін, ал егер талап қою мерзімі алты айдан аспаса - талап мерзіміне дейін ұзартылады (АК-ның 182-бабы).
Талап қою мерзімінің өтуіндегі үзіліс оның үзілуіне негіз болған мән-жайлар басталғанға дейінгі уақыттың талап қою мерзіміне есептелмейтінін және оның жаңадан басталатынын білдіреді.
Заң талап қою мерзімінің өтуіндегі үзілісті талапкердің немесе жауапкердің ерікті іс-әрекеттерімен байланыстырады. АК-ның 183-бабына сәйкес, талап қою мерзімінің өтуі мынадай екі негіз бойынша үзіледі:
белгіленген тәртіппен талап қою;
міндеткер адамның борышты немесе өзге мiндеттерді мойындағандығын дәлелдейтін әрекеттер жасауы.
Бұл мән-жайлардың біріншісі заңның талаптарына толық сәйкестікте сотқа шағымдануды, яғни ведомствоға қарастылықты, сотқа дейінгі реттеуді, әрекетке қабілетті адамның талап қоюын және т.с.с. сақтай отырып шағымдануды ғана қамтиды. Бұл тәртіптің бұзылуы талап қою мерзімінің өтуіндегі үзілісті жоққа шығарады.
Талап қою, әдетте, дауды мәніне қарай шешуге және соттың шешімін шығаруға мәжбүр етеді. Мұндай жағдайларда талап қою мерзімі өзінен-өзі қажет болмай қалады.
Ал егер дау шешілмей, өндірістегі іс тоқтатылмаса, талап қою мерзімі бұдан былай да өзінің маңызын сақтап қала береді. Сонымен қатар, сотқа талап қою мерзімінің ең соңғы кезеңінде талап қойылатын жағдайлар да болуы мүмкін, және егер үзіліс қолданылмаса, онда талап қою мерзімі істі тындауға дайындау барысында-ақ өтіп кеткен болар еді.
Талап қою мерзімінің өтуiндегі үзілістің екінші негiзі - бұл адамның борышты мойындауын білдіретін іс-әрекеттерді жасауы, ол қысқаша түрде борышты мойындау деп аталады. Ол ауызша немесе жазбаша түрде жасалған борышты мойындау жолымен және әдетте борышты ішінара төлеуден тұратын борышқордың іс-әрекеттерімен жасалуы мүмкін. Борышты мойындаудың, алайда, өтіп жатқан талап қою мерзімі шегінде ғана мерзімді үзетін маңызы болады. Талап қою мерзімі өткен соң борышты ішінара төлеу талап қою мерзімінің өтуінде үзіліс туғыза алмайды.
Азаматтық кодексте талап қою мерзімін қалпына келтіру мәселесі ерекше реттелген. Егер талап қою мерзімінің тоқтатылу және үзілу негіздері заңда дәлме-дәл көрсетілген болса, онда өткізіп алған талап қою мерзімін қалпына келтіру үшін мерзімді өткізіп алудың дәлелді себептерінің болуын анықтау қажет.
АК-ның 187-бабының негізінде талап қою мерзімі мыналарға қолданылмайды:
заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде материалдық емес игіліктер мен мүліктік емес өзіндік құқықтарды қорғау туралы талаптарға. Бұл құқықтарды қорғаудан бас тарту жеке адамның қоғамдағы маңызын кемітуге әкеп соққан болар еді;
салымшылардың банкіге банктік салымдарды беру туралы талаптарына. Банктер салымшылардың ұйғарымын орындаудан бас тартатын жағдайда салымдарды беруге мәжбүрлеу туралы талаптар тууы мүмкін. Мұның кез келген салымшыларға және банктердің кез келген түрлеріне қатысы бар;
азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыру туралы талаптарға. Алайда талап қою мерзім: өткеннен кейін қойылған талаптар талап қоярдың алдындағы үш жылдан аспайтын мерзім үшін қанағаттандырылады. Зиянның орнын толтыру міндеті жәбірленушінің бүкіл өмірі бойында сақталады;
егер меншік иесінің немесе өзге заңды иенің өз құқығының кез келген бүзылуы иеліктен айыруға байланысты болмаса (теріске шығаратын талап жағдайында), кез келген құқық бұзушылықты жою туралы талабына;
заң құжаттарында белгіленген реттерде басқа да тараптарға қолданылмайды.
Әдебиет : 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17
Бақылау сұрақтары:
1.Мерзімнің түрлері.
2.Талап қою мерзімі.
Тақырып: Меншік қүқығының түсінігі
Мақсаты: Құқық категориясы ретiнде меншiк құқығын сипаттау.
Сұрақтар:
1 Меншік құқығы ұғымы.
2 Меншік қүқығының мазмүны.
3 Меншік қүқығының формалары мен түрлері.
1. Меншік қүқығы ұғымы. Меншік дегеніміз тарихи қалыптасқан, белгілі бір қоғамдық қатынас, ол адамдар арасында затқа байланысты туындайды. Меншік ұғымы әрқашанда ұйымдасқан адамдар қоғамына тән.
Меншік қүкығы дегеніміз субъектінің зан қүжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету қүкығы.
Қүқықтық институт ретінде меншік қүқығы қүқық нормаларының жиынтығы болып табылады, ол материалдық игіліктің белгілі бір адамға берілгендік (тиесілік) жағдайын бекітеді, реттейді және қорғайды. Бұл жерде әңгіме объективтік мәндегі меншік құқығы туралы болып отыр. Заңдық биліктің белгілі бір мөлшерін меншік иесіне бекітіп беру субъективтік мәндегі меншік қүқығы туралы айтуға мүмкіңдік береді. Меншік құқығы мүліктік, абсолюттік, заттық құқық болып заңға сәйкес белгіленеді, ол затқа тікелей ықпал ету мүмкіндігімен және иемдену, пайдалану және билік ету құқығының болуымен сипатталады. Қолдану және артықшылық құқығы меншік құқығына ілесе жүреді. Меншік құқығы - негізгі заттық қүқық. Заттық құқық құқықтың басқа да типтерімен тұрақты байланысты болады.
