Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Қаржылық есеп 1 лекцилар курсы.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
716.29 Кб
Скачать

8. 3. Резервтік капитал есебі

Акционерлік қоғамдар және басқада шаруашылық жүргізуші қоғамдар міндетті түрде пайданың есебінен резервтік капитал құрады. Резервтік капитал мөлшері акционерлік қоғамның жарғысында жарғылық капиталдың 15% нан кем емес дәрежеде белгіленеді. Резервтік капиталдағы қаражат алдын-ала анықталмаған зияндарды жабуға арналады. Қоғамның басқада қаражаттары жеткіліксіз болған жағдайда резервтік капиталдағы қаражат көздер акционерлік қоғам шығарған артықшылықтағы акциялар бойынша дивиденттер төлеуге, облигациялар пайызын төлеуге жұмсалынады. Резервтік капитал қаражатын жұмсау акционерлік қоғамның жарғысында жазылады. Белгіленген резервтік капитал көлемі толығымен қалыптасқанға дейін акционерлік қоғам өзінің тапқан таза пайдасынан әр жыл сайын резервтік капиталға аударып отырады. Мақсатты жұмсау нәтижесінде, сомасы азайған резервтік капиталға әрбір келесі жылы таза пайданың есебінен қосымша аударымдар жасалынып отырады.

Әр жыл сайын резервтік капиталға аударылатын соманың мөлшері акционерлік қоғамның тапқан таза пайдасының 5% нан төмен болмауы керек.

Резервтік капитал құру барысында «Есепті жылдың бөлінбеген табысы (жабылмаған зиян)» счеты дебеттеліп, «Резервтік капитал» счеты кредиттеледі.

Резервтік капиталдағы қаражаттар жұмсалған кезде «Резервтік капитал» счеты дебеттеліп, «Акциялар бойынша есеп айырысу (акциялар түріне қарай)» счеттеры кредиттеледі.

9-тақырып. Қаржылық есептілікті ұсыну (ХҚЕС 1)

9.1. Нарықтық қатынастар жүйесіндегі қаржылық есеп тұжырымдамасының (концепцияларының) негіздері.

9.2. Қаржылық есеп жүйесінің сапалық принциптері

9. 3. Қаржылық қорытынды есеп элементтерін бағалау

9.1. Нарықтық қатынастар жүйесіндегі қаржылық есеп тұжырымдамасының (концепцияларының) негіздері.

Қазақстан Республикасында қаржылық қорытынды есеп қалыптастырудың негізін реттеу «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік» туралы (2007 жылғы ақпанның 28-і № 234-111 ҚРЗ) заңда және «Қаржылық қорытынды есеп даярлау және тапсырудың тұжырымдамалық негізінде», сондай-ақ №30 «Қаржылық қорытынды даярлау» стандартында қаралып, мұндай ресми түрдегі құжаттар қаржылық қорытынды есеп жүйесіндегі тұжырымдамалық принциптерді қолдануға арналған. Сыртқы пайдаланушылар мүддесін қанағаттандыру мақсатында «Қаржылық қорытынды есеп даярлау және тапсырудың концептуалды негізіне» сай қаржылық қорытындының негізін құраушы ережелер анықталады, ал №30 «Қаржылық қорытынды даярлау» стандартында қаржылық қорытынды есептің атқаратын міндеттеріне сай мына төмендегідей: «Қаржылық қорытынды есеп ұйымдар қызметінің қаржылық нәтижелерін және бұлардың өзгеріске түсуі жөніндегі ақпараттар даярлауға арналған» түрде анықтама берілген.

Тұжырымдамалық негіз қаржылық процеске қойылған мақсаттарға көзқарас білдіруді, қаржылық қорытындының міндеттерін, пайдаланушылырдың басымдылығын, қорытынды есеп мазмұны мен құрамын т.б. сипаттауға арналған. Сондықтан қаржылық қорытынды есепке көзқарас білдіру жүйесінің барлығы, сондай-ақ мұның мақсаты мен қаржылық қорытынды есеп даярлауға қойылатын талаптар ХҚЕ 1 «Қаржылық қорытынды есеп тапсыру» стандарты негізінде қаралған.

