Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қаржылық есеп 1 лекцилар курсы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
716.29 Кб
Скачать

4..2. Негізгі құралдарды сыныптау және бағалау

Ұйым меншігіндегі негізгі құралдар – құрамына және атқаратын міндетіне қарай әр түрлі нысанда болады. Негізгі құрралдар есебін жүргізу үшін, бұлардың түрлеріне, атқаратын міндетіне, өндірістік процеске қатысу сипатына, шаруашылық саласына, пайдалану дәрежесіне және меншік түріне қарай топтастыру немесе сыныптау қажет.

Негізгі құралдар есебін жүргізудің байырғы тәжірибесіне сай негізгі құралдар түрлеріне қарай мына төмендегіше сыныпталынуы мүмкін:

Жер учаскелері, ғимараттар.

Құрылғылар.

Күш беру құралдары.

Машиналар және жабдықтар.

Оның ішінде:

а) күш беру машиналары және жабдықтар;

б) жұмыс машиналары және жабдықтар;

в) өлшеу және реттеуші аспаптар, зертханалық жабдықтар;

г) есептеу техникалары;

д) басқада машиналар және жабдықтар.

5. Тасымалдау құралдары.

6.Саймандар.

7.Өндірістік мүліктер және қажеттіліктер

8. Шаруашылық мүліктері.

9. Өнім және жұмыс малдары.

10. Көп жылдық жеміс ағаштары.

11. Жер өңдеудегі күрделі шығындар.

12. Басқадай негізгі құралдар.

Негізгі құралдарды түрлеріне қарай сыныптау негізгі құралдар есебін жүргізуді және бұлардың қолда бары мен қозғалысы жөніндегі есептілік жасау үшін қажет.

Өндірістік және шаруашылықтық міндет атқаруына қарай негізгі құралдар - өндірістік және өндірістік емес болып сыныпталады.

Өндірістік сипаттағы негізгі құралдарға машиналар, станоктар, аспаптар, саймандар, есептеу техникалары, сондай-ақ өндірістік процеске арналған негізгі және көмекші қызмет көрсету ғимараттары немесе кәсіпкерлік қызметке байланысты қоймалар ғимараттары, тасымалдау құралдары, шаруашылық мүліктері, жиһаздар және басқада табыс келтіруге, пайда табуға арналған негізгі құралдар жатады.

Өндірістік емес сипатттағы негізгі құралдар өндірістік процеске тікелей қатыспайтын, бірақта ұйым еңбеккерлеріне мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін (тұрғын үй – коммуналдық, емдеу, дәрігерлік көмек көрсету, мәдениет үйі, спорт алаңы, бала бақшалар т.с.с.) негізгі құралдар жатады.

Салалық экономикаға байланысты негізгі құралдар - өнеркәсіптік, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы, көлік, байланыс, құрылыс, сауда, қоғамдық тамақтандыру, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, мәдениет, т.с.с. салалар бойынша сыныпталады.

Өндірістік және шаруашылықтық процесте пайдалану дәрежесіне қарай негізгі құралдар – қор құрамында тұрған, пайдаланудағы, қызметі тоқтатылған, жалдағы болып бөлінеді. Негізгі құралдардың осылайша бөлінуі, бұлардың жекелеген түрлеріне амортизация есептеу ерекшелікте-ріне байланысты. Мысалға, қор құрамында тұрған, қызметі тоқтатылған негізгі құралдарға амортизация есептелінбейді. Сонымен қатар ұйым балансында көрсетілмеген, жалға берілген негізгі құралдарға да амортиза-ция есептелінбейді.

Негізгі құралдар меншікті және жалдағы болып та бөлінеді. Меншікті негізгі құралдар ұйымның балансында, ал жалдағы негізгі құралдар белгілі дәрежеде жал төлемін төлеу негізінде уақытша пайдалану үшін басқа ұйымдарға беріледі. Жалдағы негізгі құралдар есебі баланс сыртындағы счеттарда жүргізіліп, бұларға амортизация есептелінбейді.

Негізгі құралдар есебін сенімді және түсінікті жүргізудің ең басты шарты, бұларды дұрыс және тура бағалауға байланысты. Бухгалтерлік есеп тәжірибесінде негізгі құралдар үш түрлі атаулармен – бастапқы, қалдық және қалпына келтіру тәсілдерімен бағаланады.

Бастапқы (баланстық) құн осы ұйымдағы негізгі құралдарды пайдалануға жіберу сәтінен бастап бағаланады. Негізгі құралдар объектілерін бастапқы құнмен бағалаудағы баға, осы объектілер ұйым меншігінде есепте тұрған мерзімнің барлығында көрсетіледі.

Негізгі құралдардың қайдан және қалай түскен көздеріне байланысты бұлардың бастапқы құны деп – ұйымның өзінде дайындалған негізгі құралдар құнын, сондай-ақ басқа да ұйымдармен жеке тұлғалардан сатылып алынған негізгі құралдарға жұмсалған шығындардан туындайтын нақтылы өзіндік құнды айтады.