2. Меншік қүқығының мазмүны. Меншік иесіне өз мүлкін иемдену, пайдалану және оған билік ету құқығы берілген (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 1-бөлігі). Бұл құқықтар меншік құқығының мазмұның анықтайды. Алғаш рет аталып отырған триада рим жеке құқығының орта ғасырлық коментаторларының еңбектерінде пайдаланылған, ал рим жеке құқығының өзі меншік иесі өкілеттіктерінің толық тізбесін білмеген. Ресей заңнамасында ол алғаш 1832 жылы пайда болды.
Иемдену құқығы мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заңмен қамтамасыз ету мүмкіндігін білдіреді. Иемдену құқығы дегенiміз мүліктен оның пайдалы табиғи қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда түсірудің заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігі. Пайда табыс, өнім, төл өндіру түрінде және басқа формада болуы мүмкін (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 3-бөлігі).
Билік ету кұқығы дегеніміз мүліктің заң жүзінде тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі. (АК-ның 188-бабы 2-тармағының 4-бөлігі). Мүліктің заңдық тағдыры көбіне мәмілемен белгіленеді. Сонымен қатар мүлікке басқадай заңдық факторлар арқылы билік ету дағдылы жағдайға айналған. АК-ның 188-бабының 3-тармағына сәйкес меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауға, соның ішінде бұл мүлікті басқа адамдардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, өзі меншік иесі болып қала отырып, оларға мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз құқығын тапсыруға, мүлікті кепілге беруге және оған басқа да әдістермен ауыртпалық түсіруге, оларға өзгеше түрде билік етуге құқылы. Меншік иесі өз мүлкіне толықтай билік етуге құқылы. Басқа құқықтар меншік құқығынан туындайды, оған тәуелді және көлемі жағынан бастапқы құқықтан кең болуы мүмкін емес. Егер заңнама талаптары, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделері бұзылмайтын болса, меншік иесі өз мүлкін тіптен жойып жіберуге құқылы.
3. Меншік қүқығының формалары мен түрлері. ҚР Конституциясының 6-бабының 1-тармағына сәйкес «Қазақстан» Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады». Бұл меншіктің формалары. Әртүрлі әлеуметтік мақсат пен құқықтық режим оларды бөліл алуға негіздеме болады. Меншікті екі формаға бөлу Конституцияда олардың меншік құқығының субъектісі ретінде мемлекетке қатынасының нышандары бойынша жүргізіледі. Жеке меншікке жататындықты заң өте оңай анықтайды - мемлекетке тиесілі еместің барлығы солар. Яғни барлық мемлекеттік емес меншіктер жеке меншік болып табылады. Ресей Федерациясында меншік формаларының тізбесі жабылған жоқ. Жеке және мемлекеттіктен басқа оларда муниципалдық және басқа формалар бар. Меншік формаларына меншік құқығы формалары сәйкес келеді. Өз кезегінде формалар да түрлерге бөлінеді. Форма меншіктің арналған мақсаты мен әлеуметтік бағытталығына қарай оның сапалық ерекшелігiн бейнелейді, ал түр - меншік формалары ішіндегі субъективтік айырмашылық. Кез келген азамат немесе заңды тұлға, сондай-ақ мемлекет меншік құқығының субъектісі бола алады. Азаматтың әрекет қабілеті шектеулі болған немесе, тіптен, ол болмаған жағдайда оның мүддесін заң немесе шарт бойынша өкіл қорғайды. Мемлекеттің меншік құқығының субъектісі ретіндегі ерекшелігі сол - оның құқығы уәкілетті мемлекеттік органдар немесе мемлекеттік заңды тұлғалар арқылы, ал, заң құжаттарында көзделген жағдайларда - мемлекеттік емес заңды тұлғалар және азаматтар арқылы жүзеге асырылады.
Конституцияға бағдар алып Азаматтық кодекс меншік формасы ретінде жеке (191-бап) және мемлекеттік (192-бап) меншікті бөліп қарастырады. Сонымен қатар қазақстандық заң шығарушы, ресейлікке қарағанда, топтастыру кезінде «форма» терминін пайдаланбады. Оған саналы түрде барды, себебі «форма» және «түр» ұғымдары өз мәндері жағынан көп мағыналы және меншік құқығына қатысты қолдануға онша келмейді. Бұл ұстаным дұрыс та шығар. Дегенмен, бұл мәселеге қатысты екі көзқарасты атап өткен жөн. Біріншісі бойынша меншік құқығы бір тұтас және біртекті. Ол нарықтық экономиканың жалпы ережесіне бағындырылған. Бірақ мемлекеттік меншік құқығын бұған жатқызуға болмайды, ол мемлекет функциясын қолдау және жеке меншік құқығының қалыпты жұмысын қамтамасыз етуде шектеулі ауқымда болады. Яғни, жеке меншік түрлік емес, меншік ұғымына келетін тектік ұғым.
Екінші көзқараста меншік құқығы тектік ұғым, ал жеке және мемлекеттік меншік құқығы - түрлік ұғым. Мүліктің жеке және мемлекеттік меншік үшін заңнамада белгіленген әртүрлі құқықтық режимі оған негіздеме болады. Бұл мемлекет функциясының айрықша сипатынан туындайды және субъектінің ерекшелігіне байланысты.
Заңды тұлғалар қатысатын қатынастардағы сияқты мемлекет өкілдері қатысатын қатынастарда абстрактылы субъектілердің - Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністердің бар екендігі ескеріледі. Олардың атынан азаматтық айналымда құқық берілген тұлғалар - заңды немесе жеке тұлғалар қатысады. Әдетте заңды тұлғалар мекеме мәртебесі берілген мемлекеттік органдар болады. Бұл жағдайларда да мұндай мемлекеттік мекеменің қашан өз атынан, қашан мемлекет немесе әкімшілік - аумақтық бөлініс атынан мүдде қорғайтынын білген дұрыс. Қай жағдайда болса да мемлекет пен әкімшілік-аумақтық бөліністің мемлекеттік заңды тұлға балансында бекітілмеген мемлекеттік мүлікке тікелей билік жасайтынын ескеру керек. Басқа жағынан алғанда, мемлекеттік меншікке құқығын мемлекеттік заңды тұлғалар (кәсіпорындар мен мекемелер) өздерінің шаруашылық жүргізуіндегі немесе оралымды басқаруындағы мүлікке қатысты жүзеге асырады.