Тұжырымдамалық негіз қаржылық қорытынды есеп ақпараттарын пайдаланушылар мүддесіне қарай қаржылық қорытынды есептің мақсаттарын анықтайды. Есеп тұжырымдамасы – бухгалтерлік есеп жүйесінің негізін салушы принциптер мен ережелерден туындаған. Есептің базисі - әдістер жиынтығынан және есеп саясаттарын жасауға қолданылатын тәсілдерден туындаған. Қорытынды есеп ақпараттарының негізін құрайтын әдіснамалық нұсқаулар мен қолданбалы әдістер жалпы бухгалтерлік есеп жүйесіне тән іргелі тұжырымдамалық негізге сай қалыптасқан.

Тұжырымдамалық негіз салыстырмалы ақпараттар даярлау мен тапсырудың негізін құрайды. Салыстырмалы ақпараттарды зерделеу нәтижесінде ұйымдардың қаржылық жағдайы нәтижесін активті тұрғыда толық бағалауға, сондай-ақ қаржылық ақпараттардан тыс басқада ақпараттарды салыстырып зерделеуге болады.

ХҚЕС-ның берген анықтамасына қарай бухгалтерлік есепке тән тұжырымдамалық негіз деп- «қаржылық есеп пен қорытындының табиғатын, оның атқаратын міндетін, бұлардың аражігін анықтайтын, стандарттар жасау процесіне қайшы келмейтін, өзара байланыстағы мақсаттар мен принциптердің келісілген жүйесін» айтады.

Осы анықтама маңызына зер салып түсінген жағдайда біздер, қаржылық қорытынды есеп жүйесінің басымдығын, ал стандарттар болса келісілген арнайы ережелерге сәйкес жасалынатындығын білеміз. Қаржылық ақпараттар үнемі өзгерісте болып, мұның мазмұны өткен шақтағы оқиғаларға тәуелді түрде болады. Қандай жағдайлар мен оқиғаларға тән өзгерістер болмасын, түзу баланс жасау әрқашанда сақталуы керек.

Негізінен тұжырымдамалық негіз:

- қаржылық қорытынды есеп құру мен мұның мазмұнын тануға;

бухгалтерлік есеп жүргізу мен ұйымдастыру жөніндегі жалпы тәсілдер және амалдармен бухгалтерлік есеп ақпараттарын пайдаланушы мамандарды қамтамасыз етуге;

бухгалтерлік есеп жөніндегі жаңа нормативтік актілерді әр кезеңдерде жасау мен қайта қараудың негізін қамтамасыз етуге;

нормативтік актілермен реттелмеген мәселелер жөнінде шешім қабылдаудың базалық негізін салуға;

бухгалтерлік қорытынды есеп құрамындағы мәліметтерді пайдаланушы жақтарға түсінікті жолдармен беруге арналған.

Жоғарыда айтылған мәселелерді шешу мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 29 қазан 2002 жылғы № 542 бұйрығымен «Қаржылық қорытынды даярлау мен тапсыру жөніндегі тұжырымдамалық негіз» (ТН) құжаты қабылданды.

ТН-дің кіріспе тарауында қаржылық қортындының жалпы мәселелері, мұны қолданудың өрісі, қандай мақсатта қолданылынатындығы, ақпараттар пайдаланушылардың рөлі мен мүддесі сипатталынған.

ТН-де ақпараттарды пайдаланушылар, меншік иелері (акционерлер, инвесторлар), қарыз берушілер, қоюшылар, сатып алушылар, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар аталынған. Сонымен қатар ұйым басшылырының қаржылық қорытынды даярлау мен тапсырудағы жауапкершілігі де көрсетілген. Ұйым басшылары мен бухгалтерлік есеп мамандары қаржылық қорытынды есептегі ақпараттарды жақсы пайдалану арқылы жоспарлау, шешім қабалдау және тексеру процестерін атқаратындығы да осы ТН-де қаралған. Өз мүддесін қанағаттандыру мақсатында ұйым басшылары қосымша ақпараттар құрып, мұның үлгісі мен мазмұнын ашып көрсетуіне де болады. Осы айтылғандарға байланысты қаржылық қорытынды есеп өрісіндегі ақпараттарды ұйым басшылары, қаржылық көрсеткіштерді талдаушылар, салық органдары, делдалдар т.б. кеңінен қолдана алады.

