
2-мәтін. Мал шаруашылығының өсімдік шаруашылығымен тығыз байланысы
Мал шаруашылығы өсімдік шаруашылығымен тығыз байланыста дамиды. Жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің дақылдарындағы органикалық заттардың жалпы көлемінің тек ¼ бөлігі ғана азыққа қолданылуы мүмкін, ал оның ¾ бөлігі адамның қолы жетпес түрінде жатыр. Өсімдік азықтарындағы арзан органикалық заттармен жануарларды қөректендіре отырып, адам олардан азық-түлік өнімдерін алады. Осыдан үй жануарларының көп бөлігі – өсімдік текті өнімдерді және көптеген өсімдік шаруашылығының қалдықтарын, адам тура қолданбайтын, құнды азық-түлік өнімдеріне және шикізатқа айналдыратын ерекше қасиетке ие. Мал шаруашылығы өсімдік шаруашылығының салалары үшін өз кезегінде органикалық тыңайтқыш көзі ретінде қызмет етеді. Неғұрлым егіншілік өнімі жоғары және егін шаруашылығы озық болса, соғұрлым шаруашылықта мал шаруашылық өнімдері көбірек өндірілуі мүмкін. Сондықтан да мал шаруашылығы өсімдік шаруашылығымен тығыз байланысты. Олардың дұрыс үйлесімділігі ауылшаруашылық дақылдарының жоғары өнімділігін алу үшін және жануарлардың өнімділігін жоғарылату үшін қажетті жағдай болып табылады.
3-мәтін.
Қорықтар аймағы
Біз жұмыр жер бетінде өзге де алуан түрлі тіршілік иелерімен қатар мекендеп, өмір сүріп жатырмыз. Әрқайсысы өзінше бағалы саналатын олар адамзат игілігін құрайды. Қазақстанда жабайы табиғаттың аса ғажайып өңірлері – шаруашылық қызметінің кез-келген түріне тыйым салынған қорықтар бар.
Қазакстан Республикасының «Ерекше қорғауға алынған табиғи территориялар туралы» заңы бойынша елімізде ерекше қорғалатын 13 табиғи территория анықталған. Қазіргі кезде Қазақстанда 9 қорық пен 5 мемлекеттік ұлттық табиғи парк, 66 қорықша, республикалық маңызы бар 26 табиғат ескерткіштері, 3 зоопарк, 5 ботаникалық бақ, бірнеше дендропарк, халықаралық маңызы зор 2 сулы-батпақты алқап, ерекше мемлекеттік мәні бар, ғылыми құндылығы айрықша 150 су көздері құрылып, жұмыс істеуде. Қорықтар, қорықшалар, ұлттық парк және табиғат ескерткіштері алқаптары мемлекет территориясының 2,8 % -ын алып жатыр. Барлық 9 қорық ғылыми және табиғат қорғау мекемесі мәртебесіне ие және республикада ерекше қорғауға алынған жоғары дәрежелі табиғи территория болып саналады. Олар дәл сол өңірге тән бірегей табиғат кешендерін қаз-қалпында сақтау мақсатына қызмет етеді.
Қазіргі кезде Қазақстанда ерекше қорғауға алынған территория өсімдіктері мен жануарлар дүниесін тізімдеп, түгендеу жұмыстары аяқталды. Қазақстанда 835 түрлі омыртқалы жануарлар мекендейді, олардың 22-сі республиканың Қызыл кітабына енгізілген. Еліміздегі 500 түрлі құстың 346-сы қорықтарда ұя салып, тіршілік етеді. Қазақстан флорасында жоғары өсімдіктердің 6000-ға жуық түрі бар. Олардың сирек кездесетін 400-дейі Қазақстанның Қызыл кітабына тіркелген.
4-мәтін
Қазақстандағы мал шаруашылығы
Мал шаруашылығының тарихы осыдан 10 мың жылдай бұрын жабайы жануарларды қолға үйрету кезеңінен бастау алады. Алғашқыда мал шаруашылығы табиғи сипатта дамығандықтан, малдардың өнімділік бағыттары мен тұқымдары санын ұлғайтуға жеткілікті жағдайлар болмады. Мал тұқымдарын шығарудың қарқын алуы мал шаруашылығы өнімдерін өндіру тауарлары сипат алған капиталистік қатынастардың өркендеуімен тығыз байланыста жүрді. Мыңдаған жылдық тарихы бар мал шаруашылығының Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуындағы орны ерекше болды. 20 ғасырдың басына дейін адамдардың әл-ауқаты мен тұрмыс тіршілік деңгейі түгелге жуық мал шаруашылығының өркендеу деңгейімен анықталды. Қазақстан жерінде мал шаруашылығы ежелден жайылым ауыстырып отыруды талап ететін көшпелі жүйе бойынша дамығандықтан, негізінен қой, ешкі, жылқы және түйе өсірілді. Салыстырмалы түрде күтімді және құнарлы азықтарды көп қажет ететін сиырдың кеңінен таралуы 19 — 20 ғасырларда Ресейден орыс шаруаларының қоныс аударып келе бастауымен тығыз байланысты.