АК-ның 191-бабында жеке меншіктің екі түрі белгіленген, олар - азаматтар меншігі және мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі. Өз кезегінде АК-ның 192-бабы мемлекеттік меншіктің екі түрін белгілейді, олар - республикалық және коммуналдық меншіктер. Қазақстан Республикасына қарағанда Ресей Федерациясында муниципалдық (коммуналдық) меншік мемлекеттік болып табылмайды, сондықтан ол оның құрамына кірмейді.
Жеке және мемлекеттік меншіктің сандық ара қатынасы бастапқы кезде мемлекеттік меншікті жекешелендіру қарқынымен анықталды. Бұл процесс ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда Қазақстанда белсенді жүргізілді, ондағы мақсат мемлекеттік меншікті ең төменгі қажетті деңгейге жеткізу еді. Қазір бұл ара қатынас мемлекеттік мүдделер бойынша анықталуда.
Затқа үстемдік ету және оны өзінікіндей санау мұндай жағдайларда жаңа меншік иесінің пайда болуына әкеледі. Бұл контексте заң шығарушының иесіз мүліктің, қараусыз жануарлар мен олжаның меншік иесін анықтаудағы көзқарасы жүзеге асырылған (АК-ның 242, 245-247 баптары). Бұл жерде принцип біреу - зат кімде болса сол меншік иесі, әрине, егер барлық заң талаптары сақталған болса.
Сонымен, меншік құқығы туралы нормалар өзінің заттылығын күшейтті және өзінің мәні бойынша және стратегиялық бағыттылығы бойынша дамыған елдердің тиісті заңнамасына жақындады деп айта аламыз. Кеңестік кезенде иемденген теориялық цивилистикалық багаж жоғалған жоқ, қайта қазіргі заңнамада дамыды, ол Қазақстанның меншік құқығын әлемдік құқықтық жүйедегі ең жетілген институттардың бірі деп айтуға мүмкіндік береді.
Әдебиет : 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17
Бақылау сұрақтары:
1. Мемлекеттік меншік құқығы.
2. Жеке меншік ұғымы және оның түрлері.
Тақырып: Меншік қүқығын және өзге заттық құқықтарды иелену
және олардың тоқтауы
Мақсаты: Жеке меншiк құқығының тоқтатылуы және пайда болу негiздерiмен таныстыру.
Сұрақтар:
1 Меншік қүқығы пайда болатын кез.
2 Меншік қүқығының және өзге заттық қүқықтардың туындауының жекелеген негіздері.
3 Мешіктік қүқығының және өзге де заттық қүқықтардың тоқтауы.
1. Меншік қүқығы пайда болатын кез. Меншік құқығының пайда болатын кезін анықтаудың практикалық маңызы зор. Иеліктен айыратын заттардың кездейсоқ жойылу немесе кездейсоқ бүліну қаупі, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше белгіленбесе, сатып алушыда меншік құқығы пайда болуымен бір мезгілде соған көшеді (АК-ның 190-бабының 1-тармағы).
Меншік иесі, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, өзіне тиесілі мүлікті күтіп ұстау ауыртпалығын көтереді және біржақты тәртіппен мұндай ауыртпалықты үшінші жаққа ауыстыра алады (АК-ның 189-бабының 1-тармағы). Мүліктің үшінші жаққа келтірген залалын да меншік иесі өтейді.
Шарт бойынша мүлік алушының меншік құқығы, егер заң құжаттарында немесе шартта өзгеше көзделмесе, зат берілген кезден бастап пайда болады (АК-ның 238-бабының 1-тармағы). Заттардың алушыға тапсырылуы, сол сияқты, егер заңдарда немесе шартта өзгеше көзделмесе, алушыға жөнелту үшін көлік ұйымына өткізу және иеліктен айырған заттарды жеткізіп беру мiндеттемесінсіз алушыға салып жіберу үшін почтаға өткізу - берілу деп танылады. Затқа коносамент немесе өзге де өкімші құжат беру заттарды беруге теңестіріледі. (АК-ның 239-бабы). Мысалы, шартта меншік құқығының иеленушіге затты беруден бұрын немесе кейін өтуі туралы ереже көзделуі мүмкін. Халықаралық практикада Коммерциялық терминдерге түсініктеме берудің халықаралық ережесі (ИНКОТЕРМС) жасалған, оны пайдалану меншік құқығының және кездейсоқ жойылу қаупінің алушыға өту кезін анықтауға мүмкіндік береді.
АК-ның 238-бабының 2-тармағына сәйкес, егер мүлікті иеліктен айыру туралы шарт мемлекеттік тіркеуге немесе нотариалдық куәландыруға жататын болса, алушының меншік құқығы тіркелген немесе нотариат куәландырған кезден бастап, ал шартта нотариаттың куәландыруы да, мемлекеттік тіркеу де қажет болған жағдайда - ол тіркелген кезден бастап пайда болады. Мысалы, АК-ның 118-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік құқығы және жылжымайтын мүлікке басқа құқық, олардың туындауы, өтуі және тоқтауы мемлекеттік тіркеуге жатады. Жылжымайтын мүлікке заттық құқықтардың ішінен, меншік құқығынан басқа, шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы, бір жылдан артық мерзімге жер пайдалану құқығы, бір жылдан артық мерзімге пайдалану қүқығы, кепіл, рента, сенімгерлік басқару мемлекеттік тіркеуге жатады. Пайдалану құқығы деп, бұл жерде, жалдау, төлеусіз пайдалану құқығын, бөтеннің жылжымайтын мүлкін шектеулі пайдалану құқын беретін сервитуттарды айтамыз.