Қазақстандық ТН-де ұйымдардың қаржылық қорытындысының сапалық сипаты және тиісті қосымшалар мен түсініктемелер жазылған. Қаржылық қорытынды есеп жасаудың негізгі мақсаты - қажетті ақпараттармен сыртқы және ішкі пайдаланушыларды қамтамасыз ету болып табылады. Пайдаланушылардың мақсаты - қажетті экономикалық шешім қабылдаумен тығыз байланыста болады. Шешім қабалдаудың бірінші кезектегі ең негізгі мақсаты - ұйымдардың қызмет өрісіндегі экономикалық ресурстардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ осы ұйымға салынған инвестициялар, несиелер және алынған қарыздар жөнінде нәтижелі шешімдер қабылдау. Сондықтан да, қаржы қорытындысы ақпараттарын пайдаланушы жақтар ақша ағыны, мұның эквивалентті және өтімділік пен өтеушілік, ресурстар, міндеттемелер, ұйымның жалпы қызметіне тән мәліметтерді ұдайы зерделеп талдауы керек. Қаржы құрылымы (әсіресе бухгалтерлік баланс) жөніндегі ақпараттар алдағы кезеңде қажет деп табылған қарыз алу және инвестициялар келтіру жөніндегі мәліметтерді, сондай-ақ болашақта түсетін ақша және табыс көлемін анықтауға, сонымен қатар осы ұйымда үлесі бар қатысушылар арасында дивидендттік сомаларды бөлу үшін өте пайдалы.

Қазақстандық ұйымдардағы қаржылық қорытынды есеп жасаудың түпкі мақсаты – ақша қозғалысы, табыстар мен шығындар, инвестициялар, несиелер және меншікті капитал өрісіндегі ақпараттарды қалыптастыру болып табылады.

Негізінен Қазақстандық ТН ұйымдардың есеп жүргізу тәжірбиесіне мемлекеттік басқару органдарының тікелей араласып отыруына байланыста қаралған. Қазақстан аймағында қызмет атқаратын барлық ұйымдар Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде қабылданған бухгалтерлік есеп счеттарының бірегей жоспарын, мұны есеп тәжірбиесінде қолдану жөніндегі әдіснамалық ұсынысты, бухгалтерлік есеп өрісіндегі фактілерді типтік корреспонденциялауға байланысты, сондай-ақ есеп жасау мен тапсыру жөнінде қойылған талаптарды сақтауға міндетті.

Яғни, күні бүгінге дейін еліміздегі есеп жүргізу тәжірбиесі басқада өркениетті елдердегі есеп жүргізу тәжірбиесінен едәуір айырықша жағдайда қалыптасып келеді. Мысалға, американдық есеп тұжырымдамасы негізінен инвесторлар мен несиелендірушілерді қаржылық қорытынды есеп ақпараттармен қамтамасыз етуге арналған. Мұнда салық жүйесіндегі мәселелер қаржылық қорытынды есеп жүйесіндегі мәселелерге тәуелді болмай, жеке шешіліп отырады.

Осы қаралған айырықша мәселелерге сай, біздер - қазақстандықтар, әлемдік тәжірбиедегі есеп жүргізу моделінің бірін тыңдай отырып, осы моделдік негізгі бағытын ұстана отырып, өз елімізге тән қаржылық есеп тұжырымдамасын жасауға толық мүмкіндігіміздің бар екендігін ескертпекпіз.

Сонымен қатар, дайындалып, қабылданған концептуалды негіз ұйғарымдарына сәйкес әрбір елдерде қаржылық есеп жүргізу мен мұны ұйымдастыруға байланысты стандарттар қалыптасатындығын да айтқан жөн. Мысалға, қазақстандық бухгалтерлік есеп жүргізу тәжірбиесіне жоғарыда айтылған 30 «Қаржылық қорытынды тапсыру» стандарты енгізіліп, осы стандарттың өзі қазақстандық және халықаралық тұжырымдамалық негізге, сондай-ақ, басқа да ресми құжаттарға сай жасалынғандығын айтуға болады.

Сонымен, халықаралық есеп стандарттары жөніндегі комитеттің атап көрсетуіне байланысты, қаржылық қорытынды есептің мақсаты - тиімді экономикалық шешімдер қабылдау болып табылады. Яғни, қаржы нәтижесін бағалау мен талдау, экономикалық шешім қабылдау жөніндегі нәтижелі процесс түрінде қаралуы керек.