Қазақстанда 19 ғасырдың соңына дейін негізінен қой, ешкі, түйе және жылқы түліктері өсірілуінің бірнеше басты себептері бар: Жер аумағының 70%-ға жуығын (182 млн. га) осы малдарды өсіру арқылы тиімді пайдалануға болатын жайылым алқаптары алып жатты; айтылған малдар жергілікті табиғат жағдайларына барынша бейімделді, жыл бойына дерлік жайылым азығын пайдаланып өсіп-өнді, сонымен бірге, жергілікті халық олардың өзіндік құны төмен және зор сұранысқа ие өнім түрлерін өндіру мен оларды өңдеудің тиімді технологияларын (ет, май, сүттен, тағам, жүн, теріден киім-кешек, көшпелі баспана — киіз үй жасау) жақсы меңгерді. Әр түрлі аймақтардағы мал шаруашылығының дамуы мен түлік түрлерінің үлес салмағына нақты аудандардың жер, су, ауа-райы ерекшеліктері үлкен әсерін тигізеді. Сиыр өсіру әуелден-ақ топырағы құнарлы, шалғынды аймақтарда нәтижелі жүргізілсе, шөл және шөлейіт жерлерде малдың негізгі бөлігін (80%-дан аса) уақ малдар (қой, ешкі) құрады.
5-мәтін
Түйе
Түйелер (лат. Camelus) — сірітабандылар отряд тармағына жататын сүтқоректі ірі жануарлардың бір туысы. Түйелер шөлге де, қатты аязға да төзімді, күшті көлік малы. Мұның екі түрі бар: қос өркешті түйе (Бактрия түйесі) — негізгі өсірілетін жерлері: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Астрахан, Сталинград, Саратов және Чита облыстары, бұрынғы КСРО-да мұның Астрахан түйесі, Қазақстан түйесі, Монғол түйесі деп аталатын негізгі үш тұқымы өсіріледі; бір өркешті түйе (дромедар), — Түрікменстанда, көбінесе Тәжікстанда, Өзбекстанның оңтүстік аудандарында және Қазақстанның кейбір жерлерінде өсіріледі. Ең көп өсірілетін жері — Қарақұм. Қоспақ түрлеріне, пайдалануына, қанына қарай: аруана, желмая, нар деп аталады. Түйенің еті мол, жүні биязы болады.
Түйенің қолға үйретіліп, түлік қатарына қосылғанына біздің дәуірімізге дейін бес мың жыл шамасындай мезгіл болған. Міне, содан бері өткен жеті мың жылдай уақыт ішінде түйе шөлейт жерді мекендеген елдің ең қолайлы көлігіне айналды.
Жасында жақсы бағылып, күтілген түйе қыстық азығын денесі мен өркешіне жияды. Қыста ұзақ шөп жемей, су ішпеген кездерінде сол бойындағы жинаған майымен күнелтетін де қасиеті бар. Күші жағынан ол ат пен өгізден әлдеқайда мықты. Қос өркешті түйе (інген) бірінші қантардан сәуірге дейін шағылысатын болса, нар түйе (мая) қантардың бірінен мамырға дейін шағылысады. Бураның күйі келген кезінде, бір айға дейін от оттап, су ішпей, жарап алады. Ол әбден бабына келген соң аузынан ақ көбігін шашып, шайырланған желкесін иығына соғып, тыныш таппайды. Мұндай бура кісіге қарай айбат шегеді. Ол кездері өте қауіпті болады. Осындай кісі алатын бура жарамастан он күн бұрын аузына темірден құрсау салып, байлап қойылады. Бұл салынған құрсау бураның шабыты қайтқан кезінде барып, аузынан алынып, байлауынан босатылып жіберіледі.
Қос өркештінің інгені он төрт айда боталайтын болса, нардың маясы он үш айда боталайды. Боталы түйе күніне он екі рет сауылады. Түйенің сүтінен шұбат ашытылады. Ол адамның денсаулығына бірден-бір пайдалы. Түйе жүні сәуір, мамыр айларында күзеледі. Түйе ботасын он бес, он сегіз ай емізеді. Екі жылда бірақ рет боталайды. Асыл тұқымды тұйе отыз-қырық жасқа дейін жасайды.
Түйе қазақтың көшіп-қонуы мен қара шаруасы үшін ертеден-ақ пайдалы көлік екені мәлім. Түйе жолсыз шөл жерлерде жүретін «қара жердің алып кемесі» атанған күшті, шөлге шыдамды, сенімді көлігіне айналған.