Сонымен, аталған заттық құқықтар үшін белгіленген жалпы ереже бойынша ол құқықтардың пайда болу кезі мүлікті берген кезбен емес, оларды құқықтық кадастрда тіркеген көзбен анықталады. Бірақ, заң актілерінде көзделген кейбір жағдайларда, мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікке құқық тіркеген кезден емес, басқа кезден бастап туындайды. Мысалы, мұрагерлік құқық нормаларына сәйкес мұраланатын мүлікке мұрагерлер құқығы мұра ашылған кезден бастап туындайды. Бұл, мұралау тәртібінде өткен жылжымайтын мүлікке, құқық тіркелген күнге қарамастан, мұрагерде мұра ашылған кезден бастап туындайды. Бірақ, тіркелмейінше мұндай мұрагердің құқығы туындады деп саналмайды. Тұтыну (тұрғын үй, тұрғын үй-құрылыс, саяжай, гараж, т.б.) кооперативтерінің үй-жайына меншік құқығының пайда болу кезін анықтағанда бұл баяндалған ережеден өзгеше жағдай қаралады. АК-ның 235-бабының 4-тармағына сәйкес, пай жарнасын толық төлегенде ғана, пай жинақтаушы мұндай үй-жайға меншік құқығын алады.
Жылжымайтын мүлікке меншік құқығының немесе өзге заттық құқықтың туындау кезін анықтағанда жылжымайтын мүлікке құқықтарды міндетті мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенше, заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жылжымайтын мүлікке құқық мемлекеттік тіркеусіз-ақ заңды деп танылғанын ескеру керек. Бұдан шығатын корытынды - АК-ның 118-бабында көрсетілген, тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған құқықтар, жылжымайтын мүлікпен жасалған кейбір мәмілелердің тіркеуін сол кездегі заңнама талап еткен жағдайлардан басқа реттерде, тіркеусіз-ақ заңды деп саналады.
Меншік құқығының пайда болу кезін заңнама бойынша анықтайтын ереже, мұндай құқықтардың туындау ерекшеліктері ескеріліп, басқа заттық құқықтарға да қолданылады. Заңнамада бұл ереже оралымды баскару немесе шаруашылық жүргізу құқықтарының туындау негіздеріне де таралады. Сонымен қатар ескерілетін бір жағдай - құқық шарт негізінде туындамаса, оның пайда болу кезі нақты жағдай ескеріліп анықталуы тиіс. Мысалы, затты жасағанда жасаушының құқығы зат жасалған кезден бастап туындайды.
Мұндай мүлікке құқық сот шешімінің негізінде туындағанда құқықтың туындау кезі сот шешімінің күшіне кірген кезі болып табылады, егер шешімде құқық зат жасалған кезден бастап туындайды деп көрсетілмеген болса.
2. Меншік қүқығының және өзге заттық қүқықтардың туындауының жекелеген негіздері. Заңнамада көзделген белгілі бір заңдық фактылар заттық құқықтың туындауына негіз бола алады. Әдебиетте заңдық әрекеттер деп саналатын заттық құқықтардың туындау негіздері иелену тәсілдері деп аталады. Меншік құқығының туындау негіздері меншік титулдары деп те аталады. Осылардың негізгілерін қарастырайық.
1. Жаңадан жасалып жаткан қозғалмайтын мүлікке меншік қүкығының пайда болуы. Жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлікке құқық АК-ның 236-бабында белгіленген ережелерге сәйкес пайда болады. Мысалы, егер заң актілерінде немесе шартта біткен құрылыс объектілерін қабылдап алу көзделген болса, оңда тиісті мүлікті жасау сондай қабылдау болған кезден бастап біткен деп саналады. Мұндай объектілерге меншік құқығы құқық тіркеуші органдарда тіркелген кезден бастап пайда болады. Жаңадан жасалып жатқан жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу құрылыс объектісіне құқық белгілейтін құжаттарды құқық иеленуші (уәкілетті өкіл) ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады. Тіркеуші органға, құқық белгілеуші құжат ретінде, уәкілетті орган қол қойған, құрылысы біткен объектіні пайдалануға қабылдау актісі ұсынылады.
2. Меншік қүқығын және өзге заттық құқықтарды өндеу жолымен алу. АК қабылданғанша қолданыста болған республика заңнамасында өңделген затқа құқықтың туындауын реттейтін нормалар болмады. Практикада мұндай қатынастар басқа ұқсас қатынастарға қарап шешiмін тапты. АК алғаш рет өңделген заттардың тағдырын шешетін нормалар енгізді. АК-ның 237-бабының 1-тармағына сәйкес, егер шартта өзгеше көзделмеген болса, адам өзіне тиесілі емес материалдарды өндеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншік құқығын материалдың меншік иесі алады. Өңделген затқа меншік құқығы мына жағдайларда өндеген адамға өтуі мүмкін:
өндеген адам адал жұмыс істеп, өңдеуді өзі үшін жүзеге асырса;
өндеу құны материал құнынан едәуір асып кетсе.Сонымен, заңнамада өнделген затқа меншік құқығының материалдық меншік иесінде де, өндеген адамда да туындауы мүмкін екендігі көзделген.
3. Иелену көнелігіне байланысты меншік құқығын иелену. Иелену көнелігіне байланысты меншік құқығын (басқа заттық құқық) алу үшін мыналар болуы шарт: ескіру мерзімінің өтуі (жылжитын мүлік үшін бес жыл, жылжымайтын мүлік үшін он бес жыл), адалдық, ашықтық және басқаның атынан емес, өзі үшін иеленудің үзіліссіздігі.
4. Иесіз заттарға қүқық алу. АК-ның 242-бабының 1-тармағына сәйкес, меншік иесі жоқ, немесе меншік иесі белгісіз зат не меншік иесі оған меншік құқығынан бас тартқан зат иесіз болып табылады.
