- •Isbn 9965-617-51-1
- •Isbn 9965-617-51-1 © Смағұлова а.С.
- •1.1 Әдет-ғұрып заңдарының бастаулары
- •1.2 Әдет-ғұрып құқығындағы нормалар мен қағидалар
- •1.3 Қазақ қоғамындағы билер қызметі
- •2.1 Әдет заңындағы отбасы-неке құқығы
- •2.2 Меншік әдет заңы
- •2.3 Мұрагерлік құқық
- •2.4 Міндеткерлік
- •2.5 Қылмыстық әдет заңы
- •3.1 Майқы би шығарған жарғының қысқаша мазмұны.
- •3.2 Қасым ханның хандық құрған кезеңі
- •3.3 Қазақ мемлекеті тарихындағы Қасымның орны мен маңызы
- •3.4 «Қасым ханның қасқа жолы»
- •3.5 «Есім ханның ескі жолы»
- •3.7 Қазақ әдет- ғұрпына шариаттың әсер етуі
- •3.8 Қазақ әдет-ғұрып заңдарының ерекшеліктері
2.4 Міндеткерлік
Бір-біріне көмек беру әдеті өте ертеде қалыптасқан, яғни оның
түп-тамыры рулық құрылысқа кететіні даусыз. Сондықтан да ол кездегі әрбір
ру мүшесінің қоғамдағы орны, салмағы бірдей болды. Әртүрлі кездейсоқ
апаттарға (жұт, өрт т.б.) ұшырап мал мүліктен жұрдай болған тауысқа
туыстық жақындығына қарай немесе өз шама-шарқына қарай «қосқаным»
деп көмек көрсету әдеті еді. Мұндай көмек қазақ арасында «жылу»,
«немеурін», «үме», «асар» деп аталған.
Жылу-жұт кезінде немесе табиғи апатта малдарынан айырылып қалған
өз туыстарынан, ру мүшелерінен көмек сұрау құқы. Ру мүшелері мал жинап
беруге міндетті. Келе-келе жеке меншіктің, топтың шығуына байланысты
өзара көмектің де мәні өзгерді, таптық сипат алды. ХІХ ғ. және ХХ ғ.
басындағы «жылудың» шын мәні қоғамдағы үстем таптың пайдасына
айналды.
Асар-ру мүшелерінің көп адам еңбегін керек ететін маусымдық
жұмыстарға өз руластарынан көмек сұрау құқығы. Мысалы, шөп шабу,
құдық қазу, қыстақ салуға көмектесуі т.б. Үй иесі жұмыс істегендерді
тамақпен тойындырып, бірақ көмегі үшін ақы төлемейді.
Туыстық көмек дегенді желеу етіп, ауқатты, ықпалды адамдар өздеріне
көбірек көмек жинаса, яғни оған маңайдағы толып жатқан ел түгел үлес
қосса, кедейлерге арналған көмекке қосылатын үлестердің мүшелері де тым
шағын болумен бірге, оған азғантай ғана жақын туыстар қосылатын.
34
2.5 Қылмыстық әдет заңы
Ғұндардың қылмыс әдет заңы.
Қылмыс адамдардың бас амандығына, денсаулығына, құқына және
мүддесіне зиянды әрекет. Отбасының тыныштығы, қауымның тұрақтылығы,
мемлекет билігінің орнықтылығы шаруашылықты өркендетуді, мәдениетті
дамытуды, қоғамды ілгері бастыруды қажет етеді. Керісінше, алаңсыз өмірге
пәлекет тисе, әлеумет ойран болса, онда бәрі де кері кетеді, құриды.
Сондықтан, қылмысты ауыздықтау, жеке адамның құқын қорғау, қоғамдық
топтардың мүддесін үйлестіру, қоғамдық қатынастарды жөнге салып отыру
үшін қылмысқа қарсы заң керек болды.
Қылмыс баяғыдан бар қоғамдық құбылыс. Ұрлық, адам жарақаттау,
адам өлтіру, опасыздық дегендер сонау ертеден-ақ қылмыс қатарына
жатқызылып, тиісті жазасы беріліп келген-ді.
Ғұндарда: «Басқаға семсер жұмсағандар тектеледі, біреуге екі елі
жарақат салғандар өлімге бұйырылады». «Ұрлық істегендердің
бала-шағалары иелікке алынады, малдары тәркіленеді». «Қылмысы жеңіл
болғандардың толарсағы шағылады, қылмысы ауыр болғандар өлімге
бұйырылады». «Абақтыға қамалғандар он күн ұсталады» деген қылмыс
заңдары болды. Ғұндардың қылмыс заңдары, көбіне ұлыстар арасындағы
қақтығыстан туындады. Әркімнің қолындағы қаруы, мейлі ол үлкен болсын,
ия шағын болсын, бәрібір, Ұлыс мүддесін қорғайтын құрал, оны дұрыс ұстау
әркімнің міндеті. «Сондықтан басқаға семсер жұмсағандар тектеледі». Ер
азамат ұлысты қорғайтын қарулы жасақтың құрамында болды. Туындауы
мүмкін болған қарулы қақтығысқа кез келген уақытта дайын тұру парыз. Ру
ішінде жанжал шығарғандар, бірін-бірі жаралағандар жасақ тәртібін
бұзғандар қатарына жатқызылды.
Ол кезде ру ішінің тыныштығын бұзатын әрекет, негізінен ұрлық
болды. Мұндай келеңсіздіктерді тыю үшін, «ұрлық істегендердің бала-
шағалары иелікке алынды». Мұндағы «иелікке алу» ру басыларының, жасақ
басыларының қылмыстының «отбасы мүшелерін» өзінің қолына алып, бір
жағынан оларды шамасы келетін еңбекке жұмсаса, енді бір жағынан
«мүддесін» ру мүддесіне сыйғызып, «кінәсіздірге» қамқорлық көрсету
болды. Көшпелі өмірде қылмыстыны отбасынан айырудың өзі ауыр жаза.
Панасыз, қорғансыз, жағдайсыз қалған адамның күні не болары белгілі.
«Ұрылардың малдары тәркіленді», мұндағы «тәркілеу» қылмыстыны
тіршілік көру жағдайынан біржолата айыру деген сөз. Басындағы панасынан,
аузындағы аужалынан айыру, өлімге бұйырудан бәлендей жеңіл емесі анық.