Нақтылы шығындар құрамына немесе бастапқы құнға мына төмендегі сомалар қосылады:

қоюшыларға (сатушыларға) келісім-шарт негізінде төленген сомалар;

орындалған құрылыс жұмыстары үшін құрылыс мердігерлігі келісім-шарт, басқа да келісім-шарттар негізінде басқадай ұйым-дарға төленген сомалар;

негізгі құралдарды сатып алуға байланысты ақпараттық қызмет-тер құнын төлеу және консультациялық кеңес берушілерге төленген сомалар;

делдалдық қызмет көрсетуші ұйым арқылы сатылып алынған негізгі құралдар үшін сыйақы төлеу сомалары;

негізгі құралдар объектілеріне құқықтық иелік ету үшін тіркеу жиынын, мемлекеттік баж жиынын төлеу және осыларға ұқсас басқалай төлемдер төлеу сомалары;

кедендік баж салығы;

негізгі құралдарды сатып алуға байланысты сомасы жабылмайтын салықтар төлеу сомалары;

негізгі құралдар объектілерін сатып алуға тікелей байланысты және құрылыс объектілерін салуға және дайындауға (мысалға, қарызға алынған қаражаттарды қайтарудың пайыздары, егер мұндай қаражаттар негізгі құралдар сатып алуға, салуға алынған болса) жұмсалған басқалай шығындар.

Нақтылы шығындар құрамына әкімшілік басқару шығындары және осыларға ұқсас шығындар қосылмайды. Егер мұндай шығындар негізгі құралдардың нақтылы жекелеген түрлерін сатып алуға тікелей жұмсалса, онда әкімшілік шығындары шығындар құрамына қосылуы мүмкін.

Жарғылық капиталға құрылтайшылардың қосқан үлесін ақшалай бағалау, қатысушы жақтардың келісіміне сай анықталып бағаланады.

Сыйға тарту сипатында алынған және тегін алынған негізгі құралдардың бастапқы құны бухгалтерлік есепке алу кезіндегі нарықтық бағамен бағаланады.

Келісім-шарт бойынша алынған негізгі құралдар құнын ақша қаражатына жатпайтын құныдылықтармен өтеу міндеттемесін орындау жолымен алынған негізгі құралдардың бастапқы құны – берілген немесе беруге жататын құныдылықтар құнымен бағаланады. Берілген немесе беруге жататын құндылықтар құнын анықтау мүмкін болмаған жағдайда, ұйымның алған негізгі құралдарының құны осы объектіге ұқсас басқадай объектілер құнымен салыстыру арқылы анықталуы мүмкін.

Ақша қаражаттарына жатпайтын басқадай құндылықтар беру жолымен алынған негізгі құралдардың бастапқы құнына негізгі құралдар-ды тасып жеткізу және бұларды пайдалану дәрежесіне жеткізу шығындары қосылады.

Негізгі құралдарды алу және салу шығындарының нақтылы көлеміне бағамдық айырымдар (не азаяды, не көбейеді) қосылуы немесе шегерілуі мүмкін.

Көп жылдық өсімдіктер өндіруге, жер құнарлылығын жақсартуға жұмсалған шығындар есепті жыл ішінде пайдалануға берілген жер учас-келерін жыл сайын негізгі құралдар құрамына қосудағы шығындармен бағаланады.

Негізгі құралдардың бастапқы құны – қосымша құрылыстар салу, қайта конструкциялау, қосымша жабдықтау, бөлшектеп жою және қайта бағалау кездерінде өзгеріске түседі.

Өндірістік процеске және басқа да мақсаттарға пайдалану барысында негізгі құралдар тозады, бұлардың бастапқы құны азаяды. Өзінің физикалық қасиетін, техника – экономикалық сапасын жоғалтудағы немесе төмендеудегі негізгі құралдардың тозуын ақшалай бірлікпен өлшеу негізгі құралдардың амортизациясы деп аталынады.

Негізгі құралдардың бастапқы құнынан жинақталған амортизация-лық соманы шегергендегі нәтиже негізгі құралдардың қалдық құнының сомасын көрсетеді.

Әр түрлі мерзімде пайдалануға қабылданған бірдей нысандағы негізгі құралдарды бағалау нәтижесі әр түрлі болуы мүмкін. Мұндай әр түрлілік – мерзімге, орынға және құрылыс салу әдістеріне негізгі құралдарды сатып алу жағдайларына, құнсыздану дәрежесіне байланысты. Сондықтан, негізгі құралдарды қалпына келтіру құнын анықтауға және қалпына келтірілген құнды амортизациялық аударым сомаларын есептеуде қолдану керектігі туындайды.

Негізгі құралдарды қалпына келтіру құны деп – негізгі құралдарды ұдайы өндіріске қосу құнын, яғни негізгі құралдарды алу немесе құрылысын салу кезіндегі қолданылған бағамен қайта бағалауды айтады. Негізгі құралдарды қайта бағалау Қазақстан Республикасы үкіметінің қабылдаған шешімі негізінде қайта бағаланады.