5.Меншік иесі бас тартқан жылжитын заттар. АК-ның 243-бабында меншік иесі бас тартқан жылжитын заттарға меншік құқығын алудың ерекше тәртібі белгіленген. Меншік иесі тастаған немесе оларға меншік құқығынан бас тарту мақсатында басқадай жолмен тасталған қозғалатын заттар, жалпы ереже бойынша, иесіз заттар деп танылады, ал оларға құқық иелену көнелігіне байланысты алынады (АК-ның 240-бабы, 242-бабының 2-тармағы, 243-бабының 2-тармағы). Бірақ, тасталған заттардың кейбір санаттары иелену көнелігіне байланысты емес, 243-баптың 2-тармағында белгіленген тәртіпте иелікке алынады. Құны тиісті жиырма айлық есептік көрсеткіштен анық төмен тасталған зат, не тасталған металл сынықтары, жарамыз өнім өзінің меншігіндегі,иеленуіндегі не пайдалануындағы жер учаскесінде жатқан адам бұл заттарды пайдалануға басқа әрекеттер жасап осы заттарды өз меншігіне айналдыруға құқылы екендігі жоғарыда аталған бапта көзделген. Көрсетілген нормада аталмаған тасталған мүлік иелену көнелігі үшін белгіленген тәртіпте иелікке алынады.
6.Өз бетімен салынған құрылысқа, АК-ның 244-бабының 1-тармағына сәйкес, бұл мақсат үшін заңда белгіленген тәртіпте бөлінбеген жер учаскесінде салынған, сондай-ақ оған қажетті рұқсат алынбай салынған жылжымайтын мүлік (тұрғын үй, ғимарат немесе өзгедей құрылыс) жатады. Мысалы, жылжымайтын мүліктің құрылысы жеке меншіктегі, тұрақты немесе уақытша жер пайдаланудағы жер учаскелерінде іске асырылуы мүмкін. Өз жер учаскесінде болса да, бірақ тиісті рұқсат алынбаған құрылыстар да өз бетімен соғылған деп саналады. Тұрғызған кезде сақталуы міндетті құрылыс және қала тұрғызу нормалары мен ережелері елеулі бұзылып тұрғызылған құрылыстар да әдебиетте қажетті рұқсаттар болмаған деп түсініледі.
7. Олжа. Меншік иесі немесе өзге құқық иесі жоғалтқан немесе ұмытып тастап кеткен жылжитын заттар ғана олжа деп танылады. Затты тапқан оған меншік құқығын иеленбейді. Оған затты жоғалтқан адамды, оның меншік иесін немесе оны алуға құқығы бар басқа адамдарды ол жайында хабардар ету және тапқан затты қайтару міндеті жүктеледі. Затты үй-жайда немесе көлікте тапқан жағдайда оны осы үй-жайдың немесе көліктің иесін білдіретін адамға тапсыру керек. Бұл ретте тапқан адамның құқықтары мен міндетін кейінгі адам алады. Егер табылған затты алуға құқығы бар адам болмаса немесе оның қайда екені белгісіз болса, онда затты тапқан адам ол жайында милицияға немесе жергілікті атқару органына хабарлауы тиіс. Заңды иесі табылып, зат оған берілгенше олжа оны тапқан адамда сақталады немесе милицияға, жергілікті атқару органына немесе олар көрсеткен адамға сақтауға беріледі. Тез бұзылатын затты немесе сақтау шығыны өз құнынан асып түсетін затты, оны тауып алушы, түскен соманы растайтын жазбаша дәлелдеме алып, сатып жіберуі мүмкін. Түскен сома затты алуға құқығы бар адамға немесе заттың өзін беру үшін белгіленген тәртіпте және жағдайда басқа адамның меншігіне беріледі.
Олжа туралы хабарлаған кезден бастап алты ай өткенше оны алуға құқығы бар адам анықталмаса және ол өзінің затқа құқығын тауып алған адамға, милицияға немесе жергiлікті атқару органына хабарламаса, олжаға меншік құқығы тауып алған адамға өтеді. Тауып алған адам затты меншігіне алудан бас тартса ол коммуналдық меншікке өтеді.
Затты тауып алушы және оны алуға заңды құқығы бар адамға қайтарып беруші сол адамнан, зат коммуналдық меншікке өткен ретте - тиісті жергілікті атқару органынан, затты сақтауға, өткізуге, сатуға байланысты қажетті шығындарды және затты алуға заңды құқығы бар адамды табуға кеткен шығындарды өтетіп алуға құқылы. АК-ның 245-бабының 6-тармағында көзделген жағдайлар болса, тауып алушы адам сыйақы алуға құқылы.
3. Мешіктік қүқығының және өзге де заттық қүқықтардың тоқтауы. Меншік құқығының тоқтауы, оның пайда болуы сияқты, заңда көзделген зандық фактылардың болуын керек етеді. Мысалы, АК-да «Меншік құқығының және өзге заттық құқықтардың тоқтауы» арнайы 14-тарауда көзделген. 249-баптың 1-тармағында меншік құқығы меншік иесі өз мүлкін басқа адамдарға берген, меншік иесі меншік құқығынан бас тартқан, мүлік қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлікке меншік құқығынан айырылған жағдайда тоқтатылады делінген.
Жекешелендірген жағдайда (249-баптың 3-тармағы) мемлекеттік меншік құқығы мүлікті жеке тұлғалардың немесе мемлекеттік емес тұлғалардың меншігіне ақылы немесе ақысыз беру туралы шарттың негізінде тоқтайды. Жекешелендіру мемлекеттік меншік құқығын тоқтатудың айрықша негізі болып табылады, себебі ол арнайы заңмен белгіленген ереже бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар ескеретін бір жағдай - тараптар арасындағы қатынастарға, керекті жағдайларда, тиісті шарттарды реттейтін нормалар қолданылуы мүмкін. Меншік құқығын және өзге заттық құқықтарды мәжбүрлеп тоқтатудың негіздері осы баптың 2-тармағында көзделген. Оларға мыналар жатады: меншік иесінің міндеттемелері бойынша өндіртіп алуды мүлікке аудару; заң актілеріне сәйкес сол адамға тиесілі бола алмайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен алу; реквизиция; тәркілеу; жер учаскесін алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлікті иеліктен алу; күтімсіз ұсталған мәдени және тарихи қазыналарды сатып алу; Азаматтық кодексте көзделген өзге де жағдайлар.
АК-ның 249-бабының 4-тармағында меншік құқығын мәжбүрлеп тоқтатудың тағы бір негізі - ұлт меншігіне айналдыру көзделген. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтарды тоқтатудың АК-ның 14-тарауында көзделген негіздерін толықтай берілген деп айтуға болмайды. Меншік құқығын иеленудің туынды тесілдерінде біреуде құқықтың пайда болуы екіншіде құқықтың тоқтауын білдіреді.