Дегенмен, бұл жазаның жазалаудан басқа тәрбиелік рөлі де болды. Қым-қуат
жағдайда, аласапыран өмірде бірді жазалап мыңға тәрбие беру тұтас рудың
мүддесін қорғаудың бір амалы еді. «Қылмысы жеңіл болғандардың
толарсағы шағылады», толарсағын шағу - өмір бойы адамды мүгедек ету,
кемтар жасау. «Абақтыға қамалғандар он күн ұсталады». Көшпелі қоғамда
айлап ұстауға мүмкіндік те жоқ еді. Ал, еш жазаламай қоя беру де әділдік
35
емес. Бұдан «қолда ұстау» жазасының сонау ертеден келе жатқанын көруге
болады.
Ғұндарда: «Соғыста жауының басын кесіп әкелгендерге бір тостақан
бор беріледі, соғыста тапқан олжасы олжагердің өзінде қалады, соғыс
тұтқыны ұстаушының құлы болады, майдандасының сүйегін әкелгенге оның
дәулеті беріледі» деген заң болды. Соғыс елді және жерді жаудан қорғайтын
қанды қимыл. Сен жауды өлтірмесең, жау сені жазым етеді. Сондықтан
кескілескен майданда «Жауды өлтіріп басын әкелу» - ерлік. Ғұндар мұндай
ерлікті бағалай білді, марапаттап бор берді, дүйім жұрт алдында даралап
көрсетті, абыройын өсірді, басқаларға жігер беріп, намысын жаныды, бұл сол
кезде заң болып танылды. «Тапқан олжа олжагердікі болды». Соғысқа
қатысудың, ерлік көрсетудің бәрі мүдде үшін болды.оның үстіне ерлікті кез
келген жерде, кез келген уақытта марапаттай қоятындай мемлекеттің даяр
қоры көшпелілерде болмады. Сондықтан өз тапқанын өзіне сыйлау
жасақтарды соғысқа жұмылдырудың ұтымды шарасы болды. «Соғыс
тұтқыны ұстағанның құлы болды». Тұтқындарды жыйып ұстаудың
мүмкіндігі болмады. Оларды топтап бағу, пайдалану, басқару қажетсіз де
тиімсіз еді. Аяқты байлық ұстаған көшпелілерге керегі – арзан да қажырлы
еңбек қолы. Дала өміріндегі бұл қажеттілік соғыс тұтқындарын құлға
айналдыру арқылы шешілді. «Майдандасының сүйегін әкелгенге оның
дәулеті берілді». Отағасы мерт болғасын оның артында малы, жесірі және
жетімдері қалады. Малына, даяр асына ие табылар, бірақ жаугершілікте
сүйенері өліп, еңкейіп қалған кәріге, еңіреп қалған жесірге, тентіреп қалған
жетімге ие шыға бермес, сондықтан ол тұтасымен «дәулет» деп қаралып,
мерт болған отағасының қанды көйлек майдандасына берілді. Қанды
майданда қалар сүйекті далаға тастамай, ит-құсқа жем қылмай, жау қолында
қор қылмай ақы иесіне алып келу, ерлікке балар ерен еңбек, ал сол еңбектің
етеуі – қалған «дәулетке» ие болу. Бұл мұраны талассыз бөлудің,
жауапкершілікті қапысыз жүктеудің әділ жолы.
Ғұндарда жасақтағы сарбаздардың амандығы ерекше қорғалды.
Сарбаздарға «екі қарыс жарақат салғандар өлімге бұйырылды».
Көшпелілерде мемлекет байлығы үшеу: адам, мал және жер. Адам тұтас
мемлекет мемлекет өмірінің тірегі, қатардағы сау денелі сарбаз – мемлекет
байлығының маңдай алды. Олар жауды жеңетін, туды тігетін, мемлекетті
қорғайтын күш. Сондықтан сарбазға жарақат салу жауға жәрдемдесумен
бірдей, бір сарбазды жаралаған адам жауға көмек берген адам ретінде
«өлімге бұйырылады».
Және де, қытайдың кейбір зерттеушілері: алтай тіл жүйесіндегі
көшпелілер арасында «қылмысы болғандар жазаға тартылады, кінәлі
болғандар төлем төлейді, қасақана адам өлтіргендер құн тартады, жазатайым
адам өлтіргендер айып тартады» деген әдеттер бар дейді, «тоғыз айып» сонау
ғұндардан келе жатқан әдет деп қарайды, олар. Қытай зерттеушісі Мын
Чыби он төрт жылдық ғұмырын арнаған «Дала мәдениеті және адамзат
тарихы» атты еңбегінде: «Тоғыз айып ғұндардан бері жалғасып келеді. Тоғыз
айып: бас тоғыз, орта тоғыз, аяқ тоғыз деп бөлінеді. Бас тоғыз дегеніміз түйе
36
бастаған тоғыз. Ол бір түйе, төрт бас буаз бие, екі бас құнан не дөнен жылқы;
орта тоғыз дегеніміз жылқы бастаған тоғыз. Ол бір бас құнан не дөнен
жылқы, екі бас тай, екі бас ұрғашы тайынша, төрт тұяқ қой; аяқ тоғыз
дегеніміз егіз бастаған тоғыз. Ол бір бас дөнен егіз, екі бас ұрғашы тайынша,
үш тұяқ қой не ешкі, үш тұяқ қозы не лақ», - деп көрсетеді.
Үйсіндердің қылмыстық әдет заңдары ғұндарға ұқсас.
Қазақтың әдет заңындағы қылмыстық істер, оны жазалау.
Қылмыс пен жаза түсінігін зерттей келе қылмысты – үстемдік етуші
топпен құқықтық реттелген, бекітілген және қоғамдық қатынастарға қарсы
бағытталған қоғамға қауіпті әрекет ретінде қарастырылды. Қылмыс түсінігі
қоғамдық-экономикалық формациялардың әрқайсысын да біркелкі болмады.
Ол қоғам өзгеруіне сәйкес өзгеріп отырды.
Қазақтың әдет құқығындағы қылмыс түсінігі әртүрлі халықтардың
ежелгі ескерткіштеріндегі қылмыс түсінігімен ұқсас жақтары болды.
Мысалы: «Русская правда», «Салическая правда» т.б. Тәуке ханның
ережесінде де, басқа да қазақ әдет құқығының ескерткіштерінде қылмыс
түсінігіне әлеуметтік анықтама берілген ХІХ ғасырға дейін қылмыстық
құқық деген ұғымның орнына зерттеуші заңгер Т.М.Культеевтің айтуы
бойынша «жаман қылық» немесе «жаман іс» деген ұғым қолданылады.
«Қылық» сөзінен «қылмыс» сөзі шыққан. Сонымен бірге қазақтың
құқығында қылмыс «айыпты әрекет» ретінде де қарастырылған.
