- •Ұлттық экономикалық жүйе
- •Қазақстан үлттық экономикасы үлгісінің ерекшеліктері
- •Өтпелі экономика және ұлттық экономика үлгісін қалыптастыру
- •Қазақстан экономикасы ұлттық үлгісінің әлеуметтік даму негіздері
- •Қазақстан үлттық экономикасында еңбек қатынастарының қалыптасуы
- •Халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің қалыптасуы. Мемлекеттік бағдарламалар
- •Бюджет және бюджетаралық қатынастар
- •Мемлекеттік экономикалық саясаттың мәні
- •Мемлекеттің бюджеттік саясаты
- •Өнеркәсіптік саясаттың негізгі бағыттары
- •Инновациялық сфераны мемлекеттік қолдау
- •Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің бағыттары
- •Мемлекеттің антимонополиялық іс-шаралары
- •Инвестицияларды мемлекеттік реттеудің мақсаты мен міндеттері
Мемлекеттік экономикалық саясаттың мәні
Қазіргі экономикалық ғылымда мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары мен міндеттерін белгілеу мейлінше утилитарлық (практикалық) сипат алғандықтан жалпы, ортақ мақсатты қалыптастыруға емес, мақсаттардың жиынтығын құрастыруға бейімделеді. Соның өзінде де мемлекеттік экономикалық саясатты талдап жасау және жүзеге асыру барысында мақсаттар жиынтығын мағыналық бірлікте көрсету мүмкін емес.
Мемлекеттің мақсаттары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы деңгейіне, тарихи-ұлттық дәстүрлерге тәуелді. Әрбір елдің өзіне тән басымдықтары, мемлекеттік даму талғамдары болады. Бұлар үкіметтің ұстанымын, қоғамдық пікірді, үстемдік құрушы сана-сезімді айқындайды.
Рыноктық қатынастар орнаған елдерде мемлекеттік экономикалық саясаттың негізгі мақсаты рыноктың өзі шешуге қабілетсіз, яғни рыноктық механизмге «бағынбайтын» міндеттерді атқару деп санайтын пікірлер баршылық. Мұндай ұстаным жағдайында мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары мемлекеттік реттеу мақсаттарымен ұштасады.
Прагматикалық ұстанымға келетін болсақ, онда мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаттары экономикалық болмысты тұрақтылық, тепе-теңдік жағдайда ұстап тұруға саяды.
Мұндай ұстаным тұрақтандырушы, орнықтырушы саясат деген атауға ие болды. Мұндай саясат дағдарыс, құлдырау жағдайында стихиялық үдерістерді тоқтатып, объектінің басқарылуын қолдан шығармай, жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу кезіне сипатты болып келеді. Тұрақтандыру мақсаттары жетістіктерді нығайтуға, тепе-теңдікті орнықтыруға, экономика параметрлерін шектен тыс жібермеуге қызмет етеді.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың ең көп тараған әлеуметтік мақсаттарына экономикалық еркіндік пен экономикалық әділеттілік жатады. Экономикалық еркіндікті экономикалық, кәсіпкерлік қызметтің формалары мен түрлерін таңдау еркіндігі, өз қаражатыңды бөлу мен пайдалану тәуелсіздігі деп түсінген абзал. Экономикалық еркіндікті мемлекеттік экономикалық саясаттың мақсаты ретінде қарастыра отырып, оны анархияға ұқсайтын шектен шыққан еркіндік емес, шаруашылық жүйесінің тиімді қызметін қамтамасыздандыру үшін қажетті еркіндік деңгейі деп қабылдаған жөн.
Экономикалық әділеттілік мақсаты барша халыққа адалдық, мейірімділік тұрғысынан қарау, олардың мүдделері мен мүмкіндіктерін ескеру, олардың тіршілікте өздерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін толық пайдалануына бірдей жағдай жасау деп қарастырған ләзім. Әділеттілік тек қана экономикалық емес, сонымен бірге моральдық-этикалық түсінік болып табылады. Әрбір адамның санасында әділеттілік туралы түсінік бар. Ол көбінесе жеке мүддені, дербес пайданы көздейді, сондықтан олардың ойынша мемлекет табысты теңдестіруге игіліктерді бірдей бөлуге бағытталған саясат жүргізуі тиіс. Дегенмен әділеттілік табыс алу мүмкіндіктерін теңдестіру арқылы әркім өзінің қабілетіне сай жетістіктерге жетуі саясатын ойластыру әлдеқайда жемісті болмақ. Әрқашанда мүмкіндіктер теңдігі мен нәтижелер теңдігін ажырата білу қажет.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың анығырақ және нақты мақсатына халықты әлеуметтік қорғау мәселесі жатады. Әлеуметтік қорғау – бұл мемлекеттің азаматтарды экономикалық тәуекелдерден қорғап, әрбір адамды минималды игіліктермен қамтамасыз етуде болса керек. Мемлекет өз азаматтарын жұмыссыздықтан қорғауға, қарттарға, мүгедектерге, көпбалалы отбасыларына көмектесуге, бақытсыз оқиғалардың салдарын жеңілдетуге міндетті.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың әмбебап мақсаты бүкіл ұлттық шаруашылық көлемінде әлеуметтік-экономикалық тиімділіктің жоғары деңгейіне жету болып табылады. Түпкі есепте дәл әлеуметтік-экономикалық тиімділік, ел шаруашылығы қызметінің нәтижелілігі, олардың ресурстық әлеуетінің құрамдас бөліктерін ұтымды пайдалану мемлекеттік экономикалық саясаттың әлеуметтік мақсаттары кешенін атқару мүмкіндіктерін айғақтайды.
Мемлекеттік экономикалық саясаттың тағы бір жиынтық мақсаты, «жалпыэкономикалық тепе-теңдік» деген атаумен белгілі. Жалпыэкономикалық тепе-теңдік – бұл сиқырлы төртбұрыш деп аталатын бағалар тұрақтылығы, жұмыспен қамтудың жоғары деңгейі, салыстырмалы экономикалық өсу, сыртқы сауда операцияларының теңгерімділігі (баланстылығы) болып табылады.