Әдебиет : 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17
Бақылау сұрақтары:
1.Меншік құқығынан бас тарту.
2.Реквезициялау.
3.Тәркілеу.
Тақырып 3: Ортақ меншік құқығы
Тақырып: Ортақ меншік құқығы
Мақсаты: Жеке меншiк құқығының тоқтатылуы және пайда болу негiздерiмен таныстыру.
Сұрақтар:
1 Ортақ меншік үғымы.
2 Ортақ үлесті меншік қүқығы.
3 Ортақ бірлескен меншік.
1. Мүлік меншік құқығында бір немесе бірнеше адамда бола алады. Белгілі бір мүліктің меншік құқығында тиесілі бола алатын субъектілерінің (тұлғаларының) санына қарай бұл құқық бірсубъектілік және көпсубъектілік болып бөлінеді. Екі немесе бірнеше адамның меншігіндегі мүлік оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады, - делінген АК-ның 209-бабының 1-тармағында. Сонымен, заңдық мағынада ортақ меншік екі немесе одан көп тұлғаларға меншік қүқығында тиесілі мүлікті білдіреді. Бұл тұлғалар АК-да ортақ меншікке қатысушылар, ал құқық ғылымында және оқулық әдебиеттерде ортақтас меншік иелері деп аталады.
Көпсубъектілік ортақ меншіктің субъективтік құқығының ерекшелігін көрсетеді. Бұл ерекшелік АК-да өзінше ортақ меншік құқығы институтын бөліп алуға әкелді (АК-ның 11-тарауы).
АК-ның ортақ нормалар ретінде көрініс табатын бірсубъектілік құқық нормалары ортақ меншік құқығын да реттейді. Әрине, ол ортақ меншік туралы арнайы құқықтардан алшақ кетпейтін шамада реттейді.
Ортақ меншікті АК екі түрге: үлесті меншікке және бірлескен меншікке бөледі (209-баптың 2-тармағы). Үлесті меншікте мүлік меншік иелерінің әрқайсының меншік құқығындағы белгілі бір үлесімен ортақ меншікте болады, ал бірлескен меншікте ондай үлестер анықталмайды. Егер заң актілерінде өзгедей белгіленбеген болса, мүлікке ортақ меншік үлесті болып табылады.
Ортақ меншік ұғымы - кең ауқымды ортақ мүлік үғымының негізгі түрі. Соңғы ұғым тек ортақ меншікті ғана емес, сонымен қатар ортақ заттық және міндеттемелік мүліктік құқықтарды да қамтиды. Сондықтан, ортақ меншік құқығын, ортақ мүлікке құқықтың түрі ретінде, басқа ортақ заттық және міндеттемелік құқықтардан айыру қажет. Ортақ заттық құқықтың неғұрлым көп таралған және неғұрлым заң жүзінде реттелген түрі - ортақ жер пайдалану құқығы. Бұл құқық, егер заңды түрде азаматтық айналымда жүрген болса, өзінің сипаты жағынан меншік құқығына жақын. Ортақ жер пайдалану құқығы, ортақ меншік құқығы сияқты үлестік және бірлескен болуы мүмкін (Жер кодексінің 53-бабы) [10]. Басқа ортақ заттық құқықтар, мысалы, ортақ шаруашылық жүргізу құқығы немесе ортақ оралымды басқару құқығы, заң тұрғысынан онша реттелмеген, бірақ ондай құқықтардың болуын заң жоққа шығармайды.
Ортақтас меншік иелері құқығының үшінші жақпен қатынастарда да, өзара қатынастарда да өз ерекшеліктері бар, олар жайында алда толығырақ айтылады.
2. Ортақ үлесті меншік құқығында оның әрбір қатысушысының белгілі бір үлесі болады. Бұл ортақ мүліктегі немесе оның құқығындағы үлес емес, ортақ меншік күқығындағы үлес. Бұл үлес ортақ үлесті меншіктің барлық басқа қатысушыларының үлестеріне қатысты бөлшекпен өлшенеді, мысалы, үлесті меншіктің барлық ортақ құқығына қатысты 1/4, 1/2, 3/5, т.с.с. Сонымен, ортақ мүлік үлесті меншіктің қатысушылары арасында бөлінбейді, ортақ мүліктің құнындағы үлес бөлініп алынбайды.
Қатысушылардың ортақ меншік құқығындағы үлестері тең де, тең емес те болуы мүмкін. АК үлестердің теңдік презумпциясына сүйенеді. Егер заң құжаттарында немесе үлесті меншіктің барлық қатысушыларының келісімдерінде өзгеше көзделмеген болса, олар тең (АК-ның 210-бабының 1-тармағы).
Меншік құқығындағы үлес дегеніміз - заңдық конструкция, оның көмегімен үлесті меншіктің қатысушыларының әрқайсысының ортақ мүлікті иемдену, пайдалану және билік ету өкілеттіктерін жүзеге асыру мүмкіндіктері анықталады, осы мүліктен табыстағы және оны ұстау шығынындағы үлес, сондай-ақ ортақ мүлікті бөлу және одан үлесті бөліп алу тәртібі анықталады. Шындығына келгенде, үлесті меншіктің қатысушыларына меншік құқығындағы абстрактылы үлес емес, сол үлестер әкелетін нақты мүліктік игілік керек.
Ортақ үлесті меншік құқығы өзіне АК-да меншік құқығы үшін көзделген барлық құқық өкілеттіктерін, яғни иемдену, пайдалану және билік ету құқықтарын қамтиды. Бірақ, үлесті меншік құқығындағы бұл құқық өкілеттіктерін жүзеге асырудың өз ерекшеліктері бар. Осы ерекшеліктерді АК-да қалай берілсе, сол ретімен қарастырайық, ал ол мүлікке билік етуден басталады. Бұл жерде АК ортақ үлесті меншіктегі мүлікке билік етуді үлесті меншік құқығындағы үлеске билік етуден бөліп қарайды.