Қазақтың дәстүрлі құқық нормаларымен қылмыс жәбірленушіге
моральдық және материалдық зиян, шығын әкелетіндігі танылған.
Сондықтан да көшпелілердің пікірі бойынша қылмыс жасалғанда, оған
жауап беруге тиіс:
1) Келтірілген материалдық шығын толығымен және сол аттармен
толтырылуы тиіс;
2) Қылмыскер өзінің кінәлі екенін түсініп, өкініп, тиісті сазайын
тартуы керек;
3) Аруақтар әлемін тыныштандыру үшін шаралар қолданылатын.
Қылмыс материалдық немесе моральдық шығын әкелді деп танылса,
үстемдік етуші таптың көзқарасы бойынша қауіпті деп анықталса,
мемлекеттік билік органдары кінәліні осы әрекеті үшін жауапкершілікке
тартты.
Қазақ дәстүрлі құқығында қылмыс түсінігі азаматтық құқық
бұзушылық түсінігінен ерекшеленбеді. Жәбірленуші-талапкер, ал қылмыскер
жауапкер деп аталды. Қылмыстық әрекет, сондай-ақ азаматтық құқық
бұзушылықтың нәтижесі зиян (шығын) деп аталды.
Ұлы Қазан төңкерісіне дейін патриархалды-феодалдық қатынас
үстемдік етіп, қылмыстық әрекет пен азаматтық құқық бұзушылық
түсінігінің аражігі ашылмады.
Үстемдік етуші тап қылмыс (қоғамға қауіпті әрекет) пен азаматтық
құқық бұзушылықты (қоғамға қауіпті емес әрекет) ажырата білді, бірақ бұл
оларға барлық кезде тиімді болмағандықтан, олар өздерінің құқықтық
нормаларында мұны көрсетпеді. Сапалық жағынан ерекшеленетін бұл
37
түсініктердің құқықтық нормалары бір әрекетке әртүрлі қарауға, сонымен
бірге кінәлі мен жәбірленушінің мүліктік-құқықтық түсінігінің
жетілмегендігінен қылмыстық және азаматтық құқық бұзушылық
түсініктерін ажырата алмады.
Революцияға дейінгі кей авторлардың қазақ дәстүрлі құқығында
қылмыстық әрекет пен қылмыстық емес әрекетті тіпті ажырата алмады деген
пікірін дұрыс деп есептеуге болмайды. Мысалы: Н.И.Гродеков «Взгляд занга
не преступление чрезвычайно прост: нет уголовных дел, разбирательство
которых возбуждалось бы и продолжалось когда нет истца и когда истец,
взял назад свой иск». ХІХ ғасырдың бірінші жартысында жүргізілген Кіші
жүз қазақтарының дәстүрлі құқық жазбасы Д'Андреде көрсетілген: «Всякое
преступление, совершенное ордынцем (исключая преступление против
веры), может оставаться без наказания, если обиженное или пострадавшее от
того преступления лицо неизъявит на то претензии и не будет требовать
удовлетворений».
Жәбірленушіге немесе оның туыстарына материалдық немесе
моралдық зиян келтірілсе, дәстүрлі құқықта қылмыс деп танылса, ол жеке
тұлғаның еркінен тыс болды. Керісінше ол қоғам мүддесінен шықты. Барлық
кезде іс жәбірленуші мен оның туыстарының талабы бойынша басталып
және аяқталып отырмады.
Ерекше айта кететін жағдай, ортағасырлық батыс европалық және орыс
құқығында жануарлар адамды өлтірген үшін жауапқа тартылып, кісінің
өліміне себепкер болған жаны жоқ заттарға да айып тағылатын. Қазақтың
құқығында мұндай жауапкершілік болмаса да, жануарлардың иелері,
олардың келтірген зияны үшін, егер де жануар иесінің кінәсі анықталса,
жауапқа тартылады. Мысалы, егер бура біреуге зақым келтірсе немесе
өлтіріп қойса, онда бураның иесі оның асау екенін білмеген болып шықса,
онда құн төлемейді, ал егер де иесі жануарының мінез-құлқын білсе және
білуге тиіс болып, байлауда ұстамаса, зақым келтіргені немесе өлтіргені үшін
құн төлейді. Егер киіз үйге байлаулы тұрған ат кісіні өлтірсе, онда оның иесі
жалпы қабылданған сақтық ережелерінің орындалған-орындалмағанына
қарай жауапға тартылады; егер ол атын есік алдына байлаған болса, құнның
жартысын төлейді; ал егер киіз үйдің арт жағында байлап қойған болып
шықса, онда еш нәрсе де төлемейді.
С.Л.Фукстың пікірінше, Тәуке заңы шыққанға дейінгі заманда
қазақтың құқығында жануар иесінің жануардың келтірген зияны үшін,
иесінің бұған кінәлі, не кінәлі еместігіне қарамастан, жауапқа тартылуы
міндетті болған.
Есі дұрыс, он бес жасқа толған адам ғана қылмыс субъектісі бола
алатын. Ал есуас, мылқау, құлдар қылмыс субъектісі бола алмайтын.
Қазақ дәстүрлі құқығында қылмыс деп үстем таптың экономикалық
және саяси қызығушылығына материалдық және моралдық зиян тигізген
және олармен бекітілген құқықтық тәртіпті әрекеттер айтылды. Қылмыс
болып үстемдік етуші таптың көзқарасы бойынша қоғамға қауіпті әрекет
танылды. Тәуке хан ережесінде қастандық пен абайсызда істелген
38
қылмыстарды айырып көрсетпеген, бірақ бұл айырмашылықтарды білген
деген пікір бар. Тәуке ережелерінде ұрлық, тонау, зорлау, кінәлау, жала жабу
т.б. әрекеттер үшін, яғни қастықпен істелген әрекеттер үшін жауапкершілік
айтылған. Кісі өлтіру, адамды жарақаттау бұл қастықпен немесе
абайсыздықта жасалатын қылмыс түріне жатады.
Аитовтың 26 ақпанда 1846 жылғы рапортында: «Сұлтанды
қастандықпен өлтірген кінәлі адам 1500-2000 қой мөлшерінде құн төлейді, ал
абайсызда болған өлім үшін жарты құн төлейді,» - деп көрсетілген.
Әкесін қастандықпен өлтірген балалары өлім жазасына кесілген, ал
абайсызда болған қылмыс үшін оларға жаза тағайындалмаған, бірақ бұл дін
иелерінің қолында болды.
