Қара мал қанша жыл тіршілік етеді?
Малды дұрыс сипаттау және сынау үшін оның жасын білген жөн. Нағыз дәл мәлімет білу үшін, әрине бұзау туысымен тіркеу кітапшасына оның туған күні, ата тегі, жынысы, салмағы, түрі, түсі жазылуы тиіс. Ал тіркеу кітапшасы жоқ болса немесе қолдан алатын жағдайда сиыр жасын мүйізіне, тісіне қарап анықтауға болады.
Сиыр жасын мүйізіне қарап анықтау. Бір айдан соң бұзаудың мүйізі біліне бастайды да, одан әрі айына 1 см ұзарып отырады. Мүйіздің ұзаруы оған келген қоректік заттардың мөлшеріне байланысты. Малдың өсіп, жетілуі кезінде, бүкіл тіршілігінде түрлі жағдайлар болып тұратындықтан кейде қоректік зат мүйізге қажетті мөлшерде жетпей қалады. Мысалы үшін буаз сиырдың бұзаулануына бір екі ай қалғанда іштегі бұзау өте тез өседі де, сиырдың мүйізіне қоректік зат қажет мөлшерде толық бармайды.
Сиыр жыл сайын бұзаулайтындықтан мүйіз қоректік заттардан тапшылық көреді де, еркін өсе алмайды, онда бір жылда бір сақина пайда болады. Демек, сиыр қанша бұзауласа, сонша сақина бар деген сөз. Сондықтан сиыр алғаш рет екі жасында бұзаулайтындықтан мүйіздегі сақина санына 2 деген сан қосып, оның шамамен ағымдағы жасын анықтайды.
Сиырдың жасын тісіне қарап анықтау. Әбден толысқан ірі қараның 32 тісі болады. Оның сегізі – орғыш тіс, ал жиырма төрті – азу тіс.
Ірі қараның бір ерекшелігі оның орғыш тістері тек төменгі жақ сүйектерінде болады, ал үстіңгі жақ сүйектерінде орғыш тіс жоқ, тек қызыл иек қана.
Тісті сүт және негізгі тіс деп бөледі. Ал астыңғы жақ сүйектегі орғыш тістерді жұптап (екі-екіден) жұлғыш тіс (нақ ортаңғы екі тіс), ішкі екеу (ортадағы екі жұлғыш тістің екі жағынан бір-бірден ) және шеткі екеу (сыртқы екеудің екі жағында тұратын ең шеткі екі тіс) деп ажыратады.
Ірі қараның жасын анықтау міне, осы аталған тістердің алмасуы мен мүжілуіне негізделген.
9-мәтін
Жылқы
Атам заманда қолға үйретіліп, адамзат баласының қажетіне жаратқан жылқы түлігі көшпенділердің ең қасиетті, ең қадірлі малы. Көшпенділерді жылқы малынсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғымдай қосарланып айтылған. Тіпті көшпенділер қауымын «аттылар әулеті» деп те бекерден бекер айта салмаса керек. Өйткені, ұланғайыр даланың тұрғындарының тыныс-тіршілігі, өмір-салты, өнер-білімі, әдет-ғұрпы, салт-санасы, бір сөзбен айтқанда, бүкіл мәдениеті жылқы түлігімен тығыз байланысып жатады.
Осы бір қасиетті түліктің қазақ халқы үшін орны өте ерекше. Жылқы қазақтың ұлттық сана-сезімі, рухани болмысы, тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, мәдениет пен өнерінің тұтас бір айырылмас бөлігіне айналып кеткен. Демек, қазақ үшін жылқы тектіліктің бірден бір нышаны болып саналады. Қазақ ат десе ішкен асын жерге қояды. Жылқынының дүбіріне, күліктің күмбіріне құлақ қойып, елең етпес қазақ баласы сірә жоқ. Қазақтың ең кедейінің астында кем дегенде бір «көк шолағы» болған. Қойшысы қой торысын мінді. Осы ат-көліктің арқасында Алаш баласы Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасын жалғады. Алып аумаққа иелік етті.
Қазақ жылқы малының болмысындағы басқа түліктерде болмайтын барша қасиетін жақсы танып, терең зерделеп білген. Соның нәтижесінде өзінің өмір сүру қалпы мен болмысына қатысты көптеген тұрақты сөз тіркестерін жылқы түлігіне қатысты қалыптастырған. Мәселен, жұмылған жұдырықтай жиын жүретін, айрандай ұйып, бірлік-берекесі артқан әулетті торы айғырдың үйіріндей деп әспеттеді. «Күш-қайратың қайнап, әл-қуатың тасып тұрған жастық шағыңда ел-жер аралап, қыр-сырына қанық, көпті көріп көзінді аш» деген ұғымды атың барда жер таны желіп жүріп, әкең барда ел таны еріп жүріп деп мақалдады. Ал адамның көңілінің кеңдігін, пейілінің дарқандығын, қасіретке қайыспас, қайғыға берілмес, қайсар қажырын ер жігіттің ішіне ер тоқымды ат сияр деп қайырса, сабырлы да салмақты, бір ауылдың ұйтқысы болып отырған, жаны жайлау, біртоға бәйбішені бес биенің сабасындай деп береке, құтқа балады.
Көшпенділер мен жылқы баласынының бірге өсіп, біте қайнасқаны сондай, олардың тұрмыс-салтына, мәдениеті мен өнерінде өзара қатысты айтылатын афоризмдер толып жатыр. Мысалы, жаңа туған нәресте ұл бала болса ат ұстар, егер ол қыз бала болса ат байлар деп бейнелеп айтады. Ал баласы ер жетіп, есейіп, өссе ат жалын тартып мінді деп қуанады. Немесе түтеген қалың қою тұман, көзге түртсе көргісіз тас қараңғыны ат құлағы көрінбейді деп бейнелеп жеткізген. Сонымен қатар бірін-бірі қайта көрместей болып ренжіскен екі жақты ат құйрығын кесті деп білдірсе, араздасып барып татуласқан жандарды ат тізесін қосты деп табысқанын айтады. Ал кедей-кепшік, тумысында бір жарымаған адамды ауы атқа, аузы аққа жарымаған деп қағытып өтеді.
10-мәтін
