Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Prirodnye_turistsko_-_rekreatsionnye_resursy_mi...doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.23 Mб
Скачать

57.Оңтүстік Америка табиғатының жалпы сипаттамасы

оңтүстік Америка – батыс жарты шардың оңтүстігіндегі құрлық.[1] Жерінің аумағы (аралдарымен қоса есептегенде) 18,28 млн. км2. Халқы 340 млн. адам (2000). Солтүстіктен оңтүстікке қарай 7150 км-ге, батыстан шығысқа қарай 5150 км-ге созылған. Құрлықтың солттүстіктен Кариб теңізімен, батысын Тынық мұхиты, шығысын Атлант мұхиты, оңтүстіктен Магеллан, Дрейк бұғаздарының суы шайып жатыр. Солтүстік-батысында жіңішке Панама мойнағы арқылы Орталық және Солтүстік Америкамен жалғасады. Ең биік жері – Аконкагуа (6960 м). Теңіз деңгейінен ең төмен жатқан жері – Вальдес ойысы (–40 м). Оңтүстік Америкадағы ең ұзын өзен жүйесі – Амазонка (Мараньон саласымен қоса есептегенде – 6437 м). Дүние жүзіндегі теңіз деңгейінен ең биік орналасқан көл – Титикака (биіктігі 3812 м), ең биік су құламасы – Анхель (1054 м) және ең биік жанартау – Льюльяйльяко осында орналасқан. Оңтүстік Америка құрамына Отты Жер, Фолкленд, Галапагос аралдары, Чили топаралы, т.б. ұсақ аралдар кіреді.

Оңтүстік Америка дүние жүзіндегі ең ылғалды құрлық, әрі жерінің басым бөлігі төменгі ендіктерде орналасқандықтан күн сәулесін де мол алады. Оңтүстік Америка 6 климаттық белдеу деңгейінде орналасқан. Климаттағы өзгерістер әсіресе жауын-шашынның маусымдылығына тікелей тәуелді. Сол себепті құрлық үстінде қысым жыл бойы көршілес мұхит айдындарынан төмен болады да, ауа массалары оның ішінде экваторлық және муссонды-пассаттық циркуляция басым түрде құрлыққа қарай бағытталған. Оңтүстік Американың орографиялық ерекшелігі, яғни батыстағы Анд тау жүйесі құрлықта меридиан бағытында ауа қозғалысының қалыптасуына әсер етеді. Атлант мұхитына қарай жазық жер бедері басым болғандықтан мұхиттың климатқа әсер ету дәрежесі күшейеді. Қаңтар айында құрлықтың басым бөлігі қатты қызады. Ең қатты ыситын жер – Гран-Чако жазығы, ондағы абстракциялық максимум температура 49°С. Суық Перу ағысы шайып өтетін құрлықтың батыс жағалаулық бөлігі шығыспен салыстырғанда әлдеқайда салқын әрі құрғақ болады, бұл Атакама шөлінің қалыптасуына себепші болды. Жауын-шашынның мөлшері мен оның таралуы құрлық бойынша біркелкі емес. Ылғалдың ең көп түсетін жері Колумбияның батысы мен Чилидің оңтүстігі (5000 – 8000 мм), Амазонияның батысы мен оған жалғас жатқан Анд етегі, Гвиана таулы үстіртінің батысы, Бразилия таулы үстіртінің шығыс беткейінде 2000 – 3000 мм және одан да мол, ал құрлықтың қалған бөліктері 1000 – 2000 мм-ге дейін ылғал алады.

Құрлықтың шығысы негізінен жазық және таулы-үстіртті болып келеді, бұл бөлік ежелгі Гондваналық Оңтүстік Америкалық платформада орналасқан. Платформаның қазіргі іргетасы архей-протерезойлық қалқандар түрінде (Гвиана, Батыс және Шығыс Бразилия) жер бетіне шығып жатыр. Ол кристалды тақтатас, гранитті гнейс пен кварциттен құралған. Абстракциялық жасы 1,5 – 4 млрд. жыл аралығында. Олардың арасында қат-қабаттық интрузия мен жанартаулық әрекеттер әсерінен қалыптасқан конгломераттар (Рорайма формациясы) кездеседі. Әсіресе Бразилия қатпарлығы ежелгі құрылымдарға көптеген өзгерістер жасап, қазіргі жер бедерінде Орталық және Шығыс Бразилия қалқандарындағы орталық массивтер мен тұқылды таулы үстірттер жүйелерін қалыптастырды. Олар бір-бірінен тектоникалық Парнойбо, Сан-Франсиску және Парана ойыстары арқылы бөлініп жатыр. Гвиана мен Бразилия таулы үстіртіне сәйкес келетін, тұтастай көтерілген аймақ аралығында өте үлкен алқапты алып жатқан Амазона, Ориноко, Ла-Плата ойпатты жазықтары қалыптасты. Жер бедері біртегіс, көбінесе батпақты, континенттік шөгінділермен жабылған қат-қабатты аккумулятті ойпаттар түрінде болып келеді. Юра-бор дәуірлеріндегі Оңтүстік Атлант мұхиты табанындағы тектоникалық қозғалыстар әсерінен Парана ойысында терең жазықтар пайда болды. Батыстағы Анд жүйесінің қалыптасуы герцин қатпарлығынан басталады, бірақ негізгі тау жасалу Тынық мұхиттық геосинклиналды белдеудегі кейінгі альпілік қатпарланумен байланысты әлі де жалғасуда. Жанартаулардың атқылауы өте күшті болған Орталық Анд таулы қыратында терең тектоникалық жарықтар (грабендер) мен әрекетті жанартаулар жүйесі қалыптасты. Тау жүйесінің биіктеуі және Антарктида құрлығымен жақын жатуына байланысты плейстоцендік мұз басу жүрді. Патагония Андысының тау басы түгелдей мұздықтармен жабылған. Соның әсерінен Патагония Андысының батыс жағалауында мұздық жер бедері пішіндері мен жағалаудың фьордты және шхерлі типтері кездеседі.

Оңтүстік Америка дүние жүзіндегі ең суы мол құрлық, басқа құрлықтармен салыстырғанда онда екі есе артық жауын-шашын түседі. Жер бетіндегі құрлықтың 12%-ын құрайтын оның аумағына дүние жүзіндегі өзендер ағынының 27%-ы тиесілі. Құрлық пішіні, оның климаттық жағдайы мен орографиялық құрылымы, жер бедері ірі өзен жүйелерінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Ірі өзендердің көпшілігі Атлант мұхитына құяды. Дүние жүзіндегі суы ең мол өзен – Амазонка осы Оңтүстік Америкада орналасқан. Мұндағы өзендердің гидроэнергетикалық әлуеті өте жоғары. О. А. жеріндегі көл қазаншұңқырлары қалыптасу жолына қарай тектоникалық, мұздық, жанартаулық және лагуналық болып бөлінеді. Маракайбо, Титикака тектоникалық көлдерге, Буэнос-Айрес, Аргентина, Сан-Мартин мұздық көлдерге, Патус, Лагоа-Мирин лагуналық көлдерге жатады. Жалпы атпен “саларес” деп аталатын батпақты көлдерге Уюни, Салинас-Грандес жатса, Поопо қалдық көлге жатады.