- •Isbn 9965-617-51-1
- •Isbn 9965-617-51-1 © Смағұлова а.С.
- •1.1 Әдет-ғұрып заңдарының бастаулары
- •1.2 Әдет-ғұрып құқығындағы нормалар мен қағидалар
- •1.3 Қазақ қоғамындағы билер қызметі
- •2.1 Әдет заңындағы отбасы-неке құқығы
- •2.2 Меншік әдет заңы
- •2.3 Мұрагерлік құқық
- •2.4 Міндеткерлік
- •2.5 Қылмыстық әдет заңы
- •3.1 Майқы би шығарған жарғының қысқаша мазмұны.
- •3.2 Қасым ханның хандық құрған кезеңі
- •3.3 Қазақ мемлекеті тарихындағы Қасымның орны мен маңызы
- •3.4 «Қасым ханның қасқа жолы»
- •3.5 «Есім ханның ескі жолы»
- •3.7 Қазақ әдет- ғұрпына шариаттың әсер етуі
- •3.8 Қазақ әдет-ғұрып заңдарының ерекшеліктері
2.1 Әдет заңындағы отбасы-неке құқығы
Дүниежүзі халықтары тәрізді, қазақтың да өзіне тән отбасы тарихы бар.
Адам баласы басынан өткізген сан алуан қоғамдық – экономикалық
формациялардың қай-қайсысы болмасын әр қилы отбасы түрлерімен тығыз
байланысты болған. Ф.Энгельстің айтуынша, топты неке-жабайлық дәуірге
тән болса, жұпты отбасы өркениетті дәуірге тән болған.
Отбасы тарихындағы мұндай неке формаларын қазақ халқының арғы
тектері де басынан өткізген. Отбасы-рулық топтар барлық уақытта бірге
көшіп-қонатын бірнеше ауылдардан құрылған. Мұны «бір ата баласы» деп
атайды.
Қазақ арасында негізінен дара (шағын) отбасы үстем болған, онда
үлкен патриархалды отбасы қауымының көптеген сипаттары сақталып
келген, ол ерлі-зайыптылар, үйленбеген балалар, қарт қариялар, сондай-ақ
үйленбеген кіші жақын туыстардан құралды.
Қазақ өлкесінде үлкен патриархалды отбасының ертерек ыдырауына
көптеген жағдайлар себепкер болды:
1) Қазақ қауымындағы топтық жіктелудің күннен-күнге күшейіп,
патриархалдық тәртіптің әлсірей түсуі әсер етті.
2) Туысқандар арасында мал және мүлік теңсіздігін туғызу факторы
(қалың мал, жасау беру).
3) Экзогамалық (белгілі бір туыстық шеңберінде қыз алыспау)
тәртіпті сақтай отырып неке құру т.б.
Үлкен патриархалды отбасында әке билігі үнемі шексіз болған. Ал, әке
өлген соң оның орнына отбасы басшысы болып, үлкен ағаның үкімі барлық
басқа отбасы мүшелеріне үшін заңды болған. Шаруашылығы бөлек
болғанмен барлық балалары әкесімен ақылдасып, оның айтқанын екі
қылмайтын. Кенже бала қазақ дәстүрі бойынша әкенің мұрагері есебінде
әкесінен бөлінбейтін де, оның шаңырағына, мал-мүлкін ие болып қалатын.
Әке шаңырағы «қара шаңырақ», «үлкен үй» атанады.
Көп әйел алған қазақ байлары, олардың әрқайсысын балаларымен
бөлек ұстайды, әрқайсысына енші бөліп береді. Мұндағы мақсат әке өлген
соң әр әйелдің балалары бір-бірімен тату, тыныштық сақтап тұрсын деген
тілек еді. Әр әйелдің балалары өз шешесінің еншісінен үлес (енші) алып
бөлініп шығады.
Балаларына енші бөлек шығару әдеті негізінен олардың үйленуіне
байланысты болды. Жаңа түскен келін әдетте 1-2 жыл ата-енесімен бірге
тұрып, әр нәрсеге үйреніп, өз бетінше үй болып тұруға дағдыланған соң, өз
алдына отау болып бөлінетін де еншісін алатын.