Үлесті меншіктегі мүлікке билік ету оның барлық қатысушыларының келісуімен жүзеге асырылады (АК-ның 212-бабының 1-тармағы).
Ортақ үлесті меншікке билік ету оның қатысушыларының бірауыздылық принципіне негізделген. Үлесті меншіктегі мүлікті оның қатысушылары сатуы, сыйға тартуы немесе оған басқадай билік жасауы үшін, меншік құқығындағы әрбір адамның үлесінің мөлшеріне қарамай, олардың барлығының келісімін алуы тиіс.
Кондоминиум. Ортақ үлесті меншіктің кондоминиумдағы құқықтық режимі тіптен бөлекше, онда заттың жекелеген бөліктеріне бөлектелген (дара) меншіктік құқық бөлек меншіктегі сол заттың сол бөлігіне ортақ үлесті меншік құқығымен әрқашанда үйлеседі. Бұл жерде кондоминиумдағы үлесті меншік құқығы бөлек меншік құқығының туындысы, оны толықтырады, ол құқықтан бөлінбейді, соған ілесіп отырады.
Кондоминиум институты - Қазақстанның азаматтық заңнамасы үшін жаңалық. АК-да кондоминиум ұғымы ғана берілген, ал ол туралы нормалар «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңда [11] және Жер кодексінде [10] берілген. Кондоминиум туралы нормалар 26-тарауда толығырақ талданған. Айта кететін бір жағдай, кондоминиумдағы ортақ меншік туралы нормалардың өзіндік ерекшеліктері соншалық, АК-ның үлесті меншік туралы жалпы нормаларын, мысалы, үлесті меншіктегі мүлікке билік ету туралы, бұл мүлікті иемдену және пайдалану туралы, үлесті меншіктегі мүлікті сату, бөлу және еншілеудегі артықшылық құқық туралы нормаларды кондоминиумда қолдану мүмкін емес.
3. Ортақ бірлескен меншік. Ортақ үлесті меншікке қарағанда ортақ бірлескен меншік құқығындағы үлестер бөлінбейді. Үлесті еншілеу бірлескен меншікті бөлгенде немесе еншілегенде оның тоқтаған немесе өзгерген сатысы ретінде бола алады.
Ортақ бірлескен меншік, үш түрде болады: ерлі-зайыптылардың меншігі, шаруа (фермер) қожалығының меншігі, жекешелендірілген тұрғын үйге меншік (АК-ның 219-бабының 1-тармағы). Заң құжаттарында бірлескен меншіктің басқа да түрлері көзделуі мүмкін. Бірақ қазіргі кезде бірлескен меншіктің жоғарыда көрсетілгендерден басқа түрлері қарастырылмаған.
Ортақ бірлескен меншік, ол заң құжаттарында көзделген кезде және бірлескен меншіктің қатысушыларының келісімімен өзгедей көзделмеген кезде және ол кез келген уақытта үлесті меншікке айнала алатын болса, белгіленеді.
Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі. Мүлік ерлі-зайыптыларға бөлектелген, ортақ бірлескен немесе ортақ үлесті меншік құқығында тиесілі болуы мүмкін. Заңның жалпы ережесі бойынша ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүлкі олардың бірлескен меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптыларға некеге тұрғанға дейін тиесілі болған, сондай-ақ олардың некеде тұрған кезінде сыйға тартылған немесе мұрагерлік тәртіппен алған мүлкі олардың әрқайсысының меншігі болып табылады (АК-ның 223-бабының 1 және 2-тармақтары).
Шаруа (фермер) қожалығының бірлескен меншігі. АК шаруа (фермер) қожалығы мүшелерінің ортақ меншігінің құқықтық режимін анықтағанда шаруа және фермер шаруашылығының арасын сараламайды. Ол шаруа (фермер) қожалығының мүлкі, олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбегендіктен, бірлескен меншік құқығында оның мүшелеріне тиесілі болады деп белгілейді (АК-ның 224-бабының 1-тармағы).
Кейінгі арнаулы заңнама біртұтас шаруа (фермер) қожалығы ұғымында оның үш негізгі формаларын бөліп алды [12].
Жекешелендірілген түрғын үйге бірлескен меншік. АК-ның бір бабы (227-бап) жекешелендірілген тұрғын үйге бірлескен меншікке арналған. Бұл тұрғын үйге ортақ меншіктің түрлерінің бірі - бірлескен меншікті реттемелейді. Тұрғын үйге құқық, оның ішінде жекешелендірілген тұрғын үйге бірлескен меншік құқығы Тұрғын үй қатынастары туралы заңда толығырақ реттемеленген.
Әдебиет : 1, 2, 3, 4, 11, 13, 16, 17
Бақылау сұрақтары:
1.Үлесті меншіктегі мүлікке билік ету.
2.Ортақ бірлескен меншік.
3.Ерлі-зайыптылардың ортақ меншігі.
Тақырып: Өзге заттық құқықтар
Мақсаты: «Заттық құқық» категориясымен таныстыру, шектелген заттық құықтардың негiзгi түрлерiн сипаттау.
Сұрақтар:
1 Заттық қүқықтар үгымы.
2 Заттық қүқықтардың түрлері.
3 Меншік иесі емес адамдардың заттық қүқықтары.
1. Заттық қүқықтар үгымы. Осы заманғы заң әдебиеттерінде «заттық қүқықтар» ұғымы жиі қолданылатын, бірақ жеткілікті талданбаған ұғым болып табылады. Заттық құқықтар кезінде рим құқығында да егжей-тегжейлі қарастырылғанына қарамастан, осы уақытқа дейін орнығып қалыптаспаған және барлық құқықтық жүйелер тани қоймаған ұғым. Заттық құқықтың көптеген қырлары постулат ретінде ұсынылып, теориялық тұрғыдан тиісінше дәлелденбеген.