Алайда, ұйымның қаржы қозғалысын бағалау және бухгалтерлік есеп принциптері мен арнайы тәсілдерді қолдану есеп жүргізудің сапасына тікелей байланысты. Осы айтылғандарға байланысты біздер, бухгалтерлердің пайдалы және сапалы ақпараттар даярлайтындығын, ал ақпараттарды пайдаланушы жақтар тиімді шешім қабылдап, зерделеушілік міндет атқаратындығын естен шығармауымыз керек.

Ендігі жерде - оқырман қауымға біршама түсінік беру мақсатында «бухгалтерлік қорытынды» және «қаржылық қорытынды» есеп терминдерінің маңызына түсінік беріп, мұның арақатынасына байланысты ерекшеліктерге тоқталмақпыз.

Бухгалтерлік қорытынды есеп өрісінде ұйымдардың қаржы нәтижесі және бұлардың қаржылық жағдайы және мүліктік жағдайы жөніндегі объективті сенімді ақпараттар даярланады. Сондықтан бухгалтерлік қорытынды жөніндегі процеске тән әрбір жекелеген ұйымдар (субъектілер) мүліктік экономикалық кешен түрінде қаралады. Өзінің экономикалық қағидалары мен атқаратын міндеттеріне қарай қазақстандық бухгалтерлік қорытынды есеп ұлттық бухгалтерлік есеп жөніндегі тұжырымдамаға және еліміздегі салық заңнамаларына қарай бағытталған.

Ұйымдарда жасалынатын бухгалтерлік қорытындының негізгі міндеттері - қатысушы жақтар арасында қалыптасқан шаруашылық қатынастардың қалай орындалғандығын, сондай-ақ шаруашылық операцияларының (фактілердің) экономикалық тиімділікке сәйкес келетіндігі жөніндегі мәліметтерді есеп ақпараттарын пайдаланушы жақтарға даярлап беру болып табылады. Осы айтылған негізгі міндетке сәйкес бухгалтерлік қорытынды деп - ұйымның қаржы жағдайы жөніндегі ақпараттық жүйені сондай-ақ ұйымның қаржылық қызметінің нәтижесін, әрбір есепті кезеңдерге қарай тиісті счеттар мен бас кітапқа топтастырып жазып, мұның нәтижесінде типтік бухгалтерлік баланс үлгісін жасауды айтамыз.

Ұйымдардың есеп жүргізу тәжірбиесіне «қаржылық қорытынды» терминінің енгізілуі негізінен осы ұйымды құрушылардың (үлес қосушылар, меншік иелері) талабынан туындаған. Ұйым қызметіне қатысушы немесе үлес қосушы жақтар ұйым қызметін тікелей күнделікті басқаруға қатыспағанымен, бұлар өз уәкілдерін тағайындап, ұйым қызметі барысын тексеріп отыруға құқықтық болып отырады.

Қаржылық қорытынды есеп тұрғысынан қарағанда бухгалтерлік есеп категорияларында (активтер, меншікті капитал, міндеттемелер, табыстар, шығындар, бөлінбеген табыс, түскен түсім ақшалар, төлемдер т.б.) өз мүліктері мен қаражаттарын қосқандығы жөнінде құқықты заңды тұлғалардың корпоративтік талаптары мен ынталары қаралған. Яғни, қаржылық қорытынды есеп жасаған кезде, әрбір жекелеген қатысушылардың мүддесі қаралып, бұлардың қойған талабы қанағаттандырылып отырылады.

Дайындалған қаржылық қорытынды есеп құрамында бухгалтерлік есеп счеттары жүйесінде нақтылы туындаған мәліметтерден тыс, екіжақтылық есеп жүйесіне жатпайтын, мысалға, акционерлер, шығарылған акциялардың саны, міндеттемелерді жабудың уақыты, дивидендттер төлеудің тәртібі, баланс баптарын бағалау сияқты қосымша мәліметтер болуы мүмкін.

Қазақстандық қаржылық қорытынды есеп жасау үлгісінде шығаруға рұқсат етілген акциялардың саны, әрбір акциядан түскен табыс мөлшері, дивидендттер төлеудегі артықшылықтар, шектеулі және артықшылығы бар акцияларға есептелінген және төленген дивидендттер т.с.с. мәліметтер әзірше жазылмай келеді. Сонымен қатар, Қазақстандық қаржылық қорытынды есеп жасау жүйесінің үлгісінде алынған несие, мұның пайыздық ставкасы, несиені қайтару мерзімі, жөніндегі ақпараттар да қаралмаған.