Ер жетіп үйленген балаларды енші беріп, жеке шығарудың зор саяси
шаруашылық маңызы болды. Бұл әсіресе, әкесінің қоғамдық ықпалын
көтеруге себін тигізетін.
18
Отау үйге берілетін енші мөлшері әкенің байлығына, бала санына
байланысты болатын. Бөлек шығатын отаудың басында жазғы, қысқы үйі,
алдында малы және т.б. мүліктері болуы керек.
Әдет-ғұрып құқығының неке және отбасы саласын реттеуге
бағытталған нормалар мен институттарының негізгі және басты қағидасы,
«жеті атаға дейін қыз алыспау» деп аталады. Яғни, жақын туысқандар
арасында қан араластыруға жол бермеу неке және отбасы қатынасын
реттеуге арналған әдет-ғұрып құқығы нормаларының басты мақсаты және
мәні еді. Өзге институттар мен нормалар (қалың мал, көп әйел алу,
әмеңгерлік т.с.с) осы қағида аумағында және бақылауында іске асты, оның
ықпалынан шықпауға, талабын мойындауға мәжбүр және міндетті болды.
Мұндай болмаған жағдайда кез келген некелік келісім немесе отбасылық
қатынас оларды реттеуге бағытталған норма өз күшін жоятын. Жыныстық
тұрғыдан жетілген жасқа толғандар ғана некеге тұруға рұқсат алды. Балиғат
жасы қыздар үшін 13-14, балалар үшін 15-16 жас деп есептеледі, есі дұрыс
емес жандармен некеге тұруға рұқсат етілмеді, егер ері белсіз болса әйеліне,
әйелі бедеу болса еріне некеден шығуға рұқсат етілетін, олардың жаңа некеге
тұруына жол ашылатын.
Некелесу түрлері, тәртібі.
Қазақта некелесудің түрлі формасы болған. Бүкіл қазақ халқына тән
болған некелесудің ең негізгі түрі – қалыңдықты қалыңмал төлеп сатып алуға
негізделген құдалық арқылы неке құру болды. Мұнымен бірге алғашқы
қауымдық қоғамда үстемдік еткен топтық некенің қалдығы ретінде қазақ
арасында әмеңгерлік (левират) және балдыз алу (сорорат) ғұрыптары
бойынша неке құру әдеті өте жақсы сақталып келді. Әртүрлі жағдайларға
байланысты ел арасында қыз келіншектерді алып қашып некелесу әдеті де
болды. Бірақ бұл әдет ХХғ. басында құдалық арқылы некелесу ғұрпымен
тығыз байланысты болды. Олай дейтініміз кей уақытта құдалық арқылы
некелесу тәртібі алып қашумен аяқталса, енді бірде алып қашу арқылы
некелесу міндетті түрде құдалық ғұрпымен қалың төлеу арқылы бітетін.
Қазақ арасында сирек болса да ХХғ. басында кездесіп тұратын
некелесу түрінің бірі туған-туысы жоқ, қалың төлеуге шамасы келмейтін
жалғыз басты жарлы жігіттер қыз әкесіне қалың орнына күшін сатып, белгілі
мөлшерде қызмет ету немесе қыз әкесінің ер балалары болмаған жағдайда
қолына, «күшік күйеу» болып кіру арқылы неке құру болды.
Құдалық деген сөздің өзі некелесудің бұл түрінің тек ата, әке не басқа
туыстар еркіне байланысты, тіпті күйеу өздігінен өзі алған адам болған
күнның өзінде, оның атынан сөйлейтін кісі тарапынан жүргізілетіндігін
көрсетеді.
Әр әке өзінің шама-шарқына қарай, мүмкіндігінше өзіне теңдес
адамды таңдайды. Алайда, құда болудың бірнеше жолы тәртібі болады.
Кейде тағдырлары ұштасып достасқан екі адамның әйелдері екі қабат болса,
олар босанбай тұрып, кімде ұл, кімде қыз боларын білмей-ақ ниет қосып құда
болатын. Мұны «бел құда» дейді. Әдетте бел құдалар қалың алыспайды.
