Добавил:
Upload Опубликованный материал нарушает ваши авторские права? Сообщите нам.
Вуз: Предмет: Файл:
С. Т. Иксатова -ылмысты- ---Ы- ерекше б-лім.doc
Скачиваний:
0
Добавлен:
01.05.2025
Размер:
1.9 Mб
Скачать

Айналысатын алынған заттарды немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы (250-бап) қылмысының тікелей объектісі-қоғамдық қауіпсіздік.

Яғни осы көрсетілген заттармен контрабандалық әрекеттер жасау әр уақытта қоғамның қауіпсіздігіне тікелей қатер келтіреді. Осы қылмыстың заты 250-бабының диспозициясында тізбектеліп көрсетілген. Олар: есірткі заттар, жүйкеге әсер ететін, күшті әсер ететін, улы, уландырғыш, радиоактивті немесе жарылғыш заттар, қару-жарақ, әскери техника, жарылғыш құрылғылар, атыс қаруы, оқ-дәрі, жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық, химиялық, биологиялық және тағы басқа да түрлері, жаппай қырып-жою қаруларын жасау үшін пайдалануы мүмкін материалдар мен жабдықтар. Қылмыстың заты болып табылатын осы ұғымдардың түсінігі Қылмыстық кодекстің Ерекше бөліммінің жекелеген арнаулы баптарында көрсетілген. Оларға біз кейінірек сол баптарға талдау барысында тоқталамыз. Объективтік жағынан көрсетілген қылмыс мемлекеттік кеден шекарасы арқылы кедендік бақылаудан тыс немесе жасырын жасалған құжаттарды, кедендік теңдестіру құралдарын алдап пайдалана отырып айналымнан алынған заттарды немесе айналысы шектелген заттарды декларацияламай немесе жалған декларациялау арқылы өткізумен сипатталады. Субъективтік жағынан 250-бапта көрсетілген қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі 16-ға толған жай адам немесе лауазымды адам.

Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру (251-бап)

Қарудың кез келген түрімен заңсыз іс-әрекеттер жасау өте қауіпті. Қарулы адам әр уақытта да орасан зор зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан заң осындай заттармен айналысқаны үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген. Көрсетілген қылмыстың тікелей объектісі-қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды айналымға қауіпсіз шығаруды реттейтін қоғамдық қауіпсіздік болып табылады. Қылмыстың заты-қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар және жарылғыш құрылғылар, суық қару болып табылады. Қазақстан Республикасы 1998 жылғы желтоқсанның 30-ында қабылданған «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» заңында осы көрсетілген заттарға анықтамалар берілген. Осы заңға сәйкес қаруға конструкциялық жағынан алғанда тірі немесе өзге де нысананы зақымдауға, сондай-ақ белгі беруге арналған құрылғылар мен заттар жатады. Өзінің бағытталған мақсаты мен негізгі өлшемдері, сипаттамалары бойынша қару: жауынгерлік, қол атыс қаруы мен суық қару; азаматтық қару; қызметтік қару болып бөлінеді. Жауынгерлік қол атыс қаруына-оқ-дәрі немесе өзге де заряд қуатының әсері нәтижесінде ұңғы оқпанынан оқты, снарядты, гранатаны ұшырып шығаратын қарулар жатады (автомат, карабиндер, винтовкалар, пистолеттер, пулеметтер т.б.) Суық қаруға-нысананы тікелей зақымдайтын, құралы адамның бұлшық еті күшінің көмегімен қозғалысқа келтірілетін қарулар жатады. Азаматтық қаруға ҚР азаматтары өзін-өзі қорғауға қажетті: спортпен шұғылдану және аң аулау мақсатында пайдаланатын қарулар жатады. Азаматтық атыс қаруы оқты түйдектете атуды болғызбауға тиіс. Азаматтық қару былайша бөлінеді:

  1. өзін-өзі қорғау қаруы; тегіс, ұзын ұңғылы, оның ішінде ҚР азаматтарының денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органының нормаларына сәйкес келетін, жарақат салатын, газбен және сәулелі дыбыспен әсер ететін патрондары бар ұңғысыз атыс қаруы; газды қару-ҚР азаматтарының денсаулығын сақтау саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті орталық атқарушы органы қолдануға рұқсат еткен көз жасын ағызатын және тітіркендіретін заттармен оқталған газды, оның ішінде патрондармен қоса пистолеттер мен револьверлер, механикалық тоңазытқыштар, аэрозолды және басқа да құрылғылар.

