Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
27.11.09 book by Koshenova.B.A.doc
Скачиваний:
5
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
558.08 Кб
Скачать

Xііі тарау Биржалық мәмілелер Биржалық тауармен жасалатын мәміле туралы ұғым

Биржалық мәміле деген биржалық саудада оған қаты­сушылардың тауарды сатып алу және сату барысында биржалық тауарларға құқығы мен міндеттерін біріне-бірі беру туралы жасасқан келісім шарты. Шарт бекітілген тәртіп бойынша биржада тіркеуден өткізіледі.

Мәмілеге келгенде оның төрт жағын ескеру керек:

1. Ұйымдастыру жағы – ол мәмілеге қажет құжаттар мен оны пайдаланудың тәртібін көрсетеді;

2. Экономикалық жағы – ол мәміле жасасқанда ескеретін оның мәнін, нәтижесін және тәуекелін көрсетеді;

3. Құқықтық жағы – ол мәміле бойынша екі жақтың құқы­- ғы мен міндетін және мүліктік жауапкершілігін көрсетеді;

4. Этикалық жағы – ол мәмілелерге қоғамдық көзқарасты көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда мәміле жасасқанда белгілі бір нормалардың болуы және олардың сақталуы қажет. Мәміленің этикалық жағы биржалық тауарларға сенімі мен жеке инвестордың өз жинағын соған салуға деген ынтасын көрсетеді.

Мәміленің мазмұнын бағалы қағаздармен жасалған мәміле мысалында қарап өтелік. Ол үшін міндетті түрде мына мәліметтер болуы шарт:

Біріншіден, мәміленің объектісі, яғни сатып алынатын және сатылатын бағалы қағаздар;

Екіншіден, мәміленің көлемі, яғни сату үшін ұсынылған немесе сатып алуға қажет бағалы қағаздардың саны;

Үшіншіден, мәмілеге келген баға, яғни келісілген баға болуы керек;

Төртіншіден, мәмілені орындау мерзімі, яғни сатушы жеткізіп беретін, ал сатып алушы бағалы қағаздарды қабылдап алу уақыты көрсетілуі керек;

Бесіншіден, мәміле бойынша есеп айырысу, яғни сатып алушы сатып алған бағалы қағаздарға төлем жүргізуі керек.

Кез-келген мәміле 13.1. Суретте өрнектелген қозғалыс циклын қамтиды.

Мәміле жасау тәсіліне қарай бағалы қағаздармен мәміле бекітілген және бекітілмеген болып екіге бөлінеді. Бекітілген мәмілеге мәміле жағдайларын қосымша келісудің қажеті жоқ. Сондықтан ондай мәміленің қозғалыс циклы: бекіту, клиринг және есеп айырысу; мәмілені орындау фазаларынан тұрады.

Бекітілген мәмілеге қағазға жазылған мәмілелер мен компьютерлік (электрондық) мәмілелер жатады. Ал бекітілмеген мәмілеге ауызша немесе телефон арқылы келісілген мәмілелер жатады. Олар бойынша есеп айырысу және орындау жағдайларын қосымша келісу керек.

Мәміленің қозғалысындағы бекіту циклы сатушы мен сатып алушы арасында тікелей немесе делдал арқылы бекіту болып екіге бөлінеді. Егер биржалық тауар мәмілесі сатып алушы мен сатушы арасында жасалса, ол мәміле тікелей бекітуге жатады (13.2. Сурет), ал екі жақтың арасында брокер жүрсе, ол мәміле делдал арқылы бекітуге жатады. Мәмілені тікелей бекіту «көшедегі» нарықта, биржадан тыс компьютерлік саудада болуы мүмкін. Делдал арқылы жасалатын мәміледе брокердің қызметін банк немесе ірі қаржылық компания орындауы мүмкін. Өз қызметін олар сатушыға да, сондай-ақ сатып алушыға да көрсетеді (13.3. Cурет). Алайда, мәмілені мәмілеге келуші екі жақ орындайды, брокер тек екі жақты – сатушыны сатып алушы үшін, керісінше, сатып алушыны сатушы үшін тауып, оларды бір-біріне кездестіруші ғана. Бұндай мәміле биржадан тыс нарыққа тән.

Биржада екі брокер болуы тиіс, біреуі сатушының мүддесін қорғаса, екіншісі сатып алушының мүддесін қорғайды (13.4. Сурет). Сатушы мен сатып алушының бұндай байланысы биржадан тыс нарықта да кездесуі мүмкін.

Биржалық және биржадан тыс нарықтарда сатушы мен сатып алушы дилер арқылы байланыста болуы мүмкін, онда олар өзара тікелей байланыста болмайды. Ол 13.5. Cуретте өрнектелген.

Алайда биржаға 13.6. Cуретте өрнектелгендей қосарланған делдалдық жүйе, яғни брокер және дилер арқылы байланыс үлгісі тән.

Егер мәміле делдалдар арқылы жасалса, онда клиент (не сатушы, не сатып алушы) делдалмен я тапсырма шартын, я комиссиялық ақы шартын бекітеді.

Әдетте клиенттің қоғамдағы статусына қарай мәміле екі түрге бөлінеді. Егер мәміле институциональдық инвестордың тапсырысы бойынша жасалса, онда ол көтерме мәміле деп, ал жеке инвестор үшін жасалса, бөлшек мәміле деп аталады. Көтерме мәмілеге келгенде институционалдық инвесторларға қойылатын кейбір шектеулерді ескеру қажет. Мысалы, бюджеттен тыс қорлар үшін мәміле тек мемлекеттік бағалы қағаздармен ғана жасалуы тиіс, инвестициялық қорлар бір эмитенттің бағалы қағаздарын сатып алуға өз жарғылық капиталының 5 процентінен артық жұмсауға болмайды және т.с.с. шектеулер болады.

Мәмілеге келуді ұйымдастыруға байланысты мәміле бир­жалық және биржадан тыс деп те бөлінеді. Бұл мәмілелер – дереу орындалатын немесе мерзімді мәміле болуы мүмкін.