Абайсыздықта болған әрекет қылмыс ретінде қаралмады, кей жағдайда
ғана азаматтық тәртіппен жауапкершілік жүктелді. Мысалы, абайсызда
болған кісі өліміне кінәлі адам жәбірленушінің туыстарына қаза
шығындарын төледі. 1824 жылғы әдет құқығының жиынтығында: «Кто
стопчет лошадью совсем неумышленно, т.е. если испугается лошадь, изорвет
на себе узду и т.п., то это таковое той только лошадью, платиться, которая
стопчет, хотя бы от сего стоптания кто и умер,» - делінген.
Дәстүрлі құқықта кінәліні қылмыстық жауапкершілікке тартудың дәл
белгісі жас ерекшелігі көрсетілмеді. Бірақ бұл 15 жастан басталды. В.Тронов:
«15 жасқа жетпеген жас өспірім қылмыскер саналмайды және жауапқа
тартылмайды», - деп жазған. Дәстүрлі құқықтың әртүрлі жазбаларында
кінәліні қылмыстық жауапкершілікке тарту жасы біркелі емес, бірінде 15 жас
болса, келесісінде 13-14 жас болып көрсетілген. Бұл жазбаларда әртүрлі
байланыста түсіндіріледі.
Есі дұрыс емес тұлға жауапкершіліктен босатылған. Н.И.Гродеков
«Туғаннан есі дұрыс емес және мылқау адамның жасаған қылмыстары үшін
жазаланбайтындығын айтып, ол үшін туыстары жауап бермейді», - деген.
Жаза қолдану саласында түрлі принциптер мен негіздердің басшылыққа
алынғандығы байқалады. Көшпелілер үшін «қанды кек» орынды құқық,
қасиетті борыш әрі міндет болып табылатын. Ол арқылы қаза болған
адамның рухын тыныштандыруға «оның аруағын разы қылуға» тырысатын.
«Қанды кек» әр түрлі амалдармен:
1) Қылмыскерді өлтірген кісінің туыстарына ұстап беру;
2) Сот шешімінің негізінде қылмыскерді өлтіру немесе құлға
айналдыру арқылы жүзеге асырылды.
«Қанды кек» принципінің қолданылуын шектеу мақсатымен әртүрлі
жолдар қолданылды:
- қылмыскердің артынан қуғыншы жіберілетін, сөйтіп қуудың немен
аяқталатынына қарамастан, өшпенділік тоқтатылатын;
- кек алудың белгілі бір мерзімі (екі жылдық) белгіленетін;
- қылмыскер жекпе-жекке шақырылатын.
Патриархалды-рулық қатынастың сақталуына байланысты қанды кек
ХУІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысына дейін Қазақстанда сақталды.
39
А.Левшин «что казах, который не может отомстить за нанесенные ему
обиды, в минуту гнева похож на беснующегося», - деп жазды.
Қазақстанның Ресей құрамына кіруі әдет-ғұрып заңдарына
пайдалануды азайтып, оған толықтырулар енгізіліп, оны жазба заңға
айналдырды. Сот органдарында билер құқы төмендеп, әдет заңының орнына
империя заңдарының қылмыстық, азаматтық істерін қарау әкімшілік сот
органдары келді. Тәртіп бұзу 3 категорияға бөлінді:
1) қылмыстық;
2) талапкердің арыз беруі;
3) басқару жүйесіне наразылық арыз.
Мемлекеттік сатқындық, тонау, барымта, өкіметке бағынбау, кейін
несие ақша қағазын шығару т.б. істер империя заңымен қаралса, шекарадан
алыс тұрған қазақтардың сатқындық ісі, өлім, тонау, барымта әскери
соттармен қаралды.
Талапкердің арыз беруі бойынша ұрлық, азаматтық істер және т.б.
жатты. Азаматтық істердің шығыны 2000-ға дейін болса билер, 5000-ға дейін
шекара билер орыны, 5000-нан жоғары болса сенат өкіметі қарады. Барымта
үшін қамауда ұстау, Сібірге қуу т.б. жазалар қолданылды.
Орыс заңдары Қазақстанда қолданыла бастады. Онда империяда
қолданылған заң нормалары Қазақстан жағдайын ескермеді; патша заңдары
Қазақстанда әскери отарлау саясатын көздеді. Олар 1822 жылғы устав, 1854
жылғы заң, 1867-1868 жылғы ережелерінде көрсетілген.
Қылмыстық істер империя заңдары негізінде округтік бұйрықта
қаралды. Істі алдын ала тергеуге қазақ биі мен қатар бір орыс чиновнигі
қатысты. Қазақтардың талап етуі бойынша қаралатын істер жергілікті ескі
заң бойынша шешілген. Шешімдерді округтік бұйрықтың қайта қарауға құқы
болды.
ЖАЗА ТҮРЛЕРІ. Қазақстанның Ресейге қосылуына дейінгі кезеңде
Тәуке хан ережесі мен басқа да қазақтың дәстүрлі құқық ескерткіштерінде
жазаның келесі түрлері белгілі: өлім жазасы, дене жарақаты, ұялтатын
жазалар, құн, айып, құлға айналдыру, кінәліні жәбірленушіге қызмет етуге
беру, кінәлінің барлық мүлкін тәркілеу, кінәліні қауымнан қуу т.б.
Өлім жазасы. Қылмыскерді жазалаудың өлім жазасы халық
жиналысының шешімі бойынша қолданылды. Тәуке заңы бойынша кісі
өлтіру, әйелді ұрлау мен зорлау, бірнеше қайтара мал ұрлау сияқты қылмыс
түрлерінде кінәлі адамдарға өлім жазасы берілген. Осы заң бойынша
жәбірленушінің немесе оның жақын туыстарының келісімімен өлім жазасы
басқа жаза түрімен құн төлеу, құл етіп алу, дене немесе ұялтатын
жазаларымен ауыстырылуы мүмкін. Тәуке хан заманында өлім жазасы сирек
қолданылған.
Өлім жазасының қолданылуы жаңа қылмыстың (барымта немесе ру
аралық тартыстар) тууының себепшісі болды. Хандар мен сұлтандар
сондықтан өлім жазасына күшті тірегі жоқ, іздеушісі жоқтарды ғана кесті.
Дене жарақаты және ұялтатын жазалар. Дәстүрлі құқық нормалары
негізінде дене және ұялтатын жазалар жеке тұлғаға қарсы қылмысқа,
40
мүліктік қылмысқа және басқа да қылмыс категорияларына қолданылды.
Мұндай жаза түрлері жеке немесе екеуі бір мезгілде қолданылуы мүмкін.
Тәуке заңында айтылады: «Егер қылмыс үлкен болмаса, онда өлім
жазасының орнына қылмыскерді жартылай жалаңаштап, оның бетіне күйе
жағып, мойнына қара құрым киіз байлап, аттың құйрығына байлаған жіпті
тісімен ұстауды бұйырып, оны аттың соңынан жүгіруге мәжбүр етеді».
