
- •Биржалық сауданың мәні және даму кезеңдері Биржалық сауда – ұйымдастырылған нарық. Оның ерекшеліктері
- •2. Ұйымдастыру деңгейіне қарай шартты түрде үшке бөлінеді:
- •3. Нарықтың пайда болуына қарай:
- •4. Сауданың жүргізілу формасына қарай:
- •Биржалық саудаеың даму кезеңдері
- •Қазақстанда биржалық сауданың пайда болуы
- •Биржаның қызметтері және түрлері. Биржалық инфрақұрылым
- •Биржаның түрлері
- •Биржа және оның биржалық инфрақұрылым ұйымдары
- •Биржа ісін реттеу
- •Биржалық тауарлар Биржалық тауар ұғымы және оның құрамы
- •Тауар биржасының биржалық тауарларының сипаттамасы
- •Бағалы қағаздар – биржалық тауар
- •Xі тарау Базистік нарықтар Бағалы қағаздар нарығы
- •4. Нарыққа енгізілген жаңалықтар:
- •Тауар нарығы
- •Валюта нарығы
- •Xіі тарау Биржаны және биржалық сауданы ұйымдастыру Биржаны құрушылар және оның мүшелері. Биржаның басқару органдары
- •Биржадағы делдалдық қызмет
- •Биржалық сауданы ұйымдастыру
- •Биржалық саудаға қатысушылар
- •Биржалық тауарды саудаға түсіру
- •Сауда тапсырмасы
- •Биржалық сауданы жүргізу механизмі
- •Xііі тарау Биржалық мәмілелер Биржалық тауармен жасалатын мәміле туралы ұғым
- •Тауар, қор және валюта биржаларында мәліме жасасу тәртібі, олардың түрлері және ерекшеліктері
- •Xіv тарау Биржалық мәмілелер бойынша клиринг және есеп айырысу Клиринг және есеп айырысудың мәні мен қызметі
- •Тәуекелдің негізгі түрлері
- •Бағалы қағаздар нарығындағы клиринг және есеп айырысу
- •Фьюсерстік шарт нарығындағы клиринг және есеп айырысу
- •XV тарау Биржалық бағаны айқындау Биржалық баға белгілеудің мәні және маңызы
- •Аукционда баға белгілеу
- •Бірыңғай бағам белгілеу әдісі
- •Фиксинг баға белгілеу тәсілі ретінде
- •Xvі тарау Фьючерстік шартпен және опциондармен сауда Фьючерстік сауда және фьючерстік шарт түсінігі
- •Xvіі тарау Биржалық индекстер және биржалық сауданы талдау Биржалық индекстер және олардың түрлері
- •17.1. Сурет. Негізгі талдау
- •Xvііі тарау Биржа ісін компьютерлеу Биржа қызметін автоматтандыру құралдарының ролі
Биржалық тауарлар Биржалық тауар ұғымы және оның құрамы
Биржалық тауар деген биржалық сауданың объектісі болатын тауар, яғни ол – биржалық саудада сатылатын және сатып алынатын тауар. Өндірілген кез-келген тауар биржалық саудаға түспейді. Сонда ол қандай тауар? Ол – ілгерілекте айтып кеткендей биржалық сауданың ерекше белгілеріне және талаптарына сай келетін тауар.
Біріншіден, биржалық саудаға тауардың нақ өзі түспейді. Олай болса, биржада сатылатын және сатып алынатын тауар стандартқа сай болуы тиіс, яғни сапасы және тағы басқа параметрі бойынша арнайы заң талаптарына сай болуы керек. Биржалық тауардың стандартталуы деген белгілі бір тауарлар түрі мен тобының шеңберінде тауарлардың өзара бірін-бірі алмастыруы.
Екіншіден, биржаға тауарлардың ірі партиясы саудаға түсіріледі. Ол деген биржалық тауар көпшілікке арналғандығымен сипатталады, яғни көптеген өндірушілер тауарларын үлкен көлемде және тұтынушылардың көптеген тобына арнап шығарады.
Үшіншіден, биржалық сауда тауарға еркін баға белгілеумен сипатталады. Сондықтан биржалық тауарларға сұраныс пен ұсынысқа және бәсекелестікке сай бағасы еркін кесілген тауарлар ғана жатады.
Әлемдік парктикада кездесетін биржалық тауарлардың негізгі кластары мыналар:
заттық (материалдық) тауарлар;
бағалы қағаздар;
шетелдік валюталар.