  2. Спорттық қаруларға:

а) ойық ұңғылы атыс қаруы;

б) тегіс ұңғылы атыс қаруы;

в) сұқпа суық қару;

г) үрлемелі қуаты 25 Дж-дан жоғары пневматикалық қару.

Аңшылық қарулар:

а) ойық ұңғылы атыс қаруы;

б) тегіс ұңғылы, оның ішінде ойық бөлігінің ұзындығы 140 мм аспайтын атыс қаруы;

в) аралас ойық және тегіс ұңғылы, оның ішінде алмалы-салмалы және жиналмалы ойық ұңғылы атыс қаруы;

г) үрлемелі қуаты 25 Дж-дан аспайтын пневматикалық қару;

д) сұқпа суық қару;

и) белгі беретін қару.

Қызметтік қаруға мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес қызметі мемлекеттік қызметшілердің жоғары және бірінші санаттарына жатқызылған лауазымды адамдарының, ҚР Парламенті депутаттарының, судьялардың, прокурорлардың жеке басының, сондай-ақ ұйымдардың оларға заңмен жүктелген немесе өз жарғыларында көзделген, азаматтардың өмірі мен денсаулығын, меншікті қорғау, қоршаған орта объектілерін және табиғи ресурстарды, бағалы және қауіпті жүктерді, арнаулы корреспонденциялардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға арналған қару жатады. Қызметтік қаруға қысқа ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы атыс қаруы, сондай-ақ ұзын ұңғылы тегіс және ойық ұңғылы қару жатады. Қызметтік қару түйдектете оқ атуды болғызбауы тиіс. Газды қару-қолданылуы көз жасын ағызатын немесе тітіркендіргіш заттарды пайдалануға негізделген қару; электрлі қару-қолданылуы электр зарядының күшіне негізделіп арнайы бейімделген тетік.

Пневматикалық қару-нысананы зақымдайтын құралы сызылған, сұйытылған немесе қатайтылған газдық қуаты есебінен бағыты қозғалыс алатын қару.

Белгі беру қаруы-дыбыс, жарық және түтін белгілерін беру үшін пайдаланатын қару. Лақтырылатын қару-нысананы тікелей зақымдайтын құрал адамның бұлшық еті күшінің немесе механикалық құрылғының көмегімен бағытталып қозғалысқа түсетін қару. Оқ-дәрілер, тротил, нитроглицерин, пироксилин, аммонал, жарылатын басқа да химиялық заттар мен жарылғыштық қасиетке ие, оларды алуға немесе сақтауға арнайы рұқсат талап етілетін қоспалар-жарылғыш заттар деп аталады. Жарылғыш құрылғылар әр түрлі зарядтардың күшімен (соның ішінде радио жарылыстар арқылы да) нысананы құртатын, зақымдандыратын құралдар жатады. Қылмыстың объективтік жағы заңда көрсетілген заттарды немесе құрылғыларды заңсыз алу, біреуге беру, өткізу, сақтау тасымалдау немесе алып жүру арқылы сипатталады. Бұл жерде көрсетілген заттарды алу деп қаруды сатып алу, қаруды сыйлық, марапат ретінде заңсыз алулар жатады. Осы заңсыз иеленген заттарды бөтен адамға уақытша немесе мәңгілікке әр түрлі тәсілдерді қолдана отырып өткізуді біреуге беру деп айтамыз. Өзінде заңсыз сақталған осындай заттарды біреуге сату, айырбастау немесе тегін беру оны өткізу деп танылады. Көрсетілген заттарды кінәлының сол күйінде ұстап тұруы оны сақтау деп саналады. Көліктің барлық түрі бойынша көрсетілген заттарды кеңістікте алып жүру оны тасымалдау деп танылады. Атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың кінәлының тікелей өз бойында болуы оны алып жүру деп танылады. Осы қылмыс құрамы үшін жауаптылықтың негізгі шарты-атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру заңсыз, яғни тиісті мемлекеттік органдардың, лауазым адамдарының рұқсатынсыз істелуі керек. Қылмыс құрамы формальдық көзделген әрекеттердің біреуін істегеннен кейін-ақ аяқталған деп танылады. Субъективтік жағынан қарастырылып отырылған қылмыс тікелей қасақаналықпен жасалады. Қылмыстың субъектісі-16-ға толған кез келген адам.