Қазақ арасында кең тараған аңыз «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы
19
Қарабай мен Сарыбайдың тумаған балаларын атастырып серттесуі осы бел
құдалықтың анық айғағы. Мұнда құдалықтың шарты екеуінің әйелі босанған
уақытта бірі ұл, бірі қыз болып туса, екеуін қалыңсыз үйлендіру, ал екеуі бір
жыныстан болса, екеуін дос етіп, әкелерінің достығын әрі жалғастыра беру
болатын.
Қазақ арасында ежелден келе жатқан құдалық түрінің бірі-бесікте
жатқан екі нәрестені атастырып қою. Мұндай құдалықты «бесік құда» дейді.
Балалары шыр етіп жерге түсісімен қыз айттырып, құда түсу негізінен
ерекше бір мақсатты көздеген әкелердің ісі. Қалың мал бесіктегі балалары ер
жеткенше біртіндеп төленеді, ол өсіммен беріледі.
Жігітке қалыңдық таңдауда ата-ананың жанашыр жақын туыстары
көмектесетін. Қыз таңдаушылар қыздың жағымды-жағымсыз жақтарымен
түгелдей танысатын. Қыз таңдау аяқталған соң күйеу жағы қыз әкесіне құда
түсіп қалың малын түгел төлеп, әдет-ғұрып бойынша толып жатқан алыс-
берістер, жол-жобалар, орын-орнымен екі жағынан бірдей орындалған соң
қыз аулында ұзату, күйеу аулында келін түсіру тойы жасалып, құдалық неке
құру түрі аяқталады.
Құда түсу арқылы некелесудің бұдан өзгеде түрі болды. Оған ең
алдымен қарсы құда болу әдетін жатқызу керек. Қазақ арасында қарсы құда
әдеті жөнінде И.Козлов, Н.Гродеков, Н.Изразцов еңбектерінде деректер бар.
Олардың пікірінше қарсы құдалық дәстүрі тым шағын дәулеттілер мен
кедейлер арасында болатындығын және апа-қарындастарымен қалыңсыз
айырбас жасайтындықтарын айтқан.
Некелесудің көне түрінің бірі-қызды алып қашып үйлену. Қазақ
арасында қыз алып қашудың ең көп кездесетін түрі өзінің айттырылған заңды
қалыңдығын алып қашу. Күйеу жағы мұндай іске мәжбүр ететін әр түрлі
себептер болды: қыз әкесі құдасына не күйеу баласына көңілі толмай немесе
өзіне пайдалы басқа адаммен құдандалы болып, оны өз мүддесіне сай
пайдаланғысы келеді. Мұндай жағдайларда әр түрлі сылтаулармен алғашқы
құдасына қыз ұзату мерзімін соза береді. Жат ойын сезген жігіт жағы
бірнеше рет кісі салып, алдынан өткеннен кейін қалыңдықты алып қашу
шарасын қарастырады.
Көшпелі қазақ қоғамындағы некенің негізгі нысаны моногомия болды.
Бірақ ол көп әйел алумен толықтырылды және әмеңгерлікпен
жалғастырылды.
Көп әйел алу кезінде әйелдердің жағдайлары бірдей болған жоқ,
әсіресе бәйбішенің отбасындағы жағдайы жоғары болды. Ол тоқалдарға өз
билігін жүргізіп отырды. Бұлай болатын себебі, алғашқы әйел әдетте
ата-анасының айтуымен, туыстарының ақыл-кеңесімен айттырылып
алынатын. Ауқатты отбасындағы бәйбіше әдетте ауқатты байдың, белгілі
рудың қызы болды. Кіші тоқалдар өзара тең дәрежеде ұсталынды, олардың
отбасындағы жағдайы бір-бірінен аса көп ерекшеленген жоқ.
Табиғи-тарихи және әлеуметтік экономикалық факторлардың тікелей
әсерін сезіне отырып, үздіксіз даму үстіндегі, қазақ әдет-ғұрып құқығының өз
жалғасын тапқан келесі белді институтының бірі - әмеңгерлік еді.