Егер аталған әрбір тауар класын таратып айтсақ жоғарыда көрсетілген талаптарға сай, яғни көпшілікке арналған, стандартты және өзара алмастырылатын, сондай-ақ бағасы еркін қалыптасатын тауарлар ғана биржалық сауданың объектісі бола алады.
Биржалық сауданың қазіргі кезде кең дамуына байланысты биржалық тауарлардың тізімі күрделеніп бірінші кезекте бағалы қағаздар класы көбейе түсуде. Биржалық тауарлардың негізгі кластарының тізімі қор нарығындағы индекстерге фьючерстік шарттардың және фьючерстік проценттің пайда болуына байланысы екіге өсті, атап айтқанда, биржалық бағалардың құрама индекстері және мемлекеттік облигациялар бойынша проценттік ставкалар. Алайда, айта кететін жәйт, баға индекстері және проценттік ставкалармен биржалық сауда технологиясының басқа туынды құралдармен болатын биржалық сауданың технологиясынан ешқандай өзгешелігі жоқ. Сондықтан бұдан былай жоғарыда көрсетілген биржалық тауарлардың негізгі үш класы – заттық тауарлар, бағалы қағаздар, шетелдік валюта туралы таратып айтылады.
Тауар биржасының биржалық тауарларының сипаттамасы
Тауар биржасының объектісі – заттық (материалдық) тауар, немесе тауардың өзі. Биржалық тауарларды бейнелейтін белгілер:
өндіру мен тұтынудың көптігі;
стандартталуы;
жақсы сақталуы;
тасымалдануы;
тауардың сапалық сипатының нақты тұтынушыға байланысты болмауы;
табиғи, мерзімдік, саяси және басқа факторлардың әсерінен бағаның өзгермелілігі.
Әлемдік практикада тауар биржаларында шамамен 70 түрлі тауарлар айналыста болады. Бұл тек алғашқы өңдеуден өткен тауарлар, яғни шикізаттар мен жартылай фабрикаттар. Олар екі үлкен топқа бөлінеді:
Біріншісі, ауылшаруашылығы және орман тауарлары, сондай-ақ олардан өңделген өнімдер (шамамен 50 түрі). Атап айтсақ:
астық, яғни бидай, жүгері, арпа, сұлы, қара бидай;
май тұқымдары, яғни зығыр, мақта , соя, бұршақ, соя майы;
тірі мал және ет (қара мал, шошқа, малдың сан еті)
тоқыма тауарлары ( мақта, жібек, жүн мата,иірілген жіп, кездеме);
тамақ–тағам тауарлары ( шекер, кофе, какао, өсімдік майы, картоп, жұмыртқа, бұрыш);
орман тауарлары (құрылыс материалдары);
табиғи каучук.
Екіншісі, минерал шикізаты және жартылай фабрикаттар. Олар шамамен 15-20 түрлі болады:
түсті металдар ( мырыш, мыс, алюминий және басқалар);
қымбат металдар ( алтын, күміс, платина және басқалар);
мұнай тауарлары ( мұнай, газ, бензин, мазут және басқалар).
Тауар биржаларында сатылатын тауардың өндіру мен тұтынуы көптігімен және бағаның еркін қалыптасуы сияқты ерекше қасиеті болуымен қатар, оның сапасы да айырықша болады.
Бұрыннан мәлім, өнімнің сапасы деген оның анықталған және шамаланған қажеттілікті қамтамасыз ету мүмкіндігі. Тауардың сапасы оның физикалық, химиялық және биологиялық қасиетіне, сондай-ақ тауардың атқаратын қызметіне, эстетикалық, экономикалық және басқа да талаптарға сай болуына байланысты. Әрбір тауар түрін оның қасиетіне, сапасына және сапалық көрсеткіштеріне қарай сипаттауға болады. Алайда, тауардың пайдалы қасиеті болғанымен, бірақ ол жоғары сапалы болмауы мүмкін. Осыған орай биржалық сауда тауардың сапасы туралы ақпаратқа қатаң талаптар қояды. Олар:
ақпараттың толықтығы;
оның дұрыстығы;
биржалық саудаға барлық қатысушылардың тауар сапасын бағалаудағы ауыз бірлігі.