Дене жарақатында жиі қолданылатын әдіс дүре соғу, яғни жуандығы
ортаңғы саусақтай болатын қамшымен көпшіліктің көзінше жазалау болды.
Қазақ дәстүрлі құқұғының шариат заңынан айырмашылығы соққы саны
алдын ала анық болмады, ол бидің шешіміне байланысты болды. Дене
жазасы қанжығамен немесе көк шыбықпен ұру түрінде қолданылды.
«Әкесіне немесе шешесіне тіл тигізген немесе ұрып соққан адамды қара
сиырға теріс қаратып отырғызып, мойнына құрым киіз байлайды, сиырды
ауылдың ішімен жүргізіп, үстінде отырғанды қамшылап ұрады».
«Қара найза» - жазалаудың ең ежелгі түрі айыптыны жерге қағылған,
жоғарғы ұштары түйіскен үш найзаның астына отырғызып қоятын. Сонымен
қатар, билер «сөгіп тастау» және «түкіріктеу» сияқты жазаны да қолданып
жүрді.
Құн. Қылмыстық іс - әрекеттер үшін жауапкершіліктің мүліктік
түрлері де (құн, айып) кең қолданылды. Қазақтың дәстүрлі құқығы жүйесінде
кең тараған жаза түрі құн болды. Адам өлтіру және оған теңестірілген
қылмыс түрлері (денені ауыр жарақаттау, зорлау, зинақорлық әйел ұрлау)
үшін құн төлететін. Ежелгі құн құрамы бірнеше бөліктен тұратын:
1) Өлтірілген адамның еліне (руына) басқа адам берілетін (тұтқын, құл,
«ясырь», әйел). Бұл адам өлтіру арқылы келтірілген «зиянның» орнын нақты
толтырудың белгісі еді.
2) Кісі өлтірушінің аты мен қару-жарағы берілетін («қанды, қаралы»,
«құйрығы кесілген ат», сауыт, мылтық). Бұл арқылы татуласу, ымыраға келу
туралы тілек, өтініш білдіретін.
3) Өлтірілген кісінің еліне біршама мал, басқа да заттар берілетін
(кілем жабылған қара нар, қара шапан, орамал т.б.). Бұл арқылы өлтірілген
адамның аруағымен татуласу салты, жерлеу және қара жамылу жүзеге
асырылатын.
Кейінірек құнның құрамы өзгеріп, ол негізінен малдан тұратын болды.
Ер адамды өлтірген үшін 1000 қой, әйелді өлтіргені үшін 500 қой берілетін
ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, сауданың дамуына байланысты
ақшамен төлеу жүргізілді. Құнды қылмыскер төлемеді, оны руы бөліп
төледі. Қылмыскер жеке өзі 50 қой, бір түйе мен ат, ал жақын туыстары
10-нан 20-ға дейін қой, алыс ағайындары 1-2 қойдан беруі керек болды.
Құнның қалған бөлігі ру мүшелеріне тең бөлінді.
Патшалық үкіметтің жүргізген әкімшілік-территориялық реформасына
байланысты ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап құн рудан емес,
территориялық-шаруашылық белгілері бойынша алынды. Патриархалды-
феодалдық ХІХ ғасырдың екінші жартысында ауыл немесе болыс тек ғана
барлығы құнды бөліп төледі.
41
Қазақстанның әр жерінде қоғамның өзгеруіне байланысты құн
мөлшері, оның құрамы біркелкі болмады. Құн мөлшері мен құрамы ең
алдымен жәбірленуші мен кінәлі адамның сословиелік деңгейі, мүліктік және
қоғамдық жағдайына байланысты шешілді. Тәуке заңы бойынша құнның
мөлшері мынадай болды: «ер кісіні өлтіргені үшін толық құн – ердің құны екі
жүз жылқы», «ал әйелді өлтіргені үшін жарты құн – жүз жылқы». ХІХ
ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанда төтенше
билер съезінің ережесінде көрсетілгендей орташа құн мөлшері 200 бас
жылқы немесе 2000 сом мөлшерінде белгіленген.
ХУІІІ-ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында сұлтандар –
жоғарғы кастаға жатты, оларды, «нағыз төре» немесе «ақсүйек» деп атады.
Сұлтан мен қожаны өлтірген үшін төленетін құн жай адамды өлтіргенге
алынатын құннан жеті есе көп болып белгіленді.
Сұлтандардың өзі де қоғамды алатын орнына, мүліктік жағдайына
байланысты: ірі, орташа және ұсақ болып бөлінді. Оларға төленетін құн
мөлшері де әртүрлі болып келді.
Үстеме құн би, батыр, жырау, ақынды өлтіргені үшін алынды «Жеті
жарғы» жинағы билердің мүддесін қорғады, бірақ бізге жеткен Тәуке
заңында биді өлтіргені үшін төленетін құн мөлшері көрсетілген жазбалар
жоқ. Тек би құны «жай төрелер» құнына, яғни қатардағы сұлтандармен
бірдей деген дерек кездеседі.
Белгілі батыр, ақын жырауды өлтірген жағдайда екі еселенген құн
алынды. Бұл құн Ералы Саққұлақұлының жазбаларында «өнер құны» деп
аталды. Батыр, ақын, жырау өліміне төленетін құн мөлшері, олардың
әлеуметтік жағдайына да байланысты болды. Қосымша құн төлену үшін
тұлға халыққа танылған, әйгілі болуымен қатар, олардың аттарына «жырау»,
«ақын» немесе «батыр» атауы қосылып аталуы керек болды.
Тәуке заңы немесе басқа жазбаларда құнның тек жоғарғы және төменгі
мөлшері көрсетілген, оны сот белгіледі. Құн төлеуде жәбірленушінің
қанағаттандырылуы көзделіп, екі жақты жақындастыру, бітімге келтіру және
қақтығысты тоқтату мақсаты қойылды.
АЙЫП. Қазақ қоғамында келтірілген шығынның орнын толтыру және
кекті қанағаттандыруда кең тараған жазаның түрі айып болып табылды.
Көбіне мүліктік қылмыстарға, сондай-ақ жеке тұлғаға қарсы қылмыс (ауыр
дене жарақаты мен кісі өлтіруден басқа), басқару тәртібіне қарсы және басқа
да қылмыс категорияларына белгіленді.
Айып мөлшері әлеуметтік-экономикалық қатынастың өзгеруі,
қорғалатын объектінің әлеуметтік табиғаты мен әрекет ауырлығына да
байланысты болды.