20
Әр түрлі әдеттердің қалыптасқан дәстүрінің бір түрі ретіндегі ананың
үстемдігі заманынан (матриархат) әкенің үстемдігі заманына (патриархат)
көшу кезеңінде пайда болады. Әмеңгерлік институты пайда болғаннан кейін
ол өзгеріске ұшырамай тұрған жоқ. Матриархат кезінде жесір қалған әйелдің
әмеңгері болып, оның күйеуінің шешесінің жақындары саналды. Бірте-бірте
әйел құқығының төмендеуіне байланысты әмеңгерлік құқығы күйеудің
туыстарына көшті. Бұл кезеңде әмеңгерліктің шеңбері кең болды. Оған
жесірдің күйеуінің барлық туыстары әмеңгер саналатын, кейін тек ең жақын
туыстары ғана құқықты болды.
Әмеңгерлік көшпелі өмірдің туындысы. Жылжымалы байлық,
шашыранды қоныс, өзгермелі өмір, күрделенген қатынас, ең әуелі отбасының
баянды болуын талап етті. Қоныстар ауысып, өрістер жаңаланып,
қақтығыстар қайталанып, ері өліп шаңырағы ортасына түсетін жағдай екінің
бірінде туылып тұрғанда, өлгеннің отын өшірмеу, жетімін тентіретпеу үшін,
ең алдымен «жесірдің» орнын дұрыс тану керек болды. Жесір-жетімнің
панасы, ер жетер ертеңгі азаматтың қамқоры ру жасағына қол қосып жатқан
жанды өндіріс. Сондықтан, бір руға түскен кешегі келін, ері өліп бағы сынған
бүгінгі жесір, аман болса ертең әмеңгер болып жаңа өмірді жалғаушы. Оған
«кетуге» болмайды.
Біріншіден, әмеңгер өзі түскен шаңырақтың мүшесі, оның орны,
мүддесі, кісілік құқы сол әулеттің өсуі мен өшуіне, ұяты мен мыятына
жымдасып, тұтасып кеткен. Отағасының қазасы ең әуелі сол әулеттің орны
толмас шығыны, жесір сол шығынның төлем жалғасы.
Екіншіден, қайтыс болғанның артында қалған ұрпағы, сол әулеттің
заңды тұқымы. Оның өз әулетінде қалуы орны толмас шығынның орнын
толтырудың жалғыз жолы. Жесірдің «әмеңгер» болуы сол ұрпақтың аман-
есен өсуінің алғышарты.
Үшіншіден, жесірдің қолында баласы болмаған күнде де, оның өзі сол
әулеттің қалың малына алынған «меншігі». Аяғы бар «меншік» ерден кетсе
де елден кетуге болмайды, ол өзі келін болып түскен әулеттен бір ерге
қосылып «орнын» сақтауға міндетті.
Төртіншіден, жесірін әмеңгерлікке ала алмауы, ие болар ердің
шықпауы, жесірін тентіретіп жіберуі, сол әулеттің тексіздігі іспетті, сүйегіне
басылған таңба. Ол сол әулеттің кісілігімен, қауым ортасындағы орнымен
тіке қатысты.
Бесіншіден, жесірдің «әмеңгер» болу ісі дұрыс шешімін таппаса, әуелі
ұрпақ тозады, ұрпақ болмаса, отбасының оты өшеді. Жесір төркініне кетсе,
не басқа рудан ер таңдаса, не болмаса сүйгенін тауып қашып кетсе, рулар
арасында «жесір дауы» туындап, берісі шығын, арысы өліммен тынады.
Бір ер бірнеше әйел алатын қоғамда, әмеңгерлік мәселесі күрделі
болды. Бір ер өлсе бірнеше әйел қатарынан жесір қалды, жесірдің, жетімнің,
мүліктің тәуелдігін шешу үшін, рулар арасында айлап, жылдап елші келіп,
жаушы жетіп жатты. Адамдар оңтайлы жолдарын табуға ұмтылды, соның
нәтижесінде әмеңгерлік әдет заңы өмірге келді. Жесір даулары шешілетін
негіздер пайда болды.
