Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
Zhumadilov_100_ball_33.docx
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
230.17 Кб
Скачать

25. Шетелдік Азияның ішкі сулары.

Кавказ, Памир, Тянь-Шань, Гималай, Қарақорым, Гиндукуш, т.б. тауларда мұздықтар таралған (жалпы ауданы 120 мың км2). Мұздықтар өзендердің толығуына аса маңызды орын алады. Құрлықтың ішкі суларының 60%-ы сыртқы, 40%-ы ішкі тұйық алапқа орналасқан.

Солтүстік мұзды мұхитқа Объ, Енисей, Лена, Яна, Индигирка, Колыма, Тынық мұхитқа Амур, Хуанхе (Сары өзен), Янцзы (Көгілдір өзен), Меконг, Үнді мұхитына Брахмапутра, Ганг, Инд, Шатт-әл-Араб өзендері құяды.

Ішкі тұйық алаптағы өзендердің ең ірілері:

  • Еділ

  • Кура

  • Әмудария

  • Жайық

  • Сырдария

  • Іле.

Экваторлық белдеудегі өзендердің суы жыл бойы мол болады. Шығыс және Оңтүстік Азия өзендері теңіздік жаңбырға байланысты бүкіл жаз бойы тасиды. Жерортатеңіздік Батыс Азия өзендерінің суы қыста молаяды. Ішкі тұйық алаптың биік тау басындағы қар мен мұздан бастау алатын өзендер жазда қатты тасиды. Құрлықтың ірі өзендері жол қатынасына және жер суаруға ежелгі заманнан бері пайдаланылып келеді. Азияда көл көп. Ең ірілері – Каспий мен Арал теңіздері. Тектоникалық ойыстарда Байкал, Зайсан, Ыстықкөл, Өлі теңіз, Хубсугул, Кукунор, Алтынкөл орналасқан.

Биік таулы аймақтарда мұздық әрекетінен пайда болған ұсақ көлдер бар. Жанартау әрекетіне байланысты көлдер Камчаткада және Тынық мұхит жағалауындағы аралдарда, карст көлдері Загрос таулары мен Орталық Азия таулы қыраттарында, термокарст көлдері Сібірде көп. Шөлді белдемдегі көлдер әдетте тұзды болып келеді.

26. Шетелдік Азияның жануарлары мен өсімдік әлемі.

Өсімдігі

Азияның көпшілік бөлігі Голарктикалық флоралық облысқа кіреді. Араб түбегінің оңтүстігі, Үндістан, Үндіқытай түбектері, Филиппин және Малай топаралы палеотропиктік облысқа жатады. Палеотропиктік флора мезозойдың соңғы кезеңінен бері бірқалыпты жылы климат жағдайында дамып келеді.Өсімдігі алуан түрлі, құрамында реликтер мен эндемиктер көп. Солтүстік мұзды мұхит жағалауында арктикалық, мүкті-қыналы тундра тараған. Солтүстік Азияда орман өте кең алқапты қамтиды, оның көп жерін тайга (батысында шырша, майқарағай, самырсын, шығысында балқарағай мен қарағай өседі) алып жатыр. Қиыр Шығыстың аралас және жалпақ жапырақты ормандары өсімдік түріне бай. Орман белдемінен оңтүстікке қарай орманды дала белдемдері (Батыс Сібірдің оңтүстігі, Солтүстік Монғолия, Байкал сырты, Солтүстік-шығыс Қытай) өтеді. Орта және Орталық Азияда шөл өсімдігі басым. Тибет пен Памирдегі тау басын суық шөл алып жатады. Субтропиктік шөл, шөлейт және құрғақ дала өсімдігі Иран, Кіші Азия таулы қыраттарында, Месопотамияның солтүстік бөлігінде өседі. Месопотамияның оңтүстігі мен Араб түбегі тропиктік шөлге жатады. Субтропиктік белдеудің батыс жағына қарай, Кіші Азиядағы теңіз жағалауында негізінен маквис және мәңгі жасыл еменнен тұратын жерортатеңіздік өсімдіктер өседі. Тынық мұхит жағалауында қоңыржай белдеудің ормандары субтропиктік орманға ауысады (мәңгі жасыл ағаштар – магнолия, лавр, емен, камфора, тунг ағашы, кипарис, т.б.). Малакка түбегі мен Малай топаралында мәңгі жасыл ылғалды тропиктік қалың орман (гилея) өседі. Оның тауларындағы өсімдіктер биіктік белдеулерін құрайды. Солтүстік Азияда тау тайгасы мен тау тундрасы, Орта және Орталық Азияда тау даласы мен шөлі, Оңтүстік Азияда тропиктік тау орманы басым.

Жануарлары

Азия негізінен Голарктика облысының Палеоарктика бөліміне жатады. Жануарлары ендік белдемдер мен биіктік белдеулер жиынын құрайды. Тундрада жануарлардың түрі аз. Орман белдемінде

  1. сүтқоректілерден: бұлан, бұлғын, қоңыр аю, сілеусін, тиін, борша тышқан, сасық күзен;

  2. құстардан: саңырау құр, тоқылдақ, бұлдырық, шырша торғай, жапалақ, т.б. мекендейді.

Құрлықтың шығысы жануарлар түріне өте бай. Мұнда тайганың, жалпақ жапырақты орманның және субтропиктік аймақтың жануарлары өмір сүреді. Дала мен шөл жануарлары Кіші, Алдыңғы, Орта және Орталық Азияда, Солтүстік-батыс Үндістанда тараған. Әсіресе кемірушілердің түрі көп.

Батыс жағын жерорта-теңіздік жануарлардан: қабылан, гепард, қорқау қасқыр, жайран, т.б. мекендейді. Өзен бойы тоғайларында жолбарыс, Солтүстік-батыс Үндістанда арыстан сақталған.

Құрлықтың субэкваторлық және экваторлық ендіктерінде Үнді-Малай жануарлары (піл, орангутан, гиббон, макака, лемур, тупайя, тапир, мүйізтұмсық, жолбарыс, аю, қабылан, т.б.) басым. Құстардың түрі көп. Жорғалаушылардан алып ешкіемер, қолтырауын, өте улы көзілдірікті жылан, питон (ұзындығы 8 – 10 м) көп тараған.