Феодалдардың мүддесі қарапайым халыққа қарағанда жоғары
дәрежеде қорғалып, үлкен мөлшерде айып төленді. Айып мөлшерін әдетте
билер белгіледі. Әдет заңдарына әркез қосымшалар мен өзгерістер енгізіліп
отырды. Айыптың 3 түрі болатын:
1) мойнына қосақ
2) тоғыз
42
3) ат-тон
Тоғыздың үш түрі болатынын Д'Андре былай жазды: «Тоғыздың
бірінші ең үлкен де ауыр түрі тоғыз ірі малдан, атап айтқанда – 1 түйе,
сауылатын екі бие, екі тайдан тұрады».
Ескерту: Сауылатын жылқы үш малға саналады: еміп жүрген құлын,
төл және биенің өзі.
Тоғыздың екінші түрі тоғыз малдан – 1 жылқы, екі сауын сиыр (екі
бұзауымен) және төл, бір жасар екі ірі қара малдан тұрады.
Тоғыздың үшінші түрі, немесе тоқал-тоғыз сегіз малдан – қозысы,
төлі екі қойдан, бір бойдақ қойдан және бір текеден тұрады.
Ат-тон айыптың «азусыз ат, жеңсіз тон» және «астарсыз шапан» деген
түрлері болды.
Айыпты кінәлі адам төледі. Егер кінәлі сотқа келмесе немесе
белгіленген айыпты төлей алатындай жағдайы болмаса, онда оның туыстары
төлеуге тиіс болды. Жақындарының жағдайы келмесе, кінәлі адам тұратын
ауылға белгіленген айыпты төлеу жауапкершілігі жүктелді.
Алынған айып бірнеше бөліктерге бөлінді. Бір бөлігі жәбірленушіге
келтірілген шығынды қанағаттандыру үшін берілсе, екінші бөлігі хан немесе
сұлтандар пайдасына алынды, оны «хандық» деп атады. Сонымен бірге
«билік» яғни судьяларға сот ісін жүргізген үшін сыйақы ретінде төленді.
Айып құрамына сондай-ақ «жасауыл ақы» және «жаушыға жіпкесер»
де кірді. Жасауыл ақы – бұл кінәлі адамды сотқа шақыруға жіберілген
немесе сот шешімін орындауға барған тұлғаның үлесіне алынды. Жаушыға
жіпкесер әдет бойынша жәбірленуші мен кінәлі адамның арасындағы даудың
аяқталғандығын бейнелейтін жіпті кесуші тұлғаның үлесі.
Мүлікті өндіріп алу кезінде жәбірленуші шеккен зиянның орнын ғана
толтырып, мүліктің қалған бөлігі басқа адамдар үлесіне тиетін. Мысалы,
өлтірген адамға төленген құнның 10-15 проценті оның отбасына берілетін;
ұрлықта жәбір көрген адамға төленген айыптан ұрланған жәбір көрген
адамға мал мен төл беріліп, қалған мал билерге, куәлерге т.б. берілетін.
Патша чиновнигі Аитов жазғандай, тоғыз алған адам «… оны өз еркімен
басқа қырғыздарға, тіпті айыпты адамның туыстарына тарту етіп береді;
ата-анасына, туыстарына беруге, өзіне қалдыруына болмайды. Егер де
осындай заттарды өзіне қалдырса, не ата-анасы, туыстарына беретін болса,
бұл оның абыройы төгілгені саналады».
Айып оны төлей алатын жағдайы бар қылмыскерлер үшін ғана тиімді
болды, ал жарлы-жақыбайлар үшін бұл ауыр жаза болып табылды, кейде
айып барлық мүлкін тәркілеумен теңестірілді. Белгіленген айыпты төлей
алмаған кінәлі адам одан да қатаң қылмыстық жазаға тартылды.
Құлға айналдыру мен кінәлі адамды жәбірленушіге қызмет етуге
беру. Бұл жаза дәстүрлі құқықта кінәлі адам сот белгілеген құнды немесе
айыпты төлей алмаған кезде қолданылды. Екі жағдайда да айыпкер құл
ретінде белгілеген айып пен құн мөлшерін өтегенше қызмет етті. Кейбір
айып немесе құн үшін құлға айналған адамдардың балаларына құлдық қалып
43
отырды. Бұл жаза түрі үстем тап өкілдерінің жұмысшы халықтың өзіне
қарсылығын басудың бірден-бір күшті құралы болды.
Басын беру. Мұнда жәбірленушіге немесе оның туыстарына айыпкерді
береді. Беглов: «Кінәлі адам талапкер еркіне берілсе, ол онымен не істегісі
келсе, соны істейді, тіпті өлтіріп тастауға да құқы бар» - деп жазды.
Барлық мүлкін тәркілеу мен оны қауымнан қуу. Барлық мүлкін
тәркілеу жазасы дәстүрлі құқықтың жекелеген жазбаларында хандық билікте
басқа дінді қабылдау кезінде қолданылды деп көрсетілген. Бірақ мұндай
жағдай сирек кездескен.
Дәстүрлі құқықта кінәлі адамды рулық бөлімшеден (ауылдан) немесе
көшпелі қауымнан қуу жазасы да белгілі болды. Бұл көбінесе өз ауылының
старшыны немесе ауыл ақсақалдарының келісімінсіз қылмыскерді жасырған
тұлғаларға қатысты қолданылды. Кейіннен егер кімде-кім қауымнан қуылған
адамды өлтірсе, ол үшін жауапкершілікке тартылмады.
1822 жылғы устав бойынша қылмыстық істің зорлау, ұрлық, таяққа
жығу т.б. түрлерін билер соты қарады. Сібір қырғыздарына империя
заңының таралуы» деп аталатын заңдар жинағы империя сотына жататын
қылмыстар санын көбейтті. Оған үкіметке қарсы істер, өртеу, ақша жүйесіне
байланысты істер және патша ұрлық үстінде ұсталса 10-60 дүре соғуды
енгізді, қылмыскерді жеті күннен бір айға дейін қамауға алды. Билер енді
халықты орыс заңымен қорқытып қылмыскерге айып құн төлетті.
ХІ ғасырдың екінші жартысы ХХ ғасырдың басында Қазақстанда
жалпы империялық заң, Ресей империясының ұлт аймақтары үшін заңы және
қазақтардың дәстүрлі заңы қатар жүргізілді.
Жеке адамға қарсы қылмыс.