21
Ғұндарда: «Әке өлсе өгей шеше бөтен ұлға әмеңгер, ағайын өлсе жесірі
ағайындасқа әмеңгер» дейтін заң болды. Соның нәтижесінде, әмеңгер
қарастылығын бір әулет ішінде шешу мүмкін болды. Сол кездегі ғұн және
үйсіндердің түсінігі бойынша: жатырын жарып тумаған, емшек сүтін еміп
өспеген, бірақ бір еркектің кіндігінен тараған бала, басқа әйелдерге «бөтен»
болады, ал тумаған «шеше» бөтенге «өгей» болды. «Қол сынса жең ішінде,
бас жарылса бөрік ішінде» деп әмеңгер алу осылайша, отбасы ішінде
«өгейді» «бөтенге» қарату жолымен шешілді. Міне, бұл бір еркектің
бірнеше әйел алуынан туындаған мәселе. Ал өмірде бұл үрдіс бұдан да
күрделі болды. Мәселен, үйсіндерде:
Біріншіден, бөтен ұл өгей шешені әмеңгерлікке алып қоймай, бөтен
немере өгей ұлы да шешесін әмеңгерлікке алатын болды; екіншіден, әкесінің
көзі тірісінде де бөтен немере өгей ұлы шешесін әмеңгерлікке алуына
болатын болды; үшіншіден, көкесі (әкесінің інісі) қайтыс болса, немерелес
інісі оның жесірін әмеңгерлікке алуына болатын болды; төртіншіден, аға өлсе
жеңгесін әмеңгерлікке алатын, олардың ағайындары да солай істеуіне
болатын болды. Мына бір мысалға қаралық: Хан императоры Ши жүн
ханышаны әуелде Үйсіннің Елжау күнбиіне ұзатты, Елжау күнбиі
қартайғанда, Ши жүнді немерелес інісі Жоншы күнбиге әмеңгерлікке
шығарды. Ши жүн қайтыс болды, Хан императоры Жей ю ханышаны
Жоншы күнбиге ұзатты. Жоншы күнби қайтыс болды, оның әкесінің інісі
Дағлұқтың (Дулат) ұлы Оңғай күнби Жей юды әмеңгерлікке алды. Оңғай
күнби қайтыс болды, Жоншы күнбидің ұлы Нәй би күнби (Оңғай күнбидің
немерелес інісі) Жей юды әмеңгерлікке алды. Мұндай күрделі әмеңгерлік дау
тудырмай, дамай болмай әдет заңы арқылы реттеліп келді.
Бірақ, бұр үрдіс көшпелілер арасында ұзаққа созылмады. Қоғамдық
дамудың барысында біртіндеп ығыстырылды. Әкемен бір шаңырақ астында
бас қосқан, бір отбасының отын тұтатқан әйелдер нешеу болса да, сол
шаңырақта дүниеге келген бала, өз анасын да, өзін тумаған өгей шешелерін
де ана деп танып орнын сыйлады. Әкесі қайтыс болғанда, баласы болмаған
шешені «бөтен» балалары қолына алып, туған анасындай асырап бағып
келді. Бір отбасында бір ерге тиген мұндай әйелдер бірінің баласын бірі
бауырына салып алатын дәстүр де болды. Бұл отбасының берекесін,
татулығын сақтауда, балаларды бауырмал, туысшыл етіп өсіруде өнеге
болды.
Көшпелілер арасында әмеңгерліктің ұзақ жалғасқан және көп
кездесетін түрі: аға өлгенде қалған жесір жеңгені қайнысы алғаны болды.
Мұның ұзақ жалғасуындағы бір себеп, аға мен іні буын жағынан бір ұрпақ
ішіндегілер, жас өзгешелігі болмаса «жол» жағынан деңгейлес, оларда «сүт
араласпаған». Аға өлсе іні мұра деген көз жұмған ағаның шаңырағына інінің
жауапты екенін білдірді, ағаның жесірі мен балаларына, меншігі мен
дәулетіне оның мұрагер ғана емес, ағаның оты өшпеуге, «жетімдерді»
тентіремеуге де міндетті екендігін көрсетеді. Бұл қандастықты сақтаудың,
ізгілікті сақтаудың, ұрпақты және әулетті сақтаудың үлгілі салты болды.