Қаржылық қорытынды есеп қалыптастыру төмендегі өзара байланысқан баланстық жинақтаулардан тұрады.

Ұйымдар активі = Меншікті капитал + Міндеттемелер теңдеуі әрқашанда бухгалтерлік және қаржылық қорытынды есеп жүйесінде міндетті түрде сақталады.

Табыстар = Жұмсалған ресурстар сомасы + Еңбек ақы шығындары + Міндеттемелер жөніндегі пайыздар + Салық төлеу шығындары + Бөлінбеген табыс теңдігі сақталады.

Бөлінбеген табыс = Дивидендттер + Мақсаттық қорлар құру резерві + Бөлінбей қалған табыс (таза пайда) сабақтастығы сақталуы керек.

Операциялық қызметтен түскен ақша түсімі + Инвестициялық қызметтен түскен ақша + Қаржылық қызметтен түскен ақша (жал төлемі, займдар т.б.) = Міндеттемелерді төлеу + Бюджет сыртындағы қорларға төлеу + Еңбеккерлер алдындағы міндеттемелерді төлеу + Меншік иелері алдындағы міндеттемелерді төлеу + Өтеушілік дәрежесінің өсімін төлеу.

Қаржылық қорытынды есеп жасау процесі баланстық теңдеудің (статистикалық, динамикалық) сабақтастық принципін барынша қамтамасыз ету үшін қалыптасады. Жоғарыда келтірілген төрт сабақтастық байланыс негізінде, ұйым қызметі барысына ынталылық білдіруші әрбір топтардың (субъектілердің) мүліктік және қаржылық жағдайын сипаттауға болады.

Қаржылық қорытынды есепке тән меншікті капитал ұғымы меншік иесінің, басқада қатысушылардың, құрылтайшылардың, бастапқы кезеңдегі қалыптастырған капиталының базасын құрайды. Сондай-ақ, қаржылық қорытынды есепке тән міндеттемелер ұғымы әріптестердің, мемлекеттің (өкілетті органдар арқылы), жеке адамдардың берген, табыс келтіруге арналған қаржы көздерін көрсетеді. Ұйымдар меншігіндегі активтер ұғымы экономикалық айналысқа түскен және ұйымдар қызметіне қатыстырылған, бақыланатын барлық активтік сомалар жиынтығынан тұрады.

Капитал ұғымы тұрғысынан қарағанда ұйымдардың қаржылық қорытынды есебінде көрсетілуге тиісті ақпараттардың ең негізгі көрсеткіштері төмендегі 1.1. кестеде (осы кітап авторының ұсынысы ретінде) беріліп отыр.

1.1. кесте

Қаржылық қорытынды есеп мазмұнын жетілдіру мақсатында ұсынылған үлгі.

Активтер

Пассивтер

I Ұзақ мерзімді активтер

1. Негізгі капитал (барлығы), оның ішінде:

- материалды емес активтер;

- негізгі құралдар;

- айналыс сыртындағы активтер және аяқталмаған құрылысқа салынған сомалар.

2. Инвестицияланған капитал (барлығы),

оның ішінде:

материалды құндылықтарға салынған сомалар;

ұзақ мерзімді қаржылық салымдар сомасы.

III. Меншікті капитал

оның ішінде:

Жарғылық капитал (барлығы),

оның ішінде:

- артықшылығы бар акциялар;

- қарапайым акциялар;

- акционерлерден сатылып алынған акциялар.

2. Эмиссиялық табыс,

оның ішінде:

- артықшылығы бар акциялар;

- қарапайым акциялар;

- резервтік капитал;

- қайта инвестициялаудағы пайда және басқа да резервтер.

II. Ағымдағы активтер:

тауарлы-материалды құндылықтар;

аяқталмаған өндіріс;

дайын өнімдер және тауарлар;

берешектер қарызы;

алдағы кезеңдердің шығындары;

төленбеген салықтар, қайтарылмаған ақшалар және бұлардың эквиваленттері.

IV. Ұзақ мерзімді міндеттемелер:

займдар;

несиелер;

түскен түсімдер.

V. Қысқа мерзімді міндеттемелер:

- алашақтар қарызы;

- банктер несиесі;

- бюджет және қорлар алдындағы қарыздар;

- еңбеккерлер алдындағы қарыздар;

- құрылтайшылар алдындағы қарыздар.