Қазақстың дәстүрлі құқығында жазалануға тиісті және жазалануға
тиісті емес өлім түрлері көрсетілді. Ұзақ жылдар бойы ХІХ ғасырдың екінші
жартысына дейін жазалануға тиісті емес өлім түрлеріне қожасының құлды,
ата-анасының өз баласын, күйеуінің өз әйелі мен оның көңілдесін, ұрыны
ұрлық үстінде ұстаса, қарақшыны өлтіру жазалау шарасы көрсетілмеген. ХІХ
ғасырдағы дәстүрлі құқық нормаларында абайсыздықпен кісі өлтіру
қастандықпен кісі өлтіруге қолданылатын жазаның жартысындай болған.
ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында Аитовтың: «Кіші жүз қазақтарының
дәстүрлі құқығы жазбаларында», «Кім төбелесте абайсыздықпен кісі өлтірсе,
сол қастандықпен жасалатын қылмысқа төленетін құнның жартысын төлейді,
яғни сұлтанды өлтірсе 1000 немесе 750 қой ал старшин, би мен қырғызды
өлтірсе – 500 қой».
Қастандықпен өлтіру қорғалатын объект пен қылмыстық қол
сұғушылық сипаты бойынша: кінәні ауырлататын жағдай қылмыстары,
кінәні жеңілдететін жағдай қылмыстары және қарапайым қылмыстар болып
бөледі. Кінәні ауырлататын жағдай өліміне: «сыйлы адам», ата-ананы,
жүкті әйелді, нәрестені өлтіру және өлген адам денесін қорлау жатады.
ХІХ ғасырда дәстүрлі құқықтың қылмыстық-құқықтық нормаларында
кінәні ауырлататын жағдайға сұлтан мен қожаны өлтіруден басқа тархан
атағы бар батыр, патша үкіметі берген шені мен атағы бар лауазымды
44
тұлғаларды өлтіру т.б. кірді. Бұл тұлғалардың өлімі туралы іс патшалық
сотқа берілді, сонымен бірге би соты кінәлі адамнан немесе оның
туыстарынан жоғарғы құн төлетті. Қазақтың дәстүрлі құқығында ханды және
балаларының ата-анасын өлтіруі ісі болмады, егер мұндай жағдай болса ең
ауыр жаза қолданылды.
«Егер әйел күйеуін өлтірсе, оны құн төлеу арқылы құтқара алмайсың,
оған өлім жазасы берілген. Жүкті әйелді өлтірген айыпкерді, екі адамды
өлтіргендей жазалайды. Бала үшін құн мөлшері, оның даму уақытында
байланысты болды. Тоқмақта болған төтенше билер съезінде: «Жүкті әйел
өліміне құн талап еткенде, бала үшін құн немесе айып төлету ерекше:
а) жаңа дамып келе жатқан бала үшін айып түйеден бастап 9 мал;
б) бес айлық бала үшін - түйеден 25 мал;
в) бес айдан асқан бала үшін - әйелдің жарты құны.
Өлген адамды қорлау қылмысты ауырлататын жағдай болды.
Кінәлі адам табылғанша дене жерленбеді. Мұндай өлім үшін құн мөлшері
«ерлер үшін 15-20 түйеге, әйелдер үшін 5-10 түйеге» өсті. Бұл «сүйек құны»
деп аталды.
Барымта кезінде болған өлім үшін кінәлі қарапайым өлімге қарағанда
жазаның жеңіл түріне тартылды. Егер барымта уақытында екі жақтан өлген
адам саны тең болса, онда бұл іс әрі қарай өрбіміген.
Қазақтың дәстүрлі құқығы нормасы бойынша әйелін өлтірген ер
адамды қатты жазаламаған, оған өлім жазасы кесілмеген. Бұл сол қазақ
қоғамындағы әйелдер жағдайының теңсіздігінің куәсі болды. Бұл өлім түрі
қарапайым өлім түрі ретінде қаралды. Кіші жүз қазақтарының дәстүрлі қазақ
жазбасында: «Кім өз әйелін өлтірсе, одан қарапайым өлім үшін белгіленген
құн мөлшерінде құн төлеуге тиіс», - делінген. Мұндай дәстүрлі құқықта
норманың пайда болуы, отбасы басшысының патриархалдық билігінің
әлсірегені мен құқыққа орыс құқығының прогрессивті әсер еткендігін
көрсетеді.
ХІХ ғасырдың ортасынан бастап, қазақтың дәстүрлі құқығында
жоғарыда аталған жазалануға тиісті емес деп саналған (қожасының құлды
өлтіруі) қылмыс түрлері жазалануға кездеспейтін қылмыстар қарапайым
болып табылады. Кенеттен болған өлімге қылмыстық жауапкершілік
жүктелмеді.
Кек алу мақсатында өлтіру қыстақ, егіс, ұрлық және т.б. даулар
нәтижесінде болды. ХІХ ғасырдың басына дейін кек алу ашық сипатта
жүрді. Кінәлі адамнан кек алған адамды мақтап, оның әрекетін дұрыс деп
тапты. Патша үкіметі барымта мен жеке кек алуды жазалануға тиісті әрекет
деп танығаннан кейін, кек алу мақсатында кісі өлтіру қазақ ауылдары
арасында құпия жүргізілді.
Қазақтың дәстүрлі құқығының қылмыстық-құқықтық нормалары жеке
тұлғаның ары-ұжданын қорғауды жазаланатын және жазаланбайтын деп
бөлді. Жазаланбайтынға: ата-аналарының балаларына, күйеуінің әйеліне,
үлкендердің кішілерге қарсы айтқан реніш сөздері жатады. Дәстүрлі құқық
бұл салада үлкендер мүддесін қорғады. Ата-аналарын ренжіткен балаларды
45
ата-аналары немесе билер қатаң жазалады. Жазаланатын ренжітулер
патриархалды-феодалдық қатынасқа қарсы бағытталған жағдайда жүргізілді.
ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарына дейін ата-аналар балаларына шектеусіз
билік жүргізді. Тәуке заңында «әйелді ренжіткен адам одан кешірім сұрауға
тиіс, сұрамаса арсыздығы үшін айып салынады».
Дәстүрлі құқық бойынша сұлтан, би және басқа да, «сыйлы
тұлғаларға» құрмет көрсетпеу, бөтен үйге рұқсатсыз кіру, жолаушылап келе
жатқан кісіге түнеуге рұқсат етпеу, аттың құйрығын кесу т.б. басыну болып
есептелді.
Қазақ хандықтары Ресей қол астына қарай бастаған алғашқы
дәуірлерде патша өкіметі олармен мемлекет аралық саяси, дипломатиялық
қатынас жасауға нақты көңіл бөлді. Көшпелілердің осы салалардағы
құқықтық нормаларын, әдет заңдарын танып біліп, игеруге құлшыныс
танытты. Ресей әкімшілігі, әсіресе, аманат институтын ұтымды қолдана білді.