22
Орынбор шекара комиссиясы чиновниктерінің 1846 жылғы
материалдарына үңілсек, ХІХ ғасырдың басындағы бұл құқықтық
нормалардың сақталғандығын байқаймыз. Баллюзек: «выбор… вдов далее
братьев умершего … простираться не может. Поэтому если она вопреки
обычаям изъявит желание выйти замуж за постороннего помимо аменгеров,
то который либо из последнего берет ее за себя насильно. Только между
родными братьями мужа предоставляется ей выбор …» деп жазған.
Демек ХІХғ. соңы мен ХХғ. бас кезіндегі әдет-ғұрып нормаларына
сәйкес жесір қалған әйел бөтен елдің адамына тұрмысқа шыға алмаған, егер
ол әдетті бұзып, басқа адамға тұрмысқа шығамын десе, оны күйеуінің
туыстарын бірі күштеп алатын болған. Егер де жесір әйел қайындарының
кішісін таңдаса, үлкеніне төлем төлейтін болған, өйткені ол қалыптасқан заң
бойынша үлкеніне тиюі керек еді.
Қазақ халқында әйелі не қалыңдығы өлген жағдайда балдыз алу әдеті
де болған. Әйелі өлген жігіттің қайын атасының қолында айттырылмаған бой
жеткен қызы болса, күйеу әкесі құдасына барып,салмақ салады. Қыз әкесіне
құдасы да, күйеу баласыда ұнайтын болса, басы бос қызын жездесіне беріп
құдандалылық қатынасты әрі қарай соза береді. Балдыз үшін «балдыз қалың»
беріледі де киім-кешегімен ғана алып кетеді. Жасау балдыз қалыңның
мөлшеріне шамалас болады.
Егер қыз әкесіне құда жағы ұнамаса, әсіресе өлген қызы түскен жерінде
тиісті сый-құрмет көрмей, ылғи жәбірленіп жүріп дүние салса, басы бос бой
жеткен қызы бала тұра бергісі келмесе, ешкім оны зорлай алмайды. Сондай-
ақ бой жеткен қызы біреуге айттырылып қойған болса, бұл мәселе тіпті сөзде
болмайды.
Балдыз алу мен балдыз берудің міндетті түрі қалыңдық оң жақта
отырып өлген жағдай да болатын. Қалыңдық өлісімен күйеу бірнеше
жолдастарымен қайын атасына келу керек. Егер ол уақытында келмесе,
балдызын алу құқынан мүлде айырылады. Сондықтан түрлі себептермен
уақытында өзі бара алмайтын болса, бір сенімді адамды басшы етіп уәкілдер
жіберетін. Өлген қалыңдықтың басы бос бой жеткен туған сіңілісі болса,
оны міндетті түрде жездесіне береді.
Егер күйеуі алғашқы қалыңдығына ұрын келіп үлгерген болса, балдыз
үшін бұрынғы келісілген қалың мал үстіне «балдыз қалың» (1-2 түйеден
1 тоғызға дейін) төлейтін. Ал, енді алғашқы қалыңдығымен ешқашан
кездеспесе, яғни ұрын келіп те үлгермесе, «балдыз қалың» төлемейді. Балдыз
алу ғұрпы орындалған күнде, ол әйел үстіне бармайды.
«Қалың», анығырақ айтсақ «қалың мал» қалыңдыққа төленетін төлем
ретінде көрініс тауып отыр. Отбасының жұптасып өмір сүруі кезінде
некелесудің және неке байланысының нақты қоғамдық қажеттілігінің ерекше
нысаны пайда бола бастады, ерлі-зайыптылардың ресми түрде некелесуі
реттеледі. Жұптасып отбасын құру үшін әрбір некені жеке тіркеу қажет
болды. Некелесу мен оны ресми тіркеудің стихиялы түрде қалыптасқан
алғашқы қоғамдық нысаны әйелді ұрлап әкету, келе-келе құдаласу, қалыңдық
пен күйеу баланың әке-шешелерінің оларды қосу жөніндегі екі жақты
23
келісімі болды. Мұндай келісімге жетіп, екі жақтың некесін қию тиісті әдет-
ғұрып, жол-жоралғылық шаралармен, салтанатпен ұштасып отырды.