Баланс

Баланс

Оқырманға ой салу мақсатында жасалынған осы кестенің мазмұны қаржылық қорытындының мәліметтерін, мұның құрамын, баланстың тараулары мен баптарына сай көрсеткіштерді жіктеп көрсету болып табылады.

Ресми құжатқа жатпайтын, қаржылық қорытынды мәліметтерін ары қарай жетілдіру мен талдау және зерделеу мақсатында ұсынылған осы кестедегі көрсеткіштерді ұсыныс ретінде қарауға болады. Ұйым басшылары және басқа да пайдаланушылар қаржылық есеп өрісіндегі сенімді ақпараттар алуды мақсат тұтаныны белгілі. Сондықтан, ақпараттарды пайдаланушылар кез келген қосымша ақпараттар жасап қалыптастыруды талап етуі мүмкін.

Егер есеп тәжірбиесіндегі бухгалтерлік баланстың негізгі элементтері жеткіліксіз болса, онда қаржылық жағдай мен қаржы нәтижесіне тән қосымша ақпараттар мен үлгілер жасау ұйымның есеп саясатында қаралуы керек. Сондықтан да, біздер қаржылық қорытындының мәліметтерін жіктеуге арналған қосымша үлгі жасап, мұны ұсыныс ретінде қарадық. Мұның өзі белгілі бір дәрежеде бухгалтерлік және қаржылық қорытындының арасындағы кейбір айырмашылықтарды қарастырып, сипаттайды деп ойлаймыз.

Қаржылық қорытындыны даярлау барысында ақша қаражаттарының түсуі мен жұмсалуы бағытын жақсы біліп, мұндай іске ынталылық таныту керек. Меншік иелері, несиелендірушілер, әріптестер, жеке тұлғалар алдындағы ақша түріндегі міндеттемелердің орындалуы барысын ұдайы талдап отырудың да маңызы зор.

Ендігі жерде қаржылық қорытынды есеп өрісіне тән ақша ағыны қозғалысы жөнінде қорытындының үлгісін төмендегі 1.2 кестеде ұсынамыз.

1.2. кесте

Ақша қозғалысы қорытынды есебінің үлгісі.

Кірістер

Шығыстар

Қаржылық (операциялық) қызмет-тен түскен ақша:

акциялар шығарудан (эмиссия) түскен қосымша ақша;

меншікті облигациялардан түскен эмиссиялық ақша;

банк несиелері т.с.с.

Міндеттемелерді жабу шығындары:

меншік иелері алдындағы міндеттемелерді жабу;

дивидендтер төлеу;

меншікті акциялар шығару шығындары.

Инвестициялық қызметтен түскен ақша:

негізгі капитал сатудан;

үлестік құнды қағаздар сатудан;

қарызға алынған құнды қағаздар сатудан;

инвестицияларды т.с.с. қайтарудан түскен сомалар.

Міндеттемелерді жабуға:

меншік иелері алдындағы;

үлестік құнды қағаздар алудағы;

қарыздық құнды қағаздар алудағы;

қоюшылар счетын төлеудегі;

пайыздарды төлеудегі;

берілген аванстарды жабу;

жал төлемін т.с.с. жабу;

Сату қызметінен түскен ақшалар:

өнімдер, тауарлар, жұмыстар, қызметтер сатудан;

алынуға тиісті пайыздардан;

роялти, франшиза иеленушілерден;

жал төлемінен;

алынған дивидендтерден;

бірлескен қызметтен т.с.с. түскен ақшалар.

Басқада міндеттемелерді жабуға:

міндетті салықтар, жарналар төлеудегі;

бюджет сыртындағы қорларды төлеудегі;

Міндеттемелерді жабуға:

еңбеккерлер алдындағы қарыз жалақыны төлеудегі;

әлеуметтік төлемдерді;

жауапты тұлғалармен есеп айырысудағы;

5. Есепті кезең ішіндегі өтеушіліктің өсуін төлеудегі.