Халқымыз түйені өскен жеріне, өсірген еліне, берген кісінің атына, тұқымдарына, күшіне, дене бітісіне, түсіне, бас, құйрық, өркешіне, жасына тағы басқадай ерекшеліктеріне қарай әр түрлі атаған.
қоспақ - помесь чистопородного одногорбого верблюда с двугорбой верблюдицей
аруана - одногорбая верблюдица лучшей породы
желмая - 1) одногорбый верблюд-скакун; быстроногий верблюд, отличающийся неутомимостью; 2) уст. сказочный верблюд (положительный персонаж сказок)
нар - одногорбый крупный верблюд інген - верблюдица
6-мәтін
Түйе сүті
Түйе сүті көкөніс пен жемістердің орнын басушы тағам екені ғылыми дәлелденген. Ауыл шаруашылық министрлігінің ауылшаруашылық зерттеу орталығының төрағасы доктор Абдулаты Камель түйе сүті «С» дәруменіне бай екенін айтады. Бұл көкөніс және жеміс-жидек тапшылығы бар шөл дала аймақтарының тұрғындары үшін өте маңызды. Сондай-ақ доктор Абдулатының айтуынша, түйе сүтінің құрамындағы дәруменнің және минералдардың мөлшері сүтті маусым бойы көбейіп тұрады. Түйенің сүтті маусымы 12 айға созылады, бұл сиырдың (7 ай) және қойдың (3 ай) сүтті маусымынан әлдеқайда көп. Түйе сүтіндегі дәруменнің және тұздардың мөлшері сиыр сүтімен салыстырғанда 3 есе жоғары. Түйе сүтіндегі казеин пайызы протеиннің 70 %-ын құрайды, бұл оның жоғары тиімділігі мен адам ағзасында тез сіңірілуін қамтамасыз етеді. Түйе сүтіндегі В1 және В2 дәрумендерінің мөлшері олардың қой және ешкі сүтіндегі мөлшерінен жоғары.
Түйе сүті бауыр ауруларын, кеуде қуысының ауруларын емдеуде өте тиімді. Түйе сүті шөл дала бедуиндерінің негізгі тағамы болып саналады. Көбінесе бедуиндер түйе сүтін шикі қайнатылмаған түрінде ішеді. Түйе сүті пайдалылығы және құрамы жағынан әртүрлі болуы мүмкін, ол інгеннің генетикасына, сауу уақытына, інгеннің жасына, тамақтану түріне, қабылдайтын сұйықтық мөлшеріне байланысты. Түйе сүтінің құрамында протеиндік (ақуыздық) компонент (4–25 %), қатты заттар (10–15 %), майлар (2–3 %), қантты заттар, оның ішінде лактоза (3–6 %), натрий хлориді (14–27 %), минералдар – темір, кальций, фосфор, В 2 және С дәрумендері бар.
7-мәтін
Ірі қара өсіру
Ірі қара өсіру қоңыржай белдеудің табиғи және мәдени жайылымдармен жақсы қамтамасыз етілген орман, орманды дала, дала аймақтарында жақсы жолға қойылған. Дүниежүзі бойынша ірі қараның мал басы 1,3 млрд-қа жетіп отыр. Өндірілетін сүттің барлығын дерлік, ал еттің 35%-ын осы ірі қара мал береді. Интенсивті сүтті және етті-сүтті бағыттағы мал шаруашылығы дамыған елдерге тән, оларда мал қолда да, жайылымда да бағылады. Өнімділік өте жоғары болғандықтан, бұл шаруашылық саласы жылдан-жылға өркендеуде. Етті бағыттағы мал көбінесе қоңыржай және субтропиктік белдеулердің неғұрлым құрғақ аудандарында таралған. Онда экстенсивті отарлап жайылымда бағу және көшпелі мал шаруашылығы басым келеді. Дүниежүзінде етті ең көп өндіретін елдер қатарына АҚШ, Қытай, Бразилия, Аргентина және Ресей жатады.
Сүт өндіру бағытындағы ірі қара өсіру көбінесе қала маңы мен халық тығыз қоныстанған аудандарда дамыған. Әсіресе Еуропа мен Солтүстік Американың орман зонасында орналасқан елдерде жақсы жолға қойылған. Сүт өндіруден АҚШ, Ресей, Үндістан, Бразилия және Батыс Еуропа елдері ерекше көзге түседі. Жайылымдық жерлер мен шөптесін өсімдіктердің жеткілікті болғанына қарамастан, Африкада, әсіресе оның тропиктік аймақтарында ірі қара саны өте аз. Оның басты себебі — ұйқы ауруының қоздырғышын тарататын цеце шыбыны. Сондықтан мұнда бұл ауруға шалдықпайтын ірі қарадан зебу өсіріледі.
қоңыржай белдеулер - умеренный пояс
8-мәтін