Заттық құқық дегеніміз - заңда баянды етілген абсолюттік мүліктік құқық: 1) объектісі - дара анықталған зат; 2) ерекше заттық-құқықтық талаптардың көмегімен баршадан және әркімнен қорғайтын арнайы құралдары бар; 3) құқық иесінде барлығын немесе жеке, толық көлемде немесе ішінара иелену, пайдалану немесе билік жүргізу өкілеттігі бар; 4) қүқық иесіне затқа тікелей ықпал ету (затқа тікелей билік жүргізу) мүмкiндігін береді, оның ішінде меншік иесінің немесе басқа заттық қүқық субъектісінің өкілеттігін жүзеге асыруын шектеу жолымен мүмкіндік береді; 5) ілесе жүру және артықшылық өкілеттігі бар.
2. Заттық қүқықтардың түрлері. Осы елде қолданылатын заңдарда тікелей көзделген құқықтар ғана заттық құқықтарға жатады, яғни жеке тұлға өз еркімен заттық құқықтардың қандай да бір өзге түрлерін жасай алмайды.
Әр түрлі заң актілерінде заттық қүқықтардың осынау түйық шеңбері бірдей емес. Белгілі бір елдің құқық жүйесінде орталық институт болып табылатын меншік құқығы барлық елдердің азаматтық құқығыңдағы заттық құқықтар жүйесінде жетекші орын алады.
Сонымен қатар, кепіл, сервитут, узуфрукт құқығы секілді заттық құқықтар осы жүйеге жатады. Бұлардың бәріне ортақ нәрсе - бұл мүлік иелеріне меншік иесінің кейбір өкілеттіктеріне (әдетте иелену, пайдалану) жататын кейбір өкілеттіктерді бекітіп беретін бөтеннің мүлкіне құқық. Басқаша айтқанда, бұл меншік құқығынан туындайтын заттық құқықтар.
Заттық құқықтарды меншік қүқығына және меншік иелері болып табылмайтын адамдардың заттық қүқығына бөлу олардың негізгі жіктелуі болып табылады (АК-ның 195-бабы).
АК-ның 194 және 195-баптарында заттық құқықтардың кейбір түрлері аталған:
- шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы, жерді пайдалану құқығы, тұрғын үйге заттық құқықтар
Заттық құқықтарды екі үлкен топқа бөлуге болады: 1) меншік құқығы; 2) меншік иелері болып табылмайтын адамдардың заттық құқықтары (бөтеннің мүлкіне құқық, шектеулі заттық құқықтар).
Бөтеннің мүлкіне құқықты былайша жіктеуге болады:
1) иелік (ол меншік құқығымен және пайдалану құқығымен байланыссыз, дербес сипатта болатын жағдайларда);
сервитуттар;
меншік иесінің мүлкімен шаруашылық жүргізу құқықтары: шаруашылық жүргізу құқығы; оралымды басқару құқығы; өз мүлкіне дербес билік ету құқығы;
міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін құқықтар: кепіл құқығы; ұстап қалу құқығы;
табиғатты пайдалану құқығы: жерді пайдалану құқығы; жер қойнауын пайдалану құқығы; суды пайдалану құқығы; өзге де табиғатты пайдалану құқықтары;
тұрғын үй алу құқығы: тұрғын үй жалдаушының құқығы;тұрғын үйдің меншік иесі отбасы мүшелерінің осы тұрғын үйді пайдалану құқықтары; шарт бойынша немесе өсиет қалдырудан бас тартуға байланысты басқа адамға тиесілі тұрғын үйде өмір бойы тұру құқығы; кооператив мүшесінің оған кооперативтік тұрған үйді сатып алғанға дейінгі құқығы; басқа да тұрғын үй алу құқықтары;
шарттардың (алдыңғы тармақтарда көрсетілгендерден өзге негізінде берілген затқа құқық: жалға алынған затқа құқық; сенімгерлік басқаруға алған затқа құқық; сақтауға алған затқа құқық; рента негізінде берілген затқа құқық; басқа шарттардың (мердігерлік және т.с.с.) негізінде берілген затқа құқық.
3. Меншік иесі емес адамдардың заттық қүқықтары. Иелену қүқығы - заттық қүкық, ол - затты иемденуді жүзеге асырудың заңмен қамтамасыз етілген мүмкіндігін көрсетеді.
Иелену ұғымын бірнеше мағнада қолдануға болады деп ойлаймыз:
1) меншік қүқығы өкілеттіктерінің бірі ретінде.
Меншік иесінде өзінің меншік құқығын жүзеге асыру үшін оның затқа іс жүзінде үстемдігі болуы керек. «Иелену құқығы дегеніміз - мүлікті іс жүзінде иеленуді жүзеге асыруды заң жүзінде қамтамасыз ету (АК-ның 188-бабының 2-тармағы);
2) басқа заттық құкықтардын элементі ретінде, бұл жағдайда заттын иесі оған өзімдікі деп қарамайды, меншік иесінің билігін мойындайды. Мұны рим құқығында derentiо, герман құқығында - тікелей иелену, француздар құқығында - ұстау деп атайды.
3) меншікті иеленудің кейбір тәсілдерін жүзеге асырғанда туындайтын өзінше санат ретінде, бұл жағдайда иегер затқа меншік иесі сияқты өз мүлкім деп қарайды.
Мүлікті меншік иесі болып табылмайтын, бірақ өзінің жеке қозғалмайтын мүлкіндей он бес жыл бойы, не өзге мүлікті кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлікке меншік құқығын (иелену мерзімін) алады, - делінген АК- 240-бабының 1-тармағында.
Яғни, меншік құқығы қозғалмайтын мүлікті 15 жыл иеленгеннен кейін пайда болады. Ал, осы 15 жыл бойы адамда қандай құқық болды? Әдетте (көп жағдайларда) мұны құқық емес, факт деп дәлелдейді. Қалай десек те, бұл үшінші жаққа қарсы заңдық қорғануды падаланатын нағыз құқық.
Иелену құқығы адамдарда қандай да бір дәрежеде туындайды және ол затты меншік иесіне бергенше немесе коммуналдық меншікке бергенше, немесе өз меншігіне айналдырғанша мына жағдайларда болады:
олжа болса (245-бап);
қараусыз жануарлар болса (246-бап);
көмбе болса (247-бап);
иесіз заттар болса (242-бап);
өз бетімен салынған құрылыс болса (244-бап).