Күйеудің, оның туыстарының сыйлық ретінде қалыңдыққа төлем төлеуі, осы
процестің қосалқы элементтерінің бірі болып саналды, сонымен бірге ол
некелесу актісіне ресми мән берудің көрінісі, тойдың көркі болса, келе-келе
некелесудің жағымсыз мәнге ие қажетті алғы шарттарының біріне айнала
бастады.
Қалың мал беру тек қана неке қию үшін ғана емес, сонымен бірге сол
арқылы туыстық қатынасын нығайту, рулар арасындағы ынтымақтастықты,
бір-біріне қол ұшын беру, көмек көрсетудің дәнекері есебінде қарады.
Бала асырап алу.
Қазақ өмірінде бала асырап алу дәстүрі ежелден қалыптасқан ғұрып.
Негізінен өз кіндігінен ер баласы жоқ адамдар бала асырап алады. Әдетте өз
кіндігінен баласы барлар да бала асырап алады. Себебі, қайсы біреулер
шаруашылықты жүргізуде өз балаларына серік етуге, екіншілері балалы
ағайындардан қысым көру негізінде, немесе жетім қалған ағайын-
туыстарының жас балаларына шын мәнінде әкелік қамқорлық жасау
туысқандар арасында бір-бірімен туысқандық қатынастарын үзбей күшейте
түсу мақсатымен бірінің баласын бірі бауырына басатын. Баласыз адам ең
алдымен өзінің бірге туған туысының баласын, қала берді көңіл жетер жақын
ағайынның баласын алатын. Әрине, мұндай туыстары бірнеше балалары
болған жағдайда ғана бір баласын қимас туысына беруден бас тартпайды.
Кейде бөтен елдердегі тамыр-таныстарынан немесе атасы басқа жетім
балаларды (ертеректе тіпті құл балаларын, төрелер болса төлеңгіттерінің
балаларын) бауырына салып асырап, бала ету (сирек кездескенмен) болып
тұратын. Көбінесе ер балаларды асырап алатын. Ал ер баланың реті келмеген
жағдайда қыз балаларды да асырап ала беретін.
Қандай жағдайға байланысты, кімді алып бауырына салып, бала еткісі
келсе де, халық дәстүрі бойынша міндетті түрде орындалатын ғұрыптың
бастысы той жасап, ер балаға асық жілік, қыз балаға тоқпан жілік ұстату
әдетін істейді. Жұрттың көзінше бауырына салатын баланың қолына жілік
ұстатып, көпшілікті бұған куә ету, бала асырап алатын әке мен шешенің де
жұрт алдында оларды тумады деп бөлмеу туралы беретін уәдесі, анты
сияқты. Олай дейтініміз әртүрлі жағдайларға байланысты асырап алған бала
мен әкенің арасында келіспеушілік болып қалған жағдайда билер алдына
жүгінетін мүмкіндік туса, жұрт алдында бата қылып, асық жілік
ұстатқандығы әке тарапынан жауапкершілікті аңғартса, асық жілік
ұстағандығын мойындау бала тарапынан міндеттілікті аңғартады. Жұрт
алдында жілік ұстау ғұрпы екі жағының да бала алу, бала беру ісіне
ризашылығын білдіру.
Осыдан кейін ол бала және әке-шешесінің туған баласымен бірдей
заңды бала есебінде болады. Ол балалар ержеткенше барлық қамқорлық
әке-шешесінің мойнында. Олар тумаған әкенің заңды мұрагері болғандықтан,
әке тірі кезінде оған қалың беріп әйел әперуге, керек болған жағдайда енші
беріп бөлек шығаруға міндетті. Ал асырап алған қыз бала да сол тәрізді, ол
24
үшін қалың малын алып, жасауын толық етіп беруге міндетті болады. Қазақ
дәстүрі бойынша бауырға заңдастырып салынған балалар туған балалармен
бірдей құқтармен пайдалану керек.