Қазіргі кезде өнімнің сапасы туралы көптеген ақпарат көздері бар. Биржалық сауда үшін олардың көп қолданылатындары: тауар туралы жарнамалық дәріптер, тұтынушылар одақтары мен қоғамдарының сараптық қорытындылары, стандарттар.
Жарнамалық ақпараттың мақсаты – нақты тауардың басқа осындай тауарлармен салыстырғандағы негізгі артықшылықтарын дәріптеп, жаңа тауарға көпшілік тұтынушылардың көңілін аудару. Алайда, жарнамалық ақпарат өнімнің сипатын сандық жағынан емес, сөзбен дәріптейді. Сондықтан жарнамалық ақпарат тауардың сапасын толық көрсете алмауы мүмкін.
Тауардың сапасы туралы тұтынушылар одақтары мен қоғамдарының міндеті – тұтынушыларды сатылатын нақты өнімнің келеңсіз жақтарын сипаттайтын толық және жан-жақты мәлімет айту.
Өнімнің сапасы туралы мейлінше толық және дәл ақпартты тауардың стандарты береді. Стандарттың міндеті – өнімнің қасиеттерін және осы қасиеттердің мөлшерлік көрсеткіштерін заң жүзінде белгілеу, сондай-ақ біртектес өнімдер тобының сапасына қойылатын стандартты талаптарды айқындау. Сонымен тауардың сапасы туралы жоғарыда қарастырылған ақпараттар көзінен ең толығы, ең анығы, ең түсініктісі техникалық жағдайлар түрлерінің стандарты.
Алайда, биржалық операциялардың орындалмау тәуекелін төмендету үшін стандартта көрсетілген өнім сапасы туралы ақпараттар жеткіліксіз. Себебі биржа клиенттер алдында тауар туралы ақпарат үшін емес, тауардың нақ өзі, оның саны және сапасы үшін жауап беруі тиіс. Биржа тауардың бара-барлығына сенімді болуы үшін сол тауарға сарап жүргізуі керек. Бүкіл өркениетті әлемде кең түрде қолданылып жүрген сараптың бір формасы тауар өндіретін кәсіпорындарда өнім және сапа жүйесін сертификаттау болып табылады. Қазіргі уақытта өнімді сертификаттау тауардың сапасын басқаруда және де сатушының, сатып алушы мен тұтынушының тауар сапасына сенімін арттыратын фактордың ең тиімді құралы.
Сөйтіп, биржалық тауардың сапасын бағалауда:
біріншіден, стандарттар мен басқа нормативтік-техникалық құжаттарда көрсетілген сапа туралы ақпаратты;
екіншіден, өнімнің сапасы стандарт пен шарттағы талаптарға сәйкестігін анықтайтын құрал ретінде өнім сертификациясын;
үшіншіден, өндірушіге өнімінің жоғары сапасын және өндірісінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар екенін растайтын құрал ретінде сапа жүйесін сертификациялауды үйрену керек.
Тауарлар көп жағдайда буып-түю ережесін бұзғандықтан, дұрыс сақталмағандықтан және дұрыс тасымалдамағаннан өз сапасын жояды және құнсызданады. Оған қоса сыртқы факторлардың, яғни механикалық, биологиялық және ауа райының әсерінен сандық және сапалық өзгерістерге де ұшырайды. Мұндай жағдайда биржаның қоймасына қабылдау кезінде өнімнің сапасын қайта бақылау керек. Атап айтқанда:
тауар сапасының қолданыстағы мемлекеттік стандартқа сәйкестігін;
тасымалдау және сақтау процестерінде тауар сортының төмендегенін;
тауар сапасының прейскуранттағы немесе шарттағы бағаға сәйкестігін;
тауарды қайта бағалаудың және арзандатудың дұрыстығын;
табиғи кемудің мөлшерін;
тауардың жарамсыздығының себебін;
тауардың дұрыс аталуын, қызметін және таңбасы мен жолдама тауарлы-транспорттық құжатқа сәйкестігін қайта бақылаған жөн.
Өнімнің қазіргі жағдайы туралы ақпарат алудың маңызы зор. Сондықтан оны алдын ала бекітілген халқаралық, ұлттық және мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкестігін салыстырып тексерген жөн.
Биржалық тауардың сапасын анықтау үшін биржаның өзінің арнаулы құрылымы, яғни сынақтан өткізетін зертханасы болуы керек. Тауардың сапасы туралы ақпараттар ағымын 10.1. Суретпен өрнектелік.