Қаржылық қорытынды есепке тән 1.2 кестеде жазылған баланстық жинақтау және мұның тиісті көрсеткіштерін жіктеу мен зерделеуге қосымша үлгі негізінен қаржылық қорытынды есеп мәліметтерін пайдаланушылар тарапынан қосымша талаптар қойылған жағдайда, сондай-ақ пайдаланушы жақтардың құқылық талабын қанағаттандыру және бұларға сенімділік туғызу мақсатында жасалынуы мүмкін. Осы үлгіде жазылған көрсеткіштер мазмұнына зер салып қараған жағдайда, міндет атқарушы бухгалтерлер мен қаржыгерлердің кәсіби білім дәрежесі мен іс-тәжірбиесі шыңдала түспек. Жоғарыда 1.1 және 1.2 шартты түрдегілерге жазылған көрсеткіштер мен мәліметтер талдау мен бақылау процесін ары қарай жетілдіру және аудиторлық тексеру жұмыстарын сапалы жүргізуге көмек көрсетуі мүмкін.

Осы тақырыпта (параграфта) айтылып келе жатқан мәселелердің барлығы да ұйымдар қызметінің қаржылық жағдайы: экономикалық ресурстардан; мұның қаржылық құрылымынан; өтеушілік пен өтімділіктен; және экономикалық ортаның өзгеріске түсуінен туындайтындығын дәлелдеуге бағытталған мәселелер. Мысалға, қаржы құрылымы жөніндегі ақпараттар алдағы кезеңде қарыз сомалар алу, ақша ағыны, түсетін пайданы, сондай-ақ осы ұйымда үлесі бар тұлғалар арасында таза пайданы бөлу сияқты ақпараттар алу үшін қажет. Мұндай ақпараттар ұйымдардың алдағы кезеңде қанша және қандай көздерден қаражат алуды есептеу үшін де тиімді. Ұйымдардың өтеушілігі мен өтімділігі жөніндегі ақпараттар қаржылық міндеттемені дер кезінде өтеу және қаржылық міндеттемені жоспарлау үшін де қажет.

Ұйымдардың қаржылық қорытындысы жөніндегі қызметінің нәтижесі және ұйымның, тапқан таза пайдасының көлемі жөніндегі мәліметтер экономикалық ресурстардың потенциалды өзгеріске түсуі мен көбеюін сипаттап отырады. Сонымен қатар, қаржылық нәтижені есептеу мен талдау арқылы ұйымдардың ресурстық базасын қалыптастыру жөніндегі мүмкіндігін және түсетін ақша ағынын болжауға да болады. Қаржылық нәтиже ұйымдар қызметінің тиімділігін және қосымша келтірілген ресурстардың осы жылғы сипатын анықтау үшін де қажет. Мұндағы бір айта кететін жағдай - қаржылық нәтиже мен қаржылық қор ұғымдарын шатыстырмауда. Мәселен, қаржылық нәтиже түскен таза пайданы көрсетсе, қаржылық қор барлық қаржылық ресурстарды айналымдағы капиталды, активтерді, ақша қаражаты жөніндегі экономикалық ұғымдарды сипаттауға арналған.

Қаржылық қорытындының құрамы мен құрамдас бөлігі бірімен-бірі тығыз байланыста болады. Сондықтан, қаржылық қорытындының кейбір элементтері орын алған операциялар мен оқиғаларды бірнеше бағытта сипаттап, зерделеу үшін қажет. Мысалға, табыстар мен шығындар жөніндегі қорытындыны бухгалтерлік баланссыз және қаржылық өзгеріс жөніндегі қорытынды есепсіз шығаруға болмайды.

Қаржылық қорытынды есеп жасаудың құрамы мен құрылымы басқа да қосымша ақпараттар жасаумен толықтырылуы мүмкін. Мысалға, қаржылық қорытынды есеп мәліметтерін пайдаланушылар талабын қанағаттандыру мақсатында бухгалтерлік баланстың жекелеген баптары және табыстар мен шығындар т.б. жөніндегі ақпараттарды жіктеп талдау үшін қосымша кестелер мен үлгілер жасауға да болады. Қаржылық қорытынды есеп жүйесіне ұйымдар қызметінің нәтижесіне әсер етуші тәуекелшілік пен белгісіздіктерді ашып көрсетуші және де қосымша келтірілген ресурстар мен міндеттемелер жөніндегі мәліметтер, сондай-ақ балансқа жазылмаған, мысалға, пайдалы қазба, байлық жөніндегі мәліметтер енгізілуі мүмкін.

Экономикалық көрсеткіштерді қалыптастыру барысында, қаржылық қорытынды есеп жасау әрекеттері кейбір жағдайларда шектеулі дәрежеде болатындығын және экономикалық заңдарға байланысты екендігін есте сақтаған жөн.