Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау (275-бап)

Қылмыстың негізі тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объектісі-меншік қатынастары, ара гідік азаматтардың денсаулығы, ұлттық, нәсілдік немесе діни өшпенділік болуы мүмкін. Қылмыстың заты-өлгендердің мәйіттері, жерлеу орындары, құлпытас құрылыстары, жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлері болады. Жерлеу орындары деп-өлгендердің мәйіттерін көметін этикалық, санитарлық және экологиялық талаптарға сай бөлінген жерлер. Құлпытас құрылыстарына жерленген жердің қоршаулары, ескерткіш тақта, архитектуралық құрылыстар, гүл шоқтары және т.б. заттар жатады. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған үйлерге-шіркеулер, мешіттер, рәсім өткізу залдары және т.б. орындар жатады. Қылмыс объективтік жағынан өлгендердің мәйіттерін қорлау не олар жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын немесе жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру немесе аяққа басу арқылы жүзеге асырылады. Өлгендердің мәйіттерін қорлау-әдет-ғұрып, дәстүрлерге қайшы келетін жағдайда мәйіттерді ерекше қорлайтын әрекеттерді жүзеге асыру. Оған мәйіттерді жерленген жерден қазып алу, оларды кескілеу, дене мүшесінің тінін алу, мәйітті өртеп жіберу немесе оны ашық далада қалдыру, өлген адамның мәйітімен жыныстық қатынас жасау (некрология) т.б. әрекеттер жатады. Өлгендердің мәйіттерін жерлеу орнынан ашып алып марқұмның киімдерін, тіс қондырғыларын немесе басқадай бағалы заттарын алу әрекеті екі бірдей қылмыстың (өлгендердің мәйітін қорлау және бөтеннің мүлкін талан-таражға салу) жиынтығын құрайды. Жерлеу немесе рәсімдер өткізуге арналған орындарды жою деп олардың қоршауларын, ескерткіштерді, архитектуралық құрылыстарды, мүрделерді қиратып, мүлдем жарамсыз етіп тастауды айтамыз. Жерлеуге немесе еске алуға байланысты рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін бүлдіру немесе аяққа басу деп ескерткіштерді, құлпытастарды бүлдіру, зират үйлеріне балағат сөздерді жазу, суреттер немесе басқа әдепсіз бейнелерді салу, жерлеу орындарындағы гүл шоқтарын, веноктарды бүлдіру немесе жою, оларды талан-таражға салу әрекеттерін істеуді айтамыз. Талданып отырған қылмыс формальдық-материалдық құрамға жатады. Жерленген жерлерді, құлпытас құрылыстарын, рәсімдер өткізуге арналған зират үйлерін жою, бүлдіру әрекеттері материалдық, ал өлгендердің мәйітін қорлау формальдық құрамға жатады. Субъективтік жағынан қылмыс тек қана тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі жалпы-16-ға толған адам. Егер өлгендердің мәйіті жерленген жерлер тарихи-мәдениет ескерткіштеріне жататын болса, онда оны қасақана жойған немесе бүлдіргені үшін адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 187-бабының 3-тармағының «б» тармақшасы бойынша сараланады.

Жануарларға қатыгездік жасау (276-бап)

Қылмыстың тікелей объектісі қоғамдық адамгершілік, қосымша тікелей объект меншік қатынастары болуы мүмкін. Қылмыстың заты-жануарлар, олар кімнің меншігіне жататындығына қарамастан қылмыс заты болып табылады. Бұл жерде үй жануарлары немесе жабайы жануарлар туралы да сөз болып отыр. Қылмыс объективтік жағынан жануарларға қатыгездік жасау әрекеттерімен, одан туындайтын зардап-олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соғумен және олардың арасындағы себепті байланыстармен сипатталады. Қылмыс заңда көрсетілген осы зардаптар орын алған уақыттан бастап аяқталған деп табылады. Жануарларға қатыгездікпен қарау деп оларды сусыз, тамақ бермей, ерекше суық немесе ыстық жерлерде ұстау, ұрып-соғу, олармен ғылымға негізделмеген тәжірибелер жасау, оларды азаптап өлтіру және т.б. әрекеттерді айтамыз. Жануарларға олардың өлуіне немесе мертігуіне әкеп соққан қатыгездік жасау үшін қылмыстық жауаптылық , егер бұл әрекет бұзақылық пиғылмен немесе жауыздық әдістерді қолданып немесе жас балалардың көзінше жасалған жағдайда ғана орын алады.Бұзақылық пиғылға өзін қоғамға қарсы қойып, қоғамдық тәртіпті бұзу арқылы, көпшілік көзінше жануарларға ерекше қатыгездік көрсетіп, жұртты таңқалдырмақшы болған әрекеттер жатады. Жауыздық (садистік) әдістерді қолданып жасаған әрекеттерге жануарларға ерекше азап шектіретін әдістерді қолданып, одан рахаттану, ләззат алу сезімдері жатады. Мысалы, жануардың терісін тірідей сылу, оны тірідей отқа салып өртеу, тірі жануардың дене мүшесін кесіп алу т.б. Жасы 14-ке толмаған жас балалардың көзінше жасалған осы әрекеттердің барлығы жануарларға жасалған қатыгездік деп танылады. Субъективтік жағынан қылмыс тікелей қасақаналықпен істеледі. Адам жануарға қатал қарайтынын, одан оның өлуі немесе мертігуі мүмкін екенін сезеді және осындай зардаптардың орын алуын тілейді. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған адам.