Асырап алған баланың тегі бөтен рудан болса, әкесі өлген соң басқа
балалармен бірдей мұра үлесін алып, өз еліне кетуге болады. Өз туыстарынан
алынған бала болса, ол заңды түрде мұрагерлік етеді.
Әкелерінің тірі кезінде әртүрлі жағдайларға байланысты берген ұлын
да, қызын да келісе отырып қайтадан алуы да мүмкін. Мысалы, бір ұлын
туысына берген адамның өзіндегі ұлдары өлген жағдайда, әсіресе өлген
ұлдың жесірі қалса, асырауға берген ұлын қайтып алуына болады.
Ал туысына қыз берген жағдайда қолындағы айттырылған қызы өліп,
оның орнына берер басқа сіңілісі болмаса, ал асырауға берген қызы
айттырылмаса, екі жағы келісіп қыз өз үйіне келіп ұзатылады. Әрине
қалыңды да бөліп төлеуі, жасауды да бірігіп дайындауы мүмкін.
Бұл заңдылық біздің қазіргі нормативтік актілерімізде де өз көрінісін
тапты. Оның белгілі бір тәртіпке келтірілген жүйесі «Неке және отбасы
туралы» Заңда көрсетілген.
Ажырасу тәртіптері. Қазақтардың тұрмысында ажырасу өте сирек
болатын жағдай. Тегінде қазақтар отбасының бүтіндігін бәрінен жоғары
қояды. Әсіресе әйелдерге талап күшті. Әйелдердің ажырасу жөнінде ниет
білдіруге құқы жоқ. Ол тек еркектердің еркіндегі іс. Әйткенмен еркектер де
жөн-жосықсыз әйелдерін тастамайды. Көбіне көп әйелінің мінезі шайпау,
жеңілтек, өзі салдыр-салақ болғандықтан ажырасады. Еркек әйелімен
ажырасу үшін ешкімнің алдына барып жүгінбейді, тек бір күннің ішінде
әйеліне үш мәрте «сен талақ» деп айтса болғаны. Егер күйеуі әйелін талақ
тастамай, екі жақ өзара келісімге келіп ажырасса, үш ай, он күн өткеннен
кейін қайта жарасуларына болады. Тек некелерін қайта қидыруға тиіс.
Сондай-ақ еркек әйеліне бір немесе екі рет қана талақ айтса, онда қайта
қосылуларына болады. Ол үшін талақ болған әйел сырт көз үшін басқа
біреумен некелесіп, үш күн тұруы керек, бірақ онымен ерлі-зайыптылық
қатынас жасамайды. Үш күн өткеннен кейін әйел жалған күйеуінен
«талақхат» алып ажырасады да, бұрынғы күйеуімен қайта некелеседі. Ал,
егер еркек әйеліне үш мәрте талақ айтса, онда екеуінің қосылуына еш еркі
жоқ.
Егер әйелі өліп, еркек тұл қалса, қайын жұртына әйелінің сәукелесі мен
кейбір бағалы заттарын қайтарумен оның марқұм зайыбының алдындағы бар
борышы бітеді. Ол жесір құсап аза тұтуға, өлген әйелінің соңын күтуге
міндетті емес. Екінші рет қашан үйленем десе де ерікті. Ал, жесір әйел қара
жамылып оның орнын бір жыл күтеді, сонда ол борышын ақтағаны деп
саналады.
Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы желтоқсанның
17-сінде қабылданған Заңында неке жасы еркектер мен әйелдер үшін
18 жас болып белгіленеді. Дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік
органдары неке жасын 2 жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін. Неке
жасын төмендетуге тек некеге тұрушылардың келісімімен ғана жол беріледі.
25
Осы Заңнын 4 тарауында некені тоқтату жағдайлары көрсетілген. Неке
ерлі-зайыптылардың бірінің қайтыс болуына немесе сот оны өлді немесе
хабар-ошарсыз кеткен деп жариялау салдарынан тоқтатылады.
Ерлі-зайыптылардың өтініші бойынша тоқтатылуы мүмкін. Әйелдің жүкті
кезінде және бала туғаннан кейін бір жыл бойы ері некені бұзу туралы
әйелінің рұқсатынсыз іс қозғауға құқы жоқ.