Ақ патшаның қол астына ендім деп ант берген қазақ хан-
сұлтандарының бала, бауырларын реті келгенде міндеттеп, аманат есебінде
патша сарайында ұстап отырды. Сондай-ақ көшпелілердің мемлекетаралық
қатынастарда қолданатын әскери міндеттеме, құқықтарын ескеріп,
алым-салық түрлеріне ден қойып, қолданып отырды.
Патша өкіметі қазақ даласымен араласқа түсе бастағандықтан
шекаралық байланыстарға алыс-беріске, сауда-сатыққа көңіл бөлді.
Қазақтармен байланыс орнаған шекаралық аймақтарда сот билігін өз қолына
алу арқылы орыс-қазақ қатынастары өз қарауына және бақылауына қаратпақ
болатын. 1738 жылғы қазақтар мен орыс шенеуніктері мен кіші және орта
жүз өкілдерінен тұратын соттық комиссия құру туралы шешім осының
көрінісі еді.
Орынбор қаласында Кіші жүз қазақтары шекаралық сот органын құру
туралы патшаның 1784 жылғы жарлығында шекаралық сот тек орыс
заңдарын ғана басшылыққа алуға тиіс деген. «Сей суд в разборе дел
долженствует поступать на основании законов и учреждения наших» - дейді.
Патша әкімшілігі реті келген кездері қазақ әдет-ғұрып құқығы
нормаларын көшпелілердің өздеріне қарсы қолданудан тайынбады. Осындай
құқықтық институттің бірі барымта еді. Мұндай «барымталар» көбіне жорық
күйінде болып, елді үлкен мүліктік шығынға және қанды қырынға
ұшырататын.
Мүліктік қылмыстар. Қазақтың дәстүрлі құқығында «мүліктік
қатынасқа қарсы қылмыс», басқаша айтқанда «мүліктік қылмыс» түсінігі
болмаған. Барлық мүліктік қатынасқа қарсы қылмыс түрлері бір атаумен
«ұрлық» деп аталған. Қазақ қоғамында шабу мен тонау болғанымен, бұл
терминдер қазіргідей мазмұнға ие болмады. Мысалы, «шабу» түсінігіне
ауылға қарулы барлық шабуылдар, күштеп мүлкін тартып алу, малдарды қуу
мен адамдарды тұтқынға алу жатады. ХУІІІ ғасырда қазақ жүздеріне хандық
билік кезеңінде де барымта және басқа басқару әрекеттері шабу деп аталды.
Тәуке ережелерінде және басқа дәстүрлі құқықтық нормаларында ұрлық пен
өлім, ұрлық пен қорлау үшін жазалау біріктіріліп екі қылмыс ретінде
46
жазаланады. «Кім ұрлық пен бірге өлімді істесе, сол екі қылмыс үшін құн
төлейді» - деген.
Тонау түсінігі дәстүрлі құқықта шабу мен ұрлық түсінігінен
айрықшаланбады. Тәуке заңында ұрлыққа қолданылатын жаза тонауға
қолданылды.
Дәстүрлі құқықта жылжитын және жылжымайтын мүлікке қылмыстық
әрекеттер ерекшеленбеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қазақтың
дәстүрлі құқығында бөтен біреудің жерін басып алу немесе иелену,
шекараны бұзу және жылжымайтын мүліктерді иелену немесе басу т.б.
тәртіп бұзушылықтарға жаза қолданылмайды.
Қазақтардың негізгі шаруашылығы мал болғандықтан малға меншік
құқығының бұзылуына басқа мүлік түрлері құқығының бұзылуына қарағанда
жоғары жаза тағайындалды. ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін әрекет
еткен Тәуке ережесі мен дәстүрлі құқықтың басқа нормаларында малды
ұрлау түрлеріне әртүрлі жаза нормаларында малды ұрлау түрлеріне әртүрлі
жаза ірі айып төлеу мөлшерінен бастап, өлім жазасына дейін қолданылды.
ХІХ ғасырда Қазақстанда тауар-ақша қатынастарының дамуына
байланысты, «сату-сатып алу айырбасы», «алдау» т.б. түсініктер пайда
болды.
Дінге қарсы қылмыс. Көшпелі және жартылай көшпелі өмір сүрген
қазақтарға Қазақстанда тараған мұсылман діні қатты әсер етті. Қазақтың
дәстүрлі құқығында мұсылман құқығы шариаттың ықпалы қазақ қоғамында
дінге қарсы қылмыс түсінігін тудырды. Қазақ қоғамында дінге қарсы
қылмысқа үстемдік етуші патриархалды-феодалдық қатынасқа қарсы
бағытталған және шариаттың діни нормаларын бұзған әрекеттер
жатқызылды.
Тәуке заңында діни қылмыстың 2 түрі құдайға тіл тигізу мен оған
сенбеу белгілі болды. Жеті кісі куәлік етсе, құдайға тіл тигізуші таспен атып
өлтіріледі. Кәпір болған адамның бүкіл мал-мүлкін оның туған-туыстарының
қарамағына өтеді.
ХІХ ғасырдың бірінші жартысынан бастап дінге қарсы бағытталған
әрекеттерге жаза түрлері кеңейе бастады. Дәстүрлі құқықта бейіттерді бұзу,
қорымдарды ашу, құдайға тіл тигізу сияқты түрлеріне жауапкершілік
белгіленді. Бұл сол уақытта Қазақстанда мұсылман дінінің күшеюімен
байланысты болды. Дінге қарсы қылмысқа жауапкершілік жүктейтін
әдет-ғұрып нормалары шариат нормаларымен астарласып, араласып кетті.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстанның Ресейге қосылу
процесінің аяқталуына байланысты бұрын қылмыс болып есептелмеген кей
әрекеттер, енді қылмыс болып саналады. Ішімдіктер қолдану, намаз
ережелерін бұзу т.б. дінге қарсы қылмыс деп табылатын әрекеттер қарала
бастады.
Дінге қарсы қылмыс үшін кінәлі адамға мынадай жаза түрлері
қолданылды: кейбір құқығынан айыру, дене жарақаты жазасы, бас
бостандығынан айыру мен айып төлеу. Үстем тап шариат нормаларынан
өздерінің сенімдерін қорғайтындарын ғана алды.
47
ІІІ тарау. ҚАЗАҚ ӘДЕТ-ҒҰРПЫНДА ҚОЛДАНЫЛҒАН
ЗАҢ НЕГІЗДЕРІНІҢ ТҮРЛЕРІ
